RU KZ EN

Құттықтау тілектер - Салт-дәстүрлер - Тағы басқа

FindHow сборник различных поздравлений на казахском языке.

1. Бесікке байланысты ырым-тыйымдар
▼

Бесік жайлы әфсана
Жоңғарлар шапқыншылығынан соң тоз-тоз болған ел тау жаққа қарай босып, үдере көшкенде жүкті жас келіншек бос бесікті арқалап бара жатқан көрінеді. Сонда Төле бимен қатар келе жатқан кісі: "Мына бейшараның көрпе-жастығын тастап, бос бесікті арқалап келе жатқаны-ай!" - дегенде, Төле би: "Баланың бесігі - кең дүниенің есігі ғой", -деген екен.

2. Келін жыласа, бала жасық болады
▼

«Тұрмыс құрғаныма көп бола қойған жоқ. Барлығы жақсы. Еш уайымым жоқ. Тек... Қалай айтсам екен... Менің аяғым ауыр. Ішкенім бойыма сіңбей, еш нәрсеге тәбетім тартпай, әбден ығыр болдым. Дәрігерім «токсикоз» деп диагноз қойды. Оның уақытша екендігін, әлі-ақ бәрі жақсы болатынын айтып, жұбатады.
Редакциямызға хат жолдаған Жадыра осылай деп мұң шағады. Бұл - көптеген сіңлілеріміздің басындағы жағдай. Мұндай әңгімелер бәрімізге де таныс. Әсіресе, қыз-келіншектер қауымына. Ананың көңіл-күйі іштегі шаранаға әсер ететіні ғылыми түрде дәлелденген құбылыс. Алайда, бала тәрбиесіне ерекше мән берген атам қазақ бойына бала біткен жас келінді тәрбиелеп, күтудің де өзіндік үлгісін қалыптастырған. Осыған орай, біз жазушы Зейнеп Ахметовадан өзінің көрген-білгенін әңгімелеп беруді өтінген едік...
«ІШТЕН ҚЫҢЫР ТУҒАНДЫ ТЕЗГЕ САЛСАҢ ТҮЗЕЛМЕС» Жас ұрпақ тәрбиесі бір сәт босаңсуды, бейқамдықты көтермейтін тіршілік-тынысымыздың аса өзекті тетігі болғандықтан ешқашан күн тәртібінен түскен емес. «Бір баланы адам етіп өсіргенше, бір шаһар опат болады» депті көне Шығыс даналары. Осы салыстырудың өзі-ақ баланың шын мәніндегі адам болып қалыптасуы қыруар тер төгуді, ауқымы кең, жауапкершілігі мол еңбекті қажет ететінін ұқтырса керек. Қазір ғалымдардың дәлелдеуі бойынша, сәби жарық дүниеге келмей тұрып, ана жүрегінің астында жатқан кезінен тәрбиені қабылдайды екен. Өзгені қайдам, біздің қазаққа бұл жаңалық емес. Олай дейтінім, ғылыми атақтан ауылы алыс, жазу-сызумен айналыспаған қарапайым әжелеріміз бүгінгі ғылымға азық боларлық, талай кітапқа беломыртқа болатын үлгі-өнеге, жөн-жобаны қалдырып кетіпті. Олар ұрпақ тәрбиесін, бала қамын іште жатқан шағынан бастау керектігін табиғи сезімталдықпен ұққан, бұлтартпай болжаған. Болашақ ананың сана-сезімі, ой-өресі, дүние танымы, айналасымен қарым-қатынасы, реніш-қуанышы, ішкен асына дейін тікелей іштегі шаранаға беріліп, оның туа бітетін мінез-құлқының іргетасы ана құрсағында қаланатынын атам заманнан жақсы түсінген. Яғни бала мінезінің қандай болып қалыптасуы ананың көңіл-күйіне тікелей байланысты. Егер аяғы ауыр әйел немесе жас келін көп жыласа, бала жасық болып қалыптасады. «Іштен қыңыр туғанды тезге салсаң түзелмес» дейтін сөздің қос қыртысты астарын тәлім-тәрбие үлгісін тым ертеден бастау қажеттігін білдіреді. Енді бір сәт әжелер «ғылымына» назар аударып көрейік. АТА-АНАНЫҢ АРМАНЫ Қазақ - ерекше балажан халық. «Балалы үй - базар» деп, баланың көптігінен үйі базардай шуға толып, «миы ашып» жатса да, көп көрмеген. Тіпті ырым етіп балаларының санын бадырайтып айтпаған. Сұрай қалғандарға «құдайға шүкір, біраз жаман қаралар бар ғой...» деп жорта жауап берген. Ата-ананың ұрпақ жалғастығы дегенде тілеуі бітпейді. Өз баласын қанаттандырған соң, баланың баласын көруді көксейді. Әсіресе ұлы ержеткен ата-ана отау көтеріп, оң жағын қызартып келін түсіруді армандайды. Тіршілікте тірі адамның арманы таусылған ба, келін түсіп, басына бас қосылған соң, «балам - балым, баламның баласы - жаным» деп немере сүюді аңсайды. Жаңа түскен жас келінге қойдың ұлтабарын жегізіп ырым етуі де - сол ақ ниетті ізгі арманның бір көрінісі. Үлкендердің жас келінге: «Көп жаса, үбірлі-шүбірлі бол! Етегің баладан кеппесін, ұл тап!» деп бата беруі де адам өмірінде ұрпақтың қаншалықты маңызды екендігін білдірсе керек. Сөйтіп, келін түсіп бір тілегіне жеткен тілеуқор ана күн өткен сайын келіннің бойындағы, жүріс-тұрысындағы кішкентай өзгерістің өзін қалт жібермей, оның себебін турасынан сұрамай, жайлап, қамқорлығын жасай жүріп, бақылауға алады. Тек ене ғана емес, абысын-ажындары, ауылдағы жанашыр аналар «жақсылықтың нышаны қашан байқалар екен» деп күте бастайды. «ҚҰЛАҚ СҮЙІНШІ» НЕМЕСЕ «ҚҰРСАҚТОЙДЫҢ» ҚАСИЕТІ Күндердің күні келіннің асқа тәбеті соқпай, қалтарысқа жиі барып лоқсып жүргенін көрген әйелдердің бірі оның енесіне келіп, «келініңіздің құрсағы аққа жарыпты» немесе «келініңіз ақ алғысты болыпты» деп келіннің жерік екенін әдемілеп, астарлап жеткізеді. Қуанышты хабарды алғаш жеткізген адамға жөн білетін ене көңіл ризашылығын білдіріп, «құлақ сүйіншісін» береді. Жайды ұғар жақсы ене көптен күтіп жүрген жүрекжарды хабарды естіген соң бір шаршы ақ орамалды қара шаңырақ саналатын сол әулеттің үлкен үйінің оң босағасына апарып байлайды. Бұл - тұңғыш перзенті бойына біткен келінді «ата-бабалар рухы қолдап-қоршап жүрсін» деген ізгі ниеттен туған ырым әрі келіннің аяғы ауыр екенін басқаларға да жеткізіп, жақсылықты жариялау. Сол ақ орамал белгісінен бастап, ауылдың үлкен-кішісі келінге болашақ ана ретінде қарап, көңіл демеуін, қол көмегін көрсетуді өздеріне парыз санаған. Парасатты ене арнайы дастарқан әзірлеп, «құрсақшашу» немесе «құрсақтой» деп аталатын дәстүрлі қонақтыққа ауылдағы әйелдерді түгел шақырған. Шақырылған әйелдер құрқол келмейді, әрқайсысы өз үйлерінен бір-бір тағам әкеледі. Ондағы мақсат - келіннің жерік асын табуға жәрдемдесу. «Құрсақшашудың» мәні де осында жатыр. Егер келін сол дәмдердің бірін сүйсініп жесе, тағамды әкелген әйелдің де қуанышы артып, көңілі асып-тасыған. Мүмкіндігінше келіннің жерігі басылғанша сол асты өзі даярлап берген. «Құрсақшашуда» келіннің аңсары ауған дәм табылмаған жағдайда да, жерік асты іздеу тоқтатылмаған. Ретін келтіріп қалайда табуға әрекеттенген. Бұған тек әйелдер ғана емес, ер-азаматтар да шет қалмай атсалысқан. Әсіресе келіншектің қайнылары, күйеуінің құрбы-құрдастары, дос-жарандары аңның, құстың еті секілді әуес дәмдерді тауып әкеліп, жәрдемдесе білген. Жерік ас кейде тосын, күтпеген нәрсе болуы да мүмкін. Ол - болашақ ананың өз таңдауына байланысты емес, еркінен тыс болатын құпиялы құбылыс. Ел ішіндегі аңыз-әңгімелерде жолбарыстың, қабыланның, аюдың, ұлардың етіне жерік болған аналардан туған балалар кейін алып батыр, ақылгөй дана болғандығы жайлы көп айтылады. Әрине, аңыз тарих емес, алайда әр аңыздың түбінде тарих жатады...
Дайындаған
Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ

