FindHow сборник различных поздравлений на казахском языке.
Соңғы қоңырау немесе бір сәттік сезім Бұйыртады тағдыр,шіркін,әр адамға несібін, Кеше емес пе ед мектеп-ұя бұларға ашқан есігін. Енді міне содан бері зулап жылдар өтіпті, Мектебімен қоштасар сәт бұларға да жетіпті. Ұғынды ма арлылығын,тәтті өмірдің нар жүгін, Ақ бантикпен қоштасады қыз бала да дәл бүгін. Бүр жарды ма кеудесінде асау сезім "елім" деп, Адуындау ерке ұлдың да мұрты қапты тебіндеп. Аңсаушы еді кеше ғана осы күнге жеткенін, Енді бүгін сезім басқа,қия алмай тұр мектебін. Қыз баланың кірпігінде мөлдір тамшы іркілді, Сыр бермейді ұлдар жағы қимаса да бұл күнді. Қоңыраудың сыңғыр қаққан үні құлақ жарады, Жез қоңырау бұлар үшін соңғы рет ән салады. Бұл бір шындық мойындайтын кім-кімге де рас тым, Отырмайды енді қайтып партасына кластың. Айырбастар кез келді ме оқушылық қаламын, Тыңдамайды қайтып енді ұстазының сабағын. Өмір-ана бұларға да "сен есейдің,біл!" дейді, Енді қайтып мектебінде оқушы боп жүрмейді. Қимайды олар сол шәкірттік күз,көктемін,қыс,жазын, Өкінеді күні кеше ренжітсе ұстазын. Сыңғырлайды қоңыраудың қайта-қайта жез үні, Сыр береді мұндай сәтте жас жүректің сезімі. Қоштасады мектебімен өмір-асу асады, Бұлар орнын бүгін міне басқа толқын басады. Жол береді жас ұрпаққа келе жатқан талапты, Әз-ұядан түлеп ұшар қағып еркін қанатты. Асыруға бойындағы білімі мен білігін, Кетеді ме басқа жерде жалғастырып білімін. Басқа жердің гүлзар бағын мүмкін барып аралар, Мектебіне,бәлкім,бір күн ұстаз болып оралар. Оралмайды оқушы боп неге,неге бірақ та? Жауап іздеп таба алмайды ешкім мұндай сұраққа. Өйткені бұл өмір заңы өзгерте алмас еш адам, Өзгертер тек құдірет бар-бір тәңірім,жасаған. Естіледі шалғайлардан өмір-күйдің күмбірі, Армандарға жетелейді жез қоңырау сыңғыры. Ұшты ұядан,қалар артта тәтті сезім-бала шақ, Шақырады алыстарға,шақырады болашақ! авторы: Ғабиден ҚОЖАХМЕТ,
ОРАЛДЫ ОЛАР МІНЕ ҰСТАЗЫНА, ОРАЛДЫ ОЛАР МІНЕ МЕКТЕБІНЕ Он жылдан соң... Тал бесігіңнен таңғажайып сыр таба алдым, Есіңнен әлі кете алмай жүр-ау балаң күн. Он көктемнен соң ойларға толы өмірмен, Шәкірттік шаққа оралдың. Есіңде әлі балалық сырда жүзгенің, Естелік жібін он көктем бойы үзбедің. Оралып қайта өзің қалдырған кешегі, Балалық күнді іздедің. Сағыныш-сезім жүректе алау жандырған, Өткені рас осынау жылда сан думан. Бойжеткен қыздың шәкірттік белгісі бір кезгі, Ақ бантик қайда қалдырған? Өткен күндерді айттың ба бүгін ертек қып, Қалайша мынау аз ғана сәтте ержеттік. Шәкірттік шағын еске алған анау жігіттің, Кездері қайда тентектік? Он көктем бойы өтіпті дәурен,тұрмапты, Уақыт атты әмірші бүгін тіл қатты. Сандаған жылдар сабырмен келіп бойыңнан, Балалық күнді ұрлапты. Өткен бір шақпен жараса білсең,жаның ұқ, Табиғатыңнан шын сезім жатса табылып. Оралдың бүгін ойларға толы көңілмен, Кешегі күнді сағынып. Қайғы қылышы торлапты-ау кейде аспанды, Жабығып келіп жанардан бүгін жас тамды. Іздедің қайта жүрегің мұңға малынып, Жоғалтып алған достарды. Өткен бір күнге апарып қыз бен ұлыңды, Уақыт-кеме өзіңе бүгін бұрылды. Есейіп қанша кетсең де солай достарға, Сезімің болсын бұрынғы. Ұғынып соны жаныммен мен де жай табам, Бойыңнан сенің сағыныш сазын байқағам. Кешегі күнге шәкірттік доспен бір жүрген, Оралшы бүгін қайтадан. Осылай ет те әсем бір әнге сал бүгін, Оралып тұр ғой өйткені саған бал күнің. Шаттықты күнде өздеріңе ғана арналған, Думанмен атсын таң бүгін! Жиырма жылдық ғұмыр Жиырма жыл,жиырма жазың,жиырма көктем, Жиырма жыл осы шақты жырлап өткем. Жиырма жыл-жатыр сонда бар тағдырым, Қас-қағым болғандай-ақ зырлап өткен. Күн