FindHow сборник различных поздравлений на казахском языке.
Наурызды тойлау /бесікке салу
Наурызды тойлау сценарийі
Бесікке салу дәстүрін көрсету
дайындаған Жанар Аманғалиева
Сынып іші наурыз нақыштарымен әдемі безендірілген. Көрініске ата-аналар, мұғалімдер, балалар қатысады.
1-көрініс. Бесік сатып алу.
Әкесі: - Саламатсыз ба, қария! Мына бесігіңіз қанша тұрады?
Қария: - ә, шырағым, ала ғой. 20 мың теңге.
Әкесі: - қойыңыз, ол қымбат емес пе, атай? 15 мыңға беріңіз.
Қария: - әй, көргенсіз, бесіктің бағасын ешқашан саудаламайды қазақта.
Әкесі: - ой, қария, сіз ренжімеңіз, шынымен қымбатсып тұрмын.
Қария: - балам, есіңде болсын: бесікті саудаламайды. Айтқан бағасына алып жүре береді.
Әкесі: - қымбат болса ше?
Қария: - бесік жасайтын шеберлер аса ынсапты, ниетті келеді. Олар киелі дүниенің бағасын аспандатпау керегін жақсы біледі, балам.
Әкесі: - мына бесік неден жасалған?
Қария: - Қазақтар бесікті қарағайдан, қайыңнан, көбіне талдан жасайды. Бесікті «тал бесік» деп атаудың сыры осында. Бесік көшіп-қонатын қазақ тіршілігіне өте ыңғайлы. Оны түйе үстіне, өзге жүктермен қоса артып жүре береді. Кейде бала бөленген бесікті де осылай алып жүретін болған. Себебі «баланың ұйқысын бұзған періштенің үйін бұзғанмен барабар» деп ұққан.
Әкесі: - ал мынау не ілініп тұрған.
Қария: - ол бесіктің бір түрі – аспалы бесік.
Әкесі: - мақұл, ата. Әңгімеңізге рахмет. көп нәрсені білдім. Алайын бесікті. Мінеки 20 мың теңге.
Қария: - мынауың жөн. Сәбиің ғұмырлы болсын, халқының қалаулысы, елінің елеулісі, қоғамның бетке ұстар азаматы болсын.
Әкесі: - рахмет ата, сау болыңыз.
2-көрініс. Бесікке салу.
Үйдің ішінде дастархан жаюлы. Қыз-келіншектер кәде-жораларын, шашуларын алып келіп жатыр.
Келгендер: - Сәбидің бауы берік болсын!
Үйдегілер: - Төрлетіңдер, төрлетіңдер!
Дастархан басындағы әңгіме:
Келгендер: - Апа, баланы неге бесікке салатын болдыңыздар?
Апасы: - Қызым, саудың асын ішіп, жындының сөзін сөйлегенді қашан қоясыңдар, осы? Бесік деген қасиетті, киелі, құтты мүлік, сәбидің алтын ұясы болып есептеледі.
Әжесі: - Бесік туралы мынадай әфсана бар. Ертеде жоңғарлар шапқыншылығынан соң тоз-тоз болған ел тау жаққа қарай босып, үдере көшкенде аяғы ауыр жас келіншек бос бесікті арқалап бара жатқан көрінеді. Сонда Төле бимен қатар келе жатқан кісі: "Мына бейшараның көрпе-жастығын тастап, бос бесікті арқалап келе жатқаны-ай!" - дегенде, Төле би: "Баланың бесігі - кең дүниенің есігі ғой", -деген екен.
Келіншектердің біреуі: - «Бесікке салған бала өспейді, оның бойында қан жүгірмейді, аяқ-қолы қисық болады» дейді ғой.
Әжесі: - тек /жекіп/, оның бәрі бекер айтылып жүрген әңгіме. Бесікке баланы қазақ ешқашан да күндіз-түні матап байлап тастамаған. Бесіктегі сәбидің дене бітімі түзу, қол-аяғы түзу, ширақ болады.
