FindHow сборник различных поздравлений на казахском языке.
Бесік жайлы әфсана
Жоңғарлар шапқыншылығынан соң тоз-тоз болған ел тау жаққа қарай босып, үдере көшкенде жүкті жас келіншек бос бесікті арқалап бара жатқан көрінеді. Сонда Төле бимен қатар келе жатқан кісі: "Мына бейшараның көрпе-жастығын тастап, бос бесікті арқалап келе жатқаны-ай!" - дегенде, Төле би: "Баланың бесігі - кең дүниенің есігі ғой", -деген екен.
Бұл күндері, Құдайға шүкір, өз дәстүр-салтымыз бен әдет-ғұрпымызға мойын бұрып, шамамыз келгенше ұлықтап-ақ жүрміз. Әсіресе, жастар жағы. Бүгінгі үйлену тойларының арақ-шарапсыз өткізіліп жатқандығы, әр-әр жерде торттың орнына «келін шайының» беріліп жүргендігі, осының айғағы болса керек.
Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, ырым-тыйымы ұлттық кодқа, энергетикалық күшке айналып кеткендігін іштей мойындасақ та, жеме-жемге келгенде кежегеміз кейін тартып, үркіп тұратын кезіміз көп. Дегенмен, бүгінде сәбилерін бесікке бөлейтін, тұсаукесерге мән беретін отбасылар көбейді. Бұл - көңіл қуантарлық жағдай. Өз таным-нанымымыз өзімізге ғана жұғысты болатынын түсіне бастағандаймыз. Зейнеп Ахметованың бүгінгі әңгімесі де осыны аңғартады...
Шілдехана тойының қандай маңызы бар? Бала алғаш дүниеге келген күні қазақ шілдехана тойын жасайды. Шілдеханада түнімен ән айтылып, күй тартылған. Яғни жаңа туған нәрестенің алғаш құлағына естілетіні қазақтың әні мен жыры болған. Осыдан соң қазақ қалай әнші болмайды дейсің?! Бұрындары жас босанған әйелді түн күзететін болған. Сол түні ән мен жыр, күмбірлеген күй түні бойы бір толастамаған екен. Ол, бір жағынан, жаңа туған баланы жын-шайтан иектемесін деген ойдан шыққан. Өйткені ән салған адамның жаман ой ойлауға мүмкіндігі болмайды. Ал әнде үлкен құдірет бар. Сол дыбыс, әуен, саз жаңа туған нәрестенің құлағына сіңеді. Тек шілдехана жасалған күні болмаса, баланы қырқынан шығарғанша үйге көп адамды топырлатып шақырмаған екен. Ол екі аралықта балаға «бауы берік болсын» айта келгендердің өзі келін мен баланы көруге талпынбаған. Өйткені «келінге көз тиеді, балаға сұқ өтеді» деген. Қазақ жаңадан туған ботаның өзін жетілгенше тасада ұстап, ешкімге көрсетпеген ғой. Сол сияқты біреу қолға алып, жүзіне көз салып қараса, соның өзі жас балаға ауырлық әкеледі деп қауіптенген. Бір жағынан, бұл да дұрыс. Өйткені біз, өзіміз де бізде қандай энергия, қандай биоөрістер бар екенін біле бермейміз. Ал адамдар әртүрлі. Сен балаға жамандық ойламаған күннің өзінде балаға бейсаналы түрде зиян тигізуің мүмкін. Сондықтан ересек адамдар мүмкіндігінше жас босанған келіні бар, жаңадан туылған бөпесі бар үйге бара бермеген. Себебі қырық күн толмаған сәби жердің баласы деп есептелмеген. Бұлай деуге не негіз болды екен деп көп ойландым. Себебін тапқан сияқтымын. Қырқынан шықпаған баланың білегін ұстап көріңізші, еті мен сүйегі бірікпегенін байқайсыз. Ал қалай қырық күн толады, сол күні ет пен сүйектің біріккенін сезесіз... «Итжейде» қандай болуы керек? Баланың ең алғашқы киімі - «итжейдені» кіндік шеше тіккен. Жұмсақ матадан, кейде тіпті жаңа матаның өзін жуып, жұмсартып барып кең, мол әрі ұзын ғып тіккен екен. «Итжейденің» мол етіп тігілуінің өзіндік мәні бар. Тіршілік дегенің зырылдап өте шығатын тақтайдай жол емес. Бірде өрге өрлейсің, бірде төмен сырғисың дегендей, ойы-қыры көп. Өмірде барлығы қос-қостан жаралған. Күн мен түн секілді жақсылық пен жамандық та, байлық пен жоқшылық та бірге жүреді. Мынау қамшының сабындай қысқа өмірде таршылық көрмесін, басына тартса, аяғына жетпейтін жоқшылық көрмесін деген ниетпен, «итжейдені» кең, мол әрі ұзын етіп тіккен. Бұл, бір жағынан, баланың емін-еркін жатуына ыңғайлы. Баланың терісі өте нәзік болғандықтан денесіне батпасын деп «итжейденің» тігісі сыртына қаратылып тігілген. Қазіргі кіндік шешелер дүкеннен дайын киімді апарып жүр. Тіпті кіндігіне де жетпейді... Ата-бабаларымыздың айтқаны, ырымдағаны негізсіз емес деп ойлаймын. Осынау ұлан-ғайыр кең-байтақ жерімізге иелік еткен ата-бабаларымыз сол кездің өзінде қазақ деген халықтың кемеңгерлігі мен даналығын өзгеге мойындата білген. Бүгінде... Қарап тұрсақ, өз жерінде жүріп, базарда ала қап арқалап, үйсіз-күйсіз күн кешіп жүрген де, тұрмыстың тауқыметін өзгелерден көп тартып жүрген де - өз ұлтымыз, қазақтың азаматтары, қазақтың әйелдері... Кім біледі... «Итжейдені» бала қырқынан шыққанша кигізген. Кейін қырқынан шығарғанда «итжейдеге» тәтті-мәттіні түйіп, иттің мойнына байлап жібереді. Балалар итті қуып жүріп, ондағы тәттіні шешіп алып, таласып жеген. Бір жағынан, содан да «итжейде» аталуы мүмкін. Қазақ итті «жеті қазынаның бірі» деп есептеген. Өйткені ит - иесінің тілекшісі әрі ырыс пен берекенің күзетшісі саналған. Ит иесіне адал. Әрі ит көптеп күшіктейді емес пе?! «Баланың артынан көп бала ерсін, осы шаңырақта бала улап-шулап жатсын» деген тілек жатыр мұның астарында. Содан кейін тілімізде «итжанды» деген сөз де жиі кездеседі. Иттің төзімділігіне, қайсарлығына, адалдығына байланысты айтылғандықтан да, баланың бойында адалдық пен қайсарлық қатар өрілсін, өмірдің қиындығына төзе білсін деген ырыммен «итжейде» итке байланған. Балалар тәттілерін таласып-тармасып, өзара бөлісіп алған соң, «итжейдені» бала көтермей жүрген әйелдер не жаңа түскен келіндердің бірі «тілеуімізге жетейік» деп ырымдап қалап алған екен. Мұны әркім әрқалай түсіндіріп жүр, бірақ менің