3. Зейнеп АХМЕТОВА: Өмірге адам әкелу - әлемдегі ең қасиетті құбылыс......
▼

«Келінді күте алмаған күң етеді...» Келіннің мезгілімен тынығуына қамқорлық жасап, нәрлі тағамдарды, әсіресе ақ қосылған асты көбірек ішуін қадалаған. Баланың сүйегі шымыр, мықты болсын деп қызыл ірімшік жегізіп, арасында сағыз шайнатады. Қарағай сағыз, құм сағыз, жер сағыз секілді таза өсімдіктерден алынған ешбір қоспасыз, табиғи сағыздарды берген. Сонымен бірге баланың көру, есту қабілеті жақсы жетілсін әрі тамағы бойына сіңсін деп келінге рауғаш, жуа, қымыздық, саумалдық, түйетабан секілді өсімдіктерді, қарақат, бүлдірген, мойыл, жидек секілді жемістерді жегізген. Келіннің өзін күтіп, таза жүруіне көп көңіл бөлген. Киікоты, көкемарал, жалбыз, шайшөп, жұпар сияқты хош иісті шөптердің қоспасымен жуынуға үйреткен. Үйге арша, адыраспан секілді емдік қасиеті бар өсімдіктерді түтіндетіп, іштегі баланың тыныс мүшелерінің сезімтал болуына әсері барын да білген. «Балаға жағымсыз, кесірі тиеді» деп келіншектің тіс тазалығына да көп көңіл бөліпті. Азанда және жатарда тұзды сумен немесе жоғарыдағы аталған хош иісті өсімдіктердің қайнатпа тұнбасымен ауызды шайқатқан. Үлкен кісілер немерелі болуды аңсап күтумен бірге нәрестенің өмірге аман-сау келуін өздері де міндетті санаған. Қамқор ене келінге ауыр нәрсе көтертпей, шаң-тозаңы, күл-қоқысы бар жұмысқа салмаған. «Әлденеден шошып қалмасын» деп түнде далаға жалғыз шығармаған. Ұрыс-керіс, айғай-шу болып жатқан жерден келінді аулақ ұстаған. Оның көзінше кім-кімге де өрескел сөйлеуге, айғайлауға, мінез көрсетуге тыйым салған. Оның өзіне де: «Қарағым, дауысыңды көтеріп даурықпай, биязы, сыпайы сөйле! Әйтпесе бөпеңнің мінезі шәлкем-шалыс, содыр болып қалады», - дейді екен. «Келген кісіні есіктен қайтарма, «қырықтың бірі - қыдыр» деген, қолыңнан дәм татқыз, ықыласын ал, шарапаты тиеді. Жас балаға зекіме, олар періштедей пәк, баланың мейірімі түссе бойың жеңілдейді. Итке «кет» деме, ол - жеті қазынаның бірі, иесіне жақсылық тілеп жүретін берекенің күзетшісі», - деген секілді қарапайым да астарлы кеңестерін беріп, келінді жағымсыз әдеттен сақтандырып, әдептілікке, кісілікке жетелепті. Сол арқылы іштегі балаға да тәрбие ұрығын сеуіпті. «Келін жыласа, бала жасық болады» деп келінді жылауға жеткізбей, қас-қабағына қарап, әлдебір суық хабар болса естіртпей, кездейсоқ зардаптардан қорғапты. Келіншектің күйеуіне «қосағыңның аяғы ауырлады, салмағын өзің көтеріс» деп, оның азаматтығына сенім артып, міндет жүктеген екен. Бала көтерген болашақ ананы боқтап, ауыр сөз айту немесе қол жұмсау қазақта үлкен күнә саналған. Ондай парықсыздыққа барғанда бүкіл ауыл болып айыптап, қатты сынға алған, жазалаған. Ертедегі ата-бабаларымыз жаратылысқа табына отырып, оны аялаған, табиғатпен үйлесімділікті сақтай отырып, сол табиғаттан көп нәрсе үйренген, жаратылыстың тылсым сырларын түсініп, танып-білуге құлшынған. Сол түсініп-түйсінгенін күнделікті тыныс тіршілігіне пайдаланған. Бүгінде ғылыммен қаруланған біздің үлкен сорымыз - табиғат-анадан бөлініп, ешбір құдіретке, тылсымға иланбай, «сенім» дейтін ұлы күшті тұншықтырып алғанымыз. Соның нәтижесінде ішкі жан-дүниеміз, ұлттық дүниетанымымыз ылайланып, обалды түсінбейтін, сауапты жасай алмайтын, парызды өтемейтін, күнәні мойындамайтын, тіршілікке тәуба демейтін мәңгүрттік дертке шалдыққанымыз жасырын емес. Қаттырақ кетіп, ащылау айтып жатқан себебіміз - тәрбие талғамын табиғаттан ажыратып, оқшау қарамасақ деген ойдан. Адам қуатты табиғаттан алады Бұл біз үшін жаңалық емес, бұрынғы өткен аналарымыз келіндерін табиғаттың өзімен тәрбиелеп, сол арқылы ұрпағына қамқорлық жасаған. «Шырағым, заңғар тауға қара, немеремнің өресі биік болсын! Жазық далаға, көкжиекке көз жібер, немерем кең пейілді дарқан болсын! Жайнаған гүлге қара, жайқалған көкорайға назар аудар, сәбиің шырайлы болады. Бұлақтың көзін аш, бала қайырымды, мейірімді болады» деген секілді ақыл-кеңестерін айтып, жас келіннің табиғатты қастерлей түсінуге, жақсы қасиеттерді жаратылыстың өзінен үйренуге баулыған. Ой жіберіп қарасаңыз, көңілі күпті аяғы ауыр әйел түгілі, былайғы адамның өзі бір сәт тауға көз жіберіп қарағанда ойы биіктеп, көңілі өседі. Сол секілді жазық далаға, сағымданған көкжиекке көз салсаң, жан сарайың кеңігендей болады әрі адамның көру қабілеті артады. Көңіліне түйгені мол көргенді енелер келіннің айы-күні жақындағанда далаға алып шығып, аяғын жалаңаяқтап таза жермен жүргізеді. «О, кеудесі түкті қасиетті Жер-ана, өзің медет бере гөр! Перзентіңді пәле-кесірден сақтап, бойын жеңілдете гөр!» деп тілек тілейді екен. Мұны негізсіз деп айта алмаймыз. Өйткені адамның денесіндегі артық энергияны, сыртқы әсерден бойға сіңген былғаныш күштерді жер өзіне тартып алатыны дәлелденген. Найзағай түскен, электр тоғы соққан адамды жерге көміп емдейтіні сондықтан. Оның үстіне жалаңаяқ жер басып жүргенде табандағы нерв нүктелерінің қызметі артып, адамның денсаулығына жағымды әсер береді. Қазір емшілердің емдеу тәсілдерінде табиғаттың өзінен, яғни науқасты күннің нұрынан, айдың сәулесінен, оттан, судан, жерден күш алып емдейтіндер жайлы жарыса жазып, жар салып жатады. Бұл да қазаққа таңсық емес. Қолында аяғы ауыр келіні бар қамқор ене ай сүттей жарық түнде келінді ай сәулесінің астында серуендетіп, ғарыш күшінің әсерін дарытқан. «Бала айдай сәулелі, айдай көпке ортақ, білікті болсын» деп тілепті. Келінді ай жарығында суға түсіріп: «Бала судай таза, судай тұнық, судай қажетті болсын» деп тілеген. Іле-шала маздап жанып жатқан отқа жақындатып: «Бала айналасына оттай опалы болсын, оттай мейірімді, оттай күшті болсын!» деп жас келіннің көңілін жақсылыққа жетелеп, жігерлендіріпті. Суық пен ыстықты кезек алмастыру арқылы денеге күш-қуат беруді ата-бабаларымыз бағзы заманнан білген... «Кіндік шеше» деп кімді айтамыз? «Ит жейде» қандай болады? Жас босанған келінді бұрынғылар қалай күткен? «Қалжа» дегеніміз не? Бұл жайлы алдағы нөмірлерден оқисыздар.
Дайындаған Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ

