RU KZ EN

Құттықтау тілектер - Той-думан - Әзіл-қалжың

FindHow сборник различных поздравлений на казахском языке.

1. Отбасы және жауынгер /әзіл/ қосқан Ғабиден Қожахмет Қызылордадан...
▼

Отбасы және "жауынгер"(әзіл) -Кеше күйеу баланың туған күніне бардық,-деді таныс келіншек әңгіме үстінде,-өңкей қайын апалар жиналыппыз.Жақсылап сыйлық апардық."Күйеу-дұшпан"-деген бар ғой.Сіңліміздің миын мүжіп жүрер әйтпесе. -Не дедің? -Күйеу-дұшпан,-деймін. -Сонда сендер күйеу балаларыңды дұшпан санайды екенсіңдер ғой.Онда сіңлің "дұшпанға" қарсы "ұрыс жүргізуші" "жауынгер-қыз" шығар.Келіншек сылқылдай күлді.Бұл әзіл-шыны аралас әңгіме осы қысқа диалогтан кейін туындап кетіп еді. Әлдебір қарулы күштер бөлімінде немесе құқық қорғау органдарының құрамында арнайы дайындықтан өткен сарбаздар қызмет етеді деседі.Оларды былайғы жұрт "спецназ" деп әспеттеп жатады.Мен қыздарды осы "спецназға" теңер едім."Ау тепсе темір үзетін зіңгіттей-зіңгіттей жігіттер мен гүлдей майысқан қыздардың арасынан қандай ұқсастық таптыңыз?" Өйткені бұлар да арнайы дайындықтан өтеді."Ұстазы"-анасы."Дәрісханасы"-ас бөлме,яки қонақ бөлме,болмаса дастархан үсті."Дұшпанмен" "соғысудың" әдіс-айласын меңгереді. Әлдебір соғыс жайлы киноларда жауынгерлерді анасы,апа-қарындастары майданға салтанатты түрде кернейлетіп-сырнайлатып шығарып салып жатады."Аман бол! Жеңіспен орал!" Қыздарды да дәл осыдан бір кем емес салтанатпен шығарып салады.Тек мұнда "орал" деген сөз айтылмайды."Түпкілікті жеңіске жет!" Бұл сөздің мағынасы- "баянды бақытың үшін күрес,сол жолда жеңіс тұғырына көтеріл" деген сөз.Қыздың жанына "ұстазы"-анасы келіп былай дейді:"Қызым,сен енді "жауынгер" атандың."Оқу-жаттығу жиынында" өткен әр бір сабақты мұқият есіңде сақта,оны тәжірибе жүзінде дұрыс пайдалана біл.Сенімімді ақта". "Дұшпан"-қашан да мыкты. "Диверсиялық" іс-әрекеттермен айналысады.Бірдеңені әманда бүлдіріп жүреді."Жауынгер" осының бәрін қайта қалпына келтіріп отыруы тиіс.Бұл нағыз майдандағы дұшпан қиратып кеткен темір жолдар мен көпірлерді тез арада қайта қалпына келтіріп отыратын жанкешті сарбаздардың еңбегінен бірде-бір кем емес."Дұшпан" кейде "десант" болып түседі.Міне,түнгі сағат екі,әлде үш.Дүңк-дүңк есік қағылады.Десанттар әдетте "біз барғалы жатырмыз" деп хабарлап,жариялап бармайды ғой. "Дұшпан да" солай етеді,тұтқиылдан келеді.Ал "жауынгер" әр қашан сақ,тіпті ол "десанттың" түсетінін алдын ала болжап білген.Кәнігі жауынгерлерше лып етіп тұрады,сақа солдаттардан да жылдам киінеді. "Десантты" күтіп алу үшін баспалап есікке жақындайды: -Бұл-кім? -Мен! Күйеуің! "Десант!" "Десант" болсаң қайтейін,-деді "жауынгер" ішінен.-Сен "десант" болсаң,мен де "арнайы дайындықтан" өткен "жауынгермін". Есік ашылады. "Десант" шайқатылып тұр."Жауынгерді" қапы қалдырғанына мәз.Масайраған."Ұрыс" "жауынгердің" пайдасына шешілді,ол "десантты" "ұйықтатып тастады".Қандай әдіс,тәсіл қолданды.Ол-"спецназдың" өз құпиясы."Жауынгер" көрші бөлмеге өтеді,балаларының көрпесін қымтайды,жеңіл күрсінеді,қабырға сағатына көз жүгіртеді."Ұрыс" бүгін бір сағатқа созылыпты-ау.Ештеңе емес.Бұдан да зор "ұрыстарды" бастан өткізген". Ертеңіне "жауынгерден" әлдекім қал сұрайды: -Қал қалай? -Тамаша!-деп жауап береді "жауынгер".-Бәрі жақсы! "Жақсы "жауынгер" "әскери құпияларды" сақтай білу керек,-деген "ұстазы".-Әсіресе,"көрші мемлекеттерге" сыр шашпа". Кейде "жауынгерлер" "дұшпанның" төпелеген соққысының астында қап қояды.Назік дене жерге сұлап түседі. -Тұр!-"Дұшпан" талтайып тұр. "Жауынгер" өз-өзін іштей қайраттандырады:"Шыда,"жауынгерім",шыда.Бұл "дұшпанның" уақытша масайрауы.Түпкілікті жеңіс әлі сенің қолыңда болады.Жараландым ғой деймін шамасы,оқа емес,"соғыс" жарақатсыз бола ма? Ең бастысы "контузия" алмасам болды"... -"Госпитальге" барасыз ба,"жауынгер" ханым? -Жоқ,-деп тістене жауап береді "жауынгер".-"Майдан даласында" қалам. "Жауынгер" соғыс шебіндегі ер жүрек солдаттарша басын байлап алған күйі "майдан даласында" қала береді. -Қал қалай? -Жақсы! "Әскери құпияны" жария ете беруге болмас". Кейде "жауынгерлердің" "майдан шебін" тастай қашатын да кездері бар.Ондайда "медальдарін" қолына қысқан күйі зытып береді."Медаль"-балалары.Ол "соғысқа" енді әзірленіп жүрген "болашақ жауынгерлердің" арасына үрей туғыза келеді: -Қыздар деймін,қыздар! "Соғыс"-сұмдық! "Дұшпан"-мықты,жеңілмейді.Мұны естіп бір әлсіздеу қыз айқайлап жібереді: -Құрысын! Бармаймын "соғысқа!" Қу тіземді құшақтап өткенім артық. Өзге "болашақ жауынгерлер" әлгі қызға жақтырмай қарады."Есің дұрыс па,"соғысқа" бармағаны несі? "Соғысқа" бармасаң "медальді" қалай тақпақсың? Нағыз "жауынгер" "медальді" "соғыста" жүріп абыроймен алады. Енді бір қыз тізерлеп отыра кетіп,тәңіріне жалбарына бастайды:"О,құдайым! Маған мейрімді "дұшпан" бере көр.Ол-интеллигент болсын".Мұны естіп тұрған қыздар мырс-мырс күледі:"Интеллигент "дұшпандарды" осал деп кім айтты саған?" Ал "жауынгерлік әзірлігі" мықты қыздар сыр бермей үнсіз қалды:"Көріп алдық!" Кейде "дұшпандар" "психологиялық соғыс" жүргізеді.Бұл-"жауынгердің" жүйкесіне тиетін,төзімін сынайтын "соғыс". Бұл "соғысты" "дұшпан" "жауынгердің" жанына жақындамастан-ақ алыста жатып жүргізе береді. Міне "дұшпан" екі қолын басына жастанған күйі кереует үстінде жатыр.Есіктен кіріп келген "жауынгерге" алғашқы соққыны бағыттады: -Қайдан келдің? -Әжетханадан келдім,-деді "жауынгер". -Жоқ,сен әжетханадан келген жоқсың.Сен біреумен кездесіп келдің. "Жауынгердің" мына соққыдан кейін жүйкесінің сыр бермеуі екіталай еді.Көзі қарауытты. "Пулемёттерді" сақылдатып қоя беруі де мүмкін еді.Бірақ көз алдына "ұстазы" келді. "Сабыр,әр нәрсеге байыппен қара".Лезде бойын жиып ала қойды да былай деді: -Кіммен кездесейін.Әжетханадан келдім,арыстаным."Дұшпан" күтпеген соққыдан есеңгіреп қалды.Ол соққыны басқа жақтан күткен еді:"Енді туалетке де барғызбайсың ба,оңбаған?" "Дұшпанның" "тактикалық жоспары" бұзылды.Іргеге қарай аунап түсті де күңк ете қалды. "Пәлесін көрдің бе өзінің.Әбден ысылған "жауынгерге" айналыпты. Арыстаным деуін қарай көр.Жоқ,"жауынгерім","ұрыстың" соңы бұл емес".Мұны "жауынгер де" іштей анық сезеді. "Мейлі,"майдан даласын" тастай қашатын "жауынгерің" мен емес". "Дұшпан" таңертең тұрып орындық арқалығында ұқыпталып өтектелген күйі тұрған көйлек,шалбарын көрді."Жауынгер" "дұшпанға" екінші соққыны да беріп үлгерген екен. -Тамағыңды іш. "Дұшпанға" үшінші соққы кетіп қалды және бұл соққы ең талмау жерден тиген еді."Дұшпан" ойланды:"мына түрімен мені алмай қоймас". "Дұшпан" тамағын ішіп алып,қойқаңдап көшеге шығады.Анығында бұл "соғыста" алған "медаль" "дұшпанда да" бар.Бірақ "дұшпан" кішіпейіл,қарапайым көрінгісі келеді ме,кейде "медальдарiнiң" барын жасырады. Міне "болашақ жауынгер" қыз "дұшпанға" сұрақ қойды: -Қанша "медаліңіз" бар? "Дұшпан" таңғала сұрады: -Қайдағы "медальді" айтасыз? Мен тіпті әлі "соғысқа да" араласа қойғам жоқ қой. "Болашақ жауынгер" бұған әуелде сеніп қалады.Әдемі кірпіктерін көтеріп "дұшпанға" қарады:"сымбатты жігіт екен,"медаль" сыйлап жіберсем бе екен?" Сонан-соң көз алдына ас бөлме-"дәрісханадағы" "ұстазы" елестеді. "Ұстазы" қолына оқтауды алып тұрып былай деген еді:"Болашақ жауынгер",біз бұл тақырыпқа бірнеше сағатымызды арнаймыз.Бұл "Дұшпанның айла-шарғысы" деп аталады."Дұшпан" әдетте үнемі өңмеңдеп,бетпе-бет келе бермейді.Кейде іші-бауырыңа еніп,өз адамыңдай болып көрінетіні бар.Сондықтан әрқашан сақ бол". "Болашақ жауынгер" ойланып қалды. "Жоқ,алдын-ала "барлау жұмыстарын" жүргізу керек екен. "Құпия құжаттарды" қолға түсіру керек.Мына "дұшпан" әлдеқандай "майданда" "соғысқан ба",жоқ па,ал "соғысса" неше "медалі" бар?" Кейде "жауынгерлер де" бұл "соғыстан" шаршайды.Олар "түпкілікті жеңіске" қашан жетер екенбіз?" деп ойланады. Бұл "соғыста" "түпкілікті жеңіске" жеткен жан бар ма өзі? Бар,неге болмасын.Міне "түпкілікті жеңіске" жеткен "соғыс ардагері" "жас жауынгерлерге" "әскери-патриоттық" тәрбие сабағын өткізіп отыр.Жаны толған шүпірлеген "медаль".Бұлар "соғыс ардагерінің" "мерекелік медальдарі". "Жеңістің" пәлен жылдығына","жеңістің" түген жылдығына" деп ұл-қыздары тарту етіп отырған. "Соғыс ардагері" сөйлейді:"Ойбуй,қарақтарым,"соғыс" деген қашан да оңай болмаған.Сендер қайта "соғысқа" бертінде түсіп жүрсіңдер ғой,мен жиырмаға жетпей түскем."Ұстазым" мықты болды менің,әйтпесе менің де "дұшпаным" осал болған жоқ.Өткенде "штаб"-загс-тің мәліметтерін тыңдап отырсам,қазір "майдан даласын" тастап кететін "жауынгерлер" саны артып бара жатырған көрінеді.Осының бәрі "Соғысқа әзірлік" сабағының дұрыс жүргізілмеуінен бе екен деп те ойлаймын кейде."Тәжірибесіз ұстаздар" көбейді ме екен.Бұрынғы "ұстаздар" "соғыстың" оты мен суына шыңдалған жандар еді.Омыраулары "медальдан" көрінбейтін.Қазір "Соғысқа әзірлік" сабағының бағдарламасына да жат елдің "әскери тәсілдерін" әкеліп кіргізетін болыпты.Ол "әдіс-тәсілдер" біздің қарадомалақ "дұшпандарға" жүрмейді,құлындарым.Бар құндылық мына аяқтарыңның астындағы топырақта жатыр". ..."Соғыс ардагеріне" оңаша бөлмеде "жас жауынгер" шағым айтуда: -Апа,деймін,менің "дұшпаным" мықты,шыдай алар емеспін,апа. -"Дұшпан" қашан да мықты құлыным.Баяғыда батыр бабаларың "дұшпаным мықты болса екен" деп тілейді екен.Айызы қанып соғысқысы келді ме екен жарықтықтар. -Амалым таусылды,апа.Шегінем,апа,шегінем. -Шегінесің,неге шегінбейсің.Шегініп жүріп "соғысасың".Шегінудің өзі-"әскери өнер"."Бір қадым кейін,екі қадым ілгері" деген.Көзсіз батырлықтың керегі жоқ,құлыным. "Соғыс ардагері" "жас жауынгердің" арқасынан қақты. Көрші бөлмеден бір топ "соғыс ардагерінің" әндете салған даусы естіледі: Жеңдік қой жауды арман не,құрбым, Күркіреп күндей өтті ғой соғыс... Көшеде қос құрбы жайраң қағып келе жатыр.Жүздерінен жастыққа тән шаттық лебі білінеді,қара көздері ұшқын атады.Бұлар-"әскери мектептің" түлектері. -Қал қалай,қыздар? -Тамаша!-Қос құрбы қатарласа жауап берді. -Әзірлік қалай? -Дайынбыз. "Дұшпанның" тілін тауып,жеңіске жетудің барлық әдіс,айла,амал,тәсілдерін меңгергенбіз. -Той қашан? -Күзде деп отырмыз. -Жаңа жыл қарсаңыңда. -Бақытты болыңдар,қыздар! -Рахмет! Айтқаныңыз келсін! Қыздар аяқтарын саптағы солдаттарша бiр лекпен алып,адымдап жүрiп кеттi.Асфальтқа қадалған биiк өкше туфлидың тық-тық еткен дыбысы оларды бейне бiр баянды бақыт жолына бастап бара жатырғандай. Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласы

2. Баба батырлардың ұрпақтары
▼

Осы кезде сырттан баба батырлардың даусы естіледі.Қылыш қылышқа тиіп шақ-шұқ етеді.Болат найзаның ұшы қалқанға тиіп барып тайқиды.Баба батырлар азаттық үшін жан алысып,жан берісіп жатады. Жоқ! Бұл түнгі қаланың қараңғылығын маңдай шамдары тілгілеген XXI ғасырдың жеңіл көліктерінің даусы екен... Терезеден ай сығалайды.Бүгінгі ұрпағы бар болмысымен қарыздар баба батырлардың мәңгі сөнбейтін рухы секілді осы заманның жиһаздары қатар-қатар орналасқан бөлмеге жарығын себезгілейді де тұрады. Ғабиден ҚОЖАХМЕТ

