FindHow сборник различных поздравлений на казахском языке.
Қазақ халқының бала дүниеге келгеннен кейінгі атқаратын жөн-жоралғысының барлығы - жеке адамның басына тиесілі нәрсе емес, бұл ұлттың келешегіне байланысты өнеге. Бұған немқұрайды қарауға болмайды. Мұның барлығы жиналып келіп ұлттық қадір-қасиетті құрайды. Ал ол қасиетті кейінгі ұрпаққа жалғайтын - бүгінгі біз емес пе? Алайда біз не көріп жүрміз? Не білгеніміз бар? Білмегенімізді үйретер кім бар? Алдыңғы буын әдет-ғұрып, салт-дәстүрді ұстана ма? Кейінгілерге қандай үлгі көрсетіп жүр? - Өз басым, өзім білмейтін нәрсеге жоламаймын. Көзіммен көрген, ананың тәрбиесімен келген, қанымда бар, әдет болып қалыптасқан жақсылықтарды ғана насихаттауға ұмтыламын, - дейді бұл орайда Зейнеп апай. - Біз көп жағдайда жастарды кінәлап жатамыз. Біздің басты кемшілігіміз - өзіміз жастарға ештеңе көрсетпей тұрып, үйретпей жатып, оларды кінәлайтынымызда. Өзіміз көзіне көрсетіп, қолына ұстатпаған соң, жастарға «ештеңе білмейді» деп орынсыз өкпе артатынымыз да дұрыс емес. Мысалы, өз келінімді босанған соң екі немеремді де қырық күннен асырып күттім. Тіпті айналамдағы араласып жүргендер таңғалды. Бірінші немеремде келінім: «Ой, апа, өзім жуамын, өзім істеймін» деп қатты қысылып, ыңғайсызданды. Ол түсінікті де. Көп жағдайда енесінің күйбеңдеп жүргеніне шыдамай, біздің келіндеріміз ұялады. Анарым да сөйтті алғашында. «Қозғалма, сенің жұмыс істейтін кезің алда. Қазір мен саған қызмет етейін, балам, есесіне, сенің денің сау болады. Сенің денің сау болса, немерем де аман, менің де көңілім шат, біз де марқайып жүреміз. Сондықтан сен мені дұрыс түсінгін. «Апам жұмыс істеп, мен қарап жатырмын» деген нәрсені ойыңнан шығар. Мен саған келін болмаймын бәрібір, өз тірлігіңді өзің істейсің. Бірақ қазіргі міндет - менікі. Ол - менің ата-бабамнан қалған салт. Менің әжем, менің анам істеген салт, мен соларды көргенмін. Сондықтан мен осыны істеуім керек», - дедім келініме. Тамағын дайындап, белін байлап, қадағалап жүрдім. Жылы жүруіне қатты мән бердім. Қазіргілерге бұл тіпті басқаша көрінуі мүмкін. Бірақ біле білген адамға, бұл жерде, мен, алдымен немереме қамқорлық жасап тұрмын ғой. Анасы арқылы өз немеремнің аман-есен өсуіне ықпал етіп тұрмын. Өйткені ол - осы әулеттің көптен күткен, аңсап күткен ұрпағы. Содан кейін «қашан келін алар екем», «қашан немеремнің жаялығын жуар екем» деп армандап жүрдім ғой. Алла тағала арманыма жеткізіп, маған немере сүйгізіп, мені - «әже», Бәкеңді «ата» атандырып отырғанда мен ата-бабамның салтын істемеуім, келінімді күтпеуім дұрыс емес қой. Тіпті өзіме күнә санар едім... Өкінішке қарай, көп енелер білместікпен келіндеріне осындай қамқорлық көрсете алмай жатады. Білгенімізді үйретіп, естігенімізді айтып отырсақ, бүгінгі ұрпақтың ештеңеден ұтылмасы анық, - дейді Зейнеп Ахметова.