ұғымымша, «итжейденің» сыры осында болса керек... «Қалжаның» сыры неде? Қазақтың өте бір қасиетті ырымы - келінге қалжа жегізу. Бұрынырақта кедейдің кедейі әйеліне қалжа жегізген. Тіпті бұған өзінің шамасы келмеген күнде, ауқатты адамдар қалжасын әкеліп берген. Қалжа әкеп беру де сауабы үлкен іс болып саналған. Қалжаның күнделікті желінетін еттен айырмашылығы - ол жас босанған ана мен баланың сыбағасы. Әрі құрметті ас саналады. Қалжа, біріншіден, дүниеге келген нәрестенің құрметіне арналса, екіншіден, жас анаға дүниеге перзент әкелгені үшін арнайы сойылатын болған. Күнде келінге сорпасын ішкізіп, етін жегізіп отырғандықтан жас босанған ана өзінің жоғалтқан күш-қуатын осы қалжа арқылы қалпына келтіреді. Босанғаннан кейінгі күтімге қалжаның тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Қалжа жеп, жас сорпа ішкен келіншектің сүті де маңызды, құнарлы болады. Баланың тез ет алып өсуіне әсер етеді. Қазіргі жігіттерді қайдам, бұрындары жігіттердің бірі ауырлау затты көтеруге әлі келмесе немесе абайламай жығылып қалса, құрдастары келеке қылып: «Әй, немене, сенің шешең қалжа жемеген бе?» деп қағытқан. Кей жағдайда «құдайға шүкір, біздің де шешеміз қалжа жеген» деп өзін-өзі көтермелеп, шамасы келмей жатқанын білдірмеуге тырысып баққан. Тілімізде жиі қолданылатын осы сөздің өзінде мән-мағына жатыр. Қалжаны кей өңірлерде қыздың төркіні де әкеп жатады, бірақ қалжа негізінен, келіншектің күйеуінің мойнындағы міндет-парызы болып есептеледі... Әңгімелескен Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ
Жер бауырлап жатып жылау - жақсылыққа апармайды. «Күлді баспа», «өзенге түкірме», бұл - жас ұрпақты тазалыққа үйрету. «Босағаны керме», бұл - қазақ ұғымында әйел мен ер адам үйдің қос босағасы секілді, оны керу - екеуінің арасын суыту, ажырату деп білген. Жолды бос шелек ұстаған әйел кесіп өтсе - жолың болмайды. Сондықтан ата-бабаларымыз қыз балаларына: «Ешқашан ер адамның жолын кесіп өтуші болмаңдар!» деп ақыл-кеңес беріп отырған. Есінегенде ауызды қолмен жабу қажет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) есінегенде, аузын оң қолының ішкі жағымен не сол қолының сырт жағымен жапқан екен. Өйткені адам есінегенде, шайтан оның аузына балаларын тастап жібереді екен. Міне, бұл да тыйымның бір түрі. Ақ құйып шығару. Әсілінде, қазақ халқы ұрпағын ақты жерге төкпеуге, аяқпен баспауға үйретеді. Ал кейде ақты жерге төгетін ырым да кездеседі. Мысалы, кенеттен қалың өрт бола қалған жағдайда, өрт жылдам тоқтасын деген ниетпен оның алдына ақ шашады. Бұған қоса, кездейсоқ үйге жылан кіріп кеткенде де оның басына ақ сүт немесе айран құяды. Сөйтіп, жылан ешкімге тиіспей, келген ізімен үйден шығып, ізім-қайым жоғалады. Мұндай әдет халқымыздың адам түгіл, үйіне келген жан-жануарларға да қастандық жасамайтындығын білдірсе керек. Ақ жол - бұл қазақ халқы ырымының бір түрі. Көрнекті жазушы Ілияс Есенберлин өзінің «Қаһар» романында халқымыздың осындай ырымы туралы былай дейді. «Ақ жол» емі - жаралы адамнан гөрі, төре тұқымынан шыққан қатындарға үлкен сын. Бұл ырым бойынша, егер күйеуінің «көзіне шөп салмаған әйел» жаралы адамның үстінен аттап өтсе, ауруы жазылады. Егер аттаған әйел күнәлі болса, ауру адам табан астында өледі» деп жазады Ілияс Есенберлин. Ал енді кейбір зерттеуші ғалымдар «Ақ жол» ырымы емнен гөрі әйелдің пәктігін сынауға арналған деген пікірлерді айтады. Өмірден көргені мен түйгені көп дана халқымыз ұрпақ жалғастығына, әсіресе белінен өрбіген ұл-қыздарының аман-сау азамат болып өсуіне айрықша назар аударған. Атамыз қазақтың «баламның табанына кірген шөңге менің маңдайыма қадалсын» деуі де, біздің осы пікірімізді айқындай түседі. Егер зерделеп қарасақ, бала, яғни ұрпақ тәрбиесінде қазақы ырым-тыйымдардың маңызы ерекше. Әдетте, ата-бабаларымыз өмірдің өзінен алынған ырым-тыйымдар арқылы бала-шағасын кездейсоқ қауіп-қатерден, айтпай келетін алуан түрлі бәле-жаладан қорғап отырған. Әлі есімде, балалық шақтың бал дәуренінде алыстан әлдеқандай қонақ үйге келе жатса, алдымен далада жүрген ойын баласы біздер қуанышымыз қойнымызға сыймай «әке, қонақ келе жатыр» деп үйге қарай тұра «шабатынбыз». Сонда, бұл қылығымызды жақтырмаған әкем: «Тоқта, жаман ырым бастағаның не? Адам үйге қарай айғайлап жүгіруші ме еді? Доғарыңдар, жаман болады» деп бізге зекіп тастайтын. Зекіп тастайтын да, әлден уақытта ашуы басылып, мұндай әрекеттің жаман екенін, адам баласы тек қаралы хабарды естірткенде немесе мәйітті жерлеп қайтқан кезде ғана үйге қарай жүгіретінін айтып, бізді біраз «жүгендеп» алатын. Кейде ұзақ күн доп қуып келіп, бар шаруаны бітіргендей атамның жанына жақындай келе екі бүйірді таянып тұра қалсам: «Тәйт әрі, екі бүйіріңді таянып, не шақырып тұрсың?» дейтіні есімде. Бала кезімізде бұл айтқандарға соншалықты мән бермесек те, есейе келе зерделесек, Құдай оның бетін ары қылсын, қазақтың салты бойынша жақынынан айырылған адам ғана қос қолын беліне таянып, өмірден озған туған-туысын жоқтайтын болған. Сонда, жарықтық үлкен адамдар бізге ұрысқанда «әулетке қандай да бір нәубет келмесін» деп ойлаған екен ғой. Бір таңданарлығы, қазіргі күні қайсыбір қазақ кинорежиссерлері кезекті киноны толық түсіріп болғанша сақал-мұртын алмайды. Бұл да, міне, ырым-тыйымның қанға сіңген түрі болса керек. Қанға сіңген демекші, талайларды тамаша даусымен баурап алған талантты әнші Тамара Асар да