Апасы: - қой, баланы бесікке салайық. Баланы алғашқы бөлеу ұрпақ өсірген, үбірлі-шүбірлі қадірмен әйелге тапсырылатын ырым бар. Ендеше, Жамал апа, сіз көпті көрген, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған қадірменді өнегелі тәтесіз. Бесікке сіз салыңыз баланы. Сіздің жолыңызды берсін мына отырған жас қыз-келіншектерге.
Жамал апа: - жақсы, баланы шомылдырып болыңдар онда.
Апасы мен анасы кетеді, баланы шомылдырып, өс-өс жасайды:
Өс-өс! (балдырғанның қол-аяғын созу)
Өс-өс, балам, өсе бер, Батыр бол – балуан білекті, Батыл бол – таймас жүректі. Аяғыңды созайық, Саусағыңды жазайық. Етті болсын балтырың, Епті боп өс, жарқыным.
Анасы баланы бөлеген соң, апасы: - Шақыр кісілерді.
Қыз-келіншектер бөлмеге кіреді.
Жамал апа: қане, бесікті әкел. Бесік – өмірге жаңа келген періште сәбидің ақ отауы, оның ер жеткенде ардақ тұтар асыл бұйымы, мұны білген абзал.
Бір балалар: апа, мына бесік тесік қой.
Жамал апа: ол әдейі жасалған тесік. Бұл тесік балаға тазалық, алаңсыз ұйқы сыйлайды. Алдымен тыштырма жасайық. /тыштырма ырымы - түбектің тесігінен» тышты ма» деп тәтті тағамдар өткізіп, балаларға үлестіреді./ Бұл жас нәрестенің ішкі ағзалары ауырмасын дегендік.
Жамал апа: Енді бесік кертпе деген бар. Бесік кертпе – отқа табыну дәуірінен қалған ырым. / шымшуырды отқа қыздырып, сонымен бесіктің басын, арқалығын қарып кетеді. Оттан жын-шайтан, дерт-дербезе қашады-мыс. Бұл алаумен аластаудың бір түрі./ Осыдан кейін отпен аластайды, баланы бөлейді.
Жамал апа: Енді бесікті аластайық.
Бесікті аластау
Алас, алас, баладан алас, Иесі келді, пәлесі көш! Алас, алас, бәледен алас, Көзі жаманның көзінен алас! Тілі жаманның тілінен алас! Қырық қабырғасынан алас, Отыз омыртқасынан алас! Алас, алас, аласы, Келді, міне, баласы. Көш, көш, пәлесі, Келді, міне, егесі. Аталарың ақырса, одан қорықпа, Аналарың, ағаларың шақырса, одан қорықпа, Ойнақтаған лақтан қорықпа, Сылдыраған бұлақтан қорықпа. Тулаған тайдан, Қуалаған ботадан қорықпа! Маң төбеттей ұйқылы бол, Түлкінің баласындай күлкілі бол. Алас, алас, аласы, Келді, міне, баласы. Ұйықтап дем алсын, Қунап оянсын!
Осыдан кейін бір-екі қыз-келіншектің көмегімен бесікті жабдықтайды.
Балалардың біреуі /шүмекті нұсқап/: мынау не?
Жамал апа: Мынаны шүмек дейді, шүмекті қойдың асықты жілігінен жасаған, ол айрықша аппақ болу үшін сүтке қайнатылады.
Балалардың біреуі /түбекті нұсқап/: ал мынау не?
Жамал апа: Ал мынаны түбек дейді. Түбектің түбіне күл салып қоятын болған, оның бір себебі бесікті тербеткенде нәрестенің зәрі шайқатылмау үшін, ал екіншісі оның күлге төгіліп, жылы бу шығарып тұруы үшін жасайды.
Балалар: олар не үшін керек: Мұның бәрі сәбидің денсаулығына пайдасы өте зор. Ол баланың тазалығына өте қолайлы, мына арнайы қойылатын түбек пен шүмек баланың дәретін жаймай, таза және ұзақ ұйықтауына жағдай жасайды. Бұл анаға да қолайлы. Бала да өзінің құрғақ, ұядай жылы жатын орнында алаңсыз ұйықтайды.