келді түлек әні шырқалатын, Тарихтан жиырма жылдық нұр таматын. Келді олар артта қалған балалықтың, Ән қылып көтерсем деп шырқап атын. Тағдырын тура жазып өткеніне, Келгендей бала кездің көктеміне. Оралды олар міне ұстазына, Оралды олар міне мектебіне. Сағым-жыл жанға алаулы жағар отты, Олар да күні кеше бала бопты. Бүгін де жігіттері әке атанып, Қыздары сәбилерге ана бопты. Емес пе ед кеше оларды бала көрер, Өзгертіп уақыт та сала берер. Есейіп,ержетсе де ұстаздарға, Әлі сол түлек болып қала берер. Осы ғой өмірдің де нандырмағы, Жұлдызын жарқыратып жандырғаны. Жиырма жыл-жиырма көктем,жиырма жазда, Сан түрлі болды олардың тағдырлары. Сан түрлі өтті олар өткелдерден, Ызғарлы,өтті-дағы көктем күннен. Жиырма жыл ғұмырдан соң сағынышпен, Бас қосты сыр айтуға өткен күннен. Тергендей бала шақтан дала гүлін, Олардың ұқшы сырын дара бүгін. Жиырма жыл бұрын қалған осы жерде, Іздеп тұр олар қазір балалығын... Отыз жылдық ой Кетсе-дағы сол күндер алыс қалып, Жетті ме олар өмірде табысқа анық. Түлектермен бір кезгі Мектеп-Ана, Отыз көктем өтті де қауышты анық. Олар бүгін басынан кешті нені, Сол жылы туған перзент ес біледі. Отыз көктем өтіпті оларға анық, Соңғы қоңырау дауысын естігелі. Талпындырып өренін баққа білем, Мектеп-ұя бұлармен мақтанып ең. Отыз көктем өтіпті оларға анық, Қоштасқалы шәкірттік шақтарымен. Шақырғанда болашақ думана-дүр, Шығарып сап ұл-қызын тұрған ауыл. Отыз жыл белестен соң мектебіне, Қауыштырды перзентін туған ауыл. Мектеп-Ана дәл бүгін мақтанып ал, Ілікті өмір-жолда баққа бұлар. Енді бүгін отыз жыл аясында, Отыз жылдық сағыныш ақтарылар. Алтын ұя дарытып берекесін, Бүгін де олар кеңейтті керегесін. Кешегі ұл-қыз бұл күнде жайып бұтақ, Әлдилейді базбірі немересін. Кешегі ұл-қыз,кешегі бала бүгін, Толқиды қайта көріп дала гүлін. Өмір сыны есейткен ұрпақ енді, Сағынышпен еске алар бала күнін. Қайта ақтарып отыз жыл парақтарын, Іздейді олар шәкірттік сол ақ таңын. Өмірде жоқ еске алып қимастарын, Түгелдер отыз жылда жоғалтқанын. Ұстаз-көңіл түлекпен толар да анық, Кеуделерге той сәні қонар барып. Қауыштырып шәкіртті мектебімен, Күлімдеп тұр ойлы отыз оларға анық. Өлеңдердің авторы: Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласы
Артта қалып балғын шағы - ертегі,
дәл бүгіннен басталады ертеңі.
Алып шығар ашық, терең теңізге
Арман атты ақ кеменің желкені.
Бойға жиған салт-дәстүр мен мұраны,
Ел мүддесі болсын асқақ ұраны
Мәртебесін көтеретін биікке
Жас түлектер - тәуелсіз ел қыраны!
Асқан сайын өмір-жолдың өткелін,
Жастық шағың - сағындырар көктемің.
Тілекшің боп тұрады ылғи анаңдай
Алыстағы алтын ұя мектебің...
Жас түлектер қақты бүгін қанатын,
Сәулелік күн жүрекке от жағатын.
Кім ұмытар қоңыраудың сыңғырын
Жүрегіңе мәңгі ұялап қалатын!
Мектеп ұжымы ұстаздарының, ата-анасының еңбегі мен сенімін ақтап, ҰБТ қорытындысы бойынша жоғары көрсеткішке ие болған .......... мектеп оқушысы ......... үздік атанып, 125 балдың иегері болуымен шын жүректен құттықтайды. Біздің жас түлекке тілер тілегіміз шексіз, телегей теңіздей. Үлкен өмірге қаққан қанатың талмасын. Өзіңе қуанышы мен қиындығы аралас жүретін өмір атты ұзақ жолдың аяғы талмас жолаушысы бол демекпіз. Өмір қуанышын сыйлаған ата-анаң мен жанашыр бауырларыңның көз қуанышы, достарыңның қалаулысы бол! Арайлап атқан әрбір таң мен нұрлана батқан әрбір кеш бақыт сыйласын. Өміріңнің алмастай қырын, абзал сырын әрқашан түсіне біл!
Біз түлектерімізге, мектеп өмірі артта қалды, алдағы баспалдақтардан сүрінбей, білімің мен алған тәрбиелерің әрқашан жеңіске жолықтырсын, қадамдарыңа гүл бітсін дейміз.