ежелгі ырым-тыйымдарды мойындап, кешеден бүгінге жеткен сол ырым-тыйымдардың қайсыбіріне күнделікті өмірде ден қоятын көрінеді. - Мен таза қазақы ырым-тыйымдарды өмір сүру қауіпсіздігінің, бала тәрбиесінің шағын тұжырымдамасы деп түсінемін. Мысалы, мен «сол көзің тартса жабырқап, оң көзің тартса қуанасың», «бүйіріңді таянба», «жағыңды таянба», «көсіліп отырма» деген тәрізді ырым-тыйымдарды өзімше қабылдаймын. Мысалы, қыз баланың аяғын көсіліп отырғанынан жаман нәрсе жоқ. Қыз баланың үнемі жинақы жүргені абзал. Өте ырымшылмын. Сондықтан балама «бәтеңкеңді оң аяқтан ки, оң жеңіңді бірінші ки, киімді теріс ілме» деп үнемі айтып отырамын. «Неге?» деп сұрай қалса, ерінбей-жалықпай оның мәнісін түсіндіремін. Ал сахнаға шыққанда, үнемі оң аяғыммен шығамын. Мұның бәрі маған ата-әжемнің тәрбиесінен сіңген қасиет, - деп әнші Тамара Асар ағынан жарылды. Ал бұл жөнінде зиялы қауым өкілі мен этнограф-ғалымдар не дейді? Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы-драматург: - Ата-анамыз бізге жас кезімізде, «аяқ киімді кигенде оң аяқтан бастап кию керек», «жатарда жаман ойламау қажет», «ымыртта, яғни бейуақта ұйықтама» деп үнемі айтатын. Мысалы, «ымыртта ұйықтама» дейтіні мистика бойынша, «дәл сол уақытта жын қоныс аударады, көшіп жүреді екен. Жын ұйықтап жатқан адамның үстінен өтіп кетсе, ол есалаң болып қалады» дейді. Сондай-ақ «суға түкірме, түнде өзенге шомылма, түнде тырнақ алма» деген ырым-тыйымдарды да жиі еститінбіз. Қазақы ырым-тыйымның барлығы да кәдуілгі өмірдің өзінен, тұрмыста кездесетін алуан түрлі жағдайаттардан алынған. Мәселен, «түнде тырнақ алма» деген тыйымды алайық. Ештеңесі жоқ, қазіргі күні кейде тырнақты түнде алып жүрміз ғой. Меніңше, мұнда тұрған ешнәрсе жоқ секілді. Бірақ ойлап отырсаңыз, ата-бабаларымыз өмір сүрген сол бір ғасырларда бүгінгідей жарқырап тұрған жарық шам болмаған, сондықтан бала-шағалары тырнақ аламын деп «саусақтарын кесіп ала ма?» деп қобалжудан осындай тыйым пайда болуы мүмкін. Жалпы, мен ырым-тыйымдардың барлығын бірдей қабылдай бермеймін. Меніңше, оның қажеттісін алу керек те, қажетсізін ысырып тастау қажет. Менің пікірім - осы! Досымбек ҚАТРАН, тарих ғылымдарының кандидаты, этнограф: - Ырым-тыйым көп жағдайда адамның наным-сеніміне тығыз байланысты. Ырым дегеннің өзі қандайда бір жағдайға байланысты әлдебір әрекеттерді атқармауға тыйым салады. Ырым-тыйым халқымыздың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін шатастырмау үшін де қалыптасқан. Оның үстіне ақ пен қара, күн мен түн, жақсылық пен жамандық секілді дуалистік түсініктердің қолданыстағы мәні мен маңызын, парқын ажырату үшін, бұған қоса, осындай жағдайаттарды ырымдауға, олардың қайсыбіреулеріне тыйым салу мақсатында ырым-тыйым пайда болған. Ал тыйымның өзі ырымдауға байланысты болады. Мәселен, шәй немесе сусын құйғанда, үлкендер «қолдың сыртына қарай құйма» деп жатады. Ал мұның мәнісі халқымызда мәйітті арулаған (жуындырған) кезде суды қолдың сыртына қарай құяды. Демек, сусынды ешқашан қолдың сыртына қарай құюға болмайды. Сондай-ақ «ауылға қарай атпен шаппа немесе жүгірме» дейді. Мұның өзі қазақтың салтында үйге қарай шауып келетін жағдай бар екендігін білдіріп тұр. Анығын айтсам, қазақтың салтында суыт хабар айтуға келген адам ғана ауылға шауып келеді. Сонымен қатар «есікті керме» деген тыйым бар. Мұның мәнісі, бұрындары жаманат хабар алып келген адам ғана есікті керіп тұрып, хабарды жеткізетін болған. Тағы бір ерекшелігі, мұндай хабар әкелген адам үйге кірмей, тізе бүкпей кетеді. Түйіндеп айтсақ, ата-бабаларымыз қалыпты жағдай мен қалыптан тыс жағдайдың ара жігін ажырату үшін ырым-тыйымдарды пайдаланған. Демек, ырым-тыйым күнделікті тұрмыста орын алып келген алуан түрлі жайттардың негізінде қолдану үрдісіне енген. Бұған қоса, ырым-тыйым адамның қауіпсіздігін сақтау мақсатында да қолданылғанын айтуға болады. Қалай десек те, қазақтың ырым-тыйымдарының астарында үлкен тәрбиелік мән бар. Жасыратын түгі жоқ, менің өзім де ретіне қарай қайсыбір ырым-тыйымдарды ұстанамын. Өйткені ырым-тыйым жақсылыққа бейімдеп, жамандықтан сақтандырып отырады. Міне, бұл - ырым-тыйымның басты қағидасы! Қаперіңізде болсын!
1. Белді, жақты таянбайды. 2. Жер таянып отырмайды. 3. Тізені құшақтамайды. 4. Жуған қолды сілкісе, ырыс-несібе кетеді. 5. Саусақты адамға қаратып шошайту әдепсіздік болып саналады. 6. Саусақты, қолды орынсыз ауызға салуға болмайды. Бұл да әдепсіздіктің белгісі. 7. Екі қолды төбеге қойып отырмайды. Қазақтың салтында басына қайғы түскен адам ғана қос қолын төбесіне қояды. 8. Басты шайқауға, тісті қайрауға болмайды. Себебі бұлай ету жүйке ауруына шалдыққан адамның белгісі. 9. Таңдайды қағуға болмайды. Үйдің ішінде таңдай қағу - жаманшылық шақырудың белгісі. 10. Біреуге қарап ерін шығаруға, жасы үлкен адам алдында аяқты созып отыруға, адамға қарап түшкіруге, үлкен кісінің жолын кесуге болмайды. Қариялар мұндай ерсі қылықтарды әдепсіздіктің белгісі деп жас ұрпаққа үйретіп отырған. 11. Құран оқығанда күлуге болмайды. Құранды жерге тастауға, аяққа басуға болмайды. Өйткені ол - киелі кітап. 12. Адамға қарап керілмейді, бұл - әдепсіздік. 13. Жатқан адамның үстінен аттамайды. Кемтар адамға күлме, күлсең басыңа келеді. 14. Қазақ халқында «сәрсенбі - сәтті күн» дейтін ырым да бар. Осы ырымды берік ұстанған адамдар кез келген үлкен істі сәрсенбі күні бастағанды құп көреді.
Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ
Қазақ халқы - ежелден ерекше балажан халық. "Балалы үй - базар, баласыз үй - қу мазар" деп, дүниесі түгел, қызығы мол базар секілді, балалы үйдің шаттық қуанышы да, байлығы да бала екенін меңзейді. "Артымда тұяғым қалсын, шырағым сөнбесін, түтінім түтеп, әулетім жалғассын" деп армандайды. Қазақтағы өте ауыр сөз - "қубас" атану. Сондықтан төрт құбыласын түгендейтін ұрпақтың өмірге келуін Құдайдан құлшынып тілеген. Баласы қанша болса да көп көрмеген. "Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады" деп, әр бала өз несібесімен келетінін айтады. Шындығында да солай, Жаратқан Иеміз ешкімді үлессіз қалдырмайды. Ырымшыл халқымыз тіпті балаларының санын бадырайтып айтпаған. Біреу сұрай қалса, "4-5 жаман қара бар ғой" деп сырғыта салған. Сұраған кісі де ары қарай қазбаламайды екен. Ұрпағының көбеюіне, өсіп-өніп жетілуіне зор мән бергендіктен болар, балаға қатысты ырым-тыйым, дәстүрлер де жетерлік. Кейбіреулерін ғана атап айтсақ, кішкентай балаға тіл-көз тимесін, сұқ өтпесін, назар түспесін деп олардың баскиіміне үкі, жыланның қураған басын, көзмоншақ қадап, тұмар тағып қоятын болған. Көпшілік бар жерге апарғанда, маңдайына күйе жағады. Балаға үкі тағу бүгінде жоқ деуге болады. Ал көзмоншақты қадап жүргендерді жиі кездестіреміз. Алайда қазіргі көзмоншақтардың бәрі қолдан жасалған. Дегенмен ақ ниет, ізгі тілекпен қолданса, оның да септігі бар. Ал шынайы көзмоншақ деген кез келген жерде жататын, оңай табылатын зат емес. Оны дария мен өзен-көлдердің жаға-жиегінен іздейді. Толқын ұрып шайып, жып-жылтыр болған кішкентай домалақ қарасұр немесе қара тастың бірнеше жерінде ақ дақтары болады. Мұндай тас адам көзінің ағы мен қарасының нышанындай болғандықтан, былайғы тастардан өзгешеленіп, тылсымдау көрінеді екен. Сол ерекше тасты зергерлер шеберлікпен әдемілеп теседі де, ұл балалардың баскиіміне немесе киімінің өңіріне қадап қояды. Ал қыздардың көзмоншағын көбінесе күміске бекітіп, бұралмалы бау жасап сәндейтін болған. Жас балаларға қатысты "көз тию", "тіл тию", "сұқ өту", "аш кіру" деген сөздер негізсіз шықпаған. Әр адамның бойында әртүрлі деңгейде биоөріс, көзінде от болады. Қазіргі тілмен айтсақ, энергия, аура бар. Адамдар сәбиге ешқандай жамандық ойламаса да, көзіндегі назар күші балаға беріліп, кішкентай бала оны көтере алмай, ауырып қалады. Қызуы көтеріледі, іші өтеді, құсады, жылап жүдей береді дегендей, балаға ауырлық түседі. Тәжірибелі әжелер мұндайда не болғанын бірден түсініп, баланы таза сумен ұшықтайды, тұзбен аштайды, адыраспан мен арша түтіндетіп аластайды. Қазір осындай ем-домды халық емшілері қайта жаңғыртып қолданып жүр. Бір таңғаларлығы, осындай ырымдардан кейін бала бірден жеңілденеді. Әжелеріміз немерелерінің маңдайына күйені де білгендіктен жаққан. Өйткені адамның көзі бірден балаға емес, маңдайындағы күйеге түседі де, көз өту қаупі әлсірейді. Үлкен аталар мен әжелер сәбиге өте еміреніп қарауға тыйым салған. Өздері немерелерін қанша елжіреп жақсы көрсе де, "ой, жаман, сұрың бар болсын..." деп еркелетіп жатады. Алты алаштың ардақтысы болған менің қайын атамның көзінің отты әрі жанарының тым өткір болғанын жұрт біледі, аңыз етіп айтады. Атам марқұм ешқашан балаларды сүймейтін, көзіне тура қарамайтын. Өте бір еркелеткенде "жақсы бала екен ғой өзі, адам бол" деп арқасынан қағып не басынан сипайтын. Тіпті өзінің жалғыз немересі Ержанды сүйген емес, тек маңдайынан иіскеп, бауырына қысып қана қоятын. Бұл атаның жас балаларды ұнатпағандығынан немесе қаталдығынан емес, "ауыртып алармын, зияным тимесін" деген аталық парасаты екен. Әлі күнге дейін ел ішінде үлкен кісілердің балалардың қолынан сүйіп, маңдайын иіскеп өз көңіл-ниетін білдіру сақталған. Осы күні кішкентай балаларын көтеріп базар аралап жүрген жас келіндерді көргенде, жүрегім сыздап кетеді. Олар тым болмаса сақтану шарасын, ырымын жасамай, бейқам жүреді. Әсіресе, Алматының "барахолкасы" мен көк базарында кім жоқ дейсіз?! Ондай жерлерде алуан ниетті, сан түрлі мінез-құлықты, неше түрлі биоөрісті пенделер бар емес пе?! Адамдар көп жиналған жерге баламен барғанда немесе базар аралағанда, балаңыз ешқашан баскиімсіз жүрмегені дұрыс. Содан кейін жоғарыдағыдай орындарға барып келген соң, шаршады деп ұйықтата салмай, міндетті түрде суға түсіріп, жуындырып алған жөн. Әртүрлі себептермен шомылдыру мүмкіндігі болмаса, тым құрығанда беті-қолын жуыңыз. "Таза болсаң судай бол, бәрін жуып кетірген" деп халқымыз тегін айтпаған. Тіршіліктің төрт негізінің (ауа, су, от, топырақ) бірі саналатын судың қасиетін тәптіштеп айтпасақ та түсінікті...
ӘР НӘРСЕ ӨЗ УАҚЫТЫМЕН...
Қазақ халқы әу бастан-ақ балаларын әдемі, бойына қонымды етіп киіндіріп, сәндік бұйымдарға көп мән берген. Өйткені балаға тікелей қадалатын жанар, көздегі назар күші алдымен киімге, әшекей заттарға түседі. Кейде өте әдемі балаға жөнсалдау, қоңырқай, жұпынылау киім кигізіп қоятын да болған. Қазір, Құдайға шүкір, ақшаң болса, бала киімінің небір түрін таңдап алуға болады. Бірақ кейде орынсыз шектен шығып та жүрміз. Олай дейтінім, 6-7 жасар бүлдіршін қыздарға үлкендер киетін көйлектің сәнімен тігілген кеудесі кереқарыс ашық, жеңсіз қымбат көйлек, шынтағына дейін капрон қолғап кигізіп жүрміз. Ол аз болса, шашын бойжеткендерше төбесіне түйіп, ерніне далап, қабағының үстіне жылтырақ бояу, бетіне грим жағатын әдет шықты. Мұны кез келген той-думанда, балалардың концерттерінде көруге болады. Титімдей кезінен бояу жағылған соң, 16-17 жасқа келмей-ақ терісі ескіріп, олар табиғи нәзіктіктен айырылары анық. Әр нәрсе өз уақытымен, жолымен лайықты. Жас балалардың бейкүнә періште қалпына, Алла жаратқан пәктігіне ерте қол сұғудың қажеті бар ма?! Қызық үшін басқадан ерекшеленіп, "мәдениетін" көрсету үшін кішкентай өрендерді жасандылыққа үйреткеннен не ұтамыз? Әсіресе, жас ата-аналар осыны бір сәт ойлаулары керек-ақ. Айтпай кетуге болмайтын тағы бір мәселеге тоқталғым келеді. Бүгінде қасиетті ислам дінін бетке ұстап, қазақтың табиғатында болмаған, салтында кездеспеген арабтардың хиджаб деген киімі жайлап бара жатыр (бұл - үлкен тақырып, бөлек әңгіме). "Бояушы "бояушы" дегенге сақалын бояйды" дегендей, басқамыздан "артық" мұсылман екенін көрсеткісі келген қыз-келіншектер өздерінің тұмшаланғанын аз көргендей, 4-5 жасар кішкентай қыздарына да хиджаб кигізетін болды. Байғұс бала не адымдап жүре алмайды, не асыр салып секіре алмайды. Арқа-жарқа ойнап жатқан балаларға мөлие қарап, шұбатылған қара көйлекке шырмалып тұрады. Әрине, ата-ана өз баласын қалай тәрбиелеймін десе де, еркі біледі. Бірақ өз басым, өзі үшін шешім қабылдай алмайтын бейкүнә бүлдіршіннің қайталанбас балалық бал дәуренін ұрлап, "балалық шағың - патша тағың" деген бабалар даналығын аяққа таптауды мұсылмандық дей алмаймын.
