RU KZ EN

Құттықтау тілектер - Дәстүрлі тойларға - Қыз ұзату

FindHow сборник различных поздравлений на казахском языке.

1. Тойға арналған өлеңдер
▼

Сәлеметсіз бе,Жанар! Хатыма жауап беріп,ілтипат танытқаныңызға рахмет! Менің аты-жөнім-Ғабиден Қожахмет,Қызылорда қаласының тұрғынымын,мамандығым-филолог,жергілікті оқу орнын қазақ филологиясы мамандығы бойынша тәмамдап шыққам.Сіздердің сайттарыңызды көріп,той тақырыбына арналып жазылған өз өлеңдерім де,бәлкім,біреулердің кәдесіне жарап,қызығушылығын оятар деген ниетпен "Гүл атты бүгін қыз-ғұмыр" және "Бақыттың тойы басталды" деген екі өлеңімді жолдап отырмын.Сіздерге алдын ала рахмет! Оқырман көбейсін! С/н:Ғабиден Гүл атты бүгiн қыз-ғұмыр. Бақ күткен екеу бүгiн де дағы кеше де, Махаббат көлiн қос ғашық болып жүздi бiр. Ата мен ана бала ғой әлi десе де, Гүл атты бүгiн қыз-ғұмыр. Жүзiне дағы қарайды бiрi бiрiнiң, Болашақ атты бақытқа ендi ой кетiп. Балдырған қыз ең,кеңейiп-дағы ұғымың, Қалдың ба сен де бойжетiп? Еркелiк көрiп сезгенмен қамкор алақан, Барiбiр қызға бұйырар бақыт қиядан. Өзiңдi санап жүргенде әлi балапан, Ұшар күн кептi-ау ұядан. Болашағыңның кеңiтер кеуде сарайын, Айтыла берер әрдайым саған ақ тiлек. Өзiңе ендi ата-ана,бауыр,ағайын, Қалады бүгiн бақ тiлеп. Кеткенмен ұшып,көңiлдерi барiбiр бiр сенде, Тiлейдi сенiң тiршiлiгiңнiң бүтiнiн. Ұмытпа ендi жарыңмен қайда жүрсең де, Туған үйiңнiң түтiнiн. Өйткенi сенi осында бесiк тербеткен, Келгенсiң мұнда өмiрге болып наресте. Қуанған,күлген,жылаған кезiң-ержеткен, Тұрады екен барi есте. Мiнеки ендi қалыңдық сен де атандың, Тәлiмiң менен тәрбиең-барi еркiңде. Өзiңдi өсiрген осынау киелi Отанның, Атына кiрдi келтiрме. Бойжетiп қапсың,осылай уақыт,өтер күн, Жарыңды сыйла,артады сонда бағаң мың. Ғибрат берген тәлiмiн ұмытпай Әкеңнiң, Ақ сүтiн ақта Анаңның. Көрiнбей жүрсiн жасаған iстiң бiрi мiн, Батасын берер сол кезде әже,аталар. Балапан-даурен,кеуделердегi гүл-ұғым, Күн келдi келiн атанар. Алдағы ғұмыр күндерiң бiр боп өтетiн, Жарыңмен бiрге бақыттың гүлiн ұста тең. Туған үйiнiң түтiнiн қимай кететiн, Қыз-дәурен солай қысқа ма ең?! Бақыттың тойы басталды Келеді бүгін көгімнен тағы атып күн, Шырқайтын сәті бақ тілеп жасқа уақыттың. Қос аққу болып жұбайлық өмір басталып, Көтерілді туы бақыттың. Отауға енді сәулесі бақтың жамырап, Ақжолтай болып есіктен енді тағы бақ. Әулеттің әнін баянды қылып шырқайтын, Көтерілді тағы шаңырақ. Мөлдіреп бүгін тілекші көзден жас тамар, Жұбайлық жолда сүйеніш болар асқақ ар. Болашақ атты бақыттың баспалдақтары, Осынау сәттен басталар. Кеуделерге кеп орнықты бүгін ізгі нұр, Тербетті әуен той жыры болып бізді бір. Ару-дәуірдің қалыңдық-ғұмыры басталып, Артында қалды қыз-ғұмыр. Көңіл-кеудені ізгі сезімге жайлаттық, Той сәні қылып ортаны тағы жайнаттық. Тағы бір ұлдың аяғына тұсау оралып, Артында қалды бойдақтық. Аяма енді ата-ана,туыс барыңды, Өз ұлың бүгін бақыттан тұмар тағынды. Серігі болар қолына қонып жан-жары, Жас отау нұрға малынды. Ақ сәуле болып шымылдық пенен перделер, Оранды гүлге той-думан күткен бөлмелер. Ата мен ана,көңілі хош боп қайнаға, Сабылды бүгін жеңгелер. Өйткені олар абысын тағы атанды, Олар да кеше үлкеннен сыйлы бата алды. Жымыңдай күліп ақылды тентек қайнылар, Қорғаштап жүр-ау отауды. Әзілдер олар құдаша жаққа астарлы, Шараппен сыйлап базына қылған дос-жарды. Қуанышқа бөлеп әулеттің барлық адамын, Бақыттың тойы басталды. Жан еді елі бір кезде-дағы ардақтар, Жан еді олар сөзінде жатқан салмақ бар. Жер басып жүрген қандастарын жебеп рухымен, Бір аунап түсті әруақтар. Өзгеше болып келеді тағы атып күн, Өтсінші тоймен бәрі де мынау уақыттың. Адам-ғұмырдың көңілде қалар белесі, Үйлену тойы,үй болу тойы басы ғой енді бақыттың! Ғабиден Қожахмет,Қызылорда қаласы