Жамал апа: ал енді бесікке бөлейік.
Осы кезде бір балалар бесікті тербетеді.
Әжесі: қой балам, бос бесікті тербетуге болмайды.
Балалар: мыналарды қарашы. Кіп-кішкентай көрпелер. Қандай әдемі!
Жамал апа: Бесіктің жабдықтарын барынша әдемілеп жасаған. Түбегі мен шүмегінен басқа, құс төсек, жастық, қолтық жастық, тізе жастық, жөргек, қолбау, тізебау, екі тартпасы дегені болады және олар ешқашан сүреңсіз сұр түсті маталардан тігілмеген. Кішкентай көрпешелері де мүмкіндігінше ашық түсті маталардан тігіледі.
Апасы: Бесіктің басына үкі тағады. Өйткені бала әсемдікке, әдемілікке бесікте жатқан кезден бастап үйренуі керек. Бала бесікте көп жатады. Бесік - баланың жылы ұясы.
Әжесі: Бесік - баланың ұйқысын ғана күзетіп қоймайды, оны халық сенімі бойынша, жын-шайтаннан да қорғайды. Сол үшін де халқымыз бесікті 7 затпен жабдықтаған. Олар - көрпе, қамшы, жүген, шапан, тон, кебенек, шекпен. Баланы әруақтар қорғап жүрсін деп, ата-бабадан қалған сырт киім, ел тізгінін ұстар азамат болсын деп, аттың тізгінін, ел арасында айбынды болсын деп, қамшы қояды.
Апасы:Сондай-ақ бесік баланы кездейсоқ құлаған заттан, суық пен ыстықтан қорғайды. Пәле-жаладан сақтасын деп ырымдап, оған үкі тұяғы, жыланның бас сүйегі, кірпі терісі сияқты заттар да тағып қояды.
Жамал апа: Егер баланы бесікке бөлемесе, ол анасының жанында ұйықтағасын оның иісін алып, онсыз ұйықтай алмайды. Ұйқысы жиі бұзылады. Ал ұйқының дұрыс болмауы баланың психикасына кері әсерін тигізеді. Анасының ұйқысы да жиі бұзылады. Ағзасы дұрыс демалмаған ана шаршайды.
Бесікке бөлеу
Мойнымдағы тұмарым, Тарқамайтын құмарым. Тағдыр берген алсын деп, Ақ бесікке салсын деп. Мойнымдағы маржаным, Қорадағы мал-жаным. Бесігіңе жата ғой, Тәтті ұйқыға бата ғой.
Балам жатсын бесікке, Пәлесі қалсын есікте.
Бесіктен шешіп аларда Анасы шешіп алсын, Ұйқысы бесікте қалсын. Балам бесіктен шықсын, Пәлесі есіктен шықсын.
Әжесі: Ал, Жамал, мынау сенің сыйың. /Жамал апаға және оның көмекшілеріне көйлек-жабдық сияқты сый тартылады.
Әжесі: бата береді:
Бата:
Көтерейік білекті,
Нұрға бөлеп жүректі.
Бөбекке бата берейік,
Ағынан айтып тілекті:
Сәбиіміз сүйкімді болсын,
Өнер-білімге икемді болсын,
Бәйтеректей бойшаңданып,
Өрен, өршіл, өркенді болсын!
Жақсы жолды таңдасын,
Жамандық тәлім алмасын!
Даналардың дәстүрін,
Жаңаласын, жалғасын,
Шұғылалы шуақты күн кешсін,
Басын сұр бұлт шалмасын,
Қос топшысы талмасын,
Қырандай биік самғасын!
Апасы: - Ал енді, қызым бесік жырыңды айтып, сәбиіңді ұйықтата ғой.
Анасы бесіктің теріс жағынан отырады.
Апасы: бесіктің теріс жағынан отыруға болмайды. Оң жағынан отыру керек.
Анасы жай уілдете бастайды.