ҚАРАҒЫМ, АЙНАЛАЙЫН КЕКІЛДІМ-АЙ... Халқымыздың балаларға арналған ғұрыптарының бірі - айдар қою. Айдар тек ер балаларға қойылған. Айдар қойғанда, баланың төбесіне бір шоқ шаш қалдырып, қалғанын ұстарамен қырып тастайды. Айдар шашты кейде желбіретіп бос жіберіп, кейде жіпке өткізілген маржанды шашқа қосып өріп, ұшына шашақ тағып қойған. Бала сүндетке отырып, мұсылмандық парыздан өткен соң, айдар шашын алып тастаған. Кейбірі мүшелге толғанша, айдарлы болып жүреді. Көнекөз қариялардың айтуынша, төре тұқымының жігіттері де айдар қойған екен. Адамның көзі баладан бұрын ерекше көрініп тұрған айдар шашқа түседі. Кейінгі кездері айдарлы балаларды жиі көретін болдық. Бұл - қазақ үшін тосын нәрсе емес, бұрын болған, ата-бабаларымыз қолданған ғұрыптың жаңғыруы, ұмытқанды еске алып, ескерудің көрінісі. Кекіл қою да - бабаларымыздан қалған ғұрып. Кекіл - ұлға да, қызға да жарасып тұратын шаш. Ұл балалардың маңдайына бір шөкім шаш қалдырып, ұшын тегістеп, қасына түспейтіндей етіп қиып, қалған шашын алып тастаған. Ал қыз бала-лардың негізгі шашына тиіспей, маңдайына кекіл түсірген. Ер балаларға тек кішкене кезінде қойылса, қыздардың бойжеткенде де кекілі болған. Мұны:
Қарағым, айналайын кекілдім-ай,
Аққудың көгілдірі секілдім-ай.
Алтынның қолда барда қадірі жоқ,
Қолдан шығып кеткен соң өкіндім-ай, - деп жігіттің қызға арнаған өлеңінен көруге болады. Кекіл қоюдың өміршеңдігі соншалық, әлі күнге дейін жалғасып келеді. Қазіргі шаш сәндеу үлгісінде кекілді жиі кездестіреміз. Кекіл көбінде қыздар мен жас келіншектерге әдемі жарасып, сән беріп тұрады. Тіпті бүгінде жасамыс әйелдердің өзі маңдайындағы әжімін көлегейлеп, кекіл қойып жүр. Кекіл секілді тұлым қою ғұрпы да атам заманнан бар. Тұлым тек қыздарға қойылған. Екі самайдан құлақтың алдына төмен түсе желбіреп тұрған бір уыс шашты «тұлым» дейді. Қайсыбіреулер айтып, жазып жүргендей, кішкентай қыздар ғана емес, керісінше бойжеткендер де тұлым жіберген. Тұлым шаш қызды наздандырып, бұла етіп көрсетеді. Өзінше сән беріп, әрлендіріп тұрады. Мұны қылқалам шебері, суретші Әбілхан Қастеев атамыздың бұрынғы заман өміріндегі тұлымды арулар бейнеленген картиналарынан көруге болады. Суретші қазақтың байырғы тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жетік білген. Ол кісі - суреттері арқылы көргенін кейінгілерге қалдырған үлкен дарын иесі.
Қазақ қыздарының тұлымы ұзатылар кезде жиналып, бұрымына қосылып өріледі. Бұл - әке үйінің оң жағындағы қыз дәуренімен, ерке өмірімен қоштасудың бір белгісі. Тұлым кәмшат бөрікке, үкілі тақияға, моншақты сорабаға жарасқан. Ендігі жерде мұндай киіммен де, тұлыммен де қалыңдық біржола қоштасады. Ол бір жігітке жар, бір елге келін болып, некеқиярда сәукеле киеді. Бір жыл бойы сәукеленің желегін салып жүреді. Содан кейін ғана күміс щеттікті, маржанды зермен кестеленген кимешек киеді. Қазақ әйелдері шашын қобыратып, самайын көрсетуді ұят санаған. Қазір де қыздардан тұлымды көріп жүрміз. Қазақтың қыздарына тұлым ерекше жарасып тұрады. Өкініштісі, мұны талайлар бізге бейнебір Батыстан келгендей қабылдап, бар жақсы бізге тек солардан жеткендей көріп жүр. Бұл да ғасырдан-ғасырға өтіп келе жатқан өз ата-бабамыздың ғұрпы екенін біліп жүргеніміздің артықтығы жоқ деп ойлаймын.
Тілашар жайлы не білеміз? Мүшелі жастың сыры неде? Қазақта күнтізбе болған ба? Бұл жайлы газетіміздің алдағы нөмірлерінен оқисыздар.
Дайындаған Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ
Нан мен тұздың қатарынан орын алатын сүт тағамдары, қазақтың ақты қатты қадірлейтіні жайлы не білеміз? "Су - тіршіліктің көзі" деп жатамыз. Десе де, "суға түкірме", "қоқыс тастама" деген сияқты тыйым сөздерге мән береміз бе? "Отты аттама" деген сөз нені білдіреді? Бүгінгі әңгімеміздің арқауы да осы жайлы болмақ...
Әңгімелескен Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ
Өзге халықтарды қайдам, біздің халықта тыйым сөздер өте көп. Өзіміздің ұлтымызға қатысты ырым-тыйымдарымыз қаншама! Оның барлығын газет бетіне тізбелеп шығу мүмкін емес. Сондықтан өте жиі айтылатын, бала кезімізден естіп келе жатқан әрі балаларымызға да үнемі айтып отыратын тыйым сөздер жайлы Зейнеп апайымыз не дейді екен? Сонымен...
Тобық жұту
Халықта қоян тобығын жұту ырымы – ежелден бар дәстүр. Оның шарты – тобықты жұтушы жас адам жұтар алдында:
Батыр болсам – жүрегімнен шық,
Палуан болсам – білегімнен шық,
Шешен болсам – таңдайымнан шық,
Бақытты болсам – маңдайымнан шық, - деп серттесіп барып жұтады. Халық ұғымында тобық қасиетіне қарай әлгі адамның айтқан жерінен шығады деген түсінік болған.
Тыйым
Халқымыздың тәрбиелік құралдарының күнделікті қолданылатын үлгі, өнеге түрлерінің бірі – тыйым, яғни тыйым сөздер. Бұл балалар мен жастарға «жирен жаман әдеттен» дегендей, жаман істерден сақтандырып, жақсылыққа еліктеу, бейімдеу мақсатынан шыққан таза халықтық педагогикалық ұғым. Міне, осы арқылы олар әркімді теріс мінез, орынсыз қимылдардан сақтандырып отырған. Халық ұғымында тізені құшақтау – жалғыз қалудың, үлкеннің жолын кесу - әдепсіздіктің, қолды төбеге қою – ел-жұрттан безінудің, асты төгу – ысыраптың белгісі деп таныған және ондай ерсі істерге қатаң тыйым салған.
Шөбере алақанынан су ішу
Қазақ үшін өмірдің бір қызығы – шөбере алақанынан су ішу. «Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді халық даналығы. Демек, бала сүю, ұрпақ өсіру - әр адам үшін қызық әрі көз қуаныш . Соның ішінде шөбере деп аталатын төртінші ұрпақ көру көп нәрсені аңғартады. Бұл – кемеліне келген қарттық өмірдің үлкен белгісі. Оның қазақ әдетінде жөн-жосығы, қағидасы бар. Жөн-жосығы –ата мен әженің жаңа туған шөберенің алақанынан су ішу. Қағидасы - шөбере қолынан су ішкен адам бұл дүниеде бақытты , о дүниеде де жолы ашық, жеңілдік болады дейді дін шариғатының білімпаздары. Қалай болған күнде де төртінші, бесінші ұрпақтың көру көп жасау белгісі ғана емес, ұзақ ғұмыр кешудегі сапарының мазмұнды жолдары екені анық.