2. әпкемнің тойына
▼

Қуанамын неге бүгін соншалық
Шаттанғаннан келіп жетті бір шабыт
Қиясына ұшқалы отыр тәтеміз
Көңілде бір қимастық бар қайтеміз

Қадамыңыз бүгінгі құтты болсын
Қыдыр дарып отауға бақыт қонсын
Көтерген жездемізбен шаңырақтың
Ішіне қуаныш пен күлкі толсын

Ұлдарды нәсіп етсін ақылды ұдай
Қыздарды нәсіп етсін күн мен айдай
Отаудың берік қылып босағасын
Біздерге болыңыздар жаққан шамдай

Көктемнің күлімдеген күніндейсіз
Дүниенің ең шырайлы гүліндейсіз
Папасы мен мамасының асыл қызы
Әрқашан жездемізбен бір жүргейсіз!

Өмірде ең бақытты жан болыңыз!
Мәнді де даңғыл болсын бұл жолыңыз!
Мәңгілік бір-біріңе ғашық болып
Көңілі туыстардың жүрсін толып!
Гауһар Қасабекова, 2009 жыл

3. Әпке тілегі /қосқан Ғабиден Қожахмет Қызылордадан/...
▼

Әпке тілегі (өтініш бойынша жазылған) Жетсінші дер ем бауырды мен де баққа мың, Тағдырың саған атқызсын әр кез ақ таңын. Еркелей күлген елігі едің бір үйдің, Сіңілім,сен де босаға бүгін аттадың. Жаныңда енді өмірлік жолдас-қосағың, Үмітпен күттің осынау күннің тосарын. Босаға аттау-артады қызға көп міндет, Сіңілім,соған жауапты қадам жасадың. Бақыттың шоғын сезімдер енді үрлемек, Береке,ырыс есікті қақсын күнде кеп. Бауырлар үшін інінің жөні бір басқа, Алысқа ұзар сіңілдің жөні бір бөлек. Дер едім мен де отауың болсын еңселі, Жұбайлық жолдың сыйластық қана өлшемі. Қыз бала сол ғой-алыстан іздер бақытын, Туған үйінің құп-құйттай ғана бөлшегі. Ұмтылдың баққа,сол жолда тілек-бата алдың, Киесі бар ғой шаңырақ деген отаудың. Құсымыз едің еркелеп жүрген,бір күнде, Ұштың да кеттің,мінеки келін атандың. Шыққызсын тауға қадамың осы жасаған, Бауырың бүтін,болсыншы әр кез дос аман. Шаңырағыңның уығы берік шаншылып, Керегең кең боп,бақытқа толсын босағаң! Естілсін содан тек қана сыңғыр тәтті үн, Болашағыңа жайқалтсын тағдыр бақ гүлін. Жұбайлық жолда ұсынып өмір күлкісін, Жарыңмен бірге сезінші соның шаттығын! Жақсылықтарын сыйлатып өмір тәңірдің, Мінеки,сен де жар болдың,сыйлы ат тағындың. Сол жолда осы-апайың тілер ақ тілек, Сол жолда осы-тілегі барлық бауырдың. Атану келін-сіңіру бойға ар-қылық, Ақ отау жақтан атсыншы әр кез таң күліп. Жұбайлық өмір бақыттың әні екен ғой, Ендеше сол ән үзілмей тұрсын мәңгілік! авторы: Ғабиден ҚОЖАХМЕТ

4. Құдаларға арнау
▼


АРНАУ


Арықтан су ағады шыр айналып,
Нәсіптіге мал бітер бір айналып.
Жастығыңның шағында ойна да күл,
Кім бар кім жоқ келгенше қайта айналып.