3. Төпә /әзіл әңгіме/ Қосқан Ғабиден Қожахмет...
▼

Төпә мұндай сәтте газет оқиды.Газет дегенді ойлап тапқан адамның өзі әу баста еркектерге арнап ойлап тапқан құрал болу керек.Төпәнің газет дегенде-"Лениншіл жас" деген жалғыз ғана газеті бар еді."Ойбай-ау,бұл өзі қай заманнан қалған газет?" деп бұған таңданудын еш реті жоқ.Мәселе газеттің ескі немесе жаңа екендігінде емес,мәселе газеттің дәл қазіргі сәтте,өз ролін мүлтіксіз атқарып шыға алатындығында еді. Төпәнің әйелі өзі институт бітіріп алған жан болса да,газет оқымайтындығы қандай жақсы десеңші.Егер Төпә жоқта әлгі газет еденге түсіп жататын болса,әйелі оны жерден көтеріп алып жатып та,"Лениншіл жас" деген жазуына үңілмес еді,үңіле қалған жағдайда да,мән бере қоймас еді.Әйтеуір,газеттің етек жағында әлдеқандай "Төсекте түлен түртсе...Әйелдерге он кеңес" деген жазудың болмайтындығын айт.Онда газет жинаған абырой,беделінен айрылып қалар еді. Төпә газетті ашып,спорт бетіне үңіледі.Сол беттегі "Қайрат" "Пахтакорды" осы жолы ойсырата ұтты.Ордабаев қорғаған қақпаның қонақтар кілтін таба алмады.Әр кілтті бір салып көріп,ақыры еңселері түсіп,Тәшкендеріне қайтып кетті" деген жазуды оқиды.Газеттің қай шамадағы газет екенін осыдан-ақ біле беріңіз.Газеттің ескі немесе жаңа екендігін Төпә,әрине,өзі біледі ғой,бірақ әлгі хабарды қанша мәрте қайталап оқыса да,оқып болысымен "Әп,бәрекелді,біздің жігіттерге!" деп қалар еді.Егер Төпә осы көңіл-күймен әйеліне "Қайрат" "Пахтакорды" осы жолы ойсырата ұтыпты ғой" десе,әйелі бәрібір де "А,ұтыпты ма? Ұтқан екен ғой."Қайрат" деген біздікі ме сонда?" дер ме еді,кім білсін. Төпә асқа да осы көңіл-күймен отырады.Бірақ Төпә ақылды ғой,үйдің атмосферасын сол ызғырық күйінде қалдырып шығып кетпейді,оған жылымық орнатып кетуі тиіс.Төпә мұны қалай істейді? Әйеліне жәркелештене күліп,әлгіндегінің бәрін жуып-шая бастамақ па? Жоқ,Төпә өйтпейді,Төпә ешқашан олай істеген емес.Төпә сол түнеріп отырған қалпы: -Осы жексенбіде Сайлаудың үйі қонаққа шақырып жатыр екен,-дейді.Төпә осыны айтқанда "осы жексенбіде заманақыр болғалы жатыр екен" дегендей қылып айтады.Бірақ әлгі хабарға әйелі елең ете қалады: -А,осы демалысқа шақырып жатыр ма екен? -Осы демалысқа дейді ғой.-Төпә бір жері ауырып отырған адамша кіржиеді. Бірақ мұнымен де тынбайды.Сәлден кейін әйеліне қарап отырып: -Сайлаудың үйіне қай киімімді киіп барсам екен?-дейді.Осыны айтқанда,дәл қазір ұшып тұрып,Сайлаудың үйіне кеткелі жатырған адамша сұрайды.Төпә мұны әдейі сұрайды.Осы кезде әйелі: -Ана киіміңді киіп барсаңшы,-деп,бір киімнің атын айтар еді.-Сол киімің өзіңнің тұлғаңды ашып,байытып көрсетіп тұрады,-дейді. Әйелінің "ана киім" деп отырғаны-өзінің таңдауымен,өзінің қалауымен сатып алынған бір киім еді де,Төпә оны үстіне киіп көрген болатын,өзіне қонымды болып тұратынын білетін.Бірақ Төпә амалы құрып,шарасы таусылған,шегінерге жер таппай қалған жанша сөйлейді: -Кисем киіп барайын енді... Төпә осыны айтқанда "қайтейін,бұл жолы сен жеңдің,үстем түстің,тыңдадым сөзіңді,тыңдамасқа лажым да қалды ма" дегендей қылып айтады.Киімді киіп баратын Төпә,тойға барса,әдемі болып баратын Төпә,бірақ әлгі сөзден кейін әйелі басын изеп,жымыңдап қалар еді.Себебі бұл сөздің аржағында "сенің де талғамың талғам-ақ қой,бәйбіше.Ризамын ғой талғамыңа! Затты сатып алғанда,көзің танып тұрады ғой" деген сөздер де жатады ғой. Әйелі Төпәні осы күні аяқ киімін белдеуден ағытқалы тұрған жеріне шейін шығарып салады.Төпә дәл осы сәтте жауға аттанып бара жатқан батыр секілді еді де,әйелі соны шығарып салып тұрған жары секілденіп,"мына жеріңе әк жұғып қалған ба?" деп Төпәнің тап-таза тұрған иығын қаққыштайды,әлдебір қыл-қыбырларды теріп алып тастаған болады.Төпәнің осыған іші жылиды,Төпәнің осыған іші жылып тұрады.Әйелін белінен ұстап,бауырына тартқысы келеді.Бірақ Төпә өйтпейді,Төпә ешқашан олай істеген емес.Сол тұрған қалпы: "Кешкісін қазаныңа ас салып қоя бересің бе,ертерек келермін",-дейді.Төпә осыны айтқанда,қазанына ас салынбай жүрген,үйінен тамақ ішпей жүрген жандай сөйлейді.Бірақ түсінген адамға ертерек келіп,бала-шағамның ортасында жарқырап бір отырайыншы деп отыр ғой Төпә.Төпә мұнымен де тынбайды.Сәлден кейін әйеліне жұмбақ кейіпте,күлімсірей қарап тұрып: -Жатқаннан кейін жауырыныңды уқалап жіберемін бе...,-дер еді.Ойбай,Төпә немене емші ме?! Қолының биотогы бар кісі ме?! Бірақ неге екені белгісіз,әлгі сөзден кейін әйелі үлбіреген күйі төмен қарар еді. -Қайдағыны айттыңыз-ау,-дейді-Қайдағыны айттыңыз-ау,отағасы-ай. Төпәға әйелінің осы қалпы ұнайды,езу тартады. Осы сөзден кейін әйелі: -Орамал алсаңшы,-дер еді.-Қалтаңа беторамал салып алсаңшы. Төпә таң қалады: -Беторамал дегенді кеше бермеп пе едің?.. -Қой,ол кіршең тартқан шығар,-дейді әйелі.-Ол кіршең тартып кеткен шығар. Ойбай-ау,кіршең тартатындай Төпә кешеден бері шахтаға түсіп шығыпты ма?! Әйелі сол күйі барып,су жаңа беторамалды алып шығады. -Қазір,қазір,-дейді лыпыл қағып.-Қазір,қазір. Төпәнің қалтасындағы беторамалды алып жатып,Төпә мұны не істегелі жатырсың деп сұраған адамша: "Шайып тастай саламын ғой,-дейді.-Шайып тастай саламын ғой".
Төпә үйден алшаң басып шығады. Есіктің алдына аялдап,оттығына қол жүгіртіп жатырған,сол-Төпә ғой.Шылымын бұрқ еткізіп тұтатып жатырған кім десеңіз,Төпә деген-сол.Жарты әлемнің тұтқасын ұстап тұрған адамша,кеудесін керіп,аяқты салмақпен тастап келе жатырған адамды көрсеңіз,соны Төпә деп ойлай беріңіз. Егер Төпә әлгі жерде ашумен әйелін салып қалып немесе нұқып қалса,не болар еді? Бұдан кейін не болатынын ешкім де болжап айта алмас еді.Әйтеуір,Төпә үйден осы көңіл-күймен шықпас еді.Шыққан жағдайда да жүзіне ызғырық тепкен қалпы шығар еді.Мүмкін,Төпәнің сондықтан шығар,"әйелді ұрмаңдар,жігіттер" деп айтып жүргені,кім білсін.Төпәнің ішіне кім кіріп-шығып жатыр дейсің.Себебі Төпә да көлденең көк аттыларға сырын алдыра бермейтін жігіттердің бірі ғой. Ғабиден ҚОЖАХМЕТ

4. Жүректің терезесі /әзіл әңгіме/қосқан Ғабиден Қожахмет...
▼

-Нағашым сұңғыла кісі ғой,айтқызбай түсінді."Сағи,-деді нағашым,-сен менімен бiрге еріп Германияға жүр,онда менің дәрігер досым бар,сені анадан жаңа туғандай етеді".Нағашымның айтуынша,оның әлгі неміс дәрігер досы аяқсыз туған балаға аяқ салған екен,онысы атақты футболист боп кетіпті.Тіпті аты аңызға айналған Пеле,Марадоналардың өзі әлгі баланың ойынына қарап отырып: "Егер мен ойнайтын команда осы бала ойнайтын командаға қарсы ойнайтын болса,мен сол күні алаңға шықпас едім,ірі есеппен ұтылып,жанкүйерлеріңнің алдында масқара болып жатқаннан гөрi,соның өзі дұрыс" деген ғой.Ал әлгі дәрігер қолсыз балаға қол салған екен,онысы атақты боксшы болып кетеді.Тіпті аты аңызға айналған Мұхаммед Әлидің өзі: "Егер мен қазір дер шағымда тұрған Мұхаммед Әли болғанның өзінде,осы балаға қарсы жекпе-жектен бас тартатыным анық"-дегенде,жанында отырған Майк Тайсон: "О,не дегеніңіз,Мұха,мен де соны ойлап отыр едім,мына балаға қарсы рингке көтеріліп,алғашқы раундтың алғашқы минөтінде-ақ еденде бүк түсіп жатқаннан гөрі,шаршы алаңға шықпағанның өзі артық қой"-деген екен.Ал әлгі дәрігер мисызға ми салған екен,онысы бүкіл әлемнің ғалымдары бір ғасырдан бері шеше алмай жатқан есепті бес минуттың ішінде жаңқалап-жаңқалап тастап,ғылымның ең мәртебелi сыйлығын қолтығына қысқан күйі,үйіне қарай байпаң басып кете барыпты.Сонда осының бәріне есігінің алдында қарап тұрған әлгі баланың туған әкесінің өзі: "Ойпырм-ай,бүкіл әлемнің милы адамдары жабылып,бір ғасырдан бері шеше алмай жатқан есепті менің мисыз балам бес минуттың ішінде түте-түтесін шығарды-ау!"-деп таң қалыпты деседi.Нағашымның шешімін естігенде,шешем безектеп қоя берді: "Жібермеймін Сағиымды,Сағиым осы қалпында-ақ әдемі!" "Қайран,ана!-деймін ішімнен,-әр анаға өз ұлынан асқан сұлу перзент болар ма?!" -Ақыры бәрі де нағашым айтқандай болды.Нағашым: "Сен Германиядан қайтқанда,туған анаңның өзі де танымай қалатындай өзгересің",-деген еді. -Үйге кіріп келгенімде: "Сағиға келіп пе едіңіз?-дейді шешем сызылып,-Сағи үйде жоқ еді?". "Апа,бұл мен ғой,-деймін,-мен Сағимын ғой!" Шешем сол кезде барып таныды: "Құлыным,даусыңнан таныдым ғой!"-деп келіп,мойныма асылды.Содан кейін де көп уақыт үйренісе алмай жүрді.Анадай жерден одырайып қарап тұрып: "Сағижан,сөйлеші",-дейтін.Сөйлеген кезімде барып: "Сағиымның даусы ғой,Сағиымның даусы!" -Әлгі жүз қыз қайда кетті?-деді Дәукен күліп. -Жүз қыз кеткен,бетін басып,бет-бетімен: "Ақымақпын! Ақымақпын! Сағидың осындай сұлу болып кететінін қайдан білейін? Ту,осы бар ғой,өмірі шешімді асығыс қабылдаймын да жүремше?! Ойланайын десем ғой сол кезде,солай деп неге айтпадым екен?!" -Оның орнын жаңадан жүз қыз басқан? -Бұлар да жүз бе еді?-деді Дәукен. -Жүз болмаса да сол тоқсан сегіз,тоқсан тоғыз болып қалатын шығар.Қыздар жүректің терезесін қағады."Ақырын,қыздар,-деймін,-сындырып алуларың да мүмкін ғой".Бір қызығы бұл қыздар да бір ғана сөз айтатын. -Бұлар да сөйте ме? -Бұлар да сөйтетін.Бұл қыздар да алыс бір көкжиекке ойлы пішінде қарап тұратын да,баяу үнмен "Сағи" дейтін."Сағи,махаббат дүниесінің сырлы сезімі адам жүрегіне әдемі ән,әрге толы әлдиімен әсер етеді емес пе?! Ал егер осынау жанға жағымды әуен қыз жүрегін ғашықтықтың сазына бөлеп,әлдебір қиялдан кетпес нұрлы бейненің тұтқынына айналдырсаше? Күннің шұғылалы жарығында да,түннің ай дидарлы,күміс сәулелі тұнығында да сол бір бейне жаныңды мазалап,жүрегіңді тыныштығынан айырар сыңғыр қоңырау үніне айналып алса не болмақ?! Сол дидар көз алдыңда мәңгіліктің елесіндей болып тұрып алса не істерсің?! Күрсінерсің,күлерсің,бірде үміттің шырағын тұтатып,бірде көңіл-кемеңді сарыуайымның терең теңізіне батырып,арпалысқа түсерсің.Өз сезімін жалпақ жұртқа бар даусымен айқайлап жария етпесе де,сол бақытының өлшеміндей бағалы көрінген,арманының асылындай ардақты көрінген жанға сырын ашса,қыз-сезімге тағылар кінә қайсы?! -Қыз осыны айтып болып,енді жайлап қана бұрылып,даусы дірілге толып,баяу,тіпті сыбырға тән үнмен,бірақ әр дыбысы әуезге толы айшықты үнмен: "Мен сені сүйемін,Сағи",-деуші еді.Сонан-соң осы айтқанынан өзі шошып кеткендей,басын тәкаппарлана көтеріп алып: "Жоқ!","Жоқ!" "Маған ештеңе де керек емес!"-дейді де,бетін басып,жылаған күйі аулаққа жүгіре жөнелетін. -Бәрі де жүгіре жөнелуші ме еді?-деді Дәукен. -Бәрі де жүгіре жөнелетін,-деді Сағи. Енді Сағи мен Дәукен үнсіз отырып қалды.Екеуі де жүгіре жөнелген әлгі қыздардың ендігі тағдырлары не болады екен деп ойлап отырғандай еді.Үнсіздікті Дәукен бұзды: -Енді осы жүз қыздың біріне неге үйленіп алмайсың? -Әй,аға-ай,-деді Сағи,-сол жүз қыздың қайсысы шын ішкі дүниеме ғашық,қайсысы шын жаным мен жүрегімнің сұлулығына ынтық,соны білмей басым қатып жүрген жоқ па? Жуырда тағы да Германияға жүретін шығармын. -Неге?-деп елең ете қалды Дәукен. -Қайтадан бұрынғы қалпыма түспекпін,-деді Сағи. Дәукен Сағидың бұрынғы қалпын көрмесе де,шошып кетті: -Қой,айналайын,балалық жасама,әдемі түріңді бүлдірме,-деді.-Ал егер жүз қыздың бірде-бірі жаныңда қалмаса қайтесің? -Онда білмеймін,ағасы,-деп Сағи басын шайқады. Дәукен осы кездесуден соң,Сағиды көпке дейін көрмей кетіп еді.Бірде әлдебір танысынан: "Сағи үйленіпті ғой",-деген сөз естіді. -Германияға бармапты ма?-деді Дәукен жұлып алғандай. -Германияда не бар?-деді танысы. "Бұл Сағидың бұрынғы өмірінен хабарсыз шығар" деген оймен Дәукен жауаптан жалтарып кетті: -Ауырып қалмады ма екен,-дегенім ғой. Әлгі танысы Дәукенге жақтыртпай қараған күйі кете барды.Сол көзқарасында: "Не деген іштар пенде едің? Сондай әдемі әрі ақылды балаға жақсылық тілеудің орнына..." дегендей ой жатыр еді. Дәукен келе жатырып ойланды: "Егер адамда шынымен жүрек терезесі деген терезе бар болатын болса,оны тек өмірі жүрек жамаумен өткен қарт профессор дәрігер ғана көре алар еді.Дәрігер жүректі ашып тастап шәкірттеріне былай дейді: "Қымбатты менің шәкірттерім! Адамда болатын жүрек терезесі деген мынау.Біз мұны еппен ғана былай алып қояйық.Мұны сындырып алсақ,ауыстырып салатын материал да жоқ". Егер дәрігердің алдында өте көрікті әрi сұлу қыз немесе сондай жігіт жатса,дәрігер: "Ойбой,мына байғұстың жүрек терезесін сындырып жібере жаздапты ғой.Бұл да махаббатпен әбден-ақ ойнаған екен,бірақ жүрек терезесі де соғұрлым көп қағылыпты",-дер еді. "Не де болса адамның жүрек терезесін бір ғана адамның,өзінің перзенттерінің әкесі немесе анасы болып,өмірлік серігіне айналар жанның қаққанына не жетсін?!"-деді Дәукен оттығына қол жүгіртіп жатып.Сонан-соң шылымын тұтатты да,әлгі ойлардың бәрін санасынан серпіп тастап,ширақ басып,жүріп кетті. Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласы

5. Заман не боп кетті /әзіл әңгіме/ қосқан Ғабиден Қожахмет/...
▼

-Мүмкін мына кісілердікі дұрыс та шығар,белі ауыратын еркектер де бар шығар.Бірақ тап жаңағы кісінің белі ауырады дегенге сеніп отырған жоқпын.Телефоннан даусы гүж-гүж етеді.Анау бір жері ауыратын еркектің даусы емес.Ханым,айтыңызшы,айып болмаса,айтыңызшы,күйеуіңіз түн ортасында немесе таң алдында кешігіп келген жағдайлар болды ма? -Еркек болғасын ондай-ондай болады ғой,-деді әйел күмілжіп.-Оның бәрін жіпке тізе берсек,семья болудан қаламыз ғой. -Көрдіңіздер ме?-деді қара торы әйел жан-жағына қарап,-еркектердің ондайда белі ауырмайды,бәйге атындай бас шұлғып шыға келеді,ал қоқыс қалтаны апарып тасташы десе болды,сегізкөздері сырқырай қалады. -Осы орайда біз жергілікті атқарушы билікке телефон арқылы хабарласып көрген едік,соған құлақ түрейік,-деді жүргізуші. -Ало,ассалаумағалейкум,әкім мырза! Бұл "Заман не боп кетті?" бағдарламасынан ғой.Сізге қарасты ауданда тұратын әйел азаматшаның жағдайы бойынша хабарласып тұр едік.Төрт бірдей шиеттей бала-шаға бірнеше күннен бері нан жемеген.Ал ұн базарда тұр... -А,мен білем ол жайлы,-деді әкім,-ол әйелдің бізде арызы да бар. -Бұған қандай да бір мемлекет тарапынан көмек болмайды ма? -Негізі ондай көмек бар.Қазір қоғамда жалғызбасты әйел азаматшалар көбейіп барады,ажырасулар өте көп.Бұл-соған байланысты үкімет тарапынан ұйымдастырылып отырған көмек.Әйел адам болғасын,оның да жеке тіршілігі болады,ер адамның күшін қажет ететін жұмыстар бар. -Сонда бұл көмекті әйелдер қалай ала алады? -Көмек алғысы келген әйел бізге арыз жазады және күйеуінің жоқтығы туралы дәлелді құжаттарын өткізеді. -Ал,бұл көмек қалай жүзеге асырылады? -Бізде әкімдіктің жанында сайдың тасындай іріктелген,моральдық тұрғыдан ұстамды жігіттерден тұратын арнайы рота бар.Бізге тіркелген әйел қалаған уақытында телефон соға алады.Мысалы,"осындай да осындай,тамақ істегелі жатыр едім,ет турайын десем,пышақ өтпей жатыр,үйде пышақтарды қайрап қоятын еркек жоқ,ол жөнінде дәлелді құжаттарды өткізгенмін" дейді.Біздің қыздар дереу комьпютерден қарап жібереді де,әйел тізімде бар болса,арнайы ротаның жігіттерін арнаулы тікұшақпен көрсетілген мекенжайға аттандырады.Кейде әйелдер бала тәрбиесіне байланысты көмек сұрап жатады."Осындайда осындай,ұл баланың тәрбиесі қиын екен" деген сияқты.Ондай кезде де біздің арнайы ротаның жігіттері барып,ұлдармен әр түрлі спорттық жаттығулар,түрлі әңгімелесулер өткізіп қайтады.Кейде ол бар болғырлар: "Вася ағай,а,Вася ағай,маған әке болсаңызшы,қанша дегенмен ұл балаға әке керек екен"-дейтін көрінеді. Мұндайда Вася ағай,әрине,абдырап қалады: "Қалай деуге болады,Митя,әйтсе де үлкендердің арасында махаббат деген нәрсе болады ғой".Ал ол жүгірмектер сұрайды: "Махаббат қайда,Вася ағай?" "Махаббат деген ту-ту ақша бұлттардың ішінде,Митя.Жерге түспейді.Оны тек тікұшақпен ұшқанда ғана көре аласың". "Бәсе,апатайым неге ақша бұлттарға қарап тұрып,көз жасын бір сығып алады десем". Кейде тапсырмадан оралғанда,жігіттеріміздің көз жанары қызарып тұрады,олар тікұшақ ішінде отырып жылайтын болу керек.Бұл өзі жүйкеге,жүрекке салмақ түсіретін жұмыс,шырағым.Сондықтан да жігіттеріміздің зейнет демалысына ерте шығуы арнайы заңмен қарастырылған. -Әңгімеңізге рахмет,әкім мырза! -Өздеріңе де рахмет,шырағым! Расында да заман не боп кетті өзі,есікті тарсылдатып жатыр. -Кім тарсылдатып жатыр? -Халық қой,бәрін әкімнен сұрайды.Бағана бір жап-жас келіншек келді,ебіл-дебіл жылап,"өшіргіш тауып беріңдерші" дейді. -Өшіргіш?! -Я,бастауыш сыныпта оқитын баласы сурет салған,қисық салып қойыпты,енді өшірейін десе,өшіргіш жоқ.Тауып бердік.Одан кейін бір еңгезердей еркек келді,"балға тауып беріңдер!" деп. -Балға?! -Я,шеге қағайын деп қобдиды ашса,балғаның басы түсіп жатыр екен дейді."Шырағым-ау,неге қайтадан саптап алмайсың?" десек,"Сонда әкім не бітіріп отыр,қырасыңдар ма халықты түге?!-дейді.Бәрін әкімнен сұрайды. -Рахмет,аға,халқыңыз үшін қызмет етіп жүре беріңіз! -Өздерің де табысты болыңдар,айналайын! (бір апта өткен соң) Жүргізуші: -Құрметті көрермендер,біз өткен бағдарламамызда "Ұн қашан келеді немесе шиеттей бала-шаға аш отыра бере ме?" деген тақырыппен хабар ұйымдастырған едік.Қазір ұн келді.Балалар нан жеді.Біз осы орайда ұнды алып келіп,шиеттей бала-шағаны аштық апатынан құтқарып қалған отағасына бағдарламамыздың атынан рахмет айтамыз! Рахмет сізге,аға! Азаматсыз! Дауыс: -Оның несіне рахмет айтып жатырсыңдар,әкелсе өзінің балдарына әкеліп берді ғой,біреудің балдарына әкеліп берген жоқ. -Бірақ біздің бағдарламамыздың септігімен әкеліп беріп отыр ғой.Осы адамдар қызық,өздіктерінен бірдеңені істей бермейді.Міндетті түрде хабар түсіріп,көрсетіп отыруың керек.Тіпті осы мәселені жаңа көріп отырғандай болып,есінен танып қалады.Өткенде соғыс ардагері атай туралы хабар түсірдік.Бір қолы иығынан жоқ.41-жылы 22 июньде үйінің жанында бақшалықта жұмыс істеп жатқан екен.Сонда қасынан бір топ қызыл әскер өтеді.: "Жолдас,соғыс басталды ғой"-дейді.Атай кетпенін тастайды да,қызыл әскерлерге еріп жүре береді.Содан Берлинге дейін еріп барған.Қолы сол Берлинде болыпты.Атайдың бар жазығы-онсыз да тігулі тұрған қызыл туды түзеңкіреп қояйыншы дегені екен.Сөйтіп тудың сабынан ұстай бергенде,әлдеқандай тығылып жатқан бір неміс атайды қолынан атып жібереді.Атайдың да ашуы қатты екен,әлгі немісті сау қолымен желкеден түйгіштеп: "ит-ау,дәл соғыс бітіп тұрғанда қолымнан атқаның не,ойының қанбай жатқан не қылған пәшессің өзің" деп бүкіл әскери құраманың алдында қуалап жүріп сабаған екен.Осыны көріп тұрған генералдар атайға орден беріп қайтарыпты.Енді мына жағдайға сенесіз бе,сенбейсіз бе,біздің хабарымыздан кейін,соны көрген жұрт атайдың қолының шолақ екенін білмейтін едік дейді.Тіпті біздің бағдарламамызға рахмет айтқан хаттар келіп жатыр: "Рахмет сіздерге "Заман не боп кетті?" бағдарламасы! Мен ес біліп,етек жапқаннан бері,"осы кісі неге костюмінің бір жеңін кимейді екен?" деп үнемі ойланып жүруші едім.Сіздерге алғысым шексіз,сұрақтың жауабын таптым,бұдан кейін ол ойды басымнан шығарып тастап,басқа ой ойлап жүруге мүмкіндік алдым" деп жазып жатыр. Енді бүгінгі бағдарламамызды бастаймыз.Сіздер қазір студиямызда отырған орта жастардағы ер адамды көріп отырсыздар.Ол кісінің көйлегінің жағасы кір.Сіздер ол кісіні үй-күйі жоқ,отбасысы жоқ жан деп ойлап қалуларыңыз да мүмкін.Алайда бұл кісінің әйелі,отбасысы бар,ол жөнінде бағдарлама барысында біле жатармыз.Сонымен біздің бүгінгі бағдарламамыздың тақырыбы "Көйлек жуу құлдыққа жата ма?" деп аталады.Студиямыздың қонақтары... Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласы

6. Дос қыз /әзіл әңгіме/ қосқан Ғабиден Қожахмет Қызылордадан...
▼

Дос қыз (әзіл әңгіме) Экономика факультетінің үшінші курс студенті Дәурен Дәукенұлы өзін қыздардың досы әрі жанашыры ретінде санаушы еді. Бірде жас мырза Дәурен Дәукенұлына қасы-көзі қиылған бір бойжеткеннің "досым болшы" деп жабыса кеткені. -Достық-ұлы күш,-деді Дәурен Дәукенұлы,-достық-махаббаттан да киелі сезім,ол-адамдарды әрдайым да асқаралы биіктерге жетелей бермек. Мына сөздерден кейін,бойжеткеннің әдемі көздеріндегі шыпта кірпіктерінде мөлдіреген қос тамшы ілініп тұрды. -Қандай тамаша!-деді ол.-Ер балалардан досың болғаны сондай керемет қой! Сен бұған лайықсын! Дәурен Дәукенұлы осынау лайықты орынға сай өзін лайықты ұстамаққа тырысты. Уағдаласқан мезгілде екі дос бақ ішінде әңгіме-дүкен құрып отырған еді. Кенет қыз күтпеген жерден: -Менің жігітім қайтыс болды ғой,-деді. -Ол жас па еді?-деп сұрады Дәурен Дәукенұлы аузына басқа сөз түспей. -Жап-жас болатын,-деді қыз қамығып,-тіпті қыршын десе де болады,-біз үйленгелі жүрген ек. -Өзгенің қайғысын бөлісу-адамгершілік іс,-деді Дәурен Дәукенұлы,-сондықтан да мені бұл тұрғыдан алғанда сенімді серік деп біл. -Рахмет,-деді қыз,-сендей досымның болғанын мақтаныш етемін! Бұдан соң Дәурен Дәукенұлы қызға жүрек қайғысын жеңілдетерлік жылы-жылы сөздер айтты.Сөзінің аяғын "Өлгеннің артынан өлмек жоқ" деп бітірді,бұдан соң "Тірі адам тірлігін істейді" дегенді де қосып қойды. -Екеуміздің танысуымыздың өзі қызық болып еді,-деп бастады қыз әңгімесін,-мұндай таныстық бұған дейін болмаған,бұдан кейін де болмайтын шығар.Бірде телефоным қоңыраулатып қоя бергенде,мен тіпті де мән бермеген ем ғой... Қыз әңгімесін аяқтағанда,жігіттің сағатының тілі түнгі үшті саусағымен нұсқап көрсетіп тұрды. Екінші күні де екеуі бақ арасында отырды. -Оның көздері сондай бір тұнжыраңқы әрі ерекше болатын... Дәурен Дәукенұлы әуелде "кімнің көздері?" деп сұрап қала жаздады,сосын барып кеше қыздың "жігітім қайтыс болды" деп айтқанын есіне алды да,әңгіме тағы да сол жігіт туралы екенін ұқты. -Ол кейде сол аялы жанарымен маған ұзақ-ұзақ қарап отырушы еді.Мүмкін оның жанарына менің сұлулығым сіңіп қалған болар,сен қалай ойлайсың? -Мүмкін,-деді жігіт. -Оның көздерінің ерекше әдемі болғандығы соншалық,кейде өлуіне көрініп тұрған шығар деп ойлаймын. -Олай емес шығар,-деді жігіт,-егер көздері әдемі жігіттердің бәрі өле берсе,мына дүниеде тек...иә,кімдер өмір сүрер еді? -Білмеймін,-деді қыз мұңайып,-ол бірде маған солай ұзақ тесіліп қарап отырды да,кенеттен былай деген еді... Қыз әңгімесін аяқтағанда,жігіттің сағатының тілі түнгі үштің маңайында секектеп жүр еді. Үшінші күні екеуі бақ арасында тағы да кездесті. -Сөздері сондай ерекше болатын... Дәурен Дәукенұлы әуелде қызға "кімді айтып отырсың?" дегендей аңырып қарап отырды да,әңгіменің қыздың қайтыс болған жігіті туралы екенін ұқты. -Оның әрбір сөзінен мейірім мен жылылық сезілетін,-деді қыз.-Бейне бір әдемі әлдиге бөленгендей күй кешетінмін.Бірде ол менің телефоныма қоңырау шалып тұрып не дегенін білесің бе?... Қыз әңгімесін аяқтағанда,Дәурен Дәукенұлының сағатының тілі түнгі үштің маңайында қалғып-мүлгіп отырған еді. Төртінші күні қыз бен жігіт бақ арасында тағы да кездескенде,жас мырза Дәурен Дәукенұлы әңгімені көтеріңкі дауыспен өзі бастап кетпек болды: -Бірде Қожанасыр әпендi... -Ол сондай ақылды еді,құдай-ау,жап-жас болып ақылды болатын,әлде өлуіне көрініп тұрды ма екен? Көңілді жігітіміздің Қожа Насреддин әпендi жайлы айтпақ әзілі жайына қалып,Қожекең есегіне мініп алып бақ ішінен тайып тұрды. -Олай емес шығар,-деді жігіт қыздың сөзіне,-егер ақылды жігіттердің бәрі өле берсе,жер бетінде...иә,иә,тек есалаңдар ғана өмір сүрмес пе еді? -Білмеймін,-деді қыз мұңайып,-оның ақылдылығына талай мәрте таңданған сәттерім болып еді.Бірде екеуміз қатар отырғанда,ол маған мынадай бір әңгіме айтып берген болатын... Қыз әңгімесін аяқтағанда,құрметті мырзамыз Дәурен Дәукенұлының сағатының тілі түнгі үштің терезесін қағып тұр еді. Бесінші күні екеуі тағы да бақ арасында отырды. -Осы күн неге шығыстан шығып,батысқа барып батады екен,ал ай неге аспанда жалғыз болады да,жұлдыздар неге көп болады? "Құдайым-ай,сандырақтай бастаған шығармын,не айтып кеттім?"-деді жігіт. Бірақ қыз оның сөзіне мән де берген жоқ. -Адам жаны мәңгілік,өлмейді дейді ғой,сол рас па екен?-деп сұрады қыз. -Солай дейді,-деді жігіт. Қыз алдындағы ағаштың ұшар басына көз салды да: -Қалай ойлайсың,менің де жігітімнің мәңгілік рухы осы ағаш басынан бізге көз тастап тұрған болар?-деді. Жігіттің мына сөзден кейін,зәресі ұшып кетті.Ағаш басынан әлдебір жігіттің рухы бұған көз тастап: -Әй,жарбиып менің қызымның қасында неғып отырсың?-деп тұрғандай көрінді. -Ол бірде маған мәңгілік өмірдің ақиқат екендігі туралы айтып берген болатын... Қыз әңгімесін аяқтағанда,жігіттің сағатының тілі түнгі үштің маңайында сұлап жатты. Алтыншы күні екеуі тағы да бақ арасында отырды. -Оның бірде маған не айтқанын білесің бе?... Осы жерде біздің жас мырзамыз Дәурен Дәукенұлының қылығы ұят болды.Ол орнынан атып тұрып,қызды тастап қаша жөнелді. -Дәурен,Дәурен,қайда барасың? Қайда кеттің? Бірақ екі құлағын тарс қылып бітеп алған жігіт бұл дауысты естіген де жоқ. Жетінші күні Дәурен Дәукенұлы өзінің дос жігітін көріп тұрып: -Ең дұрысы қыздармен достаспай-ақ қой,бауырым,-деді де өте берді. Ал дос жігіті оның не үшін бұлай дегеніне түсінбеген қалпы артынан аңырып қарап қалды. Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласы

7. Ер бала /әзіл әңгіме/ қосқан Ғабиден Қожахмет Қызылордадан...
▼

Ер бала (әзiл әңгiме) Ер балалар,әдетте,бастауыш сыныпта жақсы оқушы еді.Кекілдері жалбырап,сыныптас қыздарына да сүп-сүйкімді-ақ болатын.Олар да басы артық қаламсап немесе дәптерін беріп,көмектесуге әзір тұратын еді.Ал қалай бастауыш сыныпты бітірді-ер балалар енді "қыздар,сабақ өздеріңе аманат" дегендей,бір шетке ойнақтап шыға келеді және қыздарға да сүйкімсіз пенде ретінде көрініп,неше түрлі қылықтар шығарады.Қыздардың "өй,біздің сыныптың балдарын қоя салшы,оларға айтқанмен сөз өтпейді,бәрібір" дейтіні осы кез. -Туу,неге ғана осылармен бірге оқыдық екен,-дейді бір қыз. -Айтпа,-дейді екінші қыз,-бұлардан жоғары сыныптың балдары әлдеқайда жақсы. Қыздар баяғыда гүлін құшақтап,бірінші сыныпқа келгенде,кіммен оқығалы жатқандарын білмеген,білмей қалған.Сонда "мына баланың қасына отыра ғой" деген ұстазының сөзіне сеніп,отыра-отыра кетіпті.Білгенде гүлдерін құшақтаған күйі тұрып алып,"ер балалардың ауыстырылуын талап етеміз!" дер ме еді.Екіншіден,бұған ата-аналары да кінәлі- "сабаққа келер жылы барасың,одан арғы жылы барасың" деп алдаусыратып келген жоқ па? Соны білгенде,"жоқ,мектепке дәл осы жылы барам" деп тұрып алар ма еді,кім білсін? Балдар осылай болған сайын,оның есесіне,қыздардың белсенділігі арта түсуші еді. -Шықсаңдаршы сыныптан шаңдатпай,-дейді олар,-әшейінде қоңырау соғылғанда,далаға асығушы едіңдер ғой,бүгін неғып сыныптан шықпай қалдыңдар? -Шықпаймыз ал,-дейді ер балалар ышқырын бір-бір көтеріп қойып,-сынып жалғыз сендердікі ме еді,бізге бұйрық беретін сендер кімсіңдер,отырамыз осында. -Әне,бұлар осылай бізбен салғыласуды ғана біледі,қыздармен салғыласып тұруға ұялмайсыңдар ма? -Жүріңдерші қыздар,өзіміз кетейік,бұларға айттың не,айтпадың не,бәрібір,-дейді бір қыз. Қыздар сыныптан шыға бергенде,қарсы алдарынан ұшырасып қалған жоғары сыныптың балдарына "сәлем","сәлем" деп күлімсірей амандасады. Осы балалардың ішінде не бір өнерлі балалалар болушы еді,сондай бір баланың жанына сыныптың белсенді бір қызы жақындап келіп: -Пәленшеев,сен ертең жиында ән айтасың,апай солай ұйғарым жасады,-дейді тақ-тақ етіп. -Айтпаймын ал,-дейді әлгі бала,-менің сыртымнан ұйғарым жасай салады екенсіңдер сол. -Оныңды апайға айтарсың. -Бұлар өстеді,-дейді бір қыз,-сыныпты кері тартып жүреді,сыныптың намысы тек қыздарға ғана керек пе екен? Осы кезде әлгі баланың жанына,ол да осы сыныптың белсендісі,көзі мөлдіреген қараторы қыздың жақындап келіп: -Ән салшы,- дейтіні бар еді,-ән салшы.Осы бір екі ауыз сөзді әлгі қыздың қандай сиқырмен айтатынын кім білсін,әлгі бала даусы дірілдеп тұрып: -Салсам,салайыншы,-деп қалады,-айтсам,айта қояйын. -Қандай ән саласың?-дейді қыз. -Мына бiр әнді айтам,-дейді бала. -Жоқ,сен ол әнді айтпа,-дейді қыз,-мынадай әнді айт,осы ән жиынның тақырыбына сәйкес келеді. -Айтсам,айтайын,-дейді бала,-сол сен атаған әнді айта қояйын,сөзін білмесем,жаттап алайын,әуенін көкірегіме сіңірейін. -Жиынның бас жағында айтасың,-дейді қыз. -Бас жағында айт десең,бас жағында айтайын.Директор ағайдан да бұрын айтайын. -Жоқ,директор ағайдың сөзінен кейін айтасың,-дейді қыз күліп,-завучтан бұрын. -Мейлі,завучтан бұрын айт десең,завучтан бұрын айтайын,директор ағайдан кейін айт десең,директор ағайдан кейін айтайын.Біреуден кейін,біреуден ілгері деген. ...Саған қай соры қайнаған күні тұрмысқа шықтым екен десейші осы? -Өкінсең,әлі де кеш емес.-Мынау-баяғы ер бала ғой. -Оңбаған! Кеш емес деп кекетуін көрдің бе,менің дайын тағы біреуім тұрғандай. -Агентіңдегі сақалды еркекше?-Баяғы ер бала кекесінмен мырс етті. -Қандай сақалды еркек? Ол әшейін агенттегі досым емес пе? -Соған мен туралы не жазып қойғансың? -Не жазып қойыппын? -"Жолдасым жан-дүниемді түсінбейді,кейде өзімді аспан астында жалғыз қалғандай сезінем" деп жазыпсың ғой. Әйел қызарып кетті: -Қашан? Қой,айналайын,ойдан құрастырып соға берме. -Көрдік қой.Сақалды жан-дүниеңді түсініп қарық қылса. -Ол жай сақалды емес,үлкен кәсіпкер,мәдениетті адам. -Мәдениетті болса кездеспедің бе? -Кездессем,кездесем,-деді әйел. -Кездес,кездес.Жиырма төрт сағат неге қасында отырмайсың. -Оңбаған,-деді әйел жыламсырап,-менің сөйте алмайтынымды білесің,кездессем баяғыдан бері кездесер едім ғой,сол мінезімді біліп алғансың,басынасың мені. -Құлдық дәуірде құқығы тапталып жүрген жан құсап сөйлемеші осы,шайыңды әкелші,менің жұмыстарым бар,-деді баяғы ер бала. -Саған шай керек,саған тамақ керек. Баяғы ер бала диван үстінде қолын басына айқастырып жастанған күйі шалқасынан жатты: "жұмысқа барсаң да бастығың-әйел,соның бір күлгенін көрмей өтетін шығармыз,тым болмаса зейнет демалысына шығарып салып жатып,күлсе ғой,шіркін,сол көріністі өмір бойы көз алдымда сақтап жүрер едім". Есіне баяғы көзі мөлдіреген қараторы қыз түсті: "Ән салшы". -Салайын,-дейтін бұл даусы дірілдеп тұрып,-айта қояйын. "Сол қыздың фамилиясы кім еді осы? Тоқтарбекова,Тоқтарбекова екен ғой".Орнынан бірдеңеге бекінгендей ұшып тұрды: -Жәмила,ау,Жәмила! -Не?Не?Не қақылдап қалдың "Жәмилалап?" -Жәмила,осы агенттен поштаны қалай ашады? -Агенттен пошта ашып неғылайын деп едің? Әйелдермен сөйлесіп отырайын деп пе ең? -Жоқ,әй,әйелдерді қайтпекпін? Осы сенің ашулансаң,сұлулана түсетініңе таң қалам. -Көлгірсімешi,сиқырсына қалады екенсің. -Жоқ,шын айтам.Не ғой,мынаны айтшы,-баяғы ер бала саусағын шыртылдатты,-осы агент арқылы іздеген адамын тауып алуға болады деген не сөз? -Кімді тауып алайын деп едің? Кімің бар еді жоғалтып жүрген? -Кімді жоғалтайын? Туған-туысымның бәрі айналамда.Әшейін сұрағаным да. -Білмеймін,әй,білмеймін,басымды қатырмашы. "Қасарысып қал,-деді баяғы ер бала ішінен,-ертең жұмыстағы Сәлімнен неге сұрап алмаймын,Сәлім соның нағыз маманы еді ғой,қазақтың қыздары құрығандай Африкалық бойжеткендермен ыржақтасып отырушы еді". Сәлден кейін екеуі түк болмағандай,Тоқтарбекованы да,Тоқтарбековтерді де ұмытып,шай ішіп отырар еді. -Баяғыда мектепте... -Сендердің мектептеріңде де сондай болды ма? -Сендердің директорларың қандай болды осы? -Сен біздің директор туралы айтып отырған жоқсың ба?Директор директорға ұқсайды екен ғой өзi. -Сынып жетекшілерің қандай болды? -Құдая тоба,сен біздің сынып жетекші туралы айтып отырған сияқтысың.Сынып жетекші мен сынып жетекшінің айырмасы болмайды екен ғой. -Мектептерің қандай еді өзі? -Ұзындығы да,ені де тұп-тура біздің мектептей екен ғой.Сендерде,әйтеуір,шыға беріс есіктің алдындағы еденнің сықыр ете қалатыны болмаушы ма еді? -Сықыр ете қалатын еді дейсің бе,о,тоба,тұп-тура біздің мектепте оқыған сияқтысың.Мектептеріңде ер мұғалімдер көп пе еді? -Бірде бізге жас ағай келген.Қыздар болып әлгі ағайға күле беретінбіз. -Неменеге күле бересіңдер,жындымысыңдар? -Сабақ түсіндіріп тұрғанда,тұтығып қала беретін.Соған күлетінбіз. -Соған бола күлуге бола ма екен? Бізде бір жас апай болды,сыныптан жыламай шықпайтын. -Я,ер балдардың әдеті ғой,апай көрсе жылатып отыратын. -Соны біз жылатайын деп жылатады дейсің бе,өзі де жылайтын.Аяйсың тіпті.Келесі сабақта тып-тыныш қана отыра қояйыншы дейсің.Ішім басымнан асып бара жатса,аттың суретін салып отырайын.Келесі сабақта сол оймен алдыңа ақ парақты жайып қоясың.Тұяғынан бастап сала қояйын дейсің.Үлкендер,жарықтық,тұлпардың тұяғы деп жатушы еді.Тұяқтан бастайын әуелі.Сол оймен ақ парақ бетіне от орнындай дөңгеленген төрт тұяқты шашып тастарсың.Енді тұлпарды тізгінінен жетелеп келіп,тұяқтың үстіне шығару ғана қалады.Дәл сол уақытта бір бала бірдеңе бастайды өзі.Қалай қоштағаныңды білмей қаласың.Тұлпарың тұяқсыз қалады.Апайдың көзінде тағы да мөлт-мөлт еткен жас... -Қой мен қамыр илеп тастайын,-деді біраздан соң әйел,-нан пісіріп ала қояйын деп едім.Сен құйып іше бересің бе? -Жо-жоқ,мен де болдым,-деді баяғы ер бала.Бет сипап тұрғалы жатырмын. -Мен қамырымды илей берейін,сен ыдыстарды былай-былай қойып жібересің бе? -Мен темекі тартқалы жатырмын,-деді баяғы ер бала. -Соны қойып жібере салсаң болмайды ғой. -Мен темекі тартқалы жатырмын деймін. -Айналдырған екі кесені былай қоя салып,темекіңді сосын тартуға болмайды ғой. -Дәл қазір тартқым келіп тұр,түсіндің бе,дәл қазір.Қамырыңды илеп болып қоясың ғой. -Қамырымды илеп барып қоятын болсам,сенен сұрап қоятын ба едім.Қоям онсыз да.Бірнәрсе айтса,қасарысып қаласың ғой.Баяғыда біздің кластың балдары да сондай еді,бір нәрсе айтса қасарысып қалатын,өзіңмен салғыласып тұрып алушы едi. "Олар да біз сияқты болған екен ғой".Бұл-шылым тартып тұрған кешегі ер баланың ойы. -Сендерге айтқаннан гөрі аспандағы құстарға айтқан жақсы дейтін едік.Құстар түсінеді бізді қайта. -Құстарға айтпадыңдар ма енді?-Бұл-шылым шегіп тұрған кешегі ер баланың даусы. -Әне,әне! Олар да тап осылай дейтін.Ышқырларын бір көтеріп қойып,ыржалақтап "құстарға айтсаңдаршы енді,құстарға айтыңдар" деп тұратын.Ішінде бір өнерлі балалар болушы еді.Соған келіп: "Пәленшеев,ертең жиында ән айтасың,апай солай ұйғарым жасады" дейсің.Сөйтсең,әлгі бала: "Айтпаймын ал,айтпаймын,сыртымнан ұйғарым жасай салады екенсіңдер,я" деп шыға келетін. "Ойпырм-ай,олар да біз сияқты болған екен ғой".Бұл-шылым шегіп тұрған кешегі ер баланың ойы. Сол оймен тұрып: -Сыныптарыңда көзі мөлдіреген қара торы қыз болушы ма еді?-деп сұрай жаздағаны. "Пәлесінен аулақ,-деді сонан-соң,олай сұраса болды: "Әй,сен ол қызды қайдан танисың? Ойбай,сенің мен білмейтін сырларың көп екен ғой,өзі? Гүлім-ол қыздың аты ал,Гүлім деп саған несіне айтып тұрмын,онсыз да таниды екенсің ғой,бір күні жүрегім ауырып өлетін шығармын осы мен,өлтіріп тынасың мені,жұмыста бір апа айтушы еді "қыздар,еркектерге сенбей-ақ қойыңдар,олар жасаған жақсылығыңды білмейді" деп,рас екен ғой бірақ.Бір күні құлаймын осы давлением ұстап бар ғой,"Жедел жәрдемің" келіп үлгірмей қалады,айтпақшы,әлгі Гүлімің "скорыйда" врач қой,сен құлап жатқан маған емес,соған қарап отыратын шығарсың,ол да неге келгенін ұмытып,отырыңдар сол бір-бірлеріңе қарап,мен жатайын өлі мен тірінің арасында" деп басқа жаққа қарай шапқылап кетіп жүрер.Бұл-кешегі ер баланың ойы. Сәлден соң кешегі ер бала,бүгінгі отағасы,әлдебір нүктеге күлімсірей қарап,сол нүктеден балалық шағының сәулесін көргендей болып,шылымын сорғыштап тұрды. Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласы

8. Ең мықты отағасы /әзіл әңгіме/ қосқан Ғабиден Қожахмет Қызылордадан...
▼

Ең мықты отағасы (әзіл әңгіме) Сәтбек саясатқа жақын жігіт еді.Саясатқа жақындықтан осы Сәтбектің тапқан пайдасы бар ма? Қайта әйел,бала-шағасын қып-қызыл саясаткер етіп жіберген жоқ па? Бәрі де қалай басталып еді өзі? Бір күні Сәтбектің әйелі отырып: "Ең мықты отағасы-Айтбек қой,шіркін!"-деп қалғаны.Сол-ақ екен,Сәтбек әйеліне ежірейе қарап: -Не айтып отырсың? Айтып отырған Айтбегің не?-деді. -Ойбай,енді пікірімізді де айтуға болмай ма?-деді әйелі.-Өзің емес пе "семья деген-шағын мемлекет",біздің шағын мемлекетіміз демократиялық жағдайда өмір сүреді,біздің отбасымызда әркімнің өз пікірін айтуға толық құқығы бар" деген. -Құқығым бар екен деп Айтбекті айтуың керек пе?-деді Сәтбек.-Біле білсең,ең мықты отағасы-менмін,мен,мен,-деп Сәтбек өз кеудесін өзі жұдырығымен үш рет ұрғылады. Әйелі Сәтбектің бұл қылығына мырс ете қалды: -Осы қит етсе еркектердің "мен","мен" деп өз кеуделерін өзі ұрып шыға келетіні несі екен? Ең мықты отағасы деген заңды құқығың жоқ,-деді. -Немеене?!-деді Сәтбек ежірейіп. -Демократиялық отбасында сенің ең мықты отағасы екендігің дауыс беру арқылы айқындалу керек,-деді әйелі бүлк етпей. -Кім дауыс береді?-деді Сәтбек әйеліне қарап. -Отбасы мүшелерің де,-деді әйелі. -Берсек берерміз,дауыстан қашатын мен емес,-деді Сәтбек. Сол күннен бастап Сәтбектің үйіндегі отбасы мүшелерінің дастархан басына жинала қалған сәттері қып-қызыл жиын болып өтетін еді.Егер бұл әңгімені біреу сырттарынан тыңдап тұратын болса, "Сәтбектер немене өздері отбасы болып партия құрып алғаннан сау ма?" дейтіндей еді. Ең алдымен жарқыратып сақина салған саусақтарымен аққұманның қақпағын ысқылап отырып,Сәтбектің әйелі сөйлейді: -Меніңше,ең мықты отағасы Айтбек деп ойлаймын.Айтбектің салған үйі қандай? Бала-шағасына қамқор әке... Мұндайда Сәтбек шыдамай ұшып тұрады: -Біздің арамызда өз отбасына деген патриоттық сезімі кемшін жандардың бар екендігі қандай өкінішті.Олар біреудің қаңсығын таңсық көреді. -Неменеге айқайлайсың?-дейді Сәтбектің әйелі.-Қит етсе айқайлап шыға келетінің бар екен.Сенде өзі саяси-құқықтық мәдениет деген бола ма? -Күйдіріп бара жатқан жоқсың ба?-дейді Сәтбек.-Адамды күйдіріп барасың ғой тегі... Бұдан кейін Сәтбектің қызы сөз алады.Жасөспірім қыз нәзік саусақтарымен самай шашын құлағының үстіне бір қайырып тастап,қара көздері ұшқын атып сөйлеп кетеді: -Дүниедегі ең тамаша әке-менің папам деп ойлаймын.Ол өз балаларын жанындай жақсы көреді... Сәтбек мұндай кезде де шыдамай ұшып тұрады: -Біздің арамызда саяси санасы толық пісіп-жетілген адамдардың бар екендігі мені қуантады.Бұл біздің отбасылық идеологиямыздың дұрыс бағытта жұмыс істеп келе жатырғанын көрсетеді. Бұдан кейін Сәтбектің бастауыш сыныпта оқитын ұлы сөз алады.Бала әр нәрсенің басын бір шалып,кейде шешесіне жалтақтап тұрып қалушы еді. Сәтбек мұндай кезде де шыдамай ұшып тұрады: -Біздің арамызда саяси түсінігі жетілмеген адамдардың бар екендігі қандай өкініш.Олар пікір айтқанда,солқылдақтық танытады. Сәтбектің соншама күйіп-піскеніне мұндайда әйелінің ішек-сілесі қатып күлуші еді. Ендігі сөзді Сәтбектің өзі алады: -Отбасындағы ең басты капитал-адам,-деп бастайды сөзін Сәтбек,-мені өз отбасымыздағы халық санының аздығы ойландырады.-Сәтбек әйеліне көзінің астымен бір қарап қояды.-Рас бізге туристер келіп кетеді,-дейді Сәтбек,анда-санда ауылдан келіп кететін енесін есіне алып,-олар мүмкін біздің отбасылық бюджетімізге белгілі бір дәрежеде пайда да келтіріп жатқан шығар.-Сәтбек енесінің ауылдан келгенде қолы бос келмейтінін көз алдына елестетеді.-Әйтсе де туристердің біздің отбасымыздағы халық санының артуына өз үлесін қоса алмайтындығы анық қой,бұл-мүмкін емес жағдай.Сонымен қатар,-дейді Сәтбек сөзін одан әрі соза түсіп,-бізге білім алу келісім-шартымен келіп-кететін жастар туралы да осыны айтуға тиіспіз.-Сәтбек осында жатып оқып кеткен балдыздарын еске түсіреді.-Олар да біздің отбасымыздағы халық санының артуына өз үлестерін қоса алмас еді. Ал еңбек мигранттары туралы сөз етуге де тұрмайды,-дейді Сәтбек ауылдан келіп,тиіп-қашып жұмыс істеп кететін інілерін еске алып.-Олар тіпті көпе-көрнеу заңдылықты бұзады.-Сәтбек тап керек кезінде іздегенде,жұмыс берушіден ақшасын ала салып,"ауылда бір қыздың туған күні бар еді" деп таптырмай,зытып кеткен інісін еске түсіреді.-Сондықтан да,-дейді Сәтбек сөзін одан әрі жалғап,-отбасымыздағы халық санының артуы-табиғи өсім негізінде жүзеге асуы тиіс.-Сәтбек тағы да әйеліне көзінің астымен бір қарап қойып сөзін аяқтайды. -Отбасындағы халық санының артуы үшін жұмыс істеу керек,-дейді әйелі. -Неменее?-дейді Сәтбек ежірейіп.-Осындай сөзді айтуға балалардың көзінше қалай ғана ұялмайсың? -Мен ол жайлы айтып тұрған жоқпын,-дейді әйелі.-Мен алдымызға қойылар әлеуметтік-экономикалық міндеттер туралы сөз қозғағым келіп отыр.Халық санының артуымен бірге оны баспанамен қамтамасыз ету қажеттілігі туындамай ма екен? Құрқылтайдың ұясындай ғана пәтерде отырмыз.Ал Айтбек... Сәтбек әйеліне ашулана қарайды. Ертеңіне шай үстінде Сәтбек өз шешімін айтты: "Өзімнің отағасы ретіндегі құқығымды пайдалана отырып..." Қысқасы Сәтбек дауыс беруді кейінге қалдырды. Оның есесіне Сәтбек үй салуға кірісіп кетті.Үй салғанда-Сәтбек салсын! Сәтбектің салған үйінің жанында Айтбектің салған үйі әшейін бірдеңе болды да қалды. Сәтбектер үйін салып,бітіріп,кіре бергенде-ақ,"қоныс жайлы болсын!" айтқан көршілері басып салсын.Бәрі де бұрынғы көршілері еді.Зибаш бастаған келіншектердің жүрген жері той-думан емес пе,әп-сәтте-ақ қоныс тойын бастады да жіберді.Дастархан үстінде Зибаш Сәтбекке қарап: -Дауыс беруді қашан өткізгелі жатырсың?-деп сұрады. -Көп кешіктірмеймін,-деді Сәтбек,-дауыс беру ашық әрі айқын жүргізіледі.Ешкім ешкімнің құқығына қол сұқпайды. -Дұрыс!-деді Зибаш. Сол жерде дауыс беруді өткізетін комиссия сайланды.Төрайымы болып Зибаш бекітілді. Үш-төрт күннен кейін,Зибаш бастаған келіншектер Сәтбектің үйіне келіп,дауыс беретін бөлме жабдықтап кетті-ортаға дауыс бюллетенін салатын жәшік,ал бұрышқа дауыс беруге арналған кабина жасақталды. -Дауыс беру таңертең өткізіледі,-деді ЗибашСөйтті де әйелдер шығып кетті. -Әрқайсысың бөлек-бөлек бөлмеде боласыңдар,-деді Сәтбек үй-ішіндегілерге қарап,-үгіт-насихат жұмыстары тоқтатылады.Сөйтті де өзі бір бөлмеге кіріп алып,түнімен дөңбекшіп шықты: "ертең дауыс беру қалай өткізіледі екен?" Таңертең ерте тұрған Сәтбек мұнтаздай қырынып,иіссуын себініп,су жаңа көйлегін киіп,оған жарасымды галстугін байлап бола берген сәтте,ресми киінген Зибаш бастаған келіншектер сау етіп кіріп келді де,Сәтбекке салқын амандасқан күйі дауыс беретін бөлмеге қарай өте берді. Ең алдымен дауыс беруге Сәтбектің өзі кіретін болды.Алақандай қағазда мынадай жазу бар еді: "Сіз Сәтбек Көкпекұлын ең мықты отағасы деп танисыз ба?" Сұрақтың астында "иә","жоқ" деген екі жауап берілген.Сәтбек "иә" деген жауапты белгіледі де,қағазды апарып жәшікке салды.Сонан-соң бұдан әрі дауыс беруге бақылаушы міндетін атқару үшін орындыққа отырды. Одан кейін дауыс беретін бөлмеге барын киіп,бақанын асынған Сәтбектің әйелі найқала басып кірді.Қағазды жәшікке салып жатып,әйелі Сәтбекке жұмбақ түрде жымиып күлгені. "Күл,күл,-деді Сәтбек ішінен ызаланып,-күйеуіңді құлатқанға күліп жатқан шығарсың? Айтбек сені қайтсін-ай,Айтбек деген бала-шағасы бар адам емес пе?" Сәтбек әйелімен іштей ұрысып отырғанда,бөлмеге құлдыраңдап Сәтбектің ұлы кірді. "Ұлым,-деді Сәтбек,ұлын көргенде іштей тебіреніп,-сен-менің мұрагерімсің! Сен басқа отағасы дегеннің не екенін білесің бе? Мүмкін оның мұздатқышы тамаққа толып тұратын шығар,жиһаздары да біздің үйдің жиһаздарынан қымбатырақ болар,әйтсе де,ұлым,онда сенің құқықтарың мен бостандықтарың шектелер еді". Сәтбек осылай ұлы туралы тебіреніп отырғанда,бөлмеге қызы кірді. "Қызым!-деді Сәтбек,қызына қарап отырып толқып.-Сен-менің сенімді серігімсің! Сен біздің отбасымыздағы әлеуметтік-экономикалық қиындықтарға төзімділік таныттың.Сонымен қатар ішкі саяси тұрақтылығымызға әр уақыт өз үлесіңді қосып келдің.Мен сені әрқашан да мақтан етемін,қызым!" ...Дауыс беру аяқталып,дауыс берудің нәтижелері айқындалып жатқан сәтте,Сәтбекке секундтар жылға созылғандай көрінді. Бір кезде Зибаштың өзіне күлімсірей қарап: "Сәке,өз отбасыңыздың жүз пайыз сеніміне ие болдыңыз"-дегенінде,Сәтбектің жүрегі дүрсілдеп кетті. Сәтбекті әйелі мен балалары келіп құттықтады.Сәтбек екі баласының маңдайынан кезек-кезек сүйді. Дауыс берудің нәтижесіне қуана тұрып,Сәтбек "қайран қара шалдар-ай,сендер ешбір дауыс берусіз-ақ,мықты отағасы атанып едіңдер-ау,енді мынау ұрпағың демократиялық үрдіске сай дауыс беруге тәуелді боп жатқаны" деп бір толқып алды. Екеуара оңаша қалғанда,Сәтбек әйеліне: -Әйелдердің алдында құлатып жіберіп,масқарамды шығарар деп сенен қорықтым,-деді. Сәтбектің әйелі сыңғырлай күлді: -Неге құлатайын,Сәке-ау,кісінің көзінше абыройынды түсірген жерім болды ма? Ренжіп тұрсам да,жұрт көзінше сыр бермей,айтсам,өзіңе ғана оңашада айттым,-деді. -Рас,рас,-деді Сәтбек әйеліне күліп қарап. Сонан-соң "отбасымыздағы халық санын арттыруды да ұмытпайық" дегендей жарының түймесіне қол соза берді. Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласы

9. Науқас пен дәрігер (әзіл әңгіме) /қосқан Ғабиден Қожахмет/...
▼

Науқас пен дәрігер (әзіл әңгіме) Дәрігерге бір адам келді де,былай деді: -Кешіріңіз,дәрігер мырза,аздап сырқаттанып тұрған сияқтымын. Дәрігер әлгі адамды қарап шықты да: -Дерт бауырда,-деді.-Бауырды алып тастау керек. Әлгі адам шошып кетті: -Ойбай,дәрігер мырза,бауырды алып тастаған соң,мен қалай өмір сүрмекпін? Бұл сөзге дәрігердің ішек-сілесі қатып күлді: -Сүргенде қандай! Бұл заманда бауырдың қажеті не? Қазіргі заман,айналайын,біреудің біреуге бауыры бітіп,елжіреп отыратын заман емес,қазір адамдар бауырды басы артық жүк қылып,босқа ұстап жүр.Қайта дыңылап жүріп,жүз жасайтыныңызға мен кепіл.Қане,көйлегіңізді көтере қойыңыз! Дәрігер әлгі адамды әп-сәтте бауырсыз қалдырды да,былай деп сұрады: -Өзіңізді қалай сезініп тұрсыз? -Бойым жеңілдеп қалған сияқты. -Айттым ғой,жеңілдеп қалады деп.Ал,ауырмаңыз,жүз жасаңыз! Арада ұзақ уақыт өтті.Бір күні әлгі адам дәрігерге тағы келді: -Аздаған дерт бар сияқты ма қалай? Дәрігер науқасты қарап жіберді де: -Кінәрат өкпеде,-деді,-өкпені алып тастау керек. -Ойбай,дәрігер,сосын мен өміс сүре алам ба?-деді әлгі адам. Дәрігер бұл сөзге ішек-сілесі қатып күлді: -Сүргенде қандай! Қазір намыс жоқ заман ғой,айналайын. -Намыстың бұған не қатысы бар,-деді әлгі кісі. -Қазір намысыңа біреу тиіп жатса да,өкпелеп,ренжіп отыратын заман емес,-деді дәрігер әлгі адамға.-Ең бастысы ісіңіз ілгерілей берсін де.Ал,өкпелеп,ренжіп отырсаңыз,тіршілігіңіз жүрмейді.Сондықтан намысыңызды біреу таптап жатса да,түк болмағандай қарқ-қарқ күліңіз де,жүре беріңіз.Қане,көйлегіңізді шеше қойыңыз! Дәрігер шаруасын бітірді де,науқасқа қарап: -Ал,шырағым,дыңылап күлкіңізді күліп жүріңіз де,жүз жасай ғойыңыз,-деп шығарып салды. Арада біраз уақыт өткенде,әлгі кісі дәрігерге тағы да келді: -Сырқаттанайын деп тұрмын-ау осы? Дәрігер науқасты қарап шықты да: -Жүректі алып тастау керек,-деді. Науқас шошып кетті: -Дәрігер мырза,жүрегімді алып тастасаңыз,қалай өмір сүрмекпін?-деді. Науқастың сөзіне дәрігер ішек-сілесі қатқанша күлді: -Жүректің қажеті не,қазір біреуді сүйіп,біреуге ғашық болатын заман ба? Қарақан басыңыздың қамын ойлайтын заман,шырағым.Ешкім де біреу үшін өмір сүргісі келмейді,әрі сол кезде өмір сүру де жеңіл бола түспек,жүрек деген қазіргі адамдар үшін басы артық жүкке айналған. Сөйтті де дәрігер науқасты жүрексіз қалдырып тұрып: -Өзіңізді қалай сезініп тұрсыз?-деп сұрады. -Тамаша!-деді науқас.Бойым жеңілдеп қалған сияқты. -Айттым ғой,жеңілдеп қалады деп.Егер ішіңіз басыңыздан асып,ғашық болғыңыз келіп бара жатса,тіліңіз сау-сайрай беріңіз,саусақтарыңыз аман-қаласаңыз,смс жазыңыз. Осыдан кейін біраз уақыт өткен еді.Бір күні әлгі адам дәрігерге тағы келді: -Жеңіл-желпі сырқат бар секілді ме қалай? Дәрігер науқасты қарап жіберді де былай деді: -Қайдағы жеңіл-желпі,шырағым-ау! Өңеш пен қарын қоса сырқатқа шалдыққан. Сөйтті де дәрігер үстел бетін саусақтарымен шерткілеп,ойланып отырып қалды. -Қорқытпаңызшы,дәрігер мырза,-деді науқас.Бұрын тез-ақ қарап жіберіп,емдей салушы едіңіз ғой. Дәрігер науқасқа бажырая қарады да: -Есіңіз дұрыс па,шырағым,-деді-Бұл заманда,біле-білсеңіз,өңеш пен қарын-ең басты мүше.Сондықтан да жақсылап емделуіңіз керек. Сөйтті де дәрігер алдындағы қағаздарды толтыруға кірісті. Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласы

10. М-агент жайлы ертегі / қосқан Ғабиден Қожахмет Қызылордадан/...
▼

М-Агент жайлы ертегі (әзіл әңгіме) М-Агент-шексіз бауырмалдылық пен сыйластықтың,кіршіксіз махаббат пен ұлы достықтың ортасы еді.Мұнда,әсіресе,адамдардың бір-біріне деген риясыз сенімі кім-кімді болса да таң қалдырмай қоймайтын.Егер әлдекімнің досы ауырып қалса,ол оған үйіріле кетіп былай дейді: -Құдайым-ау,сіз сырқаттанып қалғансыз ба,мүмкін сізге дәрі-дәрмек керек шығар? -Қойыңыз,-дейді досы,-қазір сағаттың қанша екенін білесіз бе,М-Агенттің сағаты Астана уақытымен түнгі сағат екіні көрсетіп тұр емес пе? -Мына сөзіңіз аппақ көңіліме қара сияның құйттай тамшысын шашқандай әсер етті-ау,сіз шынымен де ұлы достық үшін әлдебір уақыт пен мезгілдің кедергі бола алмайтынын қалай ғана түсінбейсіз,қане,айтыңыз мекен-жайыңызды,мен сізге дәрі-дәрмек апарып бере қояйын. -Құдайым-ау,қинадыңыз ғой,-дейді ауырып жатқан досы ыңырси сөйлеп,-сіз өзі менің қандай ауданда тұратынымды білесіз бе,бұл дегеніңіз қылмыстық аудан ғой,мұнда түн баласы баскесерлер мен қарақшылар өріп жүреді емес пе,ал сіздің бас амандығыңыз өз денсаулығымнан да қымбат екенін қалай ғана ұққыңыз келмейді. -Мына сөзіңізден кейін жәбірленгендей күй кештім,сіз шынымен ұлы достықтың күші тұтас бір мемлекеттің әуедегі,құрғақтағы,судағы қарулы күштерін қоса есептегеннен де артық түсетінін білмегеніңіз бе,қайдағы баскесерлер мен қарақшылар туралы айтып кеттіңіз,қане айтыңыз мекен-жайыңызды,мен сізге тез арада дәрі-дәрмек жеткізе қояйын. Шынында да әлгі адамның дәрі-дәрмегін құшақтап,досына баратындығы қызық жағдай еді. -Құдай-ау,түріңіз не боп кеткен,көзіңіз шүңірейіп қапты ғой,қашаннан бері ауырдыңыз өзі? -Кеше кештен бері басым көтертпей-дейді досы әлсіз сөйлеп. -Сол бойда неге айтпадыңыз,мен сізге дәрі-дәрмек әкеле қоятын едім ғой. -Сіз маған осыдан бір сағат бұрын ғана достық жібердіңіз емес пе? -Ах,солай екен-ау,сіз дәріні ішіп алыңызшы,мен шай қояйын,газдың ас бөлмеде орналасқанын болжап біліп тұрған сияқтымын. -Сұңғылалығыңызға тәнтімін,досым,расында да газымыз ас бөлмеде орналасқан еді,айтпақшы сізге баскесерлер мен қарақшылар зиянын тигізбеді ме? -Қайдағы? Олар лөкет пышақтарын жерге қарш-қарш қадаған күйі ұлы достықтың алдында дәрменсіздік танытып,намаз оқыған адамдай тізерлеген қалпы еңкілдеп жылап отырып былай деді емес пе:"Құдай,ау,адамдардың бәрі осындай мейрімді болса,біз сияқты жандар өмірде болмас еді ғой,қатігездікті қатігездік тудыратынын олар қашан ұғар екен?" М-Агент жайлы бір жаңа үйленген жас жігіттің айтқаны қызық еді.Олар пәтерден пәтерге көшіп жүреді."Дәл желтоқсанның он алтысы күні болатын,-деп еске алады жігіт,-біз тағы да пәтер іздеуге шықтық,қар аралас жаңбыр жауып тұрды,қары көп пе,жаңбыры көп пе,санап жатуға мұрша болмады". Кенет жігіттің келіншегі қолым тоңды деп ыңырси бастайды. -Маған не қыл дейсін енді,-дейді жігіт,-мен сенің қолдарыңды аялап жылытып отыра алмаймын ғой,екі қолымда да жүк бар емес пе,қолдарыңды қалтаңа сал. -Қалай салам,-дейді келіншек,-менің де екі қолымда жүк бар емес пе,симайды ғой. Сөйтіп келе жатырып келіншек:"Құдай-ай,неге баспанасы бар жігітке тұрмыс құрмадым екен?"-деп қалыпты.Сол-ақ екен,жігіт бұрқан-тарқан ашуланады: -Осы ма сүйем дегенің,алғашқы суыққа шыдас бермей жатқан сенің махаббатың қандай махаббат,борандар мен дауылдарда не болар екенсің әлі? -Кешірші,жаным,-дейді келіншек өзінің артық кеткенін түсініп,-аузымнан байқаусызда шығып кетті,сені сүйемін,жаным! -Жарайды,-дейді жігіт те жұмсарып,-сәл шыда,мүмкін мына көшені айналып өтсек,арзан әрі қолайлы пәтерге де кезігіп қалармыз. Дәл сол сәтте олардың алдынан таныстары шыға келеді,мән-жайға қаныққан таныстары ерлі-зайыптылардан: -Ал сендер М-Агентке кірдіңдер ме?-деп сұрапты. -Жоқ,-дейді ерлі-зайыптылар таңданып,-онда бізді кіргізе ме? -Әрине,кіргізеді,қане телефондарыңды шығарыңдар.Таныстары оларды қолма-қол М-Агентке кіргізіп жібереді. "Сол күн мәңгі есімнен кетер емес,-деп еске алады жігіт,-біз келіншегіміз екеуміз іркес-тіркес күйде М-Агенттің босағасынан аттап тұрдық". Олардың көз алдына бірінші М-Агенттің айнадай жарқыраған едені мен ұзын-ұзын дәліздері және құшақ жетпес жуан да сәнді бағаналары,мәрмәр баспалдақтары мен қымбат шынылы шамдалдары көзге түседі.Қауырсын гүлдер жасанды иіс шығарып,ақырын тербеледі,аулақта әлдекімнің гитараға қосылып салған махаббат романсы естіледі,ал М-Агенттің шатырындағы аппақ көгершіндер қанаттарын дүр-дүр қағып әуеге көтеріліп,қайта қонуда.Ұзын дәліздің бір жағында жағалай сымға қонған қарлығаштай болып ХХI ғасырдың қыздары жайғасқан.Ал дәліздің екінші бетінде қыздарға қарама-қарсы орналасқан ашпалы терезелерден мұртты серілер оларға үздіге көз салады.Бірақ қыздар серілерге назар да аудармастан әскердегі жігіттеріне хат жазуда. Кенет ерлі-зайыптылар ханша көйлектері желбіреп,мәрмәр баспалдақпен ақырын түсіп келе жатырған ХХ ғасырдың қыздарын көреді.ХХ ғасырдың қыздары мұртты серілерге сәл-пәл ілтипат танытып,бас изегендей болды.Сөйтті де ХХI ғасырдың қыздарына қарап: -Қане,жылжыңдар,жылжыңдар бұл арадан!-деді.ХХI ғасыр қыздарының ерні лезде шүртие қалды: -Сіздерге не бар бұл жерде,тіпті кейбіреулеріңіздің күйеулеріңіз бар ғой. ХХ ғасырдың қыздары мұртты серілерге қарап,тағы да бастарын сәл-пәл иіп,жымиғандай түр танытты,сонан-соң ХХI ғасыр қыздарына бұрыла беріп,әлгіндегіден де ызғарлы дауыспен: -Жылжыңдар деген соң жылжыңдар,әйтпесе әскердегі жігіттеріңе мұнда кіммен кездесіп жүргендеріңді айтып қоямыз-деді. "Түкке тұрғысыз нәрсе,-деді ХХI ғасырдың қыздары заттарын жинастырып жатып,-сөз етуге тұрмайды,болымсыз,ұсақ-түйекке мән бересіздер,өзеріңіздей көресіздер ме,екі жыл бойы үйден шықпай отырған". "Ақымақ болыппыз сонда,-деді ХХ ғасырдың қыздары босаған орынға жайғасып жатып,-махаббат сезімі тар құрсауда өз бостандығы мен тәуелсіздігін аңсап жатыпты". ХХ ғасырдың қыздары отырып жатып,сөмкелерін ашты да,оның ішінен "періште","періште" деген жазуы бар тақтайшаларды алып,алдарына орналастырып қойды. Осының бәріне таңдана қарап,босағада тұрған ерлі-зайыптыларға кенет алыстағы қожайындардан хат келді: "М-Агентке хош келдіңіздер,төрге шығыңыздар!" Мына хатты оқығанда,ерлі-зайыптылардың жанарлары жасаурап кетті,олар хатты бауырына басқан күйі иектері дірілдеп тұрып,былай деп сұрапты: -Мұнда свет тегін бе? -Әрине,тегін-деп жауап береді оларға. -Ал жылуше? -Жылу да қалыпты. -Мұнда пәтерақы алмай ма? -Қайдағы пәтерақы?-деп күледі М-Агенттегiлер.-Мұнда бәрі су тегін ғой. Жігіт келіншегіне қарап сыбырлайды:"Жаным,махаббат үшін ең қатерлісі қыс айы ма деп қалдымКөктемге дейін осында қыстап шығайық,ал көктем туа көгалға шатыр тіксек те,бірдеңе етерміз". Бірақ жігіт қателескен еді.Махаббат үшін ең қатерлісі көктем болды.Көктемде Махаббат-Ару ұйқысынан оянып,әдемі кірпіктерін дір-дір еткізіп қаққанда,жігіттің келіншегі М-Агенттегі бір серіге ғашық болып қалыпты. "Мен бұған қалыпты құбылыс деп қарадым,-дейді жігіт,-себебі мұнда әлдебір моральдық тар өлшемдер жайлы айтып жатудың өзі ұят еді". Ал келіншектің өзі былай дейді: "Мен өз күйеуімнің бойынан қиялымдағы жігіттің оннан бір қасиетін тауып тұрмысқа шыққан едім,ал мұнда оннан үш". Оған тілектестік білдіреді."Ең бастысы-ізденіс.Осылай-осылай іздене берсең,әлі-ақ елу,алпыс,жетпіс пайыздық өлшемдерді бағындыруға да қол жеткізерсің". Көп ұзамай жігіттің өзі де бір аруға ғашық боп қалыпты."Баспалдақ бойымен түсіп келе жатырған қызды көргенде,оның өзім іздеген жан екенін ұқтым"-деп еске алады жігіт.Ол қыздың алдына барып тәжім еткен күйі былай дейді: -О,періште аруым,қайталанбас сұлулығыңның алдында бас июге әзірмін.Сенің аппақ келбетің мен нәзік жан-дүниең кез-келген адам жанын тебірентпей тұра алмас.Сенің шиедей еріндерің мен қарақаттай көздерің... -Қоя сал,-деді қыз оған осы уақытта,-тасташы сондай сөздерді,не ғой одан да,университет бітіргенсің бе,соны айтшы? -Я,-дейді жігіт тіктеле беріп. -Міне бұл бөлек әңгіме,-дейді қыз,-ал қызмет қайда? -Тұрақты емес-дейді жігіт. -Оқа емес,-депті қыз,-менің ағаларым сені жақсы қызметке тұрғыза алады.Қабыршақ-сот болып iстейдi,ал Қараз -прокурор,Дараз-ішкі істер органының бастығы,Алшыораз-қаржы полициясында,Қарымсақ-"Алдасат" фирмасын басқарады,Сарымсақ-әкімнің орынбасары. Мынаны естігенде жігіттің тілі байланып қалыпты."Мына үйге бір жекеменшік түрме ғана жетпей тұр екен,-деп ойлапты жігіт,-ал түрме болса,оған отыратын да біреу керек шығар". -Менің есімім Қыз-Назым,-дейді бойжеткен,-жай Назым деп атай бер,қыз дегенді айтпай-ақ қой,айтпақшы пәтерің бар ма? -Өзім тұрақты жұмысқа орналаспай жүргесін,әдейі тұрақты пәтер алмай жүрмін. -Әзілді жақсы айтады екенсің,-депті қыз,-жалпы әзілқой жігіттерді жақсы көрем,ең бастысы сымбатты екенсің,міне,бұл-үлкен байлық,ал пәтер жағынан қам жемей-ақ қой,бір басымда төрт бірдей жылжымайтын мүлік бар,жылдың төрт мезгіліне орайластырып салынған,қазір көктеуге барамыз,ал тойды жайлауға шыққан соң жасаймыз,айтпақшы ескертіп қояйын,маған нағыз жігіт керек,нағыз еркек,міне мені былай ұстау керек,-қыз нәзік саусақтарын бүгіп жұдырығын түйді,-түсінікті ме? "Бетпақдалада қырық жылдан бері жүген-құрық тимей жүрген шу асауды бағындыр десе,келісер едім-ау,-деп ойлапты жігіт,-мейлі енді көре жатармыз". "Қайткенде де мен келесі мерекеде теледидар алдында отырып,тәуелсіздіктің бүгінгі қаһармандары жайлы хабарлар көріп отыратын шығармын,бұл не десе де қар мен жаңбырдың астында жүргеннен жақсы ғой".Жігіт ішінен осылай ойлапты. "Мен де,жолдасым да өз бақытымызды М-Агенттен таптық,-дейді жігіт,-сосын сол көктемде екеуміз де М-Агенттің есігін ақырын жауып,шығып кеттік". Иә,қандай да бір ертегінің соңы жақсылықпен аяқталатындығы ақиқат. Достарыңыз көбейсін! Ғабиден ҚОЖАХМЕТ Қызылорда қаласы