Ұсақ мал сойғанда төс шеміршегін кесіп алып, жарға не босағаға лақтырғанда жабысып қалса – ол үйдің аты жүйрік болады.
Киіз үйге құмырсқа көбейіп кетсе, жылқының екі тезегін байлап, уыққа іліп қояды.
Мысық тіреу, не босаға тырнаса ауа райы бұзылады.
Аққуды атпайды, киесі ұрады.
Ақты (сүтті, айранды) төксе малдың желіні кетеді.
Ат жолға шығарда тезек тастаса жол болады.
Жақын адамға ит, пышақ сыламайды. Сыйлаған күнде ырымын алады.
Мал сатқанда оны ноқтасымен не бас жібімен бермейді, малдың басы кемиді.
Атымен айтса көбейіп кетеді деп қасқырды «ит-құс» дейді.
Түнде сүттің бетіне ай сәулесін түсірмей жауып қояды, өйтпесе сауын мал ауруға ұшырайды.
Пышақтың жүзі шалқасынан жатса, сол үйдің малы пышаққа ілінеді.
Ат жер тарпыса жолға шығады.
Ат сүрінсе олжаға жолығады.
Жаңа туған ботаның құйрығының ұшын үй иесі тісімен қыршып тастайды.
Кендірмен байлаған, жыңғылмен айдаған малдың саны өспейді. «Малды жыңғылмен айдама, кендірмен байлама» деген мәтел бар.
Ит көкке қарап ұлыса, жамандық болады.
Құмырсқаның илеуіне дәрет сындырған әйел бала көтермейді.
Малдың сүйегін далаға ашық тастамайды, жерге көмеді.
Қойдың жүнін, мүйізін отқа жақпайды.
Малды аяқпен теппейді, балағаттамайды.
Малдың уызын алдымен үй иесі ішеді.
Кермедегі аттар қасынысып тұрса, сол үйге ұзамай құдалыққа адам келеді.
Егер киіз үй сыртына ит сарып кетсе, құт келеді.
Мал төлдеп жатқанда ешкімге бермейді, сатпайды және айырбастамайды.
Мысыққа тамақ бергенде «ертең ұмытып кетесің» деп маңдайынан шертіп береді.
Сиырдың желіні іссе, таңертең ерте кебіспен ұшықтайды.
Балықтың құйрығына ұстаса – ауға балық түспейді.
Мал үшем не төртем (үш не төрт төл) туса – олардың біреуін бауыздап, босағаға көмеді.
Тышқан нанның бетін қажап жесе – астық мол болады, астыңғы жағын жесе –астық аз шығады.
Түнде ауылдың сыртынан үкі шақырса, жаман ырымға балайды.
Адам келе жатқанда көкек даусы оң жағынан естілсе – бай болады, сол жағынан естілсе сәтсіздікке ұшырайды, қарсы алдынан естілсе денсаулығы жақсы болады.
Егер үйге құмырсқалар қаптап кетсе – ол үйдің ырысы мол болады.
Құмырсқаның илеуін бассаң аяғың ақсақ болып қалады.
Сатылған малды еске алып, қайғыруға болмайды, ол мал өліп қалады.
Тұңғыш бала «ашыл күнім, ашыл» деп шалбарын шешіп желге қарсы тоңқайса боран ашылады.
Жас төлді арқасынан сипаса өспей қалады.
Жатқан малды үстінен адам аптаса, ол малдың омыртқасы сынады.
Жас малдың тісін санамайды.
Құлын туғанда «жүйрік бол» немесе «сүтті бол» деп сауырынан үш рет алақанмен ұрады.
Тұмса малдың сүтін біреуге бермейді, сүті кетеді.
Адамы қайтыс болған күндері үйдің малы сауылмайды, төлі ағылып жіберіледі.
Өрістен қайтқан малдың алдынан бос ыдыс ұстап шығуға болмайды.
Қой қыста ұйлығып жатса – келер қыс қатты, бытырап жатса – қыс жайлы болады.
Тышқан көп болса – тоқшылық, қоян көп болса жоқшылық.
Көз тимесін деп егіннің, бау-бақшаның шетіне жылқы немесе түйенің бас сүйегін іліп қояды.
Қырманға ит кіріп кетсе, оны «кет» деп қумайды.
Жаңа туған бота тез аяқтанып кетсін деп табанын қытықтайды.
Киіз үйді шаңырағына қарлығаш ұя салса, ол жақсы ырым. Ол үй балапан ұшып кеткенше көшпейді, ұясын бұзбайды.
Ұры, өтірікші, сұғанақ адамдарға мал бақтырмайды, малдың қасиеті қашады, басы өспейді.
Егер сиыр егіз туса біреуін жиенге атап береді.
Үшем туған ешкінің бір лағын біреуге береді немесе балаларды жарыстырып озып келгеніне береді.
Желінсау болған малдың желінін сауар алдында елеуішпен ұшықтайды.
Қара шешекпен ауырған балаларды қара қойды сойып терісіне орайды.
Шошымалы ауруды қара ешкінің терісімен қағады.
Сейіт Кенжеахметұлы
Жұлдызды қолмен көрсетсе қолға сүйел шығады.
Күннің күркірегенін алғаш естіген адам бір темірді алып ауырған жеріне тигізсе ауру жазылады немесе арқасын қабырғаға үйкесе ауру-сырқау жоламайды.
Найзағай ойнап, жауын жауғаннан кейін жаңбыр суына жалаң аяқ жүрсе – адам ауырмайды немесе бұрынғы ауруынан айығады.
Жаңа ай туғанда түскен келіншек бала-шағалы болады. Екі жас үйленген түні жұлдыз жиі болса, олардың ұрпақтары да көп болады.
Күн алғаш күркірегенде тілеген тілек қабыл болады.
Жазда үйге құйын келе жатса үлкен кісілер қолына таяқ алып оны «таздың үйіне бар, пәленше таздың үйіне бар» деп қуалайды.
Біреуді үйі өртенсе арты жақсылық болады деп ырымдайды.
Өреден жас құрт алып жесе – жаңбыр жауады.
Қой, жылқы, сиыр, тауық жылы туғандар қой, жылқы, сиыр, тауық бауыздамайды.
Өліарада желі тартпайды, үй тікпейді, көшпейді.
Балапан құсты атпайды.
Далада,жолда тұрған жалғыз ағашты кеспейді.
Буаз, төл ерткен аңды атпайды.
Жаңа өсіп келе жатқан көкті жұлмайды.
Күн күркіремей суға түспейді, дала жуасын жемейді.
Отпен ойнамайды, отқа түкірмейді, отты аттамайды.
Жер басына, суға өте жақын жерге үй тікпейді.
Жол үстінде көлік доғармайды, жол үстіне қонбайды, дәретке отырмайды.
Сейіт Кенжеахметұлы
Қазақ «сәтті күн» деп істі сәрсенбі күні бастайды.
Сейсенбіні «сәтсіз күн» деп жолға шықпайды, іс бастамайды.
Адам санамайды, басы кемиді.
Ұртын не тілін тістеп алған адамның үйіне ашыққан кісі келеді.
Біреудің кесесіне шамба түссе – оған қонақ келеді.
Көзге теріскен шықса, саусақ арасынан қол шығарады.
Оң көзің тартса – қуанасың, сол көзің тартса – ренжисің.
Алақаның қышыса – ақша ұстайсың.
Табаның қышыса – жүгіресің немесе жүресің.
Қойға топалаң тисе, күйеуді төрге шығарып, бас ұстатып, бата бергізіп, қайын-жұртын боқтатады. Сонда індет тыйылады.
Жақын адамдарға үш, бес, жеті санымен бауырсақ, құрт, ежігей, нан, кәмпит т.б. тағамдар ұсынбайды.