Қайырмасы: Құдажан жорытқанда жол болсын,
Құдағи дастарханың мол болсын.
Алланың шапағаты тие берсін,
Бізден тілек сол болсын.

Тал мен қайың жарасар тал мен қайың,
Денсаулықта кім ойлар ауру жайын.
Осы отырған қызықты ойын-тойда,
Көмейден ағызайын тілдің майын.

Қайырмасы

Құда жаңа, болды енді туыс жаңа,
Сыңғырлайды шырқасам үнім дара.
Мұнда айтпаған өлеңді қайда айтамыз,
Шырқайықшы іркілмей осы арада.

Қайырмасы

5. Қыз ұзату Төлебаев Бағдәулет құрастырған "Ақ тілек" кітабынан...
▼

Апа-қарындастың ұзатылуына кіші бауырларының тілегі

Ғұмырыңыздың жарқын шақтары мен бақытты сәттері мол
болғай. Өмір Сізді тек жақсылықтар мен қуаныштарға жетелесін. Ибалы келін атанып, сол ауылдың алтын босағасында аман-есен жүре беріңіз.

Болашақтың ақ таңдарын бақытпен қарсы алып, барлық ізгі армандарың орындала берсін. Өмір жолында серіктерің сәттілік, жолдастарың жақсылық болсын.

«Бақыт деген досыңның – қабағында, жарыңның –жанарыңда» дейді. Осындай өмірлік дос болып өтіңіздер.

Жүздеріңізден шаттық пен күлкі үйіріліп, көл бетіне өрнек салған аққудай бақыт бесігінде қуанышты серік етіп, тербеле беріңіздер!

6. Қыз ұзату тойына тілек
▼

Қазақ қызын қашанда қадір тұтқан. Қасиетке балаған. Төрін ұсынған. Себебі, қыз - өріс. Қыз – кие. Қыз – ұлтының ұяты. Қыз – халқының шырайы. Қыз - өмірдің бастауы. Қыз – тіршіліктің тірегі.
Бұл қасиеттер қыз ғұмырдың пешенесіне әуел бастан-ақ бұлжымастай етіп жазылғандай. Ал сол ақ үрпек балапанын аялы алақанынан ұшырарда қай ата-ананың болмасын көңілі тоқып, жан тебіренісіне түсері хақ. Сосын өзегін жарып шыққан балапанына: «Құтты орныңа қонып, бағың ашылсын!» деп Жаратқаннан тілек тілеумен болады.

Міне, бүгін қызымыз ата-ана ұясынан ұшып, жүрегінің қалауымен өмірлік серігі ......(аты) қол ұстасып, қызығы мен қиындығы қатар үлкен өмір жолына аттанды. Сөйтіп ата-анасының өрісін кеңейтті.
Отбасын құру – үлкен абыройлы іс. Абыройлы іске биік рух керек. Барған жеріңде бағың ашылсын, шаңырағың биік, босағаң берік болғай! Екеуің қазақтың үлгі тұтар отбасына айналыңдар!

7. Ұзатқанда
▼

Ұлықбек Есдәулет
Менен туған жырлардың ең сұлуы,
Мен өсірген жемістің ең шырыны;
Шабытымның жаралған шұрайынан,
Тал бойынан табылмас кемшілігі;
Ет жүрегім осынау дүниеге
Еркелетіп жіберген елшілігі -
Қызым менің барады ұзатылып.

Ұзатылып барады Назым қызым,
Тіршіліктің ерітіп қалың мұзын.
Бүршік жарған көктемде, гүлін ашып,
Басқа бақта өткізбек жазын, күзін.
Ұзатылып барады Назым қызым.

Жаратылған жат жұртқа жазмыштан,
Ұясынан жаутаңдап қазым ұшқан.
Қимастық пен қуаныш тайталасып,
Күтті көңіл тылсым бір саз ұғысқан.

Ардағыңды алысқа қимағасын,
Ет кескендей етіңнен киналасың.
Жүрегіңнің тамырын жұлғандай-ау,
Ішке сыйып, сыртыңа сыймағасын.

Жыр оқыңдар, жігіттер, ән айтыңдар,
Достарымның қатарын қарайтыңдар.
Бұл өмірде онсыз да жетіп жатыр,
Ақындарды ақымақ санайтындар.