Досқалиев Ж.А
С.Торайғыров атындағы Павлодар МУ 50 жылдығына арналған құттықтаулар http://www.psu.kz
Павлодар облыстық радиосының директоры Б.Капеновтің құтықтауы
Құрметті Ерлан Мұхтарұлы! Осыдан 50 жыл бұрын Павлодар өңірінде құрылған жоғары оқу орны бүгінде халқымызға дәйекті білім беріп, тәрбиелеп, сара жолға салған қара шаңырақ, еліміздегі еңселі де беделді оқу орындарының бірі болып саналады. Елу жылдық тарихы бар білім ордасы бүгінгі күні биік тұғырдан көрініп жүр. 50 жыл мерзім ішінде мыңдаған жоғары білікті мамандарды даярлап, білім беру саласында орасан зор тәжірибе жинақтады. Өте танымал университет ретінде қалыптасу жолында күрделі және үлкен белестерден өтті. Университеттің өмір сүру кезеңдері мемлекетіміздің қалыптасу кезеңдерімен тығыз ұштасып келді. Түлектеріңіз тек қана Қазақстан Республикасының аймақтарында ғана емес, сонымен қатар таяу және алыс шетелдерде қызмет атқарып жүргенін және жоғары біліктілік, жауапкершілік, білімдарлық көрсетіп, ерекшеленетіндерін үлкен мақтанышпен атап өту қажет.
Төребеков Сұлтанның құттықтауы
Павлодар қалалық С.Торайгыров атындағы мемлекеттік университетін 50 жылдық мерейтойымен шын журектен құттықтаймын!!! Осы жоғарғы оқу орнынын студенттері биік-биік шыңдардан көрінсін, оқу орнының профессорлық және ұстаздық бөліміне мың да бір алғыс!!! Осы білім атты теңізде ұзақ және осындай абыройлы атпен жүзуіне тілектеспін!!!»
Орынбаев Бахтияр Комекович, физика-математика факультетінің 2001 жылғы түлегі, МШ-41
2001 жылғы университет түлегі Абиджанова Асель
«Университеттің 50 жылдық мерей тойымен шын жүректен құттықтаймын! Аталмыш университеттен алған білімім үшін мыңда бір рахмет айтып өтемін!!! Менің өмірден өз орнымды таба білуге жол көрсеткен ұстаздарыма алғысым шексіз!!! Киелі шаңырақтың мәртебесі өсіп, өмірдің өрініен көріне білісін! Болашақ ұрпақтың алар білімі мол болсын егім келеді. »
Құшағыңда жарқылдап, өтті сәби күндерім.
Би биледім, ән тыңдап, алаңдауды білмедім.
Гүлге толы жан-жағым, асыр салып жүгірдім,
Өсті талап-талғамым, көп нәрсені ұғындым.
Сен үйреттің сөйлеуді, сенде ойым есейді.
Мектепке барам мен енді, балабақшам, қош енді!
ӘЛІППЕМЕН ҚОШТАСУ!
Әліппе деген – алтын сөз
Апарар сені алысқа.
Жеңіл емес алыс жол,
Тырысып бақ намысқа.
Әліппе сауатыңмен санамды аштың,
Достарыммен теңдес араластым.
Үйреніп, әріптер мен әңгімені,
Күн сайын алға қарай қадам бастым.
Әліппе жарты жылдай жолдас болдым,
Ана тілге әкеліп жалғастырдың.
Әр әріпті қостырып, сөзін құрап,
Хат танытып, алғаш сен көзімді аштың.
Қош болып тұр, әліппе, анамдайсың,
Жақсы бол деп, біздерге алаңдайсың.
Мен үйреткен әріптің құдіретімен,
Дейсің бізге кірпіш болып қаланғайсың.
Орындаймыз әліппе ақылыңды,
Жарысқанда жазамын тақымымды.
Қандай қиын жұмбақты шешу үшін,
Арттырамын ғылымға құштарлықты.
Мырзаханның Ақылбайы
Семей қаласы Мұқыр ауылы
Сіздерді соңғы қоңырау мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Осыдан 11 жыл бұрын тарыдай болып мектеп табалдырығын аттаған балалар бүгін таудай болып үлкен өмірге қадам басып отыр.
Әр мектепте соңғы қоңырау мерекесі – бұл мектеп тарихына енетін көңілді әрі қуанышты оқиға.
Түлектер өздерінің он бір жыл білім алған алтын ұяларымен қоштасса, ұстаздар өздерінің сүйікті шәкірттерін өмірге қанаттандырады. Барша жас түлектерді алда үлкен сын күтіп тұр. Барлықтарыңа Ұлттық Бірыңғай тестілеуден абыроймен өтіп, Қазақстанымыздың білікті маманы атануларыңа тілектеспін. Ал мектептегі алғашқы жылдарын сәтті аяқтап, бірінші сыныптан екіншіге аяқ басқан жас бүлдіршіндер мен барлық мектеп оқушыларына жазғы демалыстарын жақсы өткізіп, күш жинап, жайдары көңіл күймен жаңа оқу жылына оралуларыңызға тілектеспін.
Сіздер бүгін мектеппен қоштасып, үлкен өмірге жолдама алғалы тұрсыздар. Бүгін барлық қазақстандық түлектер үшін мектеппен қоштасуға арналған атаулы мереке. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жас ұрпақ тәрбиесіне, білім беру ісіне ерекше назар аударып, Сіздердің сапалы білім алып, үлкен азамат болуларыңыз үшін барынша жағдай жасап отыр. Сіздердің осы мерекелеріңіз Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма жылдығы қарсаңында өтіп отыр. Еліміздің болашағы – Сіздердің қолдарыңызда. Сондықтан да қай кезде де терең білім алу жолында жалықпай, талмай ізденіп, ел тізгінін ұстайтын азамат болуларыңызға ізгі тілегімді арнаймын.