Апасы: жоқ, қызым, бесік жырын үйренгенің жөн. Бесік жыры баланың дүние танымының ерте кеңеюіне жол ашады. Қазақ халқының балаларының тілі ерте шығып, жатық сөйлеуінің кілті - осы бесік жырында жатыр. Өйткені баяу ырғақпен айтылған анасының әлдиі туғаннан баланың құлағына сіңеді. Ана баланы әннің ырғағымен тербетеді. Өкініштісі, бүгінде бесік жырын әндететін ана аз.
Әжесі: Ардагер ұстаз-ғалым Рамазан Жәшиевтің айтуынша, бесік жырында түрлі фонетикалық дыбыс кездеседі. Ашық-қысаңы да, жуан-жіңішкесі де, қатаң-ұяң, үндісі де бар. «Әлди-әлди, ақ бөпем, ақ бесікке жат бөпем...» бәрі бар. Оның үстіне сазды, әуенді болып келеді.
Жамал апа: Сәби бесікте жатқанда анасының ұлағатты әнін естіп, бойына тәрбиелік мазмұндағы, рухани өнерді өз ана тілінде қабылдайды.
Қыз-келіншектер: рахмет сіздерге. Бүгін біз сіздерден көп нәрсе үйрендік.
Әжесі: Біз сіздерге үйретеміз, сіздер балаларыңызға үйретіп отырыңыздар. Сонда ата-бабамыздан қалған қазақтың әдет-ғұрпы, дәстүрі, мәдениеті, тілі өлмейді.
3-көрініс. Бесік жыры.
Бесік жыры
Қолымыздан іс алып
Мойыныңа күш алып
Бізді бағар ма екенсің?
...Жаудан жылқы айырып
Жігіт болар ма екенсің?
...Ақыры жауға тиісіп
Батыр болар ма екенсің?
...Түрлі ою ойысып
Шебер болар ма екенсің?
...Сөйлегенде сөз бермей
Шешен болар ма екенсің?
...Ұлы топта күрескен
Палуан болар ма екенсің?
...Төрт құбылаң тең келген
Төре болар ма екенсің?
Қорытынды бөлім: Ал, балалар! Бүгін біз көп дүниені білдік. Қанеки, айтыңыздаршы:
1. Бесікке қатысты тыйымдар мен ырымдар.
/балалардың айта алмағандарын мұғалім өзі айтып түсіндіреді/
2. Бесікке салу ырымдары – аластау, кертпе, тыштырма
3. Бесік жабдықтары – бесік, жастық, жөргек, түбек, шүмек, т.б.
4. Жұмбақтар шешу.
Сәбиге сәнді үй- Әжеге ән мен күй./Бесік/
Бесікке іледі, Әнін де, Дәмін де Сәбилер біледі./Сылдырмақ/
Шүберек қабығы, Іші құс мамығы./Жастық/
5. Мақал-мәтелдерді жалғастыр.
Ананың сүті бал, —————— /Баланың тілі –бал/
Балалы үй-базар, ————————— /Баласыз үй мазар/
6. Ал енді қыздарымыз бесік жырын айтсын.
Бесік жыры Қасым Аманжолов
Қыздарға үлестіріп беріп жатқа айтқызу /қолына қуыршақ бөлеп ұстатып, әндетіп немесе мәнерлеп айтқызу/
I
Әлди, әлди, әлпешім!
Ұйықта деймін, ұйықтайсың.
«Мә-мә» берсем қайтесің,
Ұйықта десем, ұқпайсың.
Жоқсың бүгін көз ілген,
Көп ісімнен бөгедің.
Жаудыраған көзіңнен!..
Ұйықтай қойшы, бөбегім.
Әлди,әлди, әлди-ді,
Әлди біздің қалғиды.
II
Ұйықта десем, күлесің,
Айналайын күлкіңнен!
Ер жеткен соң білесің,
«Тұр-тұрлармын» бір күн мен.
«Кешіктің, - деп, - сабақтан»,
Тыншыңды алсам «тұр-тұрлап»,
«Жоқ қой әлі таң атқан», -
Деп жүрмеші бұртындап.
Әлди, әлди, әлди-ді,
Әлди біздің қалғиды.