8. Ананың қыз ұзату тойындағы ақ тілегі
▼

Кеше ғана жүргендейсің балапандай бүлдіршін, Білім алып, бой жетіп, ой түзедің. Қанатың қатып, ұшып кеттің ұяңнан, Қимастықтан ауырды менің жүрегім. «Қыз - өрісің», «жат жұрттық» деген сөз бар, Теңіңді таптың жүректен шыққан тілек бар. Ақылды бол, еркелікті қоярсың, Бір отаудың келіні сен боларсың. Енеңді - анам, атаңды - әкем деп ойла, Барған жерің - өз жұртыңдай сен сыйла. Сонда ғана жағарсың сен еліңе, Кір келтірме өзіңнің туған жеріңе Құдай қосқан қосағыңмен қоса ағар, Кешірімді, кішіпейіл болыңдар. Аналық жүректен шыққан ақ тілегім, «Қабыл болсын» деп Алладан тіледім. Бір Алла тіл-көзден өзі сақтасын, Жолдарың ақ, түзу болып басталсын. Екі жасқа арналған осы ақ тілек, Періштенің құлағына шалынсын.

9. Ұзатылған қызға тілек
▼

Тамада кітабынан
Тілеуің тілеп тұрды аппақ,
Қимайды іштей ата – ана.
Қыз едің өскен бұлғақтап.
Аттайсың бөгде босаға.

Әлпештеп басқан бауырға,
Кем көрмей ұлдан шалқытып.
Ата – ана қалып ауылда,
Асықтың тұр деп жар күтіп.

Анаңның жолын жалғадың,
Жат жұртқа кетіп барасың.
Сүюдің татып бал дәмін,
Жарыңмен тапқын жарасым.

Бақыт бол барған жеріңе,
Жүзіне кірбің жуымай.
Береке қонсын төріңе,
Демесін жаман қылығы-ай.

Қылығың түзде – ержеттің,
Ие бол ақыл – тізгінге.
Гүлі бол барған әулеттің,
Тастай бат, судай сіңген де.

Тіршілік деген майдан бұл,
Өмірдің әлі сыны алда.
Жарыңмен бірге жайнағын
Ұқсағын асқақ шынарға!

10. Құдаларға ана тілегі Тамда кітабынан
▼

Жас отау бүрін жарды жаңа гүлдеп,
Пенденің жетсем деген талабы көп.
Қадамың құтты болсын, құда-жекжат,
Отырмын мен де,
Сен де балалы боп.

Үмітпен ұл да өсірдік,
Қыз да өсірдік,
Дейтіндей құдалықтың міндетін ұқ.
Келінді өз қызымнан кем көрмеспін,
Жайласын жас отаудың іргесін құт.

Құданы мың жылдық деп айтпас бекер,
Қуаныш ортақ сізге,
Көңіл көтер!
Құдалар бір-бірімен тату болса,
Екі жас мұратына сонда жетер.

Болғанмен ұл менікі,
Қыз сенікі,
Екеуін тең көреді білген кісі.
Жатырмыз төсті төске түйістіріп,
Сыйластық –
Құдалықтың бір белгісі.

11. Құда назы Тамада кітабынан
▼

Бала-ортақ,
Жатсын, құда құрметтеп,
Құдалық-сын,
Ол да өзінше бір мектеп.
Қарсы аламын төбеге тік көтеріп,
Құда-жекжат жатса егерде іздеп кеп.

Екі бала бәрімізді сыйлы етсін,
Күйеу демен,
өз ұлым деп жүрмекпін.
Қызыңдай көр,
Құдаға айтар қолма қол,
Ал, құдағи білмей жатса үйреткін.

Құлаққағыс,
Айттым-құда назын жай,
Күй кернесін Құрманғазы сазындай.
Екі бала ортақ бізге, сондықтан,
Мың жылдыққа
Жүрсін құшақ жазылмай!

12. қыз ұзату
▼

Қыз ұзату тойына
Алтынымыз мақтанар,
Тілеуші едік басыңа
Болсыншы деп бақ қонар.
Сол сәт бүгін келіп тұр
Ақ тілекті ақталар.
Көлге біткен құрағым,
Өрге біткен шырағым.
Анаң сенің шаттанар,
Табылды деп сыңарың.
Әкең сенің мақтанар
Маздады деп шырағым.

13. Қызыма
▼

Қызыма
Суырылып шықтың, қызым, өзегімнен,
Суынып кетпе жырақ өз еліңнен.
Бақытың берген шығар тізгініңді,
Бақытың келген шығар кезегімен.
Тұр міне, ұлы өмірің басталғалы,
Еркіндік, еркелігің тасталғалы.
Көтеріп жас отаудың керегесін,
Бірлесіп жанұяның бастар шағы.
Тілегі ата-анаңның тағың болар,
Батасы ел-жұртыңның бағың болар.
Ойланып ақылыңмен жүрер болсаң,
Құдайым ниетіміз қабыл болар.
Сағаңмен сарапқа түс күнім еркем,
Анаңмен бірге қалсын еркелігің.
Ата-анаңның үмітін ақта жаным,
Барған елде сыйлы бол, бақытты бол!