Қоңырау үнi. Бұл үн бiлiм кемесi – мектеп қабырғасынан шыққан әрбiр адамның құлағына таныс, жүрегiне жақын. Алғашқы қоңырау – балалық арманыңды жетелеп, бiлiм алып, мақсатыңды айқындауға шақырса, соңғы қоңырау үнi – кәмелетке толып, оң-солын танып, қанаттанған бозбала мен бойжеткендердi арман биiктерiне ұшырып, ең үлкен өмiр мектебiне шығарып салады. Соңғы қоңырау – осындай қимас қоштасу әуенi сәтiмен ыстық.
Еліміздегі игiлiктердiң барлығы елдiң болашағы – жас ұрпақтың келешегi жарқын болуы үшiн жасалып жатқанын баяндады. «Ауылына қарап, азаматын таны» деген, сендер қайда жүрсеңдер де туған ауылымыздай сынды келешегi кемел, өрiсi кең құшақтан шыққандарыңды ұмытпауға, туған жер, өскен орталарыңды мақтан етуге тиiссiңдер. Туға жеріміздің мәртебесiн арттыратын сендерсiңдер, жас түлектер! Қадамдарыңа сәттi сапар, өмiрлерiне құтты қадам тiлейміз
Жыл сайын түлектерімізді ұядан ұшырар сәтте 3 тілек айтамыз. Әуелі, Елбасымыз айтқандай үш тілді жетік меңгеріп, рухани бай, білімді азамат бол дейміз. Сосын мәпелеген ата-ана, білімге баулыған ұстаздарын қадірлей біліп, солардың үмітін ақтауға шақырамыз. Соңында, қай жерде болса да шәкірттеріміз еліміздің атын паш етіп, биіктен көрініп жүрсін деп тілек білдіремін
Он бір жыл мектепте үздік оқып, ата-ана мен ұстаздарының қуанышы болған мектеп бітіруші түлектер – ауданымыздың ғана емес, еліміздің де мақтанышы. Олардың болашағынан ел-жұрты үлкен үміт күтеді. Ауданымыз бойынша үздік оқып, білім алған 15 түлек «Алтын белгіге» және 2 түлек «Ерекше үлгідегі аттестатқа» үміткер болса, оның барлығы де өз білімдерін дәлелдей алды. Олар сапалы білім, саналы тәрбие берген ұстаздардың еңбегін аялап-өсірген ата-аналарының үмітін ақтап, жүзден жүйрік шығып, «Алтын белгі» иегері атануда. Бұл – мектеп бітірушілер үшін де, ұстаздар мен ата-аналар үшін де қуанышты, салтанатты сәт. Биылғы жылғы түлектер түрлі деңгейдегі білім бәсекесіне қатысып, жақсы жетістіктерге жетті. Сөйтіп, олар ауданымыздың білім саласындағы беделінің артуына өзіндік үлестерін қосты. Ел ертеңі, ақылына білімі сай тәуелсіз елдің жастары – Сендерсіңдер. Сондықтан да жауапкершілікті терең сезініп, әрқашан сенім биігінен шыға білулеріңе тілектеспін! Құрметті түлектер, алдағы уақытта тек жақсы жетістіктеріңмен, жоғарғы көрсеткіштеріңмен қуанта беріңдер. Мен сендерге аудан жұртшылығы атынан жоғары білімді жақсы азамат, білікті маман болып, болашақта ауданымыздың өркендеуіне лайықты үлес қосады деп сенім білдіремін. Үлкен өмір жолына бастар қадамдарың сәтті болсын! Бәріңе ақ жол тілеймін!
Кеше ғана мектеп табалдырығын аттаған сияқты едік – бүгін, міне, он бір жылдың қалай зулап өткенін байқамай да қалыппыз.
Қымбатты ұстаздар! Осы жылдар бойы бізге білім мен тәрбие беріп, үлкен өмірге дайындағандарыңызға алғысымыз шексіз! Сіздердің сенімдеріңізді ақтаймыз деп үміттенемін.
Ал, он бір жыл бойы бірге оқыған сыныптастарым, сендердің ендігі өмірлеріңе тек қана сәттілік тілеймін.Аңсаған армандарыңа қол жеткізіп, еліміздің көркеюіне үлестеріңді қоса беріңдер!
Біздің құлағымыз мәңгі күмбірлеп тұратын күміс қоңыраудың ең алғашқы жарқын үні мен соңғы да болса мұңды, салмақты әсем сыңғыры. Ұстаздарымыздың қимас сезімдегі жанары мен мектебіміздің ақ баталы қариядай бейнесі бәріміздің жүрегімізде үлкен үміт, нық сенім ұялатады.
Өмірдегі сара жолды кешегі шәкірт біз нақ осы сәттегі толқыныстан, тебіреністен, сезім арпалысымен бастаймыз. Әрине, қимаймыз, көзімізге жас та аламыз.
Сіздермен қимастықпен қоштасып тұрып, әлі де талай өрендерді білім нәрімен сусындатып, қанат қақтыра берулеріңізге тілектеспіз!
Көздеген мұрат - мақсаттарына қол жеткізіп, армандарың орындалсын. Келешегің кемел, болашағың нұрлы болсын. Жұртқа жұғымды, елге сүйкімді қалпыңнан айнымай, алда талай асу белестерді бағындыра бер.
Жалғанда жамандық көрмей, өмірің уайым қайғысыз өтсін.
Мектепті жақсы бітіріп, жоғары оқу орнына түсіп, биік белестерден көрін. Нұрлы жол, думанды шақ тілейміз.