4. Зейнеп Ахметова Балаға ат қою - ата-ана үшін жауапты іс...
▼

Қазақ халқының ерекше бір көңіл бөлетін ғұрыптарының бірі - өмірге жаңа келген бөпеге ат қою. Әрбір ата-ана өзінің баласына әдемі әрі мағыналы есімді қоюды қалайды. Сондықтан болар ырымшыл халқымыз перзентіне қол бастаған батырлардың, сөз бастаған шешендердің, ел бастаған билердің, жез таңдай, күміс көмей әнші-жыршылардың атын қоюға тырысады.

5. Зейнеп Ахметова Балаға қатысты ырымдар
▼

Баланың ана құрсағына біткені, жарық дүниеге шыр етіп келгені, өсетіні - осының барлығы жаратылыстың өз ретімен келетін кезеңі. Балаға қатысты ендігі кезекте сөз еткелі отырған ырымдар жайлы не білеміз? «Бауырынан табақ алу» ырымы неге еңбектеп жүрген балаға жасалады? «Көгентүпте» не мән бар? «Танабау» жайлы білеміз бе? Ендігі әңгіме Зейнеп апайда...
Әсілі, қазақ халқы табиғаттың құпия сырларын жақсы білген. Жаратылыстың заңдылықтарымен үндесе отырып, соған орай өзінің тұрмыс-тіршілігін сәйкестендіріп, бағыттап өмір сүрген. Қазақтың толып жатқан ырымдары мен салттары жаратылыстың сондай заңдылықтарымен астасып, сәйкес келіп жатады. Әр нәрсе орнымен ғой, мысалы, ағарып таң атады, таңның шапағы көрінеді, күннің нұры түседі, содан кейін күн шығады, сөйтіп, рет-ретімен көктем келеді, жаз шығады, күз түседі, қыс болады дегендей, табиғаттың әрбір сәті, кезеңі өз уақытында, өз орнымен жүреді. Қазақ халқы осы заңдылықтарды терең түсінген, өйткені табиғаттан ажырамаған. Қазір «техника заманы» деп жүріп, жаратылыспен байланысымызды үзіп алдық. Адам өміріндегі неше түрлі сәйкессіздіктердің, келеңсіздіктердің, ауру-сырқаулардың көбейгенінің бір ұшы осында жатыр деуге болады. Бала дүниеге келді, қырқынан шықты, езу тартты, талпынды, отырады, еңбектей бастады... Бала еңбектеуден де толық өтуі керек. Өйткені, ол да - Алла тағаланың өзі жаратқан пендесінің басынан өткеруі тиіс өсу кезеңі. Қазіргі балалар көп еңбектемейді, өйткені жүруге бейімдейтін арбалар (ходунок) бар. Баланы бірден жүргізуге ұмтылған дұрыс емес. Оның зияны кейін шығады. Сүйектері әлі жетілмеген, буындары дұрыс бекімеген бұл кезеңде бала еңбектеуі керек. Сонда бұлшық еттері де толық жетіледі. Ол біраз уақыт алақандарымен жер тіреп, тізесімен еңбектейді. Еңбектеуге әбден үйренген балалардың «ерініп», кеудесін көтергісі келмей қоятыны бар. Дегенмен, ендігі жерде бала аяғын басып, қаз тұруы керек. Сондықтан «көбірек еңбектеуге үйреніп алып, кеудесін көтермей қоймасын» деп, уақыты келгенде «бауырынан табақ алу» деген әдемі бір дәстүрді ырымдап істейді. Баланың алақаны мен тізесін жерге тіретіп, бауырын көтертеді. Сол кезде оңнан солға қарай қант-кәмпит, құрт-ірімшік толтырылған табақты «бауыры тез жазылып кетсін», «еңсесі тез көтерілсін» деген жақсы тілектерді айтып, жеті рет бауырынан өткізеді. Сосын барып, баланы ақырын қаз тұруға, жағалап жүруге үйретеді. Артынан «бала бауырын жазды» деп ауылдың әйелдері табаққа салынған, түрлі дәмнен ауыз тиіп, «бауырынан табақ алу» шайын ішеді. Әңгіме шай ішуде емес, тілекте жатыр. Біздің халқымыз - өте тілеуқор әрі батагөй халық. Қиын-қыстау заманды, жаугершілікті, аштықты, зобалаңды, қанқұйлы шапқыншылықты бастан өткерген қазақты аман сақтап келе жатқан осы тілеуқорлығы мен ниетінің кеңдігі дер едім. «МЫҢ ШАҚЫРЫМ ЖОЛ БІР ҚАДАМНАН БАСТАЛАДЫ» Қолға ұстауға жарап қалған сәбиінің бірінші рет қонаққа барғанына да дәл біздің қазақтай мән беріп қуанатын халық жоқ шығар. Баланы көтеріп, жақын ағайын-туыстың, құда-жекжаттың үйіне барғанда, көңіл жетер жақын адамдары «бірінші рет үйге келді» деп, «көгентүп» беретін болған. «Көгентүп» дегеніміз - балаға берілетін қозы-лақ, бұзау немесе құлын. «Көген» деп төлдің мойнына байлайтын жіпті айтады, яғни «көгентүп» - балаға «көгеннің түбі болсын», «алғашқы малы болсын» деген ниетпен берілетін малдың төлі. Мұның өзі - келген жақтың қозы-лағының жоқтығынан емес, баланың бірінші рет қонаққа келгенін ескеру, оның алғашқы қадамына «өмірі берекелі болсын», «малды болып жүрсін» деп ниет білдіру. Бір жағынан, ағайын-туыс арасындағы татулық пен сыйластықты одан әрі қоюлата түсу, татулықты бекіту. Баласын елеп жатқанды кім жек көрсін?! «Сыйласаң, баланы сыйла, берсең, балаға бер» дейді, өйткені, бала - періште. Бала шынайы қуанады. Бала арқылы бір-бірінің көңілін сыйлау жатыр мұның астарында. Қазақ көңілге көп қарайды. «Көңілі қалмасын», «көңілін қалдырма» деп жатамыз. «Бір атым насыбайдан көңілі қалды» деген де жайдан-жай айтылмайды. Көңіл жақсы жерде арақатынас та бүтін болады. Қазақтың бірлігі көңіл сыйлай білуде жатыр. «ТАНАБАУ» ДЕГЕН НЕ? Баланың алғаш қонаққа барып, «көгентүп» жетектеп қайтқанын естігенде, пысықтау әйелдерінің бірі келіп: «Балаң бірінші рет қонаққа барып, «көгентүп» жетектеп келіпті, «танабау» қадайық», - деп, баланың кеудесіне «танабау» қадап кететін болған. «Танабау» деген - ақық тасты түйме. Кез келген қуанышты өз қуанышындай қабылдай білетін, шынайы қуана білетін қазақ өзге адамдардың баласын елеп-ескергеніне шаттанған. Тіпті «танабау» қадамағанға «мән бермеді ғой» деп өкпелеп қалады екен. Әжелер болса, «немеремді ешқайсысың елемедіңдер ғой, «танабауларың» құрып қалды ма, біреуіңнің есіңе келмеді ғой» деп абысын-ажындарына ренжіген. Ал «танабау» қадап кеткен соң, баланың әжесі дастарқанын жасап, немересінің «көгентүп» жетектеп келген қуанышымен бөліскен. «Мың шақырым жол бір қадамнан басталады» деп баланың алғашқы қадамының қуанышына ағайын-туған, көрші-көлем жиналып, «алғашқы қонақтығы құтты болсын», «жолы болып жүрсін», «алдынан жақсы адамдар кездессін», «бата беретін ата-әжелері көп болсын», «барған жерінде ашылатын есік көп болсын» деген тілектерін айтып, «танабаудың» шайын ішкен. Біреуден бір асаған несібе болмайды, есесіне бала жетектеп келген «көгентүп» бәрінің басын біріктіріп, ағайын-туғанды дастарқан басына жинаған. «ЖАҚСЫ СӨЗ ЖАН СЕМІРТЕДІ» Жақсы сөздің жақсы энергиясы бар. Біздің халық біріне-бірі жақсы сөзді көп айтқан, тіпті әл үстінде жатқан науқастың өзі хал сұрағандарға жаманмын демей, тәуірмін дейді. Осы жақында ғана атаның Мәскеуден келген қызын (атаның Мәскеуде тұратын қызы Елена Бауыржанқызы) әкесінің туған жеріне Бәкең екеуміз апарып келдік. Елдегі атаның нағашыларына бардық. Атаның нағашылары - Текебай биден тараған текті кісілер. Көкеміз (атаның анасынын туған бауырының баласы) қазір сексеннен асты. Ал жеңешем - сөзге өте шешен, тауып сөйлейтін кісі, көпбалалы ардақты ана. Екеуі де - көпті көрген қарапайым ауыл адамдары. «Айналайын, ұлы атаның сен де бір ұрпағысың. Алдыменен бізге келіп, сәлем бергенің үшін жүрегімді табаныңның астына төсейін», - деді жеңешем. Не деген ғажап сөз! Мінеки, тілек! Бәкең жеңешеміздің сөзін қарындасына аударып беріп, түсіндіріп айтып жатты. Бәкеңнің өзі де қатты тебіренді, менің де көзімнен жас ыршып кетті. Басқа салтты ұстанып, өзге діннің адамы болып өскен, тілі басқа Бәкеңнің қарындасы сонда жылап жіберді. Өйткені, шынайы айтылған тілекті жүрегімен қабылдады, жүрегінен өткізді. Бірінші рет көрсе де, кетер кезде қимай, қайта-қайта құшақтап, жылап қоштасты. Бұл да - жақсы сөз арнаудың, көңіл сыйластығының бір мысалы. Өкінішке қарай, жаһандану деп жанұшырып жүріп көңіл сыйлауымызды сұйылтып бара жатырмыз. Бүгінде көңіл де сатулы. «Мен - саған», «сен - маған» дейтін күйге жеттік. Ата-бабамыз нәрсесін, қарымтасын қайтарсын деп бермеген. «Берген - жомарт емес, алған - жомарт» деп, алып жүретін де - біздің қазақ. «Орамал тон болмайды, жол болады» деп қолындағысын беріп жүретін де - біздің халық. Бүгінде барлығы сатулы болғандықтан да, біз өзіміздің қазақтық иісімізден ажырап барамыз. Бұл күндері бір-бірімізге жылы сөз айтудан қалдық. Ал сөздің қадірін білу, сөзге тоқтау, жақсы сөз арнау, жақсы тілек тілеу - қазақтың табиғи болмысы. Бұл - өзгеге ұқсамайтын етіп Алла тағаланың біздің ұлтқа берген сыйы... Тұсаукесер жайлы не білеміз? Тұсауды кімге кескізеді? Ала жіп ненің белгісі? Бұл жайлы газетіміздің алдағы нөмірлерінен оқитын боласыздар. Әңгімелескен Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ

6. Зейнеп Ахметова Ашамайға мінгізу - еңбекке баулудың басы...
▼

«Балаң ат жалын тартып мінді» деген сөзді жиі естиміз. «Ашамайға мінетін жасқа келіпті» деп жатамыз. Көшпенді халықтың баласы онсыз да ес білгеннен атқа мініп өседі. Ал баланы ашамайға мінгізуде не мән бар? Қыз баланы атқа мінуге кім үйреткен? Бұл жайлы айдарымыздың тұрақты кейіпкері Зейнеп апайымыз не дейді екен?..
Бала өміріндегі қуанышты әрі атаулы күндерінің бірі - ашамайлы тайға міну. Әрине, қазақ баласы үшін атқа міну таңсық емес. Өйткені қыз болсын, ұл болсын 2-3 жасынан бастап-ақ атқа мінген, әке-шешесінің алдында отыратын болған. Өйткені халықтың тұрмыс-тіршілігіне байланысты көшіп-қонуы, жолаушы жүруі немесе екінші ауылға қонаққа баруы дегендей, бала үлкендердің алдына отырып атқа мінген. Қазақтың кез келген баласы кішкентайынан атқа үйірсек болып өседі. Жылап жатқан балаға «атқа мінгізем» дегенде жылауын қоятыны да біраз жайды аңғартпай ма?! Баланың өзіне арналған бәсіреге ата-анасы арнайы ашамай жасатады. Ашамай дегеніміз - екі жаны Х әрпі сияқты болып жасалатын балаға арналған айшықты ер. Баланың аяғы қысқа болғандықтан, ашамайға үзеңгі салынбайды. Жабағы жүннен жасалатын терлікті де, оның үстінен салынатын тоқымды да баланікі болғандықтан көз тартатындай әдемілеп, жиектерін шашақтап, кестелеп, сәнді етіп жасайтын болған. Ашамайдың үстіндегі аткөрпе де балаға лайықталып тігілген. Осының үстінен тепкішек салынады. Тепкішекті («аяққап» деп те атайды) киізден жасалады. Сыртынан қатипа, шұға сияқты маталармен қаптап, ою-өрнек салады әрі балаға арналғандықтан айналасын шашақтап қоятын болған. Тепкішек қоржынға ұқсайды, бала атқа мінген кезде екі аяғын тепкішекке салады. Ашамайлы тайға мінетін күні баланы әдемілеп киіндіреді. Шашу шашылып, тілек айтылады. Бәсіре тайың пыраққа айналсын! Мінген ашамайың таққа айналсын! Айналаң толы қауым болсын! Лайым жолың болсын! Тілейік біз ақ тілек, Атқа жақсы шаба біл! Жасыңнан малды баға біл! Оқу-өнер таба біл! Ел-жұртыңа жаға біл! Әумин, жолың ақ болсын! - деп бата беріледі (бұл бір ғана нұсқасы). Тілек пен батаның адамға рухани күш беретінін мен үнемі айтып келем. Жақсы тілек естіп, бата алып өскен бала жақсылыққа құмар болады, естігенін ұмытпайды. «Пәлен атамның берген батасы», «түген әжем маған осындай тілек айтқан» деп үнемі айтып жүретін болған. АШАМАЙҒА МІНГІЗУДІҢ МӘНІ Баланы үлкен аталарының бірі қолтығынан көтеріп тайына мінгізеді. Тайына мінген бала ағайын-туғанына барып, ауыл аралайды. Олар шашу шашып, баланың тайы мен ашамайына көрімдік береді. Бұл жолы балаға міндетті түрде ерге қажет ат әбзелдерін тарту етеді, қамшы сыйланады. Бұл да - қазақтың өзінің салты. Көшпенді халық болғандықтан әркімнің өзінің жеке ер-тұрманы болған. Өйткені аттың табылуы оңай болғанымен ер табу қиын. Сол себепті де тайына мініп келген балаға барынша тек ер-тұрман жабдықтарын сыйлаған. Жоғарыда айтып өткеніміздей, қазақ баласының атқа мінуі таңсық емес. Сөйте тұра «жайдағыңнан жаяу артық» деп жайдақ атқа мінуді қош көрмеген. Ауыл арасында апыл-ғұпыл асығыста мал қайыруға болмаса, былайынша жайдақ атқа мінгенді қазақтың баласы намыс санап өскен. Сол себепті де әр азамат алдымен ер-тұрманын сайлаған. Үлкендер жағы «міне, сен ат жалын тартып мінер жігіт болдың» деп бұдан кейін өзінің жеке тайы бар екенін балаға ұғындырып өсірген. Ашамайға мінудің ерекшелігі - ендігі жерде баланың өзінің ер-тұрманы, өзінің басыбайлы тайы болғандығында. Көшіп-қонған кезде де бұрынғыдай ата-анасының алдында отырмайды, яғни енді бәсіресі, өзінің жекеменшік тайы бар. Ашамайға мінгізу баланы еңбекке баулудың алғашқы баспалдағы деуге болады. Олай дейтініміз, кез келген бала өзінің бәсіре тайын ендігі жерде өзі бағып-қағады. Оны уақытымен жемдеп, уақытымен суарып, жал-құйрығын, үстін тарап, күтімге алады. Бала тайының алдында жауапты екенін, сол тайдың иесі өзі екенін сезініп өседі. Ендігі жерде тайдың күтіміне өзі жауап береді. Сонымен қатар ол бір ғана бәсіре тайды бағып-қағудың айналасында қаншама жаңа сөздерді үйренеді. Бұрын сөздік қорында болмаған жылқыға қатысты қаншама сөз баланың санасына сіңеді. Айталық, терлік, тоқым, үзеңгі, айыл, ер-тоқым, жүген, ауыздық, шідер, құрық, т.