14. Тост-тілек пен дос-тілек кітабынан Қыз ұзату тойына...
▼

Қыз ұзату тойы
Үйлену – алдымен бірін-бірі сүйіп-ұнатқан қыз бен жігіттің ата-ана, ағайын-туғандары танысып-білісуінен басталады. Алғашқыда күйеу жігіттің әке-шешесі, ағайын-туыстары болашақ келіннің үйіне келіп – қыз ата-анасының, туыстарының ризалығын алып, құда болысып, тойдың барысы жайлы сөз байласады. Олардың келісімі бойынша қыз ұзату, келін түсіру тойлары бөлек-бөлек өткізіледі.
Құттықтау үлгілері
Адам беру біреуге оңай емес қашанда, өмір заңы осы ғой – салт-дәстүрден қашам ба?! Өзіміз де қыз болдық, еріп кеттік сезімге – айналайын құрдасым, кетті қыз деп езілме! Барған жерде ашылсын бағы қыздың деп тіле, біздің қызды әкеткен күйеу бала да епті ме? Ұзағынан сүйіндірсін ылайым, жақсы болса күйеу бала – неге бүгін жылайын?!

Қызымыздың қонған жері құтты болсын! Денсаулығы мықты болсын! Жүрегі оның түкті болсын, сауған малы сүтті болсын! Өзге елде қадірі арта берсін! Енесі мен анасын бірдей көрсін, көпбалалы ана болып гүлдей берсін!

Қадірлі қонақтар. Бүгінгі қуаныш иелері! Ағалар, аналар! Іні-қарындастар! Осы ақ дастархан басында адал ниетпен жиналып отырған құда-жекжаттар!
Тойға келіп отырған жаңа құдаларға «төрге шыққандарыңыз құтты болсын!» демекпіз. Құдалықтарың мың жылға ұлассын!

Бала – артта қалған із,
Бақыт – ұзатылған қыз,
Байлық – қолға ұстаған мұз,
Дүниенің қызығы сіз бен біз!
- дегендей, «сіз-біздігіміз» еш уақытта жоғалмасын. Екі жастың бақытын берсін, көре алмаған дұшпанкөз арамыздан кете берсін!
Бекзаттарым-ай,
Жекжаттарым-ай,
Жекжат болып ауылыма кеп жатқаның-ай!
«Бала бақытын қыздан іздейді,
Қыз бақытын түзден іздейді», деген екен дана бабаларымыз. Біздің қызымыз бақытын сіздің шаңырақтан іздеп келді. Үлпілдеген үкіміз бізден өтті – сіздерге жетті. «Жібекті түте алмаған жүн етеді», - дейді. Жүн етсеңіз де, гүл етсеңіз де ендігі жауапкершілік жүгі - өздеріңізде, қадірлі құдалар!

«Жолаушы мұраты - жету, қыз мұраты – кету» екенін ұғынғанымызбен, бауыр етінен жұлып алып қызды өзге жұртқа аттандыру кімге болса да оңай емесін бәріміз білеміз. Алайда, барған жерінде тастай батып, судай сіңіп жатса – абыройларыңыздың асқақтағаны сол емес пе! Құдай қуат берсін, құда-жекжаттарымызға сана берсін, жақсы жер болса – қызымыз алаңдамай бара берсін! Екі жас бақытты болсын, өмірі жақұтты болсын!

Ей, уақыт-ай!
Екенсің ғой тым қысқа,
Барады ұқсап кешегі өткен жыл құсқа.
Балалықтың бір базары тарқай ма,
Досым қызы шығып жатыр тұрмысқа.

Екі балаң отау құрды, топтасты,
Екі тасқын бір айдынға тоқтасты,
Қыз ұзату тойы дейміз,
Жігіт ше?
Жігіт бүгін бостандықпен қоштасты.

Салтанатты той үстінде отырмыз,
Айдын-көлде аққу қаздай отыр қыз.
Қос періште көрінеді көзіме,
Біздер – пенде, қарапайым топырмыз.
Біледі ғой қимастықтың өлшемін –
Әке болып,
Ана болып көрсе кім?
Өз қолымен өзі үзіп бергендей,
Жүрегінің ең қажетті бөлшегін.

Кірбің басса не амал бар жүзіңді,
Баса алмайсың
Басыңдағы ызыңды,
Тап осындай той-даңзаға соңында
Әкетер ме сенің де ертең қызыңды?!

Қуан, достым, өлең сөзге болма алаң,
Қызым түгіл, ұлымды ойлап қозғалам.
Қыз ұзай ма, әлде жігіт...
Кім білсін?!
Не десең де күйеу балаң - өз балаң.