Кеудеңе күн орнасын. Ата – ананың қуанышы, шаңырағыңның шуағы бол. Жұлдызың жансын.
Білім нәрімен сусындап, ақылды азамат, отан сүйгіштік рухтарың мықты болуын тілейміз. Азаматтық жігерлерің мұқалмасын. Асқар шыңдарды бағындырыңдар. Қонар тұғырларың биіктей берсін.
Әулетіміздің кішкентайын мектеп табалдырығын аттаған қуанышты күнімен құттықтаймыз. «Тарыдай болып кіріп, таудай болып шық» дей отырып, сабағың «4» пен «5»-ке оқуын тілейміз.
Ата-анаңның мейірім-шапағатына бөленіп, жарқыраған алтыны, еркетай елігі, ақ сәуле шашқан арайы болып, аман-есен жүрсін. Барлық ізгі армандары орындалып, өмір жолы ашық, болашағы жарқын болып, егеменді еліміздің де білікті Азаматы болып өсе берсін.
Еліңе қалана біл кірпіш болып,
Жан жақты гүл жайнаған түр, түс болып.
Өмірде алынбайтын қамал болмайды,
Білімге бойлай білсең, тың күш болып.
Талпынып, қатарыңнан қалыспағын,
Өзіңді өнерлі іске бағыттағын.
Арың мен ұятыңды таза сақтап,
Әділдік, шындық жолдан ауытпағын.
Елің бар кең байтақ - Қазақстан,
Орны бар Евразия аралықтан.
Елтаңба, Әнұран мен Байрағы бар,
Қорғаңдар Отаныңды адалдықпен.
Кетесің бітірген соң шар тарапқа,
Кезігесің әр түрлі сан сынаққа.
Байлығың мен атағың тұрса да өрлеп,
Ұстазыңды әрқашан ойда сақта.
Сәтін салса ертең-ақ бай боларсың,
Қолың жетіп, қоншыңмен жорғаларсың.
Артық дәулет бас жарады деген бар ғой,
Аяз бидей артыңа бір қарарсың.
Сәл қиналған шақтарда мектебіңе,
Білім берген ұстазды ойға аларсың.
Байлық, мансап мәңгілік жолдас емес,
Деген сөздің байыбына бір барарсың.
"Ата көрген - оқ жонар" дегенді ұғып,
Ту етіп, мұны өзіңе қолданарсың.
Ақылын ұстаздардың тыңдап өтсең,
Өнегелі ұл мен қыз боларсың.
Ей, жастар, осы сөзді ұстанбасаң,
Досың күліп, дұшпанға құл боларсың.
Мырзаханның Ақылбайы
Семей қаласы Мұқыр ауылы
Мектепті, балам, бітірдің,
Самғатты қиял ғарышқа.
Қанаты арман құсының
Апарсын сені алысқа.
Кешегі шәкірт бала едің,
Қарайсың бүгін жігіт боп.
Шарлаған арман әлемін,
Шыңдарға шыңнан биіктеп.
Отаның сипап маңдайдан,
Аямас сенен жақсысын.
Ізде, тап, қиыр-шалғайдан
Еліңе қажет бақ құсын.
Асқарға қолың соз балам,
Бәйгеге түс те, бақ сына.
Намысқа тиер озбаған,
Қол соғар жұртың жақсыға.
Ғылым қу, елге ет еңбек,
Маман бол қажет білікті
Өресі биік екен деп,
Мақтайды жампоз жігітті.
Білімді басқа жастадың,
Ғылымды іздеп үңіліп.
Өмірге сапар бастадың,
Алдыңда күліп тұр үміт.
Өмірден енді дәріс ал,
Білім мен ойды қоса ұштап,
Самғауға, балам, барын сал,
Қанатың болсын аттестат.
Түсініп жөн мен жобаны,
Ер жеткен жансың жетелі.
Шыңдарда ғана болады,
Қыранның салған мекені.
Ат жалын тартып мін, інім,
Білімнің ұстап құрығын.
Жарқырай түсер ұлы күн,
Сыйласаң жүрек жылуын.
«Он үште отау иесі»,
жиырма бес десе жөн бөлек.
Үлесіңді қос тиесі,
Ерінбе, ізден, еңбек ет.
Компьютер сенің ғасырың,
Ғылымның жеткін шегіне.
Ақтарғын ойдың асылын,
Ұмтылып ғарыш көгіне.
Намысын кекке қайраған,
Найзағай сынды бол батыр.
Көз тіккен саған айналаң,
Алдында асу жол жатыр.
Қанатын қағар жыл жылдам,
Келеді ертең жаңа ұрпақ.
Аумай бір тұрсаң жұлдыздан,
Қарайды жұртың таңырқап.
Біз жүрейік сендермен бақытты боп
Он бір жыл оқып, міне, аяқтадың.
Кетесің қанат қағып, тарап бәрің,
Тек әйтеуір жолдарың ашық болсын,
Келмейді бұл өмірден қарап қалғың.
Біреуі журналист болам дейді,
Біреуі әртіс боп ән салам дейді.
Біреуі – ақын, біреуі – дәрігер болып,
Аурудың не түрін жазам дейді.
Полицей боп, қатерге барам дейді.
Ұстаз болып, мектепке қалам дейді,
Біреулері қақа жарып қара қылды.
Біреуі сот – судья болам дейді.
Спортшы болуды керемет деп,
Кейбірі ғарышкерді өнеге етпек,
Сәулетші болып біреуі құрылыста,
Енді бірі елші болып шетел кетпек.