III
Ұйықта, бөпем, ұйықтай ғой
Ұйықтайтын бұл шағыңда.
Қызық өмір - думан той
Тұр ғой күтіп алдыңда.
Ұйықтап өткен не табар
Бұл өмірге бекер кеп?
Ұйықта, бөпем, ұйықтап ал,
Ер жеткен соң бол сергек!
Әлди, бөпем, бөпемсің,
Кім боп шығар екенсің?
IV
Күлімдейсің - күнімсің,
Батар дағы күн шығар.
Уілдейсің - күйімсің,
Күй де бір кез тыншығар.
Сен де тынық бір мезгіл,
Толқып кана жат, бөпем.
Аспанымда жүзе біл,
Айым менің - ақ бөпем!
Әлди, өлди, әлдиім,
Назды, нәзік ән-күйім!
кештің соңында Мұғалім: Ұлы тұлғамыз Бауыржан Момышұлы: «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім, енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқам. Екіншісі, немересіне ертегі айтып беретін әжесінің азаюынан қорқамын. Үшінші, дәмді, дәстүрді сыйламайтын балалар есіп келеді. Оның, қолына қылыш берсе, кімді де болса шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды.Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әже жоқ» деген екен терең толғаныспен.
Төле би «Баланың бесігі – кең дүниенің есігі» десе, дана халқымызда «Туған жер – алтын бесік» деген даналық бар. Қазақ халқы бесікті киелі, қасиетті, құтты мүлік санаған. Туған жерді бесікке теңеу де бесікке деген құрметінен. «Сымбатыңа қарасам – асылдан таңдап кигендей» дегендегі Алпамыс батыр да, Қазыбек, Төле, Әйтеке сынды ақылгөй даналар да, елді аузына қаратқан небір шешен билер, төрелер жатып өскен бесік ешқашан ескірмек емес. Бесікті аялайық, ағайын!!! Бесік жыры үзілмесін. Сәбилердің ұйқысы тыныш, аналар алаңсыз болсын! Халқымыз өсіп-өркендей, өрістей берсін!
Бесік басында М.Мақатаев /қазақтың әдемі күйін ойнатып қойып, мұғалім оқиды/
Ұқсайды бар тыныштық жер бетінде,
Ұйқыдағы сәбидің келбетіне.
Ояту былай тұрсын, рұқсат жоқ
Ұйықтап жатқан ұлымды тербетуге.
Ұйықта, ұлым, ұйықта, бөпем, қасыңдамын,
Керек емес, дүния, асылдарың!
Бақыт, байлық - барлығы менің үшін
Сенің бір кеп мойныма асылғаның.
Аймалайсың жанымды күлкіңменен,
Тамағыңнан айналдым бүлкілдеген.
He дейсің сен бұртиып, айтшы, сәулем,
Қытықтаған жүректі бір тілменен?
...Қандай ғана анадан туады адам,
Сәбилердің ұйқысын куалаған?!
О, тыныштық! Тыныштық қандай рақат!
Қандай рақат сәбилер жыламаған!
Қазақ дейтін халықтың тарихы мен үлгі-өнегесі ұшан-теңіз, інжу-маржан секілді. Біздің халықтың әрбір кішкентай ырымы мен тыйымының астарында үлкен мән-мағына жатыр. Кез келген жөн-жоралғы жайдан-жай жасалмайды. Ғасырлардан бері жасап келе жатқан тектік қасиет деген тағы бар. Тектік қасиет ұлттық қасиетпен бірге өріліп, бірімен-бірі сабақтасып жатады екен. Оған дәлел - осы айдардың тұрақты кейіпкері Зейнеп Ахметованың әңгімесі...
Қазақ халқының ерекше бір көңіл бөлетін ғұрыптарының бірі - өмірге жаңа келген бөпеге ат қою. Әрбір ата-ана өзінің баласына әдемі әрі мағыналы есімді қоюды қалайды. Сондықтан болар ырымшыл халқымыз перзентіне қол бастаған батырлардың, сөз бастаған шешендердің, ел бастаған билердің, жез таңдай, күміс көмей әнші-жыршылардың атын қоюға тырысады.