Уыз сүттің қасиеті Күнделікті өмірде «уызына жарымаған...» дегенді естіп жатамыз. Осы сөздің астарында не жатыр? Зейнеп апайдың айтуынша, бұрынғы әжелер өмір есігін жаңа ашқан жас нәрестені құйрықмаймен ауыздандырған. Алғаш аузына алып, татқан дәмі май болғандықтан да, қазақ баласының асқазаны ауырмаған екен. Кейде ер балаларды «қасқырдай қайсар болсын» деген ниетпен қасқырдың қылымен ауыздандыратынын естігенде, таңғалдық... - «Қара суға қарап қалады» деген сеніммен еш уақытта сумен ауыздандырмаған. Қазір жас нәресте туыла салысымен анасының бауырына салғанды жұрт жаңалық көріп, «америкалық тәсіл» деп дабыралатып жүр. «Америкалық тәсіл» болмай-ақ, біздің қазақ ежелден-ақ өмірге келе салысымен нәрестені анасының бауырына салған. Анада аналық сезімі баласын емізген кезде пайда болады. Алғаш сәбиін қолына алып, омырауын тосқан ананың алпыс екі тамыры шымырлап, өзгеше бір сезімге бөленеді. Қазақ әйелі ешқашан шашын қобыратып, орамалын байламай баласын қолына алмаған. Үнсіз оңаша отырып емізетін болған. Көргенді ене «балаңның жүзіне мейірлене қарап, іштей тілеуіңді тілеп отырып еміз, сонда балаң мейірімді әрі сенің қадіріңді біліп өседі» деп үнемі келініне айтып отырған. Баланы өзгелер қанша күтіп-бақса да, ананың мейірімі мен ақ сүтіне ештеңе жетпейді. Зейнеп апайдың айтуынша, нәресте бүкіл өміріне жететін иммунитетті екі күн еметұғын уыздан алады екен. Қазақта «уызына жарымаған» дейтін сөз бар. Мысалы, уыз ембеген жетім қозылар тез өліп қалады. Тіпті тірі қалған күнде басқа қозылармен салыстырғанда, шөкімдей болып, өспей қалады. Адам баласы да сондай болғаны ғой... - Біз ананың екі-үш күн ғана болатын уызында тектік қасиет болатынын біле бермейміз. Ал тектік қасиет дегеніміз - ұлттық қасиет. Ата-бабаларымыздың уызға аса қатты мән бергенінің себебі - осы. Мейіріммен берілген сүт баланың бойына дәрумен болып, шипа болып сіңеді. Құр әншейін қарын тойғызу емес, мейірлене емізу арқылы балаға күш-қуат құйылған. Тіпті мұның астарында да үлкен тәрбие жатыр, бұл да негізсіз емес. Ештеңеге жаны ашымайтын қатыгез ұрпақтың көбейіп бара жатқанына баласын мейірлене емізбейтін аналар себеп пе деп ойлаймын кейде. Олай дейтінім, бүгінде тоғыз ай көтерген баласын ойланбай-ақ сәбилер үйіне тастап кететін безбүйрек аналар көбейді... Кез келген жөн-жоралғы рухани күшке ие Расында, бүгінде көп балаларды «уызға жарымағандар», «емшектің сүтін тауысып ішпегендер» деп айтуға дәлел жетіп жатыр. Шыны керек, әсіресе, Кеңес Одағының кезінде перзентханаларда баланы анасына үш-төрт күннен кейін бір-ақ көрсеткен. Ол екі аралықта ананың уызы кетіп қалады. Арнайы шыны құтыға сауып берген сүтті балаға берген-бермегенін кім білсін... Бүгінде бала туыла салысымен анасының жанында болады, яғни баланы уыз сүтімен тойдыруға толық мүмкіндік бар. Ертеректе қазақтың келіндері баланы міндетті түрде 1,5-2 жасқа дейін емізген. Неғұрлым сүтті қалдырмай қақтап емсе, ана да сау болады әрі бала да жақсы жетіледі. Бүгінгі келіндеріміз, керісінше, бір-екі айдан соң-ақ баласын емшектен шығаруға асығады. Дәрігерлердің дабыл қағып айтып жүрген төс ауруларының көбейіп кеткені жайлы естіп те, оқып та жүрміз. Түптеп келгенде, бұл - баланы емшектен ерте шығарғаннан пайда болатын кесел. Қазір балаларға арналған жасанды тамақтың түрінің көптігінен келіндеріміз соған сүйеніп алған, емізгілері келмейді. Соның салдарынан қазір әлжуаз, аурушаң бала көп. Өз басым, ел аузындағы аңыз-әңгімелерде суреттелетін алып батырларымыздың тұлғасын кітаптан ғана оқып қаламыз ба деп қорқам. Бүгінгі әскер қатарына шақырылғандардың көбінің әскерге жарамсыз болып жатқанының бір ұшы осында жатыр. Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ
Ұзатылып жатқан жас келіншек көшінің жолында отырған ауылдың адамдары (жастары, әйелдері) керуен атының ноқтасынан, не түйесінің бұйдасынан ұстап тұрып сұрайтын кәдесі. Қыз анасы оларға кәдесін жасайды, кәде алған риза болып, бақыт тілеп батасын беріп, жол болсын айтады.