б... Ол бұл атауларды үйреніп қана қоймайды, қалай қолданылуын да меңгереді. Бірте-бірте бала тайына мініп, өз үйінің қозы-лағын қарап, өз шаруасына араласа бастайды. Сол себепті де қазақтың баласы кішкентайынан мал танып өседі. Ол жауапкершілікке осы бастан үйренеді. Ерте есейеді, ақылы толысады, ой-санасы өседі, салмақты, байсалды мінез қалыптасады. Әсілі, біздің қазақтың балалары, қыз болсын, ұл болсын ойыншықпен көп ойнамаған. Оларда көп ойыншық та болмаған. Ал қазіргі отызға келген жігіттерге қарап, балалығы әлі қалмағанын байқаймыз. Бүгінде баласы бар қай үйге барсақ та, бөлме толы ойыншықты көреміз. Отбасында нақты шешім шығара алмайтын, аталы сөзді ұғынбайтын ұрпақтың көбейгенінің бір ұшы осында да жатыр. Бұрынырақта керісінше, баланың ойыншықпен ойнағаны көпке созылмаған... Кішкентай қазақты жауынгер, шабандоз әрі ер-азамат етіп тәрбиелеудің басы - осы ашамайлы тайға мінгізуден басталады. Лездің арасында көшуге, ашамайын ерттей салуға қазақ баласы кез келген уақытта дайын болған. Демнің арасында киіз үй тігуге де қазақ баласы ерте машықтанған, яғни жинақылыққа, сақтыққа бейімделіп өскен.
ҚАЗАҚТЫҢ ТЕКТІЛІГІ ЖЫЛҚЫМЕН ДЕ БАЙЛАНЫСТЫ Бұрынырақта үлкендердің қадағалауымен, бақылауымен балалар арасында тайжарыс жиі өткізілген. Кез келген бала өз тайының бәрінен озып келетінін қалайды ғой, сол себепті тайды да соған бейімдеп баптаған. Ары қарай құнан жарыс, дөнен жарыстар болады. Бұл аралықта бала да есейеді, аты да балаға әбден үйренеді. Бала шабандоз болып өсуінің себебі де осында. Қазақтың кез келген баласының ат құлағында ойнайтыны бала жасынан атқұмар болғандығында жатыр. Кез келген қазақ баласы аударыспақ, теңге алу сияқты ұлттық ойындарға еш жүрексінбей қойып кеткен. Көкпар тартқан, қыз қууға шыққан, бәйгеге шапқан қазақ баласының қанында жылқыға тән мінез, сұлулыққа құштарлық, қазақы болмыс осылай қалыптасады. Жылқы - текті, қасиетті мал. Шөпті таңдап жейді, судың тұнығын, тазасын ішеді. Жылқы арқылы баланың эстетикалық сезімі оянады. Желмен жарысып шапқан кезде балада ақындық, шешендік, жыраулық сезімдер туады, шабыт қысады. Ат үстінде өскен бала ірі әрі мәрт болған. Өмірін ат үстінде өткізген біздің халықтың дені де сау, тіпті үнемі қозғалыста жүріп, қан тарқататындықтан біздің қазақ қан қысымы дегенді білмеген. Бір қызығы, мыңғырған малы бар бай баласының өзі атқа мініп, жылқы баққан. Байдың баласы бола тұра қой, сиыр бақпағанмен, жылқышыларға еріп жылқы қараған. Ат үстінде өскен қазақтың ер-азаматы биіктікті, кеңдікті бағалай білген. Көңілі өр болған, желдей ескен ақ көңіл жомарт болған. Осы қасиеттердің барлығы қазақтың қанына жылқының тектілігімен қоса келген. Қазіргі темір тұлпар мінген қазақ баласында мұндай кесек мінез бен жомарттықтан гөрі менмендік, паңдық, өзгені көзге ілмейтін өркөкіректік басым. Өйткені темір - жансыз. Жансыз нәрсе адамның бойындағы шынайы қасиеттерді жұтып қояды. Әрине, машина мінген қазақтың бәрі бірдей деуден аулақпын. Бірақ жылқы мен темірді салыстырсақ, ұл баланың ер-азамат болып қалыптасуына жылқы малының әсері мол болғанын байқаймыз. Өкініштісі, бүгінде біз аттан ажырап қалдық. Қазіргі кездің өзінде байқасаңыздар, атбегілер мен жылқы баптайтындардың мінезі мүлде басқа. Олар - майда-шүйдеге көңіл бөлмейтін, жақсылық жасағысы келіп тұратын кесек мінезді, сөзге шешен адамдар. Ашамайға мінген кіп-кішкентай баланың көңілінің өсіп, өзгелерден ерекшеленіп, өзгеше сезімге бөленетіні де сондықтан. Қазақтың қыздары да шабандоз болған, кішкентайынан атқа мініп үйренген. Ұл балалардай дабырайтып шашу шашып, ашамайға мінгізбегенмен, қыз балаға да арнайы лайықталып ашамай ер жасалған. Қыздарды атқа мінгізуге тек ағалары үйрететін болған. Жаугершілік заманда әкелерімен, ағаларымен бірге жауға шапқан, соғыс кезінде олардың оққағарындай болып жүрген қазақтың қыздары жайлы тарихтан да белгілі. «Қыз қууда» небір жігіттерді қамшымен осып түсетін қыздардың барлығы да атқа мініп өскен, яғни оларға ағалары атқа мінуді кішкентайынан-ақ үйреткен. Қыздардың да сәнімен айшықталған, күмістеліп жасалған өз ер-тұрмандары болған. Бұрынырақта тіпті кейбір ауқаттылар қызын ұзатқанда берген ер-тұрманының өзі әкелінген қалыңмал құнынан асып түскен екен... Қыз баланың құлағын қашан тескен жөн? Құлақ тесіп, сырға салғанда не мән бар? Бұл жайлы газетіміздің алдағы нөмірлерінен оқи аласыздар Әңгімелескен Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ

7. Зейнеп Ахметова Құлақ тесуде де тәрбие жатыр...
▼
8. Зейнеп Ахметова Сүндетке отырғаның - иманды болғаның...
▼


Құрсақтой, шілдехана, бесіктой, қырқынан шығару, тұсаукесер деген сияқты бала өміріне қатысты тойлардың маңызы мен ерекшелігі жайлы өткен нөмірлерімізде айттық. Ұл баланың өміріндегі үлкен бір белес - сүндет жайлы, сүндеттой жайлы не білеміз? Бүгінде сүндеттой қалай жасалып жүр? Бұл жайлы тұрақты кейіпкеріміз Зейнеп апайымыздан білсек...


9. Зейнеп Ахметова Тілашар қазақта бұрыннан бар...
▼




БАЛАСЫНЫҢ ҚАРА ТАНУЫНА МӘН БЕРГЕН ХАЛЫҚ "Тілашар" дәстүрін айтпас бұрын бір нәрсеге кішкене тоқталайын. Кеңес өкіметі заманында арнайы құжаттарда, оқулықтарда, алқалы жиындарда биік мінбелерден: "Қазан төңкерісіне дейін қазақтардың 98 пайызы - сауатсыз, қараңғы болған. Тек төңкерістен соң көзі ашылып, әріп таныды", - деп көпе-көрнеу бүкіл бір халықты кемсіту, жала жабу үдерісі үзбей жүріп тұрды. Сыңаржақ саясат қазақ халқының қомақты бөлігінің мұсылманша сауаты болғанын, араб әрпімен оқып-жаза алатынын көргісі де, естігісі де келмеді. Ең сорақысы, "сауатсыз едік", "қараңғы едік", "оқымаған надан едік" дегенді өз ұлтымыздың өкілдеріне айтқызып, санасына сіңірді. Егер бұлай болса, көне дәуірден бері тамыры үзілмей келе жатқан "Тілашар" дәстүрі қайдан шыққан? "Тілашар" дегеніміз - баланың ұстаз алдын алғаш көруіне (мейлі, ол қожа, молда болсын, мұғалім болсын) арналған ізгі ниет, бата-тілек емес пе?! Ертеде алалы жылқы, ақтылы қой айдаған ірі байлар балаларын Бұхара, Самарқанд, Қазан, Түркістан, Орынбор секілді қалаларға үлкен медреселерден білім алуға жіберген. Ауқатты адамдардың көбі ауылында бала оқытатын қожа-молдаларды ұстаған. Баласын алысқа жіберуге шамасы келмейтін қоңыртөбел шаруасы барлар мен саптыаяқтық айраны бар кедейдің өзі баласын ауыл арасындағы молдаларға апарған екен. "Тілашар" дәстүрі сол кезде жасалған. Оқуға баратын баланы жуындырып, тырнақ-шашын алып, әркім жағдайына қарай балаға жаңа киім кигізіп, қолдағы барымен дастарқан жасап, үлкендерден бата алған.
Таудай болсын талабың, Ашылсын тілің, қарағым. Оқу сіңіп санаңа, Жарқырай берсін қабағың. Мақтанышы бола біл. Ата менен анаңның! - деген секілді тілегі тұнық, ақ ниеттен шыққан батаны естіген баланың рухы көтеріліп, оқуға талпынған. Ата-аналары баласын молдаға жетелеп апарып: "Молдеке, сүйегі - біздікі, еті - сіздікі. Осы балаға қара танытып, тілін ашып беріңіз", - деп тапсырады екен. Әрине, ол заманның оқуы мен бүгінгі дәуірдің сабағын да, ұстазын да салыстыруға болмайды. Алайда мұсылманша әріп танып, оқу-жазуға көзіқарақты болғандардан қазақтың небір ғұлама ғалымдары, классик ақын-жазушылары шықты емес пе?! ТАЛМАЙТЫН ТАЛАП БЕРСІН! Әлі есімде, мен мектепке барған 1952 жылы анам көрші-қолаң, жақын ағайын-туысқа кішігірім той жасады. Сонда 83 жастағы Қамқа дейтін әже маған: "Әй, тентек, қасыма жақын кел! Мен баяғыда "иманшарт" пен "әптиекті" оқығанмын, тілашарыңды өзім жасайын. Түф, түф, түф!" деп дем салғандай ма, түкіргендей ме, ырым жасап: "Талмайтын талап берсін, самғайтын қанат берсін!" деп бата беріп еді. Қамқа әженің сөзіне қарағанда, қазақтың бұрынғы қыздарының да мұсылманша оқу-жазудан қаражаяу болмағанын көреміз. Құдайға шүкір, қазір той көп. Жақсылықтарын жария етіп, қуанышын дария етіп жүретін тілеуқор халқымыздың балаға арналған тойының бірі - "Тілашар". "Тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын" білім ордасы-мектептің есігін перзентінің алғаш ашуы - ата-ана үшін де, бала үшін де зор қуаныш, өмірдің бір белесі. Сондықтан әркім шама-шарқынша бұл күнді атап өтіп, есте қалдыруға тырысады. Қалтасы қалыңдар үлкен мейрамханаларда "Тілашар" тойын дүбірлетіп өткізіп жүр. Жағдайы келсе, неге жасамасқа?! "Берсең, балаға бер" демей ме, дана халқымыз... Алайда балаға бағышталған той сол баланың есінде ұзақ қалатындай сәнді, үлкендерден үлгі-өнеге көріп, олардың ықыласына кенелетіндей мәнді өтіп жүр ме? Өзіміз қатынасқан талай "Тілашар" тойлардағы дастарқанда арақ-шараптың неше түрі тізіліп тұрады. Құлақты тұндыратын даңғаза әуен, селкілдеп қиралаңдаған би. Елді күлдірем деген оймен анекдот айтып, қайта-қайта "ду қол шапалақ" деп жұрттың зықысын шығаратын жадағай асаба... Балаңызға той арнаған