11. Аюбай аға,алты ұл немесе "ұялам" (қазақи қалжың)/қосқан Ғабиден Қожахмет Қызылордадан...
▼

Аюбай аға,алты ұл немесе "ұялам" (қазақи қалжың) -Осы күні жезөкше қыз деген қыз шығыпты,-деді Аюбай аға темекісін шырт еткізіп тұтатып жатып,-кірпік қақпай қарайды тіпті,қымсынып тұрған жоқ.Осыны айтқанда Аюбай ағаның көздерінде сұп-суық жарқыл білінді,сонан-соң темекісін сорғыштап,есіне әлдене түскендей үнсіз отырып қалды,сәлден кейін әңгімесін жалғастырды: -Баяғыда кеш батса,холодильниктің есігін сыртынан бекітіп жатушы ек. -Ау,ол неге? Тамақтарыңызды біреу үптеп кете ме? -Қайдағы?-Аюбай аға қолын сілтеді.Ит басына іркіт төгілген заман емес пе,біреудің тамағын біреу қайтсін? Тоңазтқыштың есігі зауқайым ашылып кетпесін дейміз,ішінен жарық шашылып кетпесін дейміз,жеңгелерің ұялшақ еді.Кеш түсе терезені ішінен қара қағазбен көлегейлеп бекітіп жатқаным.Жеңгелерің айдың түскен бозамық сәулесінен ұялар,көше шамының себезгілеген жарығынан қысылар. "Аюбай,осы кеш батса,не тарсылдатасыңдар да жатасыңдар?" Бұл-көршілердің қоятын сұрағы.Терезені сәуле өтетін саңылау қалдырмай бекітіп,балғамды терезенің алдына салдыр еткізіп қоя салып,кері бұрылғанымда жеңгелеріңнің айтатыны: -Қарама,ұялам. -Нені,мен сені көріп тұр ма едім,көзге түртсе көргісіз қараңғы,аяқ жолымды таба алмай пұшайман болып тұрған жоқпын ба? Тым болмаса орныма жетіп алу үшін сіріңке шағайын. -Жақпа,ұялам. Көрпе-мөрпеге сүріне-қабына жүріп,қалған жолды еңбектей өтіп,төсегіме жетермін.Келсем,жеңгелерің жоқ. -Ау,қайдасың? Көрпені тарс бүркеніп алып,астында бүлкілдеп күліп жатады. -Ау,ашсайшы көрпені! -Ұялам. -Жат онда солай тасбақа құсап домаланып.Ау,жіберсейшi көрпенің шетін! -Ұялам. Еркектік қайратқа салып,көрпені серпіп тастармын. -Ау,қысқы тоныңды киіп жатқаныңа жол болсын? -Ұялам. -Шілденің шыжыған ыстығында гамаж киіп,шарқат тартып алғанды сенен көрдім? -Ұялам. Сөйтіп жүріп те алты ұлға әке болдым-ау.Аюбай аға одан әрi сөзін жалғады. -Осы күні жезөкше қыз деген қыз шығыпты,-деді сонан-соң.Соны айтқанда Аюбай ағаның көзiнен сұп-суық ұшқын бiлiндi.-Қымсынып тұрған жоқ,қысылып тұрған жоқ ешкімнен,айылын жияр емес. Сөзiн ары қарай сабақтады: -Алты ұлым да бой-бітімі өзіме тартқан қапсағай денелі,бойшан,сүйегі ірі болды,бірақ мінездері...Мінездері-құдды шешелерінің мінезі,бет-моншақтары үзіліп тұратын едi.Әлде үйде қыз бала болмай,қыздың жұмысын істеп өскендіктен бе,шешелеріне көмекші болып,қызға тән жұмыстарды да тап-тұйнақтай тындыра беруші еді.Кейде ұлдарыма қарап отырып,әй,осылар үйленбей кетпесе болар еді,деп ойлайтынмын,бұлар қыздан ұялар.Жоқ,төртеуі бірдей іркес-тіркес бірінен соң бірі үйленді.Бірінің келіншегі екіншісінің келіншегінің сыныптасы ма-ау,екіншісінің келіншегі үшіншісінің келіншегінің группаласы ма-ау,әйтеуір,бір-біріне тонның ішкі бауындай жақын еді.Төрт ұл елбесіп-селбесіп жүріп,бір-біріне баспана көтерісті,дәл үйдің жанынан.Жұрт мені "машинист Аюбай" атап кетті: "Ойбой,Аюбайдың балдары вагон сияқты,іркесіп-тіркесіп жанынан шықпайды.Қара шаңыраққа жалғастырып там сала бергенді Аюбайдан көрдік.Аюбайдың енді машинист болмаған несі қалды?".Жұртқа әңгіме керек,жұртқа кеу-кеу сөз керек. -Әй,Аюбай,мына жерде тағы бір там сиярлық жерің бар екен,енді қалған екі ұлдың біріне осы жерден баспана көтеріп бер.Кенжеңдi қолыңа ұстарсың. -Сендердің не шаруаларың бар?-деймін.-Саламыз ба,салмаймыз ба өзіміз білеміз,жер біздікі,үй біздікі,бала біздікі.Сендер немене құрылыстың маманы ма едіңдер,адымдап жер өлшеп беретін? Оған қыңып жатқан көршілер жоқ,ауыздарын басып бүлк-бүлк күледі: "Ойпырм-ай,жұрттың балдары ұйлығысып осылай отыра қалады.Біздің балдар бір шөпжелкені алса,Әндіжан асып кетеді.Сосын өзің хабарласпасаң,өздігінен өмірі хабарласпайды.Хабарлассаң өзіңе дүңкілдейді: "Не,аманбыз! Келіншегімнің проблемасы шығып жатыр,баламның проблемасы болып жатыр!" -Жүріңдер сол,келіншегімнің проблемасы,баламның проблемасы деп.Сендерге енді әке-шеше керек емес қой,бақтық-қақтық,өсірдік,біздің енді не керегіміз бар? Сендер,сірә,біз өлген соң келетін шығарсыңдар.Әй,өлгеннен кейін де келмей қалмасаңдар болар еді? -Қара аспанды қапылтпай отырыңдаршы осы,қазір өлгелі жатқан адам құсап.Барамыз ғой шаруамыз біткесін! -Әй,сендердің сол шаруаны айтқандарыңа он жыл болды ғой.Он жылдан бері неғылған шаруа ол бітпейтін.Тірлікте адамның шаруасы бітпейді,өлгеннен кейін бітеді.Қазақ өлген адамды шаруасы бітті деп неге айтқан дейсiң,сол бар тірлікті тірілерге қалдырып,екі аяғын көсiлтіп жата кеткесін айтқан... "Ойпырм-ай,жұрттың балдарына қарашы,ұйлығысып қана тап-тату.Келіндері де бір мың болғыр,бірінсіз бірі тамақ ішпейді. "Абысын тату болса,ас көп" дегенді қазақ бекер айтпаған ғой,сiрә". -Жұрттың әңгімесі осы,-деді Аюбай аға сөзін жалғап,телесериалдан қолдары босаса,әңгіме қылатыны-біздің үй. Үйленбеген екі ұлымның бірі алысқа ұзар деп жүр ем,өткенде сол екі ұлдың үлкені келіп: -Әке,үйленсем бе деймін,мына жерден өзiме баспана көтеріп алайын,-дейді. -Сен де осында орналасасың ба?-дедім. -Ағаларымнан бөлініп қайда барайын? -Мейлі,орналассаң орналаса ғой,үйленсең үйлен. Аюбай аға темекісін сорғыштап үнсіз отырды да,әңгімесін жалғастырды: -Өткенде кемпіріміз екеуміз аулада жайбарақат әңгімелесіп отырғанымызда кемпіріме: "Осы алты ұлды еңбекпен таптырдым,-дедім,-сенің баяғы мінезiн-ай..." Сөйтсем,кемпірім жүзін төмен салып:"Айтпа,ұялам". Әлі ұялады,кемпір болса да ұялады,әже болып немере сүйіп отырса да,әлі сол жас келіншек күніндегідей үлбірер...Аюбай аға есіне әлдене түскендей жүзі нұрланып отырды,сонан-соң қара сұр өңі қатуланып: "Осы күні жезөкше деген қыз шығыпты,-деді,-қымсынып тұрған жоқ,қысылып тұрған жоқ,айылын жияр емес...-Соны айтқанда Аюбай ағаның жанарында сұп-суық бір жарқыл тұрған еді.Сонан-соң шегіп болған темекісін ашумен аулаққа ызаланып шертіп жіберді. Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласы

12. күйеу бала /әзіл әңгіме/ қосқан Ғабиден Қожахмет Қызылордадан...
▼

Ернар Елбекті көрсе,үнемі кішілік қалып танытып,амандаса кетуші еді.Бүгін де сол әдетпен "Ассалаумағалейкум,Елбек аға!"-деп үйіріле қалды.Ернардың өзі кемпір-шалдың баласы еді,оқуын бітіріп,жақында әке-шешесіне келін түсіріп берген.Елбек Ернардың сәлемін "Уағалейкумассалам"-деп алып жатып,інішектің түрінде кірбің барын байқады да:"Ау,көңіл-күйің жоқ қой"-деді.Ернар тісі ауырған адамша кіржиіп:"Қайынжұртым"-дегені."Қайынжұртыңа не болды?" Ернар әңгімесін бастап кетті:"Өткенде қайынжұртыма барып едім,сол үйде бір қуаныш аталып өтілетін болып,әке-шешемізді үйде қалдырып,келіншегіміз екеуміз ғана барып қайтқанбыз.Есіктен ене бергенде-ақ әлгілер:"Күйеубала келе жатыр,күйеубала келе жатыр"-дегені.Сол-ақ екен,қаным басыма шапты:"Бұлар мені неге кемітеді,қыздарына күйеу екенім рас,бірақ бала деп қорлауына жол болсын?" Дастархан басында да қабағым кіржиіп отырды,менің көңіл-күйім болмаған сон,келіншегімнің де көңіл-күйі болмай отырды.Үйге келгеннен кейін "Құдалардың үйі аман ба екен?"-деген әкемнің сұрағына дүңк ете қалдым.Сол-ақ екен әкем әңкілдеп қоя берсін:"Құдалардың о неғылғаны,менің дап-дардай ұлымды бала деп кеміткені несі,құдалар жөн білетін адам сияқты еді ғой". Келіншегім сыңсып қоя берді,нәзік саусақтарымен жүзін көлегейлеп,орамалының ұшын тістелеп отырып жылағанының өзі сондай әдемі еді:"Олар сөйтеді,өткенде барғанда да сөйткен,әдейі істейді,Ернарды кеміткен түрлері."Ойбай,бәленшенің ұлына бар,ішкенің алдыңда,ішпегенің артыңда болады" деген тілдерін алмаған соң,ақыры амалсыздан баталарын беріп еді,сол айтқан жігіттерінің өзі нағыз бала,көлігін күнде әр жерге соғып жүргені,ал біздің Ернар машинаны қалай жүргізеді десеңші". Шешем тіпті дауыс салып қоя берді:"Жалғызыым,тар құрсағымды кеңіткен,тас емшегімді жібіткен,құдалардың ол не қылғаны,дап-дардай ұлымды бала деп кеміткені несі?" Көңілсіздігімнің сыры осы еді,аға". Елбектің де әділет десе бір иығын беріп тұратын әдеті ғой,бұл жолы да талағы тарс кетті:"Не деген адамдар сенің қайынжұртың,ойпырм-ай,өмірде де неше түрлі адамдар бола береді екен-ау,сұмдық қой мыналары,қай жерің бала сенің?" "Соны айтам"-деді Ернар. Елбек осыдан кейін Ернарды көрмей кетіп еді,Ернар сәбилі болды деп естіген,жақында Ернарды тағы да көрді,бірақ Ернардың өңі бір түрлі сынық еді. "Ау,сен өзің әке болған жігітке ұқсамайсың ғой,-деді Елбек күліп,-әке болған жігіттің қабағы былай ашық жүрмеуші ме еді,ал сенікі не көңілсіздік?" "Қайынжұртым"-деді Ернар тағы да кіржиіп."Қайынжұртыңа не болды,айтпақшы бардың ба одан кейін қайынжұртыңа?" "Өткенде сәбиімді көтеріп,келіншегімді ертіп барып қайтқанмын,-деді Ернар әңгімесін бастап,-ұлым нағашыларына сәлем беріп қайтсын дегеннен басқа ойымда түк жоқ еді,есіктен ене бергенде-ақ әлгілердің "Күйеубала келе жатыр,күйеубала келе жатыр"-дегені,сол сол-ақ екен қаным тағы да басыма шапты:"ойбай-ау,мыналар мені бала санауын әлi қоймаған ба?" Дастархан басында да көңіл-күйім болмай отырды,менің көңіл-күйім болмаған сон,келіншегімнің де көңіл-күйі болған жоқ,әлгілердің ұлыма "кіди-кіди,біди-біди" дегені де шаншудай қадалып отырды,қай бір жақсы көргеннен айтып жатыр дейсің,әшейін әртістіктері де,болмаса әкесіне іштері жылымай отырып,одан туған ұлды жақсы көре қойсын ба? Әлгілер түк білмегендей:"Күйеудің қабағы осы үйге келсе,бір жазылмайды,әйтеуір"-деп тағы да сөзбен шымшылайтынын қайтерсің?" "Ойпырм-ай,солай дей ме,-деді Елбек,-өздері не деген мүттәйім адамдар десеңші,қой,қанша адамды көрсем де,дәл сенің қайынжұртыңдай адам көргенім жоқ,болмаса әке болып тұрған адамның қай жері бала?" "Соны айтам"-деді Ернар. "Білдей бір мекеменің бас күзетшісі болып жүргені болмаса,ағаң баяғыда қазақ тілі факультетін бітірген,шырақ,-деді Елбек әңгімесін жалғастырып.-Сол кезде бізге өңкей кәсіби тергеушілер мен криминалист-мамандар келіп дәріс оқып кетуші еді.Сонда солар айтатын:"Криминалистикада суық қару деп пышақ тағы басқа сияқты заттарды айтып жатады,ал нағыз суық қару адамның ауыз қуысында орналасқан,сол арқылы жүрекке әр түрлі дәрежеде дене жарақатын салуға болады.Пышақтан,тіпті мылтық оғынан болған дене жарақаты кейде сәтін салса жазылып та кетіп жатады,ал жүрекке түскен жараның жазыла қоюы екіталай,еске түссе соғыс ардагерінің ескі жарасы құсап сыздайды да тұрады,сондықтан да алдағы міндеттердің бірі-осы ауыз қуысындағы суық қарудың есебі алыну керек,одан атылатын әрбір оқтың есебі болу керек". Мына сенің қайынжұртың сені әрбір барған сайын жарақаттап жіберіп отыр және өздері түк білмегендей жазықсыз адамның кейпін танытып отыр". "Дұрыс айтасыз"-деді Ернар. Елбек содан кейін Ернарды көрмей кетіп еді,өткенде автобуста өзіне қазақ тілінен дәріс оқыған қарт профессорды кездестіре кеткені. "Өй,бала,қалай?"-деді профессор мұны көргеніне қуанғандай түр танытып.Ұстазының мына сөзіне Елбек шырт ете қалды:"Осы сіздер әдейі істейсіздер ме?" "Ау,не боп қалды?" Профессордың әшкиінің аржағынан көздері бағжаң етті.Елбек ұстазының жанына отыра беріп,Ернардың оқиғасын айтып берді.Сол сол-ақ екен профессорды күлкі қыссын.Селкілдеп күліп отыр,күліп отыр.Елбектің жыны келді.Бұл баяғыда есімдік пен етістікті ажырата алмай отырғанда да осылай бір күлуші еді.Онда Елбек те қосыла күлетiн.Профессор бір төртін қойып бере ме деген дәмесі болатын,сөйткен ұстазы Елбекке ілмиген үшті әзер қойып шығарып салушы еді.Елбек күңкілдеп бара жатады:"Сонша күлген еңбегіме...Осы заманда өзіне өзі күлетін адам тауып ала қойсын". Енді Елбектің есегі судан өткен,сондықтан ұстазына даусын көтере сөйледі:"Ау,сонша күлгеніңізге жол болсын? Мен сізге күлетіндей бірдеңе айттым ба? Бұл дегеніңіз біле білсеңіз,жас жігіттің тағдыры емес пе,тіпті бір отбасының тағдыры"-деді профессорға жақтырмай қарап.Профессор беторамалын алып көзілдірігін сүрткіштеді,сонан-соң жасаураған жанарын сүртті,өзі әлі күліп отыр.Сөйтіп отырып Елбекке:"Ау,оның несі бар екен,-деді,-күйеубала деген сөздің несі жаман? Қайта біле білсең сен де бір баламызсың дегені емес пе,тойда осы үлкендер де айтып жатпаушы ма еді:"бір баламыз екеу болды"-деп. "Өзім де солай ойлағам".Елбек автобустан түсуге асықты.Сол бойда алып-ұшып Ернардың үйіне келді.Шал насыбай атып отыр екен. "Ақсақал,шақшаны бері тастаңыз".Елбек ерінге насыбайды тастап алып,күйеубала сөзінің мәнісін түсіндірді."Шолай ма екен?"-деді шал."Шолай екен"-деді Елбек. "А,солай ма екен,-деді кемпір,-жақсы көріп айтқандағысы ма екен". Ернар ұшып түрегелді:"Баланы киіндір,кеттік!" "Қайда?"-деген сұраққа:"Қайынжұртыма барып қайтам". Сыртқа шығып көлікты ыңғайластыра бастаған ұлы мен келінінің артынан шал қалбалақтап ере шықты:"Әй,ана құда-құдағиға деген сәлем-сауқатты ұмытып кетпеңдер,құда-құдағиға деген сәлемдемені ұмыт қалдырып жүрмеңдер".Сонан-соң келініне қарап:"Анада құдаша қалаға келіп тұрып соқпай кетіпті,о несi-ай,несіне ұялады,бұл да бір үйі емес пе,енді келсе,айт,соқпай кетіп жүрмесін,атам ренжиді де". "Я,я,айтам,айтам"-деп келін мәз. Елбек жүргелі тұрған Ернарға келіп:"Абайлап жүр"-деп өзінше ақыл айтты.Ернар көзін қысты:"Рульге бірінші рет отырып жатқам жоқ қой". "Күйеу-бала"-деді Елбек нықтап тұрып.Ернар басын изеді,жымиды. Ғабиден ҚОЖАХМЕТ,

13. Дүрмек-дипломат /әзіл-шыны аралас/ қосқан ғабиден Қожахмет Қызылордадан...
▼

Дүрмек-дипломат Осы Дүрмектің мінезі қызық,сағат кешкі онда-ақ үйге келіп тұрған інісіне әңкілдей жөнелетіні бар:"Қайда жүрсің,қайда жүрсің осы уақытқа дейін,сағаттың неше болғанын білесің бе өзің?" Інісі мұндайда наразы кейіппен қарап:"Келе жатырмыз ғой енді"-дейді."Уайымдап отырамыз қайда жүр деп".Осы кезде ас бөлмеден күлімсіреген күйі Дүрмектің әйелі шығады да:"Туу,Дүреке-ай,баланың есін шығарып жібердің ғой"-деп,Дүрмекті ішкі бөлмеге қарай қақпақылдайды.Дүрмектің өзі де жүк көлігі сияқты ірі неме ғой,әйелі күліп жүріп,шкаф жылжытқандай Дүрмектің жауырынынан итереді.Құдая тоба,Дүрмек осы кезде табанының астында құйтақандай-құйтақандай доңғалақтары бар секілді жылжи жөнелер еді,бірақ сонда да мойнын артына бұрып,сөйлеп бара жатады:"Қазір заман деген жаман,көше толған бұзақы,хулиган,маньяк,педофил".Әйелі Дүрмектің бұл сөзіне ішек-сілесі қатып күледі:"Жаудың бәрі,әйтеуір,біздің Дүрекеңді қаптайды да жатады".Дүрмек әйеліне ажырая қарап:"Темекім қайда?"-дейді.Әйелі алып берген темекінің бір талын ерніне қыстырып,Дүрмек енді балконға шығып бара жатады,шығып бара жатып та күңкілдеп сөйлеп бара жатады.Анығында Дүрмек осының бәрін әдейі істейді.Егер Дүрмек інісіне бір анададан туған бауырымсың ғой деп,оны бөлектеп,айрықша жақсы көрсе,әйелі "осы сенің-ақ бауырларыңа бауырың бітеді де отырады екен,бауыр бәрімізде де бар,онда бауырларымызды қаптатып қойып отырайық" дер ме еді кім білсін? Дүрмек енді екі жеп биге шығуды ойлап,бір тасты оп-оңай құрбандыққа шала салған кәнігі дойбышы құсап,інісін әйеліне елеусіз ғана жылжыта салды.Дүрмек телевизор көріп отырып,ас бөлмеде әйелінің қайнысына шай беріп жатқанын біліп отырады,біраздан соң өзі де аударылып-төңкеріліп сонда беттер еді.Дүрмек кіріп келгенде,інісі ұшып тұрып:"Мына жаққа шығыңыз"-дейді.Дүрмек қолымен отыра бер дегендей белгі береді.Әйелі Дүрмекке күлімсірей қарап:"Шай іш"-дейді."Бір кесе ішейін".Дүрмек бір кесе шайын ішіп,орнынан тұра беріп,қақпаға баспен гол соққалы жатқан футболистерше інісін басымен нұқып көрсетіп,әйеліне:"Сабағы қалай екен,сұра"-дейтіні бар еді.Кейде Дүрмек әйелі жанына келгенде,осы сұрақтың жауабын сұрайтыны бар.Мұндайда әйелі:"Бір сабағынан қиналып жүр екен,құрбымның осыларда істейтін танысы бар еді,ертең құрбыма айта қояйыншы"-дейді.Дүрмектің осыған кәдімгідей іші жылып отырады. Дүрмектің ауылда жұмыс істейтін әп-әдемі балдызы бар.Сол балдызы кейде қалаға Дүрмектердің үйіне келеді.Дүрмектер тұратын ауданда балдызының тұрмыс қа шыққан құрбысы бар.Балдызы сол құрбысына қыдырып барып келіп,есіктен ене бергенде,Дүрмектің әйелі сіңлісіне дүрсе қоя береді:"Туу,қайда жүрсің осы уақытқа дейін,сені уайымдап боламыз".Мұндайда Дүрмектің балдызының қарлығаштың қанаты секілді қастары қосыла кетеді:"Келе жатырмыз ғой енді,үйдің арасы тиіп тұрған жоқ па?" "Қыз бала болған соң уайымдаймыз,қазір заман деген жаман".Мұндайда Дүрмек балдызына ара түсе кетеді:"Ау,бәйбіше,бәйбіше,өзің жас болмадың ба,құрбысы болғасын барады да,қыздардың өзара әңгімесі болады"."Қойшы,осы үйде менің сөзімді сөйлейтін адам жоқ".Дүрмектің әйелі осылай деп,қабағын шытып,жуынатын бөлмеге кіріп кетер еді.Дүрмек әйелінің мінезіне қарқ-қарқ күліп,телевизорын көруге кетеді.Біраздан соң Дүрмек аударылып-төңкеріліп ас бөлмеге бара жатады.Дүрмекті көріп балдызы:"Келіңіз,жезде,бізбен бірге шай ішіңіз"-дейді."Бір кесе ішейін".Дүрмек осылай деп отыра беріп,әйелі мен балдызына кезек-кезек қарап:"Екеуің ұқсайсыңдар"-дейтіні бар."Қойшы,қайдағы ұқсаған,-дейді мұндайда әйелі,-сіңлім мамама ұқсаған,мен папама ұқсаймын".Дүрмек қайтадан кезек-кезек қарап отырып:"Жоқ,көздеріңде бір ұқсастық бар"-дейді.Сонан-соң балдызына қарап:"Сенде әпкеңе ұқсап сұлу болып өсіп келе жатыр екенсің"-деуші еді.Осы сөзді қашан айтар екен деп күтіп отырған балдызы сыңғырлап тұрып күледі:"Жездем әпкеме жағынып жатыр".Сіңлісінің сөзіне Дүрмектің әйелі езу тартады,ал Дүрмек қарқ-қарқ күледі. Кейде Дүрмектің әйелінің өзінің анасымен телефон арқылы сөйлесіп тұрып,әлденеге ренжігендей асығыс қоштасып,трубканы тастай салып:"Туу,мамам да қызық осы,өзінің түсінігінен өзгерте алмайсың"-дейтіні бар еді.Осы кезде Дүрмек оқып отырған газетін былай ысыра салып:"Ау,мамаңа ренжігеніне жол болсын,ұят-тағы,үлкен кісі болғасын біледі де,қой,ертең өзің қайта телефон соқ"-дейтіні бар.Мұндайда әйелі:"Кетші осы сенде,менің сөзімді сөйлеудің орнына,мамамның сөзін сөйлеп өліп бара жатырсың ғой,өзің бір жағымпаз күйеу бала болдың ғой тіпті"-дейтіні бар.Дүрмек газетін былай ысырып қойып,қатуланып орнынан тұрып:"Кім жағымпаз?"-дейді."Сен жағымпаз"."Мен бе жағымпаз?" Дүрмек өз кеудесін өзі саусағымен түртіп көрсетеді."Иә,сен"."Көрсетейін саған жағымпазды".Дүрмек әйелін құшақтай-мұшақтай төсекке құлар еді.Дүрмектің көрсеткені сол-әйелінің мойнынан қытықтап сүйіп кете ме-ау немене? Осы Дүрмекті әртіс дейін десең,қулық-сұмдығы жоқ,жұртқа болсын деп тұрған бір пенде,ал әртіс емес дейін десең,істейтіні әлгі. Білмеймін осыдан ба жұрттың бәрі Дүрмектің отбасын тату отбасы деп жүр ғой,әйтеуір. Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласы

14. Енелерге қарсы күрес курсына шақырамыз "Айқын" газеті беттерінен...
▼

Енелерге қарсы күрес курсына шақырамыз

Ұрыс-керіске икемі бар, дау-жанжалға жаны құмар, төбелес кезінде екі білегін сыбанып, өсек айтатын ернін шүйіріп, тікен тілін безеп, екі көзі шатынап шыға келетін «дарынды» да щалымды, болашағынан мол үміт күттіретін келіндерді «Енелерге қарсы күрес» курсына оқуға шақырамыз. Келіндердің дініне, тіліне, отау құрған жылына, жолына, жасына шек қойылмайды.
Курсқа талапкерлер тегін қабылданады. Олар стипендиямен, жатақханамен және енелерді ұрып-соғу, сабау, сондай-ақ қарсыластармен қақтығыста бронежелет секілді қорғану құралдарымен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар енемен бірге тұрған жылдарына «за вредность» төленеді.
Сабақ кезінде Олар «Шымшу», «Бет жұлу», «Тырнау», «Қайын жұрт тарихы», «Ене тебу», «Таэкван-до», «Қаныата-до», «Өсек айту негіздері», «Күйеумен еркін күрес» тақылеттес дәрістер мен спорт түрлерін меңгереді.
Қызығы мен қиындығы қатар тұратын бұл мамандықты ойдағыдай меңгеріп, өзі түгілі, өзгенің де енесін жұлып-жеуге қабілетті болған соң, олар шетелге, яғни Америкаға, Батыс Еуропаға, Ресейге тәжірибе алмасуға жіберіледі.
Курсты Шатақ ғылымының докторы, профессор, «Енелерді қан қақсату» ғылым-академиясының құрметті академигі, Жезтырнақ сыйлығының лауреаты Долыкүл Бетпақова жүргізеді.
Біздің заманымызға сай құрылған демеушілері «Абысындар алқасы», «Жас келіндер» АҚ, «Ене кене» фирмасы, «Мыстан» ЖШС «Бізбике" бикештер кеңесі.
Отбасына егемен алып, дербес өмір сүргіңіз келсе, бізге келіңіз. Біз сіздерге қашан да қол ұшын, білек күшін бере аламыз. «Жалмауыз кемпір» атындағы Мазақ академиясы.

15. Әзілдер
▼

Жауабы жоқ сұрақтар
- Мысықтарға арналған тышқанның дәмі бар тағам неге жоқ?
- Қыз-келіншектер қасы-көзін бояғанда неге ауыздарын ашып тұрады?
- Неге біз ақшамызды брокерге сеніп тапсырамыз? (broker – ағылшын тілінен аударғанда құртушы, тонаушы деген мағынаны білдіреді).
- Күнге қыздырына берсе неге тері қарайып, шаш ағарып кетеді?
- Көріпкелдер неге «Бингодан» ақша ұтпайды?