Туған жерге аунату
Әдетте, басқа жақта тұратын ер-азаматтарды туған жеріне келгенде оны сол жерге аунатып алатын жақсы дәстүр бар. Мұның мән мағынасы көп. Біріншіден, «сен осы жерде тудың, ұмытпа, перзенттік парызыңды өте» деген мағынада. Екінші, «туған жер – ата-анаң, Отаның, оның жақсы қасиеттері бойыңда, ойыңда жүрсін» деген тәлім жатыр. Қалай дегенмен де, халықтың осы әдемі дәстүрінде «Бәрібір сен туған жерге баласың» деген ұлы ұғымды білдіретін, оның отаншылдық сезім - сенімін арттыратын тәрбиелік қызметі өте зор екендігін көру қиын емес.
Халқымыздың бұрынғы салты бойынша күйеуі қайтыс болғанда оның жесірі жас болса «ерден кетсе де елден кетпек жоқ», «аға өлсе іні мұра» деген қағидамен, әмеңгерлік жолмен күйеуінің аға не інісінің біреуіне өзінің таңдауы бойынша тұрмысқа шығады. Бұл дін жолымен әлеуметтік маңызы бар. Біріншіден, әйел де, оның балалары да туыс-туғанынан бөлінбейді, ру, ел қауымдастығында бірге тәрбие алады. Өмірде, тұрмыста қағажу, қиындық көрмейді. Екіншіден, жесірдің кетуі сол елге үлкен мін саналған. Егер әйел тиісті әмеңгеріне шықпай, басқа біреуге шығатын болса, бұрынғы күйеуінің мал-мүлкінен үлес ала алмайды, өз төркінінен келген мүлкімен ғана кете алады . Мұны қазақша «іргеден шығару» дейді.
Кешірім сұраудың ең үлкен және кішіреюдің ең ауыр түрі «аяғына жығылу» деп аталады. Мұнда айыпты адам жанына беделді адамдарды ертіп, кінәлі адамынан жұрт алдында кешірім сұрайды, күнәсі тым ауыр болған жағдайда аяғына жығылады. «Алдыңа келсе атаңның құнын кеш» дегендей мұндайда кешірім етіледі. «Аяғына жығылу» да жазамен бірдей болып есептеледі. Аяққа жығылудың екінші бір түрі екі жастың көңіл қосу кезінде ата-ана келісімін аттау барысында қолданылады. Кейде бірін-бірі ұнатқан жігіт пен қыз ата-ананың келісіміне қарамастан (әсіресе қазіргі кезде) бас қосады, отау құрады. Мұндайда «қызды қашып кетті» дейді. Қыздың әке-шешесі ренжіп, кейде қатты ашуға басады, көрместей болады. Осы кезде жігіт жағынан жігіт әкесі бас болып «елшілер» келіп, құдаларының «аяғына жығылады», яғни кешірім өтінеді, бітім сұрайды. Оның аяғы татулыққа ұласады.