ниетіңіз қабыл болсын, бірақ жоғарыдағы көріністерден қандай тәлім, ұлағат алуға болады? Осы жайлы ойланып көрдік пе? Өз басым бала мұндай тойлардан үлгі-өнеге көреді деп ойламаймын. БАЛА ТОЙЫНЫҢ БАСТЫ ҚОНАҚТАРЫ БАЛАЛАР БОЛСА... Меніңше, ең алдымен, үлкенге де, кішіге де көңілді болатын ұтымды жоспар жасалуы керек. Тойға тек ересектерді емес, балаңыздың тең тұстарын шақырыңыз. Соларға арналған қызықты ойындар ұйымдастырып, олардың өздерінің өнер көрсетуіне, яғни тақпақ айтып, ән салып, би билеуіне көбірек көңіл бөліңіз. Балаларға шағын болса да ескерткіш сыйлық әзірлеген жөн. Ал үлкендер бір сәт баламен бала болып қуанышын бөлісіп, көтермелеп-қолпаштап, тойды есте қалатындай етіп мағыналы, салтанатты өткізуге атсалысулары керек. Тойға келгендер ізгі ниет баталарын "Ақ тілек" альбомына жазып қалдырса, бұл балаға рухани күш-қуат береді әрі келешекте үлкен ескерткіш болады. Ең бастысы, дастарқанға қымыз, шұбат, жеміс сусындары қойылып, қазақтың әдемі әні айтылып, күйі күмбірлеп жатса, тойыңыздың мәртебесі аса түседі. Өз отбасымызда немереміз Нұрсұлтанның "Тілашар" тойын осылай өткізген едік. Мен өзгеге ақыл үйретіп, жол көрсетуден аулақпын. Тек немеремнің тойы жайлы қысқаша айтып, жас ата-аналармен тәжірибе бөлісуді жөн көрдім... 13 жасты "мүшел жас" дейміз. "Мүшел жастың" не ерекшелігі бар? Қазақ халқы "мүшел жасқа" не себепті мән берген? Бұл жайлы газетіміздің алдағы сандарынан оқи аласыздар. Дайындаған Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ

10. Ашамайға мінгізу
▼


Баланың сана-сезімін жетілдіру үшін жасалатын тәрбиелік салттың бірі – осы ашамайға мінгізу салтанаты болып табылады. Жас бала есі кіріп, 6-7 жасқа келген соң оған жеке тай атап, балаға арналған «ашамай» деп аталатын ер жасатып, қамшы өріп «сен азамат болдың» деген сенім ұялатып, үйретілген жуас тайға әсем ашамай ерттеп мінгізіп, жүргізеді. Бұл баланың көңілін өсіреді, басқа балалар алдында мерейі көтеріліп, мақтаныш сезімде болады, тез есейеді.Оны еңбекке, адамгершілікке тәрбиелеудің ұлттық әдістемелік жолдың бірі-осы ашамайға мінгізу арқылы да көрінеді. Ақ тілекті аналар шашу шашады. Ересек балалар тайға мініп, жарысады. Аяғы шағын тойға ұласады.

11. Ауызға түкіру
▼

Аты аңызға айналған, ел таныған ақындар мен шешендер, дуалы ауыз билер мен ақсақалдарға сәбидің аузына түкіртіп алу ежелгі дәстүрлі ырымдардың бірі. Бұл сенім ырымы болғандықтан ел ішінде әлі де жасалады және жиі айтылады. Оның орындалуы, ишара түрінде, ауызға түкіру нышаны ғана жасалады. Халқымыздың ырымы және сенімі бойынша жоғарыда аталған адамдардың қасиеті мен өнері сәбилер мен жас балаларға қонады деген түсінік болған. Бұл кейін балаға да, оның ата-анасына да әсер еткен және оны мақтаныш тұтқан. Айта кету керек, белгілі ғалым Бейсенбай Кенжебаевтың аузына ақын Мағжан Жұмабаев түкірген. Аталған ырым – халық салт-дәстүрінде үлгі, тәрбие құралы ретінде жүргенін әр ата-ана есте ұстаған жөн.


12. Ат қою
▼

Жаңа туған сәбиге лайықты ат қоюға халық ерекше көңіл бөлген. Әрине алдымен жақсы есімдер мен елге әйгілі адамдардың атын қойған. Сонымен бірге бала есімін белгілі, беделді кісілерге қойғызып, батасын алуды да ұмытпаған.
Халық баласына ат қоюдың жолы мен сәттері көп. Шөп шауып жатса Шөптібай деп, Наурыз айында туса Наурызбай деп, айт күні туса Айтбай деп те қоя салады. Сол сияқты қыз бала туа берсе Ұлболсын, Ұлтуған, Ұлмекен дейді. Көз тимесін деп Тасбике, Башай, Қосқұлақ, Итемен деп те қойған.

13. Асырап алу
▼

Баласы жоқ адамдар біреудің баласын асырап алуы ежелден бар дәстүр. Мұның да жөн-жоралары бар. Мысалы, жаңа туған нәрестенің асыраушы адам шаранасына етегіне салып алады. Қазақтың ежелгі заңы бойынша асыраушы адам жаңа туған балаға атын қойып, оң қолына асық жілік ұстатады. Асық жілік ұстаған бала сол үйдің баласы деп есептеледі. Кейде баланың өз әке-шешесі балаға таласқан жағдайда асыраушы адам «оң қолына асық жілік ұстатып едім ғой» деп дауласады. Бұл үлкен дәлел, куәлік есебінде жүреді. Осыдан кейін сол үйдің әйелі перзентті болса, онда асырап алған баланы бұдан былай «майқұйрық» деп әлпештеп, оны бұрынғыдан да бетер жақсы көреді. Алайда бала қайтыс болған жағдайда оның туған әке-шешесінің аты айтылып, жаназасы шығарылады.