Тойдағылар,
Қане сап, сап, тыныштал,
Біз дайынбыз,
Ей, асаба, дұрыстал.
Жас жұбайлар махаббатын бекітіп
Шампан шапшып,
Қоңырау соқсын хрусталь.
Соқсын,соқсын,
Шампан толған хрусталь.

Қимайды ұзатқан жақ қыз баласын,
Жан-жүйең қалай ғана сыздамасын.
Құдалар алақанға салып бердік
Жүректің жұлын алып бір парасын.

Жас баланың күлкісін берсін,
Жас ананың ұйқысын берсін.
Жомарттың қолын берсін,
Жортқыштың жолын берсін!

Қыздың қылығын берсін,
Судың тұнығын берсін.
Асаудың арынын берсін,
Түнгі отың жарығын берсін!

Асқар таудың паңдығын берсін,
Бұлбұл құстың таңғы үнін берсін.
Даланың жазықтығын берсін,
Гүлдің нәзіктігін берсін.

Теңіздің тереңдігін берсін,
Қыранның көрегендігін берсін!
Ердің көңілін берсін,
Бүркіттің өлімін берсін!

Лашынның жүрегін берсін,
Нағыз достың тілегін берсін!
Мәңгі-бақи ажырамас,
Шын ғашықтың білегін берсін!

Балалардың ұзақ болсын өмір-жасы,
Бірге өссін біте қайнап мал мен басы!
Қашанда тіл мен көзден аман сақтап,
Қасында жүрсін оның пір-панасы!

Үйреніп өнер-білім өрге жүзсін,
Үлгі алсын қатар-құрбы замандасы!
Қондырып оң жағына отауларын,
Қызығын көрсін оның ата-анасы!

Алдынан шамшырағы қарсы жанып,
Гүлденсін жермен көктің екі арасы!
Шалынсын періштенің құлағына
Біздердей қариялардың ақ батасы!

Қуанышқа көңілдер толсын әман,
Баяғыда жоралғы-жол сұраман.
Менің жалғыз тілерім жол үстінде –
Ұл-қызымыз бақытты, болсын аман!

Көкірегі сырға толы күй-дастан,
Алатаудай арманы бар жүздеген.
Өзі өскен ұясынан симастан,
Түзден бақыт іздейді екен қыз деген.
Тағдыры оның суық қарап, сыздана,
Шешімі ауыр сын артқанмен санаға.
Көктемдегі қарлығаш қой қыз бала,
Айналатын шуақ шашқан Анаға!

Пери-жаным, балдызым, қызғалдағым!
Арманыңның аралап гүлзар бағын,
Барамысың алыстап арамыздан,
Жүрегіңнің орындап ізгі арманын.

Артқа тастап жастықтың дөңін асып,
Арманыңа жетуге болып асық.
Арамыздан әп-сәтте кете бардың,
Айналайын бара ғой - жолың ашық...

Тілегіңді... бара ғой, құп аламыз,
Ақ жол тілеп өзіңе тұр бажамыз.
Жиырма екі жыл сені еркелеттік,
Қарымтасын ешкімнен сұрамаңыз...

Адамзатқа ұсынған күні-бұрын,
Кім құптамас Алланың құрылымын?!
Біздің емес... Хадишаның қызы болдың –
Шын жүректен ұғыппыз мұны бүгін.

Толғаныстан есім жоқ менің тегі,
Бар, бара ғой – күтуде елің сені.
Оразбайдың қызы деп айтпайды енді,
Деп айтар жұрт: Ерқанат келіншегі...

Қимай тұрмыз, қайтейік, мұным анық,
Саған деген көңіліміз тұнық анық.
Бар, бара ғой, тапсырдық Ыстыларға,
Етімізден жүректің жұлып алып,
Етімізден жүректің жұлып алып...

15. Қарағым-ай
▼

Қарағым М.Мақатаев
Қарағым, мен бүгін үйлену тойыңа барамын,
Мен бүгін өзіңнен адасып қаламын, қарағым.
Шараптың уы іріп қаныма
Отырам бейтаныс біреудің жанына.
Көкешім, налыма,
Мен сені ұзатам бағыңа.
Тұман боп жанары, әкең де шешең де қалады,
Достарың күңіреніп, Еңліктің әніне салады,
Әкең де қалады, шешең де қалады.
Баласын баласы әкетіп барады.
Көкешім, мұңайып нетесің,
Сен бүгін ұшасың, кетесің, көкешім.
Әкеңнен, әкеңе жетесің,
Мұңайма, көкешім.

16. Нарболат Мұрсәлімбаев Семейден
▼

Оң аяқпен аттандың,
Гүл бітсін қонған қияңа
Келіп жүр сүйген жарыңмен
Өзің ұшқан ұяңа!