Тойда, ойын-сауықта, қонақ кәде сұрағанда, көбінесе, алыстан келгендер «ауылдың алты ауызы» болмайтын ба еді,» әуелі өздеріңіз бастаңыздар» деп қалатын әдеті бар. Демек, бұл «жол өздеріңізден,өнер,өлең ауылдан басталсын» деген сөз. Сөйтіп өлең ауыл өнерпаздарыңыздан басталады. «Ауылдың алты ауызы» дегеніміз осы. Бұл өлең табан астында суырып салып айтылуы немесе бұрыннан таныс өлең, жыр түрінде орындалуы мүмкін. Мұның ән, әуені де әр түрлі болады.ауылдың алты ауызы өнерлі жастарды топ алдына шығаруға, олардың халыққа танымал болуына игі әсер еткен.
Сый табақ - бас, жамбас, қазы-қарта, жал-жая, құйрық, сүбе.
Құда табақ - бас, жамбас, қазы-қарта, жал-жая, құйрық бауыр.
Құдағи табақ - жақ, қазы-қарта, қарын, тоқ ішек, асықты жілік.
Жеңге табақ - асықты жілік, сүбе, қабырға, мойын омыртқа, құйрық, өкпе, ұлтабар.
Беташар табақ - сүбе, төс еті, қарын, ащы шек, құйымшақ, мойын омыртқа.
Күйеу табақ - төс, тоқпан жілік, қабырға, омыртқа еті, қазы-қарта, жауырын, қойдың.
Қыз табақ - құйымшақ, боқпан жілік, бел омыртқа, құйрық, қабырға.
Құрдас табақ - тоқпан жілік, омыртқа, сүбе қабырға, қазы, құйрық.
Бала табақ - бел омыртқа, қабырға, бүйрек, бақай, асықты жілік.
Мурсалімбаев Нарболат жіберген
Семей қаласы
Алыс сапарға, емделуге шыққан адам ауылдың үлкен үйінен дәм татып аттанатын ырым бар. Бұл сол «қарашаңырақтың» киесі қолдасын деген сенімнен шыққан. Сондай-ақ дастарқан үстіне келген адам міндетті түрде ауыз тиюге тиіс. Ал таңертеңгі астан міндетті түрде ауыз тиеді. Мұндайда әйел болса «күйеуің тастап кетеді», еркек болса «әйелің тастап кетеді» деп әзіл айтады. «Таңертеңгі асты тастама, кешкі асты бақпа» деген мәтел бар. Қазақтың дәстүрі бойынша үйіне келген адамға дәм ауыз тигізбей шығармауы керек. халықта «қуыс үйден құр шықпа» деген сөз бар. Мұның бәрі қонаққа ерекше ықыласты көзқарастың белгісі.
Біреуді сөзбен жығып, ұстап оны орнынан тұрмастай етіп өлең шығарғанда, әзіл тастағанда (немесе ұятты іс істегенде) ұтылған адам өзінше әлгі сөзді басқа адамға таратпау үшін «ауызбастырық» береді. Ол бұл сөзді ешкімге айтпаңыз деген жалынуы, кешірім сұрауы болып табылады. Ауызбастырық алған адам әлгі сөзді ешкімге айтпауы керек. ауызбастырық серттің бір түрі болып табылады.
Ауыз бекіткен, яғни ораза ұстаған адамның кешкі ас ішетін мезгілі. Сонымен бірге құрметтеп, қонаққа шақырудың, дәмді, сыбағалы тағамдар ұсынып, ауызашар берудің дәстүрлі жолы. Ораза ұстаған ағайын-туған, жекжатты ауызашарға шақыру құрметтеудің бір белгісі әрі сауап болып табылады.
Ұзатылып бара жатқан қыздың сыңсуы, қоштасу жыры, ұлттық тәрбие мектебінің тамаша үлгісі. Алтын ұядан, туған ел-жұрттан бөліну, жат босаға аттау оңай іс емес. Осының бәрін тәжірибелі де тәрбиелі халық жылай да күле жүріп ән, жыр түрінде шеберлікпен үйлестіріп жасай білген. Тағы бір қызығы қыз жылап қоштасқанмен ол қайғы емес қуаныш, қимастық сәтінің де белгісі. Дегенмен қыз ауылының қыздары мен жігіттерінің де қимастық көңілдері де көрінбей қалмайды. Олар жар-жардан кейін де өлең-жырды үстемелей жүріп айтыс түрінде ау-жарды бастай жөнеледі. Мұнда да ізгі тілектестік, достық көңіл, жаңа бақыт жолында жақсы ниет көрінеді. Оның сөзі де, әні де көркем, ойнақы айтылады. Ол біресе «ау-жар», біресе «ай-ау», біресе «бике-ау», біресе «үкі-ау» деп те айтыла береді.