Бәрің де арманменен қанаттандың,
Үлкен өмір жолына ал аттағын.
Біз жүрейік сендермен бақытты боп,
Көзбен көріп, бәйшешек гүл атқанын.
Талапкерге Күләш Ахметова
Арманыңда, жаныңда жалын ән бар,
Жас талапкер, сөзіме көңіл аудар.
Бұрынғыдай күтпейді мектеп сені,
Бұрынғыдай соғылмас қоңыраулар.
Мектеп қайта есігін ашпас енді,
Өмір – ұстаз, ақылды, ақ шаш өңді.
Басқаша енді үйретер бар сабағын,
Қоңыраулар соғылар басқаша енді.
Былтырғыдан басқаша биыл демек,
Білімің мен ақылың, күйің бөлек,
Енді басқа жиын-той, киім керек,
Енді саған шынайы сүю керек.
Сұрақ басқа оп-оңай шешілмейді,
Жаса қанша тентектік, есір, мейлі.
Мектептегі мұғалім кешіргенмен,
Өмір - қатал, ол күнде кешірмейді.
Даусыз ол күн есіңде сақталар,
Жазылмаған өмірдің ақ парағы,
Жаңа дастан күтеді, жазуыңды
Күтпейді тек кластың тақталары,
Енді сені күтеді барлық жолдар,
Күтпейді тек мектептің парталары.
Кездеседі дауыл да, дабыл да көп,
Дамылдама, қаймықпа, қабылда кеп.
Үлкен ойдан үлкен іс туар, ойлан,
Болашақтың тағдыры қолымда деп.
Уақыт та емтихан алар,
Ол сын қорқыта алмас.
Көңілге сенім қонсын.
Жас талапкер, билет ал тәуекел деп.
Емтиханда, өмірде жолың болсын.
Үлкен өмірге қанат қағып барасың. Қанатың талмасын, биіктерге шырқа! Жоғарғы оқу орнына оқуға түсіп, студенттік дәуірді қызықты өткізіп, абыроймен бітіруіңе тілектеспін. Таңдаған мамандығыңның мықты маманы, кәсіпқойы бол! Мектеп өмірі артта қалды, алдыңда күтіп тұрған жаңа өмірдің баспалдақтарынан сүрінбей өте беруіңді тілейміз!
Кеше ғана мектеп табалдырығын аттаған сияқты едік, бүгін міне он бір жылдың қалай зулап өткенін байқамай да қалыппыз.
Қымбатты ұстаздар! Он бір жыл бойы бізге білім беріп, үлкен өмірге дайындағандарыңызға үлкен рахмет! Сіздердің сенімдеріңізді ақтаймыз деп сенемін.
Ал, он бір жыл бойы бірге оқыған сыныптастарым, сендердің ендігі өмірлеріңе тек қана сәттілік тілеймін.
Аңсаған армандарыңа қол жеткізіп, әр саланың мықты мамандары болып еліміздің көркеюіне үлестеріңді қоса беріңдер!
Аса құрметті осынау алтын ордаға «тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» менің сыныптас достарым!
Бүгінгі күні бәріміз өзіміздің алтын ұямыздан «өмір» атты ұлы тауды бетке алып ұшып бара жатқанымызда айтар тілегім: қайда жүрсек те, қайда болсақ та, қанша жасқа келсек те бір-бірімізді ұмытпайық.
Әрқашан жадымызда есімімізді жаңғыртып жүрейік. Өйткені туған жеріміз ортақ, тіліміз, дініміз ортақ, оқыған мектебіміз, ұстаздарымыз ортақ, заманымыз, қоғамымыз ортақ, ең бастысы алтын шаңырақты, күміс уықты, киелі керегелі еліміз, арман – тілегіміз ортақ. Сондықтан қадірлі достар, Қорқыт бабамыз айтқандай «қара орманымыз шайқалмасын, қара тауымыз бүгілмесін, аққан дариямыз сарқылмасын, Түркі дүниесі түгел болсын!» Бұл тілектер, сыныптас достар, біздің бойтұмарымыз болсын!
Болса да өзге жүрек,
Адамға адам – тірек.
Сыныптастар мынау,
Сіздерге айтар тілек:
Дана сүйер ел бол,
Ар ойлаған бай бол.
Ең бастысы, АДАМ
Атымызға сай бол!
Құрметті бүгінгі салтанатты кешке жиналған қадірлі ұстаздарымыз, ата-аналарымыз және менің қимас достарым!
Міне, біз бүгін «тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» ыстық ұямыз – мектебімізбен, бізді 11 жыл бойы оқытып, тәрбиелеген аяулы ұстаздарымызбен қоштасқалы тұрмыз.
Енді біздің құлағымыз күмбірлеген күміс коңыраудың үнін естімейді.
Енді біз ең қызықты сәттерімізді өткізген мынау мектептің ауласында жарыса жүгіріп, сыныбымыздағы парталарға таласа тармаса отырмаймыз.
Енді біз 11 жыл бойы біздің «еркелігіміз бен тентектігімізді» көтерген апайларымыз бен ағайларымыздың сабақтарында отырмаймыз, тақтаға шығып сабақ айтпаймыз!
Біз осы мектепте ұстаздарымыздың тәлім-тәрбиесін ала жүріп болашағымыздың іргетасы – фундаментін қаладық. Дәл қазір сол күндерге деген сезімді бастан өткеріп мұңайсақ та, ертеңгі болашағымызды ойлап жүрегіміз лүпіл қағып тұр!