14. Айдар
▼

Балалардың төбе шашын ұзартып өсіріп қояды. Мұны – «айдар» дейді. Бұрын ел бұл ғұрыпты көп қолданған. Мысалы, Кенесарының інісі атақты Наурызбай батырдың айдары болған. Бұл ғұрып ер балаға жасалады. Сәбилерге кекіл, тұлым да қою негізінде көз тимесін деген сенімнің жатуы ықтимал.

15. Балаға қатысты салт-дәстүрлер
▼

Дүниеге келген нәрестенің кіндігін ақ балтамен кесіп таза жіппен байлайды да, түбіне күл себеді. Ақ балтаны өзге нәрсеге пайдаланбай, сақтап қояды. Ер баланың кіндігін «үй күшік болмасын» деп қырдан асырып лақтырады. Ал қыз баланың кіндігін «үйдің құты болсын» деген ырыммен ошақ түбіне көмеді.
Жаңа туған сәбиді емізбестен бұрын таза суға малынған қасқырдың жүнімен ауыздандырады. Ерте кезде қасқыр киелі саналған, сондықтан да бұл ырым бала қасқырдай қайратты да қажырлы болсын деген ниетпен туындалған.
Нәрестенің ұйқысы тыныш болуы үшін және жын-шайтанды қуу мақсатымен адыраспанды отқа жағып түтетіп, баланы бөлерден бұрын бесікті айналдырып, аластап шығады.
Бала бөленген бесіктің үстінде жеті нәрсе (шапан, кебенек, тон, жабу, жүген, қамшы және бесік көрпе) жабады. Кебенек пен қамшы – ел қорғайтын ер болсын деген тілекті білдіреді.
Ұл баланы қырық күнге жеткізбей, 37-39 күнде, ал қыз баланы қырық күннен асырып, 42-44 күнде қырқынан шығарады. Бұл – ұл баланың қалыңдығына төлейтін мал аз болсын, ал қыздың қалың малы көп болсын деген ырым.
Сәби шалқасынан жатып алаңсыз ұйықтаса – елге белгілі азамат болып өседі, бүк түсіп жатса – уайымшыл, жігерсіз болып шығады, етпетінен жатып ұйықтаса – ойшыл болады. Егер аяқ қолын еркін созып ұйықтаса – болашақ батыр кемеңгер болады деп болжаған.
Қыз балаға шашы өссін деп желке жегізеді.
Баланың желкесі шұқыр болса немесе желкесінен сүйсе кесір болып өседі.
Баланың орайы екеу болса, екі рет үйленеді, немесе екінші рет тұрмысқа шығады.
Шөбересінің алақанына су құйып ішкен қарт жұмаққа барады.
Балаға шешен болсын деп таңдай жегізеді.
Батырдың, ақынның, палуанның сарқытын жегізсе немесе олар сәбидің аузына түкірсе, жақсы қасиеті мен өнері балаға қонады.
Балаға қарғыс өтпеу үшін үш кемпірдің бұтының арасынан өткізіп алады.
Сәбиге көз тимес үшін бетіне күйе жағып, үстіне ескі киім кигізген.
Бойына бала бітпей жүрген әйел баланың ит көйлегін ырым етіп қалап алған.
Баланың қарын шашын адам аяғы баспайтын жерге көміп тастайды. Өйтпесе, бала бақытсыздыққа ұшырайды.
Сәбидің аяғын басып тез жүріп кетуі үшін тұсауы кесіледі.
Нәрестені тіл-көзден сақтау үшін оның бесігіне, киіміне тұмар ретінде жалынбас, үкі, тоғыз моншақ, күміс тиындар іліп қояды. Сәбиге «көз тиді» деп секем алған жағдайда. Сол адамның үйінен бір нәрсесін әкеліп түтетеді.
Баланы асырап алғанда ер балаға асық жілік, қыз балаға тоқпан жілік ұстатып, көпшілікті бұған күә етеді.
Үйге кіріп келе жатқан бала есік алдына құлай қалса, үйге береке, ырыс, байлық келеді деп қуанады.
Бала тұрмай, шетіней берген жағдайда оны басқа адам өтірік сатып алады.
Әйелдің екіқабат кезінде жерігі қанбаса, баланың аузынан су ағып жүреді.
Әйел, не еркек жұмыс істеп жатқан үйге келгенде,қолғабыс жасамаса, баланың белі бүкір болады.
Бала алғаш жолға шыққанда тоқым-қағар жасап тойланады.
Сәби анасынан ұстап отырып емсе – сараң, еркін отырып емсе мырза, жомарт болады.
Сәби көзін ашып ұйықтаса, жары сұлу болады.
Есіктің тұтқасын жуған сумен көз тиген баланың бетін, екі алақаны мен табанын жуса, тәуір болып кетеді.
Көз жара шыққан балаға сойған малдың немесе құстың көзінің суын жақса, жазылып кетеді.
Бала тілін шығарса, тіл келеді, яғни хабар келеді деп жориды.
Сәбидің тілі мезгілінде шықпаса, нағашысының үйіне апарып бір қойды сойып, соның ішегімен буындырады.
Бөбек алақанын шапалақтаса, қуанышты хабар келеді.
Перзентсіз ерлі-зайыптылар мойнына көгеннің бұршағын салып бала тілейді.
Бала қаспақ жесе, үйлену тойында жаңбыр жауады.
Баланың мойны тез және түзі беку үшін оның шілдеханасына сойған қойдың мойын омыртқасын тұтасымен асып,тесігінен шыбық өткізіп, кептіріп қояды.
Шала туған баланы тымаққа салып, неше күні кем болса, сонша күн керегенің басына іліп қояды.
Қалы, меңі үлкейіп кетпесін деп қалымен туған баланы, «Қалдыбай», «Қалдыгүл», «Меңдігүл», «Анарбай», «Анаргүл» деп ат қояды.
Сәби өз үйіне «ассалаумағалейкүм» деп кірсе, ол үйге кешікпей қонақ келеді.
Сәби қолындағы заттарын «шашу» деп шашса, ол үйде той болады.

Бесікке қатысты тыйымдар мен ырымдар
Бос бесікті тербетуге болмайды. Бос бесікті тербеткен жаман ырым саналады.
Үйге келген адам бос бесікті тербету арқылы өзінің ұрпақсыз қалғанын үндемей-ақ білдірген.
Бесікті сатуға, кез келген адамға беруге, аяқ астына тастауға болмайды. Қазақ халқында бесік ұрпақ жалғастыратын қасиетті бұйым саналады. Баласы көп үйдің бесігін жақсы ырымға жорып, тек жақын туыстары қалап алып, жаңа түскен келіннің отауының төріне қойған. Бесікті ашық қалдырмайды, орап қояды. Бос бесіктің өзін анда-санда отпен аластап, жын-шайтаннан қорғаған.


Автор, редактор:
Юрист-консультант по семейному праву