Халық дәстүрінде адамға құрмет көрсетудің жолдары көп. Соның бірі – ат тергеу. Ұлт дәстүрі бойынша әйелдер атасының, қайнаға, қайнысының, қайынсіңлісінің атын атамай, өзінше лайықты ат қойып «бай атам», «би атам», «мырза қайнаға», «төрежан», «тентегім», «еркем», әйел болса «шебер шешей», «ақ әже», «сырғалым», «шашбаулым», «күлімкөз» деп атайды. Жеңгелер жағы небір күлкілі аттар да қоя береді. Мысалы: тапалды «сұңғақтым», жайбасарды «жүйрік» дейді. Мұның бәрі шын мәнінде сыйластық пен құрметтің ерекше бір белгісі болып табылады. Ер адамдар да ақсақалдар мен өзінен үлкендерді «ата», «әже», «шеше», «апа», «Ереке», «Аха», «Жәке», «Сәке» деп құрметтеген. Бұл да осы ғұрыптың бір түрі. Ат тергеу – біздің халқымыздың адам сыйлау жөніндегі ізеттілік, көргенділік, кішіпейілдік қасиеттерінің биік көрінісі. Өзінен үлкен адамның атын тура атау анайылық болып табылады.
Халық аузында мынадай қызықты әңгіме бар. Бір келіншек «Сарқыраманың ар жағында, сылдыраманың бер жағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр! Білемені жанымаға жанып-жанып тез келіңдер! – депті. Сөйтсе ол Өзенбай, Қамысбай, Қасқырбай, Қайрақбай, Пышақбай деген қайны, қайнағаларының атын атамауға тапқан тұспалы екен.
Ат мінгізіп шапан жабу
Құрметті қонаққа, ақынға, батырға, палуанға және сол сияқты елге еңбек сіңірген ардақты, айтулы азаматтарға ат мінгізіп, шапан жабу қазақ халқының ертеден келе жатқан аса лайықты, жарасымды ата салты. Яғни бұл «батыр», «ақын», «палуан» деген құрметті атақтардан кейінгі берілетін құрметтеу, сый-сияпат, марапат, мадақ белгісінің айғағы, ең жоғары құрмет ретінде беріледі. Ат мінгізу, шапан жабу салты қазіргі күнде де жарасымды жалғасын тауып келеді.
Ескі салт, қыз бен жігіт ата-аналарының күн бұрын уәделесуі, жігіт атын қызға, қыз атын жігітке есіттіруі. Мұндай келісім ұл мен қыздың жас шағында, тіпті бесіктегі кезінде жасала берген. Егер қыздың ата-анасы ұлдың ата-анасының тілегін қабылдап, өскенде қызын беруге келіссе, қыз бен жігіт атастырылған болып саналып, алдын ала қалыңмал төленген. Атастырылған жастар есейе келе міндетті түрде қосылатын болған.
Баласы жоқ адамдар біреудің баласын асырап алуы ежелден бар дәстүр. Мұның да жөн-жоралары бар. Мысалы, жаңа туған нәрестенің асыраушы адам шаранасына етегіне салып алады. Қазақтың ежелгі заңы бойынша асыраушы адам жаңа туған балаға атын қойып, оң қолына асық жілік ұстатады. Асық жілік ұстаған бала сол үйдің баласы деп есептеледі. Кейде баланың өз әке-шешесі балаға таласқан жағдайда асыраушы адам «оң қолына асық жілік ұстатып едім ғой» деп дауласады. Бұл үлкен дәлел, куәлік есебінде жүреді. Осыдан кейін сол үйдің әйелі перзентті болса, онда асырап алған баланы бұдан былай «майқұйрық» деп әлпештеп, оны бұрынғыдан да бетер жақсы көреді. Алайда бала қайтыс болған жағдайда оның туған әке-шешесінің аты айтылып, жаназасы шығарылады.