Менің сыныптас достарым! Сендерге алдағы уақытта тек қана сәттілік жар болсын, жетістіктерге қол жеткізіңіздер, өмірден өз орындарыңды адаспай табыңдар! Бәрің де ақ жолмен аппақ көгершін армандарыңа сүрінбей жетіңдер! Өйткені, біз мектеппен қоштасып, үлкен өмірге қанат қағып барамыз. Енді бізді алда өмірдің сан тарау жолдары күтіп тұр. Сол жолда әрбіріміз бақыт үшін, өмірден лайықты орын алу үшін күресейік, достар! Ал алтын ұя – мектебіміз бен аяулы ұстаздарымызды жүрегімізде мәңгі ұмытпай сақтаймыз.
Аяулы ұстаздар! Сіздер жасаған еңбектеріңіз үшін шексіз алғыс білдіреміз!
Ұстаздың алғыс тілегі.
Алтын ұя мектептің тұлпарлары, дүлдүлі –
Жұлдыздары жүректің жетілдіңдер бүл күні!
Бірің – хакім, ал бірің болыңыздар ғұлама,
Мың дауыспен сайраған о, өмірдің бұлбұлы!
Ата-дәстүр бойынша сатпайды ұлан сүйегін,
Күй төгесің шанақтан – жақсы болды тиегің!
Құтты болсын тойларың шәкірттерім, көгершін,
Барлығыңды кеудеме басып, қысып сүйемін.
Сендерсіңдер тірліктің желкілдеген құрағы,
Ұстаздарың арманын өздеріңе ұлады!
Тойға ұлассын тойларың – ту қадаңдар биікке,
Жақсы туған жігітке жат жұрт келіп тұрады.
Оралыңдар отыздың ортасына толғанда,
Шүкіршілік етеміз жетсеңдер шың – арманға.
Ел – жұртың бар тілектес, жығылма өмір егесте,
Ал соңдарың айналсын қарақұрым орманға!
Мектеп-Ана.Алғашқы қоңырау Мектеп-Ана Кенде етпестен тәрбие,тағылымнан Талай шәкірт ұшырдың бауырыңнан. Сол еңбектің арқасы шығар,бәлкім, Қыздан тәлім байқалса,таным ұлдан. Бөле-жармай бірін де шетке дара, Бердің бе екен қашан да көпке баға. Қай қиырда жүрсе де шәкірттерің, Сен оларға ортақсың Мектеп-Ана. Сендірумен жақсы күн жолығарын, Ақ тілектер арнадың жолына мың. Шалғайларға кетсе де түлектерің, Жадында әлі жүр ме екен қоңырау-үн. Жүрген жері болса да басқа қала- Оңтүстік пе,шығыс па,Астана ма. "Ана пәннен ана ұстаз беріп ед.." деп Бұл күндері,кім білсін,еске ала ма? Бірін кейде ескертіп,бірін ұға, Білім нәрін сыйдырдың ұғымына. Шаттанды ма,ал кейде өкпелі ме- Сен солардың куәсің қылығына. Ізгіліктің қаладың көз ілмеуін, Болмасын деп шәкірттің көзінде мұң. Балалықпен оянған бойындағы Қорғаштадың алғашқы сезімдерін. Санада ұл жаңғыртып бала кезін, Сені ұмытпай жүр ме екен қара көзің. Мейлі,жүзге толса да қартаймайтын Түлек үшін мейірімді Ана-өзің! Сені ойлай ма кешегі бала бүгін, Сыйласа да өмір жол бағалы күн. Өйткені олар өзіңе сонау шақта Кеткен еді қалдырып балалығын. Алғашқы қоңырау Киімі де,сөмкесі де көркем-ді, Білім жолда арманы асқақ желкен-ді. Мектебіне бара жатыр ұлтыңның Әлиханы,Ахметі ертеңгі. Бір-бір үйдің қызы-айы,ұлы-күн, Бола берсін,еркелеу ме бірі тым. Мектебіне барады олар ұлтының Арқалап ап үкілеген үмітін. Өткен дәуір көрсең де өмір бұрқағын, Талай мәрте жеңіс жырын шырқадың. Білім жолға бет түзеді,міне,енді Санасы да,ойы да азат ұрпағың. Ұл-қызым деп ана ұйқысы сан қашты, Бесік тербеп күн мен түндер алмасты. Солар үшін алдағы үлкен өмірдің Соғылады қоңырауы алғашқы. Бөбегінің оятса ана талғамын, Тілейді енді жақсы шәкірт болғанын. Сол бөбегі алып бара жатқандай Ата-ананың жалау етіп арманын. Басталғанда білім жолдың асқары, Қадамдарын үлкендер де қостады. Олар үшін соғылса алғаш қоңырау, Сол қоңырау-ертеңгі өмір бастауы. Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласы
Ана-Мектеп~65 жыл Қазалы ауданындағы № 25 қазақ орта мектебінің құрылғанына қазіргі шақта 65 жыл толып отыр. Аталған уақыт ішінде алтын ұяны сандаған түлектер бітіріп,олар өмірдің әр саласында жемісті еңбек етуде.Білім мен тәрбиені қатар ұштаған тағлым орнында осы түлектердің көңіл түкпірінде жатталып қалған көптеген аяулы ұстаздар қызмет етіп,дәріс берді. Мектептің өткен тарихында оқу ордасын әр кезеңде басқарып келген Қ.Бәкішев,М.Қожабаев,А.Қартбаев,І.Нағашыбаев,А.