Алыстағы ауылға газеттен тілші келіп, шопаннан:
- Айтыңызшы, бір қой қанша жүн береді? - деп сұрайды.
- Қайсысы, ақ қой ма, әлде қара қой ма? - дейді шопан.
- Мысалы, қара қой?
- Ә-ә, қара қой 3 келі жүн береді.
- Ал ақ қой ше?
- Ол да 3 келі.
- Әр қойдан қанша сүт саууға болады?
- Қайсысынан, ағынан ба, әлде қарасынан ба?
- Ағынан, болсын?
- Ә-ә, ағынан 2 литр саууға болады?
- Ал, қарасынан ше?
- Одан да 2 литр.
- Әр қой тәулігінен қанша шөп жейді?
- Қайсысы, қарасы ма, әлде ағы ма?
- мысалыға, қарасы?
- 5 келі.
- Ал, ағы?
- Ағы да 5 келі.
- Егер сойса, әр қойдан қанша е шығады?
- Қайсысының, ағынан ба, әлде қарасынан ба?
- Тілшінің төзімі таусылып:
- Ал, айталық, ағынан? - деп айғайлайды.
- Е-е, ағынан ба? Одан 15-20 келі ет.
- Қарасынан ше?
- Одан да 15-20 келі...
Тілші қатты ашуланады:
- Сіз не басты қатырып отырсыз? Сонда ақ қой мен қара қойдың арасында қандай айырмашлық бар?
- Қара қойлар - менікі, дейді шопан жайбарақат.
- Ал, ақ қойлар ше? - деп тілші жынданып кетердей бақырады.
- Ақ қойлар да менікі...

16. Қалай-қалай сөйлейміз?
▼

Қалай-қалай сөйлейміз?
Көшеде:
- Привет!
- Қалайсың?
- Нормально! Жүрген сол.
- Не жаңалық бар?
- Да так, особенно ештеңе жоқ.
- Біз де ничего, пока бәрі жақсы.
- Балалар қалай?
- Үлкені школда, кішісі садикке барады.
- «Большие дети – большие проблемы» десеңші!
- Не говори! Біз де жақында дочамызды ВУЗ-ға түсірдік. Үлкен ұлымыз үйленген. Свадьбасының өзіне біраз шашылдық қой.
- Ладно, мен асығыс едім.
- Жарайды, звондап тұр.

Дүкенде:
- Не аласыз?
- Маған екі килограмнан огурцы, помидоры, зеленьнен кішкене өлшеңіз, еще бір пачка чай мен коробка конфет беріңіз.
- Хорошо!
- Активке мың единица бар ма?
Есеп айырысар кезде:
- Мелочь жоқ па?
- І-і...
- Садачаңызды алыңыз.

Қоғамдық көлікте:
- За проезд бере салыңыздар.
- Студенческий.
- Пенсионный.
- Проездной.
- Остановканы объявлять етпейсіз бе?
- Қазір Абая-Ауезова болады.
- Назад проходим, орын бос қой.
- Следующая Жарокова. Заранее дайындаламыз.

Үйде:
- Пап, телевизорды өшіріп, видикті қосайықшы. Мультик көрейін деп едім.
- Тұра тұршы, ОРТ-да жақсы передача болып жатыр. Осыдан кейін новости басталады.
- Программада басқа не бар екен?
- Одан да сабағыңды оқы.
- Ертең суббота-воскресенье ғой...
- Мамаң не істеп жатыр?
- Кухняда обед істеп жатыр.

Тіліміздің тірі күйі
Жас пен жастың амандасуы
- Привет!
- Привет!

Жігіттің ағасымен есендесуі
- Ассалаумағалейкүм, ағасы! Қалыңыз қалай, жақсы ма?!
- Ничего, пойдет!

Ақсақалмен амандасу
- Ассалаумағалейкүм, ақсақал! Күйлі-қуаттысыз ба?
- Хорошо и нормально!

Қазақ тілі маманының сөзі
- Апай, апай! Сыныптың суықтығынан қолымыз жазуға келер емес.
- Дұрыс айтасыңдар балалар. Действительно класс суық.

Отбасындағы әңгіме Омарғали Зиядаұлы

- Мен понедельникте Жылтыргүлдің школдағы жиналысына барамын. Ал вторникте жұмыстан кейін өзімізде «чай питье» болады.
- Мен де среда күні жолға шығамын. Четверг, пятница жұмыс бабымен облыста боламын.
- Командировкадан қашан келесің?
- Может, суббота келетін шығармын, баня жағып қойыңдар.
- Баняны өзің келгенде, воскресеньеде жақпаймыз ба?
- Хорошо!


17. Жыртық қалтаның жыры
▼

Жыртық қалтаның жыры
(Қайрат Нұртастың орындауындағы
«Арман» әнінің әуенімен)

«Қалай күйдім сене,
Құлай күйдім сенен.
Жүрегімді ұстап,
Жылай күйдім сенен, сенен..»

Қайырмасы:
Заман, адастырмай мені қоя тұр,
Банк, құшағыңды маған жая тұр.
Теңге, сені сақтай алмадым,
Нарық, алдадың сен мені тағы да алдадың...

Естіген ел көптен,
Дағдарыс па жеткен?
Қайтару пайызбен,
Қиын еді неткен, неткен....

Ақша іздеп тынбай,
Мына өмірге сыймай.
Күлкіден айырған
Құрысын өмір мұндай, мұндай.....



18. "Айта салдым" қалжыңдар
▼

Айта салдым
Еркек ақша бітсе бәрін істейді.

Махаббат үшбұрышынан өз бұрышыңды тап.

Қазақ балағаттап тұрғанда да, «әкең..», «шешең..» деп ата-анасын еске алып тұрады.

«Сұлу» қыздар суретте ақылды боп көрінеді.

Қасқырлары болмаса, орманнан тыныш жер жоқ.

Жасыңда балықты көп жесең, өскенде жүзуден чемпион боласың, бірақ дәрі ішіп жүрсең, дәрігер бола алмайтының хақ.

Әйелді бағындырудың екі жолы бар: бірақ оны әлі ешкім білмейді.

Махаббат – айлы аспан астында күрсіну емес, көрпе астындағы күрес.

Қызықтың қызық болуы қызығында.

Балық құйрығынан бастап тазаланады.

Түгі жоққа түк шығады.

Өлең айта алмасаң домбыраны жаманда.

Сұлу сөз кемпірді де қыз етеді.

Жетім қыздың жеңгесі көп.

Екі жолды таңдасаң қыли боласың.

Пойызға мінерде шамаң келсе ең басындағы вагонға мін, жетер жеріңе бәрінен бұрын барасың.

Жан-жануарды жақсы көретінім соншалық, ержеткенде тек ет комбинатына барып жұмыс істеуді ұйғардым.

Кейде айтар сөз таба алмай қысылатын кез болады, ондай кезде сөздің орнына ақша бере салуға да болады.

Әйелдерді тастап, құлақ естімес, көз көрмес жер түпкіріне кеткен еркекте не арман бар екен?





19. Телефоннан айтылатын қалжыңдар
▼

Телефоннан айтылатын қалжыңдар:
Кез келген нөмірді тересіз:
- Алло, су жіберетін құбырлар қызметінен телефон соғып тұрмыз. Бүгіннен бастап суық және ыстық су беру тоқтатылады, сондықтан шелек, шәугім, қазан және ванналарыңызға су толтырып алыңыздар.
- Алдын-ала ескерткендеріңіз үшін рахмет.
- Біз барлығына хабарлап жатырмыз...
(Жарты сағаттан кейін тағы хабарласасыз):
- Алло, Сіз ваннаңызды суға толтырдыңыз ба?
- Иә...
- Енді барып қағаз кеме жіберсеңіз болады!

Түнгі сағат үште. Телефон шырылдайды:
- Алло! Сіз ұйықтап қалған боларсыз?
- Әрине, ұйықтап жатырмын!
- Онда ғафу етіңіз, таңертең хабарласайын.

- Алло! Болат бар ма?
- Ондай адам мұнда тұрмайды.
Қайтадан хабарласады:
- Алло! Болат бар ма?
- Ондай адам мұнда жоқ деп айттым ғой.
Қайтадан хабарласады:
- Алло! Болат әлі келмеді ме?
- Мынау ұқпайтын адам екен. Болатыңмен қоса....
Біраздан кейін:
- Сәлеметсіз бе, мен ғой Болат. Маған ешкім хабарласқан жоқ па?

Түннің бір уақытында телефон шаласың. Тұтқаны көтереді. Сен ұйқылы дауыспен:
- Әлі ұйықтаған жоқсың ба? Ұйықта қане.

20. Күлкі күніне арналған ойындар
▼

1 сәуір - Күлкі күніне арналған әзіл-қалжың ойындар
Егер көршіңіздің болмаса әріптесіңіздің бөлмесінің есігі сыртқа қарай ашылатын болса мынандай бір қалжың жасауға болады. Жеңілдеу, жіппен қозғауға болатын (кітап, қаламдар, жеңіл жиһаз) нәрселерді өзара бір-бірімен байлап,содан соң есіктің тұтқасына байлайсыз. Қатер істі білмейтін біреу есікті ашып қалған кезде байланған нәрселер жан-жаққа шашылады. Бөлменің астан-кестені шығады. Ең қиыны жіппен байланған нәрселерді есіктің тұтқасына байлап, абайлап бөлмеден шығып кету.

Лагерде істеген қалжыңдардың бірі. Секеңнің ұйықтағанын күтіп, (әдетте оның ұйқысы өте қатты болатын) үстіне бір қора дәретқағаздарды тастап, (көбірек тастауға тырыстық) бәріміз «Секең! Оян, үстіңе төбе құлап бара жатыр!!!» - деп айқай салдық. Қалған түнде Секеңнің қатты ықылықтауынан ешкім ұйықтай алмады!

Көп адам жүретін мекемеде тақтайшаға «дәретхана» деп жазып, мүлдем басқа есікке іліп қою керек. Бұл қызметкерлердің бөлмеден көп шыға бермейтін жері болса жақсы, тақтайша көбірек ілініп тұрады, ал қызметкерлер жүгіріп кіріп, таңғалып атып шығып жатқан адамдарға өздері де таңғала қарайды. Бірнеше жол көрсететін сілтеме-тақтайша болғанда қызығырақ болады. «Дәретхана» жазуының орнына «Асхана» деп жазуға болады. Екі жағдайда да жұмыскерлердің олай емес екенін бірнеше рет түсіндіруге тура келеді.

Бір колода карта (54 даналы), ойыншылар және ішімдіктердің көп түрі.
Жүргізуші ойыншылардың көңілін көтеріп отырса ойын қызығырақ өтеді.
Сонымен, карта үлестіріле басталады (жүргізуші оны аса шеберлікпен, асықпай, өзінің іс-әрекетімен ойыншылардың жүйкесін тоздырып, әртүрлі қалжыңдармен тиіскілеп отырады) ойыншылардың біреуіне тұз түскенге дейін. Тұз түскен адам коктейлдің құрамына тапсырыс жасайды (мысалы: қымыз, шұбат, шырын, сарыағаш, айран, лимон, шарап т.с.). Жүргізуші мұның бәрін есінде сақтайды. Әрі қарай екінші тұз түскенге дейін карта үлестіріледі. Екінші тұз түскен адам коктейлдің көлеміне тапсырыс береді (100 грамнан 0,5 литрге дейін). Жүргізуші есінде сақтайды. Карта әрі қарай үшінші тұз түскенге дейін үлестіріледі. Ол ойыншы коктейлдің ақшасын төлейді, не өзі оны араластырады, және де коктейлге қосылатын ішімдіктердің қосылу мөлшері де өз еркінде. Карта үлестіріле береді. Төртінші тұз түскен адам осы коктейлді ішуі тиіс.

Бұл ойын ұзаққа созылып, біртіндеп жасалады және де бір қолайлы нәтижесі: ойыншының ұқыптылығын нығайтады. Әрдайым сіздің қасыңыздан табылатын адам таңдалады (күйеуі, зайыбы, ағасы, әпкесі, қарындасы, бауыры т.с.). Ойынның шарты бойынша бұл жаңғалақ адаммен ойналады. Өйткені ондай адам әрқашан өзінің заттарын (көзілдірігін, тарағын, ұялы телефонын т.с.) аңдаусызда көрінген жерге тастап кетеді. Күнделікті жоғалтқан нәрсесін іздеумен айналасындағы адамдардан «көрдіңдер ме?» деген сұрақпен мазаларын алады. Міне, дәл сондай сәтте сіз оған оның жоғалтқан нәрсесінің мүлдем ол затқа қолайсыз жерде екенін айтасыз, мысалы: тоңазытқышта деген сияқты. Әрине ол адам сіздің оны мазақ қылып тұрғаныңызды түсініп сіз айтқан жерден қарамайды. Бірақ іздеп таба алмаған соң сіз айтқандай тоңазытқыштан да қарауына тура келеді. Осыдан кейін жаңғалақтың жоғалтқан нәрселерін өзіңіз айтқандай небір жерлерге қоя беріңіз. Ерте ме, кеш пе ол адам өзінің жоғалтқан нәрселерін сіз қойған жерден тауып алып жатады. Оның ол жерге қайдан келгеніне таң қалады, бірақ та іздестіруді сол жерден бастайтын болады. Ал, енді айналасындағылардың ол адамның тарағын тоңазытқыштан іздегенін көргендегі таңғалғанына көз салыңыз. Немесе іздеген нәрсесін басқа біреу мүлдем ойламаған жерден алып шығып «мынау сенікі ме?» деп аң-таң болып жатса... Бұл ойын жаңғалақ адамның түбінде өз нәрселеріне ие болуына әсер етеді.

Сыныптың ең соңындағы партаға отырып, хат жазыңыз. «Төбеде шұлық ілініп тұр! Әрі қарай бер!» Хат сынып ішінде қолдан қолға беріліп кете береді. Хат алған оқушы оқыған соң төбеге ұзақ қарап күледі де, хатты басқа біреуге береді. Мұғалім хатты оқып, күліп отырған оқушыларды байқаған соң хатты алып-алып оқиды да, төбеге қарайды.

Фараон
Бір адамның көзі байланады. Байланған көзімен ол алдындағы адамның мүшелерін қолымен ұстап анықтауы тиіс. Ең бастысы ол адамның басын, аяқ-қолын анықтаған соң қолына жылы, қабығы аршылған шұжықты ұстатыңыз.

Үнемі басына бір түсті қалпақ киетін адам болыпты. Өзі қырсық адам болғандықтан айналасындағылар оны алдап соқпақшы болады. Дәл сол адамның қалпағындай бас киім, бірақ екі размер кішісі сатып алынады. Жұмысқа келген соң ол кісі әдеттегідей сыртқы және бас киімін ілгішке іледі. Сол сәтте оның бас киімі ауыстырылады. Ойын ұйымдастырылушылар бірінен соң бірі «сіздің басыңызға не болған?» деп сұрап жүреді. Жұмыстың аяғында ол адамның әбден мазасы кетеді. Қайтарда бірінші сыртқы киімін, сосын бас киімін кимекші болады (әрине бас киімі тар болып шығады). Таң қаларлық оқиға, бірақ жағдайды ұшықтырып алмаған да жөн.

Жіптен тарт
Бұл ойынды балалар бар жерде де ойнауға болады, бірақ алдын ала дайындық керек. Бірінші пенжагыңыздың қалтасына бір шарғы жіп салып алыңыз. Жіптің түсі пенжактың түсіне сәйкес келгені дұрыс. Жіптің ұшын көзге түсетіндей сыртқа шығарып қойыңыз. Міндетті түрде сіздің салғырттығыңызды аңғаратын біреу табылады. Одан көмек сұраңыз. Үлкен де, бала-шағада күлкіге бір батады.

21. СМС-әзіл-қалжыңдар
▼
22. Келіншектер құрылтайы
▼
23. Бірдеңе той
▼
24. мағынасы майысқан мақалдар
▼
25. Еркектің анасы /Ғабиден Қожахмет
▼
26. Әке беделі /әзіл-әңгіме/ Ғабиден Қожахмет...
▼
27. Танысу бұрышында /әзіл/ Ғабиден Қожахмет...
▼
28. Агенттегі қыз (әзіл)
▼
29. Қалталы жігітке тигісі келетін қыздарға құлаққағыс /әзіл-шыны аралас...
▼
30. Құйрық сипайтын уақыт /Л.Ахмедияров
▼
31. Сырласу /Ғабиден Қожахмет
▼
32. Дуканың достары /әзіл/ Ғабиден Қожамет
▼
33. Ер мен әйелдің сұхбаты(әзіл) Ғабиден ҚОЖАХМЕТ...
▼
34. Заман жақсы ғой,шырағым /әзіл/ Ғабиден Қожахмет...
▼
35. Шын ғашықтар қосылмайды /әзіл әңгіме / Ғабиден Қожахмет...
▼
36. Әнші Әуенмен сұхбат (әзіл әңгіме) қосқан Ғабиден Қожахмет...
▼
37. Мұғалім және өлең (әзіл әңгіме) қосқан Ғабиден Қожахмет...
▼
38. Еркектің хаты немесе "Құтты болсын" деген не? /әзіл әңгіме/ қосқан Ғабиден Қожахмет...
▼
39. Әйел, күйеу және ене /әзіл әңгіме/ қосқан Ғабиден Қожахмет...
▼
40. Жауын астындағы махаббат/әзіл әңгіме/ қосқан Ғабиден Қожахмет...
▼
41. Сүйетініңді ұмытпа \әзіл әңгіме\ қосқан Ғабиден Қожахмет...
▼
42. Бәрінен де сен сұлу \әзіл әңгіме\ қосқан Ғабиден Қожахмет...
▼
43. Бастық пен әйел/әзіл әңгіме/ қосқан Ғабиден қожахмет Қызылордадан...
▼

Автор, редактор:
Юрист-консультант по семейному праву