Түнде үй сыпырмайды. Сыпыра қалған жағдайда «үйге бүйі кіріп кетті» деп сыпыру керек.
Адам құлағы шуылдаса «өлімнен хабарым бар» дейді, жанындағы кісіден «қай құлағым шуылдады» деп сұрайды. Ол дәл тапса «мені біреу мақтап жатыр екен», ал таба алмаса «жамандап жатыр екен» дейді.
Тамақ үстінде келген адамға үй иесі «мақтап жүреді екенсің» деп риза болып қалады. Дастарқан жиналып жатқанда келгенге «бізді жамандап жүреді екенсің» деп ескерту жасайды.
Егер өздері әкелген сыбаға немесе тамақтан жесе, ол үйдің әйелі қыз табады.
Жаңадан қайнатқан сабынды жоғары қойса, ол үйге түскен келін өркөкірек болады.
Ойынға ашуланған адамның басы таз болады.
Езуге ауыздық шықса жүгеннің ауыздығымен ашқарында бірнеше мәрте ауыздықтап емдейді.
Садақаға киім берсе – оның түймесін қиып алады.
Жиенді ұрса қолы қалтырайды.
Біреу қайтыс болды деп естіртіп, кейін ол тірі болып шықса, «көп жасайды екен» деп ырымдайды.
Жастар қарт кісілердің көзі тірісінде киімін кисе, өмірі қысқарады.
Киімнің түймесін айқастырып салса, сүйінші (қуанышты хабар) келеді.
Ет тураған адам бір кесек етті (байқаусызда) турамай қалдырса өтірік айтатының бар екен деп ескерту жасайды.
Біреу өзі білетін адамды бір қарағанда танымай қалса, «көп жасайды екенсің» дейді.
Сұрағанда су бермеген өте жаман ырым.
Ыдыс түбіндегі тамақ біреудің кесе не аяғына құйылғанда тура толатын болса сол адамның жары сұлу болады.
Жол кескен жаман ырым.
Үйге кірген отынды далаға қайта шығармайды.
Отынды үйде ошақтың бұтынан асырып жинаса, ол әйелдің күйеуінің көңілі басқа әйелге ауады.
Самауырын шуылдаса – қонақ келеді.
Бейуақытта, кешке қарыз алуға немесе қарыз беруге болмайды.
Егер жақын адамның пышағы өте ұнаса оны тек қана ұрлап алады.
Түсіңде қорықсаң, өңіңде қуанасың.
Ілулі тұрған киімнің түймесін салмайды.
Сапарға шыққан адам тұз алып шықса – жолы ауыр болады.
Иегің қышыса, бір жерден дәм татсың.
Адам басы кемиді деп бөтен адамға бас киім бермейді немесе айырбастамайды.
Бас киімді теріс қаратып киген жаман істің белгісі.
Сүйекті тазалап мүжіген жігіттің жары ажарлы болады.
Қонақ қонған түні мал төлдесе оны «құтты қонақ болдың» деп, сый-сияпат ұсынып шығарып салады.
Денсаулығы мықты және пәле-жаладан аулақ болсын деп жаңа үйленген жастардың төсегін арша түтінімен аластайды.
Сүйегі сынған адамға «қырық үйдің қылауынан» деп қырық үйден тамақ әкеліп жегізеді.
Жас адам ожаумен су ішсе жарының мұрны үлкен болады.
Түс ауа басталған іс кеш бітеді.
Көз тарта берсе, оған шөп қыстырып қояды.
Ұртын, ернін тістеп алса ашыққан қонақ келеді.
Қабырдан мәйіттің сүйегі шығып қалса, ол жерге жаңбыр жаумайды немесе сирек жауады.
Таң атып келе жатқанда, күн батып бара жатқанда, ай, күн тұтылып тұрғанда жақындасқан ерлі-зайыптылардан жарым бала туады.
Қыл арқанды ұрламайды.
Ауырып жатқан адамның тырнағын, шашын алмайды, толық жазылмай шомылдырмайды.
Тіліне теріскен шыққан адамға жан-жануардың к... яғни «иттің к...», «борсықтың к...», «тышқанның к...» деген секілді жеті адал, жеті арам атап шығып, «теріскенім қайтсе жазылады» деп жанындағы кісіден сұрайды. Ол «жан-жағыңа қарасаң, қарғаның боғын жаласаң жазылады» деп жауап қатысымен «қайран тілім боқ болды» деп теріскен иесі екі жаққа кезек-кезек «тіфә, тіфә» деп ишара жасайды. Сонда теріскені жазылып кетеді.
Аттан, көліктен, не жаяу келе жатқан адам жығылатын болса, оны тұрғаннан кейін сол жерде «ұшық-ұшық» деп ұшықтайды.
Шамды үрлеп сөндірген адам ұмытшақ болады.
Балта аттаған байымас, бақан аттаған жарымас.
Сейіт Кенжеахметұлы
Қазақ баланы санамайды және санын айтпайды.
Сәби шалқасынан жатып башайын тістесе, оны "үйірін шақырып жатыр" деп ырымдайды. Яғни оның соңынан тағы бір бала келеді деген ұғым бар.
Сәби көзін ашып ұйықтаса - жары сұлу болады.
Баланы бесікке саларда ешкім сөйлемейді. Егер біреу сөйлеп қойса былы жылауық, өскенде өсекші болады.
Қалжа жемеген әйелдің баласы ынжық, болбыр, икемсіз болып өседі.
Әкесі тірі адам бас ұстаса әкесі өліп қалады.
Ми жемейді, мидай былжыр, бос белбеу, ынжық болып өседі.
Омыртқаның жұлынын жесе - суға кетіп қалады.
Нанның қиқымын жесе - бай болады.
Үйге кіріп келе жатқан бала есік алдына құлап қалса - үйге береке, ырыс, байлық келеді. Оны төрге апарып үш рет аунатады.
Сәби тоңқайып екі аяғының астынан қараса, оның "жол ашқаны", күткен жолаушы немесе қонақ келеді.
Баланың аңшылықтағы алғашқы олжасын "тырнақалдысын" ешкімге байлатпайды, несібеге кетеді, аңшылықта жолы болмайды.
Жас балаға бұғана ұстатпайды, бойы өспей қалады.
Біреуден бала асырап алса - оның оң қолына асыраған ата-анасы асық жілік ұстатады.
Біреудің баласы тұрмаса - оны біреу өтірік сатып алады.
Келін бала көтермесе, нағашы жұртының бір баласын қойнына алып жатады.
Жүкті әйел шашын кессе - іштегі бала кемтар болып туады, бақыты кесіледі.
Бесікті бейуақытта далаға шығармайды.
Бесіктегі баланы үйде жалғыз қалдырмайды.
Нәрестенің еңбегін баспайды.
Қырқынан шықпаған сәби бар үй түнде күл төкпейді.
Сәбидің кіндігі түскенше "кіндік шешенің" ерімен жақындасуына болмайды.
Жаңа туған сәбидің оң жақта отырған қыздың емшегімен ауыздандырса ақын болады.
Ана баланы дәретсіз емізбейді.
Сәби анасының төсін ұстап отырып емсе, сараң болады, еркін емсе, жомарт болады.
Сәби шалқасынан құшағын жайып алаңсыз ұйықтаса – елге белгілі азамат болып өседі, бүк түсіп ұйықтаса – уайымшыл, жігерсіз болып шығады, етпетінен жатып ұйықтаса – ойшыл болады.
Қыз балаға шашы өссін деп желке жегізеді.
Баланың желкесі шұқыр болса немесе желкесінен сүйсе, тілазар болады.