Баланың ана құрсағына біткені, жарық дүниеге шыр етіп келгені, өсетіні - осының барлығы жаратылыстың өз ретімен келетін кезеңі. Балаға қатысты ендігі кезекте сөз еткелі отырған ырымдар жайлы не білеміз? «Бауырынан табақ алу» ырымы неге еңбектеп жүрген балаға жасалады? «Көгентүпте» не мән бар? «Танабау» жайлы білеміз бе? Ендігі әңгіме Зейнеп апайда...
Әсілі, қазақ халқы табиғаттың құпия сырларын жақсы білген. Жаратылыстың заңдылықтарымен үндесе отырып, соған орай өзінің тұрмыс-тіршілігін сәйкестендіріп, бағыттап өмір сүрген. Қазақтың толып жатқан ырымдары мен салттары жаратылыстың сондай заңдылықтарымен астасып, сәйкес келіп жатады. Әр нәрсе орнымен ғой, мысалы, ағарып таң атады, таңның шапағы көрінеді, күннің нұры түседі, содан кейін күн шығады, сөйтіп, рет-ретімен көктем келеді, жаз шығады, күз түседі, қыс болады дегендей, табиғаттың әрбір сәті, кезеңі өз уақытында, өз орнымен жүреді. Қазақ халқы осы заңдылықтарды терең түсінген, өйткені табиғаттан ажырамаған. Қазір «техника заманы» деп жүріп, жаратылыспен байланысымызды үзіп алдық. Адам өміріндегі неше түрлі сәйкессіздіктердің, келеңсіздіктердің, ауру-сырқаулардың көбейгенінің бір ұшы осында жатыр деуге болады. Бала дүниеге келді, қырқынан шықты, езу тартты, талпынды, отырады, еңбектей бастады... Бала еңбектеуден де толық өтуі керек. Өйткені, ол да - Алла тағаланың өзі жаратқан пендесінің басынан өткеруі тиіс өсу кезеңі. Қазіргі балалар көп еңбектемейді, өйткені жүруге бейімдейтін арбалар (ходунок) бар. Баланы бірден жүргізуге ұмтылған дұрыс емес. Оның зияны кейін шығады. Сүйектері әлі жетілмеген, буындары дұрыс бекімеген бұл кезеңде бала еңбектеуі керек. Сонда бұлшық еттері де толық жетіледі. Ол біраз уақыт алақандарымен жер тіреп, тізесімен еңбектейді. Еңбектеуге әбден үйренген балалардың «ерініп», кеудесін көтергісі келмей қоятыны бар. Дегенмен, ендігі жерде бала аяғын басып, қаз тұруы керек. Сондықтан «көбірек еңбектеуге үйреніп алып, кеудесін көтермей қоймасын» деп, уақыты келгенде «бауырынан табақ алу» деген әдемі бір дәстүрді ырымдап істейді. Баланың алақаны мен тізесін жерге тіретіп, бауырын көтертеді. Сол кезде оңнан солға қарай қант-кәмпит, құрт-ірімшік толтырылған табақты «бауыры тез жазылып кетсін», «еңсесі тез көтерілсін» деген жақсы тілектерді айтып, жеті рет бауырынан өткізеді. Сосын барып, баланы ақырын қаз тұруға, жағалап жүруге үйретеді. Артынан «бала бауырын жазды» деп ауылдың әйелдері табаққа салынған, түрлі дәмнен ауыз тиіп, «бауырынан табақ алу» шайын ішеді. Әңгіме шай ішуде емес, тілекте жатыр. Біздің халқымыз - өте тілеуқор әрі батагөй халық. Қиын-қыстау заманды, жаугершілікті, аштықты, зобалаңды, қанқұйлы шапқыншылықты бастан өткерген қазақты аман сақтап келе жатқан осы тілеуқорлығы мен ниетінің кеңдігі дер едім. «МЫҢ ШАҚЫРЫМ ЖОЛ БІР ҚАДАМНАН БАСТАЛАДЫ» Қолға ұстауға жарап қалған сәбиінің бірінші рет қонаққа барғанына да дәл