17. Әріптес құрбымыздың ұзатылуына
▼

Ұзатылып барады Балжанымыз,
Қарындас, сіңлі, құрбы, қарағымыз.
Балжанымыз бақыттың бақшасы боп,
Жүруге жарай алса дән ризамыз.

Сан түрлі қасиет бар бір өзінде –
Көркінде, ақылында, мінезінде.
Ортада нұрын шашып жүргенінде
Қадірін жақсы адамның білеміз бе?!

Ұжымның қадірменді қорғаны еді,
Қимастан ұзатады арман елі.
Әріптеске бақыт тілеп қалдық міне,
Әлпештеп аяласын барған жері.

18. Қалыңдыққа
▼

Өмірдің өрлеп шықсын белесіне,
Мұхитқа жетсін жүзіп кемесі де,
Бір үйдің әлпештеген еркесі екен,
Ата менен сыйлы болсын енесіне.

Үлкенді қадірлеуден жалықпасын
Жарқылда жарыңның да тауып бабын.
Қадірлеп айналайын бір-біріңді,
Қырандай қия шыңға шарықтағын.

Тағдыр қосып табылыпты қосағың
Әлі ақталар жабдығыңмен жасауың.
Шаттықталар шаңыраққа айналсын
Керегесін кеңге жайып отауың.

Құтты болсын ақ қадамың
Келін болу жолы ғой қыз баланың
Барған жерде жақсы келін атанып
Қуанышын сыйласын әрбір қадамың.

19. Кемел Кеніш Ұзату тойына
▼

Әкенің қыз ұзату тойындағы тілек аманаты

Құрметті халайық, бүгін біздің қуанышымызды бөлісуге келіп отырған ағайын, туыс, бауырлар!
Құрметті құда-құдағи! Сөзімнің бірінші бөлігін сіздерге арнағым келеді!
«Біздің еккен дәніміз пісті. Үйімді жарық еткен нұрым, жүрегімді тербеген жырым, ана – жұмыртқасын жарып, ақ құсқа айналып, көрші бәйтерекке ұя салмаққа ұшып барады деп ойлаймын.
Әлемде әке үшін өзінің қызынан асқан сұлу қыз жоқ. Менің қызым өзім үшін – «Тау Баян деп жаңғырады, өзен Баян жеп ағады, орман-тоғай Баян деп шулайды» деп жар салатын Қозы Көрпештің Баянынан да асқан сұлу. Ер Тарғынға тар жерден жол тауып берген Ақжүніс арудан да өткен ақылды! Әйткенмен, Қобландының Қыз Құртқа баптап –жаратқан қырық күндік кемдігі бар Тайбурыл –тұлпары сынды өмір-тәжірибесі әлі жеткіліксіз, аз. Ендігі кемдігін өзің толтыр, құрметті құд-құдағиым!
Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, күнге күйдірмей, суыққа тоңдырмай бой жеткіздім, өсірдім. Ендігі жерде Еңлікгүлімнің сүйегі – менікі, еті – сіздікі. Менен - өтті, Сізге- жетті. Қыз бала - өзге елдің аманаты. Өзге ел – Сіз үшін асырап-жеткерген көзімнің нұры, бауыр еті баламның ендігі жердегі тағдырын сізге аманаттаймын, құрметті құда-құдағи!
Бұдан былайғы жерде обалды мен сауабы да, қызығы мен рахаты да Сіздің босағаңызда, құрметті құда-құдағи!
Менің мәпелеп өсірген аппақ гүл-қызым! Ендігі жердегі тілегім саған арналады. «Қыз бала – қонақ» деген осы екен. Маған өзіңе сөз арнау өте ауыр, қызым! Сені мұңайтқым келмейді, қуантқым келеді. Өйткені, өз қалауыңмен тең қосағыңды тауып, бақытты сапарға шығып барсың. Мен осыны ойлап қуанамын! Бүгін жота басына қатар тігілген қос шыбықтарым – күйеу балам екеуіңе бар айтар тілегім; қараған ел қызығатын, қою көлеңкесі ел игілігіне асатын жемісті бәйтерекке айналыңдар. Ертең аппақ желегі желбіреп келін болғалы тұрған қызым, саған айтарым; сен де құдағилыққа жетіп, тілек айт! Бастарыңды - бұлт, бауырыңды мұз шалмасын!
Бақытты болыңдар!
Қыдыр ата болсын балам жолдасың,
Көкірегің елдің күйін толғасын.
Атқан таңың бағыңды ашып әрдайым,
Ата бабаң әруағы қолдасын!

Ашық болсын аспаның мен айналаң,
Ардақтасын ақ орамал байлаған.
Таң сәріде тілек тіле Тәңірден,
Тартынбасын қолыңды енді жай балам!
Әумин!