Есетов сияқты мектеп басшыларының есімдері бұл күнде ұрпақ жадында жаңғырып,оқу орнының тарихынан лайықты орнын иеленді. Мектеп түлектерінің арасынан әр түрлі мамандық иелері өмір айдынында абыройлы белестерді бағындыра алды,өз салаларында жетістіктерге жетті. Солардың қатарында медицина ғылымдарының докторы,профессор Б.Әйтпембетов,Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,ақын С.Боранбаев есімдері ілтипатпен аталады.Оған мектеп тарихында жазылып қалған "Алыстан аңсай бүгін жеткен дара,түлегін қарсы алды Мектеп-Ана" және "Ел болып өлең-жырдың тақырыбы,қауышты мектебімен ақын ұлы" атты білім ұясының аталған белгілі түлектерімен өткен мазмұнға толы жас ұрпақ жүздесуі дәлел. Оқу орнын бітірген шәкірттер арасында ғалымдық және қаламгерлік жолды ұстанған түлектер легі әр кезде жалғасын тауып отырды,сонымен қатар мектепті алтын және күміс медальға бітіріп шыққан талапты ұл-қыздар да өз ұстаздарының мерейлі мақтанышына айналды. Осындай аға-апаларының жетістікке толы жолдарын көрген тәрбиеленуші жас буын әр уақытта оқу мен қоғамдық істерде,спорт пен өнер жарыстарында лайықты табыстарға жетіп жүрді. Мектеп тарихында тұңғыш рет республикалық білім бәйгесінде-оқушылардың ғылыми жобалар байқауында-шәкірт Г.Байназарова бақ сынады.Аудан оқушыларының арасынан қазақ әдебиеті саласының бағыты бойынша алғаш рет жазылып, қорғалған оқушының ғылыми жоба жұмысы ("Халық ақыны Байназар Өтепов шығармашылығындағы ел тағдыры және ақын өлеңдерінің көркемдік мәні", жетекшісі Ғ.Қожахмет) оқушылардың республикалық ғылыми жобалар байқауында жүлделі екінші орын иеленді. Отанды сүю өзінің туған жерін сүюден,өзі оқыған алтын ұя мектебін сүюден басталмақ.Мектептің өз вальсі осы мақсатта дүниеге келген еді."Мектеп вальсін" (өлеңін жазған Ғ.Қожахмет,әні К.Өтеп) шәкірт шырқады,сандаған түлектің қияға самғар жолындағы әнұранына айналды. Бүгінде тарихына сай дәстүр қалыптастырған білім ордасы алдағы көктемде өзінің 65-түлектерін өмір айдынына шығарып салмақ.Мектеп қабырғасында шәкірттік шақтарының соңғы белесін өткізіп жатырған оларға да алдыңғы буын аға-апаларының табысты жолын берсін дейміз. Осы жолдар авторының мектеп тарихына арналып бұдан бұрын жазылған жыр-толғауындағы айтылған тілектің үзілмей жалғаса беретін бүгінгі түйіні де сол болмақ. Айта білсек осыны, Шәкіртке бар әлі сын. Мектебінің өткенін, Тарихын біліп танысын. Мақтаулы шықсын шәкірттер, Өмірдің көріп жарысын. Көтере берсін әр жерде, Мектебінің намысын! Ғабиден Қожахмет, Қызылорда қаласы
Н9рлан Айтбаев: Құрметті ұстаздар! Қымбатты оқушылар, ата-аналар және барша қазақстандықтар! Сіздерді бүгінгі жарқын да қуанышты, айтулы мереке – Білім күнімен құттықтаймын! 1 қыркүйек барша халықтың дәстүрлі мерекесі! Бұл мереке кейбір азаматтардың мектеп қабырғасын, колледж және жоғары оқу орындарына барған күндерін еске түсірумен сипат алса, жас мұғалімдердің алғашқы жұмыс күні әсері мен толғанысын айғақтайтын ұмытылмас сәттерімен есте қалады. Әрбір адамның өміріне ерекше әсер қалдыратын бұл күн еліміздің барлық тұрғындарының басын біріктіреді: мектеп табалдырығын аттауға асыққан бірінші сынып оқушылары, өзі армандаған мамандыққа қол жеткізген ЖОО-ға мақтанышпен келген мектеп қабырғасын жаңа ғана аяқтаған түлектер, осы күйді екінші рет бастан кешіп отырған ата-аналар. Білім беру мекемелерінің педагогтары мен жетекшілері бүгін, яғни 1 қыркүйек күні білім қабырғаларын аттағалы тұрған оқушылар мен тәрбиеленушілерді қарсы алады, бұл күн тек атаулы мереке ғана емес, бұл біздің еліміздің болашағы тәуелді болған қызу қайнаған, жауапты кезең бастамасы. Дәл осы күннен бастап, алғашқы қоңырау үнімен бірге, әр адам өмірінің жеке тұлға және азамат ретінде қалыптасу кезеңі басталады. Баршаңызды бүгінгі Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге бүгінгі ерекше, жайма шуақ күні жақсы көңіл күй, жаңа жетістіктер мен ашылуларға ұдайы ізденіс, шығармашылық, мықты денсаулық және жаңа бастамаларда тек қана сәттілік тілеймін! Бүгінгі күн Сіздер үшін үлкен үміттер күні болсын!