Баланың орайы екеу болса – екі рет үйленеді, қыз екінші рет тұрмысқа шығады.
Шөбересінің алақанынан су ішкен қарт жұмаққа барады.
Бала көкжөтел болса, көк ат мінген жолаушының жолын тосып, «көлденеңді көк атты, көкжөтелдің емі не» деп сұрайды. Ол нендей ем айтса, балаға соны қолданады.
Бесіктің бас жағынан пышақ, қайрақ, қамшы жастайды немесе бүркіттің тұяғын, кірпінің терісін, жыланның бас сүйегін тағады. Жын-шайтан, қауіп-қатер жуымайды.
Балаға асық етін мүжітпейді. «Алты жыл аш болсаң да, асық етін мүжіме» деген бар.
Шеміршек жесе, нағашысы өледі.
Ұрысқақ боласың деп көмекей жегізбейді.
Тіл ұшын жесе, сүйреңдеп сөйлей беретін болады.
Таңдай жесе – шешен болады.
Сәбидің қырқынан шыққанда қарын шашын алмаса – қарғысы қатты болады.
Қыздың басына ақ, қара орамал тартпайды. Ақ – жаулықтың, қара – қайғының белгісі.
Жаңа түскен келін киім-кешегін қысқартса – нәрестесі кем туады немесе түсік тастайды.
Әйел босанар кезде үйдегі сандықты босатып қояды, сонда әйел тез босанады.
Жас балаға кеңірдек жегізбейді – ұлдың келіншегі жалаңаш келеді, қыз жалаңаш күйеуге барады.
Сәбиге көз тимес үшін бетіне күйе жағып қояды.
Бала қаспақ жесе, оның үйлену тойында жаңбыр жауады.
Есіктің тұтқасын жуған сумен көз тиген баланың бетін, екі алақанын, екі табанын жуса, тәуір болып кетеді.
Көз қотыр шыққан балаға сойған малдың көзінің суын жақса жазылып кетеді.
Бала тоқтық тартса – тоқшылық болады.
Бала ішегін тартса – жаманшылық болады.
Қызға өкпе жегізбейді.
Қызға жеңілтек болады деп құйымшақ жегізбейді.
Бала тілін шығарса – тіл келеді, яғни хабар келеді.
Сәбидің тілі мезгілінде шықпаса – нағашысының үйінен апарып, бір қойды сойдырып, соның көтеншегімен буындырады.
Бөбек алақанын шапалақтаса – қуанышты хабар келеді.
Адамның келіншек отырған жақтағы аяғы ұйып қалса, ол екіқабат екен деп ырымдайды.
Түсік тастамасын деп, жас әйелдің көйлегінің етегін бүріп қояды.
Екіқабат әйелдің күні жақындаған кезде «жер ана, күш-қуат бере гөр» деп жалаң аяқ жүргізеді.
Жас босанған немесе аяңы ауыр әйел түнде суға бармайды.
Екіқабат әйелге пышақ, ара, қайшы ұстатпайды. Ұстаса – мерзімінен бұрын босанады.
Бала кіндігіне оралып қалады деп, екіқабат әйелге ине-жіп ұстатпайды.
Бала ортан жіліктің майын жесе – ата-анаға мейірімсіз болады.
Екіқабат әйел қоян етін жесе немесе қоян етіне жерік болса – баласы қоянжырық болады.
Баланың мойыны тез және түзу бекісін деп оның шілдеханасына сойған қойдың омыртқасын тұтасымен асып, тесігінен шыбық өткізіп кептіріп қояды.
Қыз өкпелегіш болса – ырысы кем болады.
Қалы үлкейіп кетпесін деп, қалымен туған балаға «Қалдыгүл, Қалдыбай» деп ат қояды.
Әйел итке тас лақтырса – үйдің ырысы кетеді, әйелдің бағы қайтады.
Есіктің тұтқасын жуған сумен көз тиген баланың бетін, екі алақанын, екі табанын жуса тәуір болып кетеді.
Көз қотыр шыққан балаға сойған малдың көзінің суын жақса жазылып кетеді.
Бала тоқтық тартса – тоқшылық болады.
Бала ішегін тартса – жаманшылық болады.
Қызға өкпе жегізбейді.
Бала тілін шығарса - тіл келеді, яғни хабар келеді.
Сәбидің тілі мезгілінде шықпаса – нағашысының үйіне апарып, бір қойды сойдырып, соның көтеншегімен буындырады.
Бөбек алақанын шапалақтаса қуанышты хабар келеді.
Адамның келіншек отырған жақтағы аяғы ұйып қалса, ол екіқабат екен деп ырымдайды.
Түсік тастамасын деп жас әйелдің көйлегінің етегін бүріп қояды.
Екіқабат әйелдің күні жақындаған кезде «жер ана, қуат бер» деп жалаң аяқ жүргізеді.
Жас босанған немесе аяғы ауыр әйел түнде суға бармайды.
Екіқабат әйелге пышақ, ара, қайшы ұстатпайды. Ұстаса мерзімінен бұрын босанады.
Бала кіндігіне оралып қалады деп екіқабат әйелге ине-жіп ұстатпайды.
Бала ортан жіліктің майын жесе ата-анаға мейірімсіз болады.
Екіқабат әйел қоян етін жесе немесе жерік болса баласы қоянжырық болып туады.
Баланың мойыны тез және түзу бекісін деп оның шілдеханасына сойған қойдың мойын омыртқасын тұтасымен асып, тесігінен шыбық өткізіп кептіріп қояды.
Екіқабат әйел арқан аттамайды, аттаса баланың кіндігі мойнына оралыып қалады.
Біреу әңгіме айтып отырғанда сәби түшкіріп салса, шын айтқаны.
Аты сүріншек болады деп балаға төстің сүріншегін жегізбейді.
Сәби қолындағы заттарын «шашу» деп шашса, ол үйге көп кешікпей қонақ келеді.
Егер босана алмай қиналса әйелдің төбесіне қылыш ойнатады, белдеуге айғыр байлап кісінетеді, отқа тұз тастайды, үйге еркектер кіріп (әдетте әйел босанатын үйге еркектер кірмейді) етектерін екі қолымен қағады, әйел шошысын деп кейде мылтық та атады.
Баланың маңдай кең болса – ақылды әрі жайдары болады, желке шұқыры терең болса – жалқау, қыңыр болады. Бармағы майысқан болса – шебер болады, құлағы мен аузының арасы жақын болса - өтірікші болады.
Алғашқы некеде пайдаланған бұйымдар мен киімдерді сөгуге, бұзуға болмайды. Ондайда неке бұзылады, жастар арасы суиды.
Денесіне ұсақ-ұсақ қалы бар адамның қызы көп болады.
Жас босанған әйел 40 күнге дейін қолын суық суға малса – баласы тас бауыр болады.
Екіқабат әйел ұл туғысы келсе – еркектің қару-жарағын, қыз туғысы келсе – жүзік, сырға, моншақ, қызыл түсті мата жастанып жатады.
Арқан жіп есіп жатқан кезде оның астынан балалар өтсе - бойы өспей қалады.
Бөбек мезгілінде еңбектемесе – оның бауырынан тағам толы табақ өткізсе, тез еңбектеп кетеді.
Толғағы қатты болады деп екіқабат келіншекке толарсақ жегізбейді.
Жеңілтек болады деп қыз баланы қырқынан ерте шығармайды.
Жаңа туған бала жылап белгі бермесе қазанды, болмаса темір затты ұрады, сонда сәби дыбыс шығарады.
Балаға қарғыс өтпеу үшін оны үш кемпірдің бұтынан өткізіп алады.
Келін атасы мен енесінің төсегіне отырмайды.
Сейіт Кенжеахметұлы