Қыз ұзату тойындағы ана тілегі.

Құрметті тойға жиналған ағайын-жұрт, достарымыз бен жолдастарымыз!
Шынымды айтсам, сіздердің алдарыңызда шаңырағымыздан ұшырғалы отырған ақ көгершіндей аяулы қызыма қандай ақ жол, сәт сапарлық тілек тілерімді білмей толқып тұрмын. Ең дұрысы, негізгі сөзімді қызыма арнағаным жөн сияқты....
Үйіміздің сәні, әкең екеуіміздің аялап өсірген қызғалдағымыз, сүйікті де сүйкімді қызым менің!
Кеше ғана «іңгәлап» өмірге келгенің де,тұлымшағың желбіреп жүгіріп жүргенің де, шашыңа ақ бантик тағып алғаш мектеп табалдырығын аттағаның да, жоғарғы оқу орнына түскенде «Мама, Папа! Мен студент атандым!» деп қуаныштан жүрегің жарыла сүйінші сұрағаның да... – бәрі-бәрі де кеше ғана сияқты еді. Уақыт неткен жүйрік десеңші! Енді міне бүгін өмірлік серік-сыңарыңды тауып, ұядан ұшқалы тұрсын.
Сені жат босағаға қанша қимасақ та табиғаттың талабы, өмірдің заңы осылай екен - қыз бала жат жұрттыққа жаралған.
Айналайын қызым........!
Сен арқылы өрісіміз кеңейіп, жаңа жекжаттар тауып, құда-құдағи болып жатырмыз. Сен енді екі елдің арасындағы елшісің. Алдыңда жаңа өмір, жаңа орта, жаңа туыстар мен достар күтіп тұр. Сол ортамен тіл табысып, үйренісіп, босағасын аттаған әулетіңе туған қызындай болып сіңісіп кететініңе сенемін. Өйткені осы күнге дейін папаң екеуіміздің берген тәрбиемізді зая кетірмей, жаман сөз келтірмей, сенімімізді ақтап, айналаңа, қоршаған ортаңа әрқашан сүйікті, сүйкімді болып жүрдің емес пе?!
Менің тілегім. Осы қалпыңнан айнымағайсың, күнім! Құдайым басыңнан бағыңды тайдырмасын!
Бастағалы отырған жаңа өмірің бақытты, қызықты күндерден құралсын. Табалдырығын аттағалы тұрған босағаға жаңа басқан қадамың құт әкелсін!
Әкең мен шешеңді қалай құрметтеген болсаң, атаң мен енеңді солай құрметтегін, күнім! Сыңарыңмен жұбың жазылмай, бақытты да тату-тәтті ғұмыр кешіп, өсіп-өніңдер. Бақытты болыңдар!

«Жолаушы мұраты - жету, қыз мұраты – кету» екенін ұғынғанымызбен, бауыр етінен жұлып алғандай етіп қызын өзге жұртқа аттандыру кімге болса да оңай емес екен. Дегенмен, теңін тауып, көңіл жарастырып, біздің, яғни ата-анасының, туған-туыстарының ризашылығымен кетіп бара жатқаны көңілге қуаныш ұялатады.
Қолымыздан ұшып бара жатқан қызымыздың қонған жері құтты болсын! Барған еліне тастай батып, судай сіңсін, көп балалы ана болып өркенін жайсын!
Құдай қосқан жарына бақ болып қонсын, қосағымен қоса ағарсын!
Құда-жекжаттарымызға айтарым, бір-бірімізге деген жылы ықыласымыз суымай,сыйластығымыз жоғалмай екі жастың қызығына кенелейік. Той сіздерге де құтты болсын! Екі жас бақытты, өмірлері ұзақ болсын!

20. Бекзаттарым-ай
▼

Бекзаттарым-ай,
Жекжаттарым-ай,
Жекжат болып аулыма кеп жатқаның-ай!
«Бала бақытын қыздан іздейді,
Қыз бақытын түзден іздейді» жеген екен дана бабаларымыз. Біздің қызымыз бақытын сіздің шаңырақтан іздеп келді. Үлпілдеген үкіміз бізден - өтті, сіздерге – жетті. «Жібекті түте алмаған жүн етеді» дейді. Жүн етсеңіз де, гүл етсеңіз де ендігі жауапкершілік – Сіздерде, құдалар!

21. Ананың тілегі
▼
22. Әкенің үйлену тойындағы сөзі
▼
23. Жұлдызай Әбенова жіберген тілек
▼
24. құдаларға
▼
25. ұзату тойына
▼
26. Әке тілегі /қосқан Ғабиден Қожахмет Қызылордадан/...
▼

Автор, редактор:
Юрист-консультант по семейному праву