Асты «біссімілдә» деп бастап алатын халық тамақтанып болған соң, оны батамен қайыратын әдетінен әлі күнге дейін жаңылған жоқ. Мұны «ас қайыру» деп атаймыз. Ас қайыру – тілек, батамен айтылады. Оны қарасөзбен де, өлең, тақпақтап та жеткізуге болады. Ауыз әдебиетінде ас қайыру батасының көптеген түрлері бар. Асты құрметті қонақ немесе сол дастарқан үстінде отырған қария береді. Үй иелері «әумин» деп бетін сипайды. Ас қайырылмай дастарқаннан тұрып кетуге болмайды. Ол әдепке жатпайды.
Бұл қысты күндері үй ішінде отырып жасалатын ойын-сауыққа да, ұлт дәстүріне де жататын қызықты кеш. «Асаукөк» әсіресе, құрметті қонақ келгенде, құда күткенде үлкен-кішілердің бас қосуымен жасалатын бұл кеште ән, жыр, жұмбақ, жаңылпаштар айту, қолтұзақ, асық ойыны болады. Үлкендер әңгіме, өлең тыңдап, жастар өнер салыстырып, әзіл-қалжыңдар, күлкі шақырып, жиналған ел адамдары көңіл көтеріп, бір сергіп қалады.
Мұнда өнерлілер өз талантын танытып, үлкендер бата беріп, оларға ақ жол тілейді. Осындай ауылдың «асаукөктен» басталатын өнер жолында талапкерлер танылып, кейін олар белгілі мәдениет қайраткерлері ретінде танылған.
Бір отбасының қолынан келмейтін күрделі жұмыстарды атқару үшін бір ауылдың адамдары «асарға» шақырылады. Мысалы: үй көтергенде, егін салғанда, жинағанда, шөп шабуға тағы сол сияқты көлемді, ауыр жұмыстарға шақырылады. Асарға шақырылғандар еңбегі үшін төлем ақы талап етпейді. Оның есесіне асарға шақырушы адам қолқабыс тигізуге келгендерге арнап мал сойып, мол дастарқан жаяды.
Асар – қазақ елінің ұжымдық топта жұмыс істеуінің үлкен бір көрінісі. Мұндай жақсы салт-дәстүрлер ел ішінде әлі де бар.
Ауыл өмірінде ертеден келе жатқан ежелгі дәстүр. Оның екі түрі бар. 1) Құда келгенде немесе келін түскенде олардың алдынан арқан керіп, әйелдер кәдесін алады. Кәденің түп төркіні, жаңа құдалар мен жас келіннің жолы ашық әрі пәле-жаладан, түрлі кедергілерден аман болсын деген таза ақ көңіл, ақ ниеттен шыққан.
Қазақта «арқан аттама», «арқан ұрлама», «есіліп жатқан арқан астынан өтпе» деген тыйымдар әдептілік пен тәлім-тәрбиенің тәртіптің жолын білдіреді. 2) Малды ауылдың мал қотанының сыртынан арқан керіп қоятын ырымы болған. Халық ұғымында қыл арқанның киесі бар, оны ит-құс аттап өте алмайды деп сенген. Сапарда далаға қонған адамдар да жатар жерін қыл арқан немесе шылбырмен қоршап жатса қоршаудан жылан, шаян, бүйі, қарақұрт өтіп келмейді деген ұғым бар.
Бір адамның екінші біреуге сақтауға берген бағалы заттары. «Аманат» - аман деген сөзден шыққан болуы ықтимал. Аманатты сақтау және оны мезгілінде тапсыру зор адамгершілікке жатады. «Аманат – аман сақтайды» дейді халық. Аманатқа қиянат жасамайды. Ол өте ауыр күнә деп есептеледі. Аманаттың бұрын еларалық қатынаста да үлкен мән-маңызы болған. Көбінесе, ол бірлік, татулық, бітім, жолына қызмет еткен. Тарихымызда ақ үй аманат алып барған екен деген деректер жиі кездеседі. (Ш.Уәлиханов). ерте кезде жауласушы екі ел татуласқан кезде кепілдеме ретінде аманатқа адам да қалдырып кететін болған.