біздің қазақтай мән беріп қуанатын халық жоқ шығар. Баланы көтеріп, жақын ағайын-туыстың, құда-жекжаттың үйіне барғанда, көңіл жетер жақын адамдары «бірінші рет үйге келді» деп, «көгентүп» беретін болған. «Көгентүп» дегеніміз - балаға берілетін қозы-лақ, бұзау немесе құлын. «Көген» деп төлдің мойнына байлайтын жіпті айтады, яғни «көгентүп» - балаға «көгеннің түбі болсын», «алғашқы малы болсын» деген ниетпен берілетін малдың төлі. Мұның өзі - келген жақтың қозы-лағының жоқтығынан емес, баланың бірінші рет қонаққа келгенін ескеру, оның алғашқы қадамына «өмірі берекелі болсын», «малды болып жүрсін» деп ниет білдіру. Бір жағынан, ағайын-туыс арасындағы татулық пен сыйластықты одан әрі қоюлата түсу, татулықты бекіту. Баласын елеп жатқанды кім жек көрсін?! «Сыйласаң, баланы сыйла, берсең, балаға бер» дейді, өйткені, бала - періште. Бала шынайы қуанады. Бала арқылы бір-бірінің көңілін сыйлау жатыр мұның астарында. Қазақ көңілге көп қарайды. «Көңілі қалмасын», «көңілін қалдырма» деп жатамыз. «Бір атым насыбайдан көңілі қалды» деген де жайдан-жай айтылмайды. Көңіл жақсы жерде арақатынас та бүтін болады. Қазақтың бірлігі көңіл сыйлай білуде жатыр. «ТАНАБАУ» ДЕГЕН НЕ? Баланың алғаш қонаққа барып, «көгентүп» жетектеп қайтқанын естігенде, пысықтау әйелдерінің бірі келіп: «Балаң бірінші рет қонаққа барып, «көгентүп» жетектеп келіпті, «танабау» қадайық», - деп, баланың кеудесіне «танабау» қадап кететін болған. «Танабау» деген - ақық тасты түйме. Кез келген қуанышты өз қуанышындай қабылдай білетін, шынайы қуана білетін қазақ өзге адамдардың баласын елеп-ескергеніне шаттанған. Тіпті «танабау» қадамағанға «мән бермеді ғой» деп өкпелеп қалады екен. Әжелер болса, «немеремді ешқайсысың елемедіңдер ғой, «танабауларың» құрып қалды ма, біреуіңнің есіңе келмеді ғой» деп абысын-ажындарына ренжіген. Ал «танабау» қадап кеткен соң, баланың әжесі дастарқанын жасап, немересінің «көгентүп» жетектеп келген қуанышымен бөліскен. «Мың шақырым жол бір қадамнан басталады» деп баланың алғашқы қадамының қуанышына ағайын-туған, көрші-көлем жиналып, «алғашқы қонақтығы құтты болсын», «жолы болып жүрсін», «алдынан жақсы адамдар кездессін», «бата беретін ата-әжелері көп болсын», «барған жерінде ашылатын есік көп болсын» деген тілектерін айтып, «танабаудың» шайын ішкен. Біреуден бір асаған несібе болмайды, есесіне бала жетектеп келген «көгентүп» бәрінің басын біріктіріп, ағайын-туғанды дастарқан басына жинаған. «ЖАҚСЫ СӨЗ ЖАН СЕМІРТЕДІ» Жақсы сөздің жақсы энергиясы бар. Біздің халық біріне-бірі жақсы сөзді көп айтқан, тіпті әл үстінде жатқан науқастың өзі хал сұрағандарға жаманмын демей, тәуірмін дейді. Осы жақында ғана атаның Мәскеуден келген қызын (атаның Мәскеуде тұратын қызы Елена Бауыржанқызы) әкесінің туған жеріне Бәкең екеуміз апарып келдік. Елдегі атаның нағашыларына бардық. Атаның нағашылары - Текебай биден тараған текті кісілер. Көкеміз (атаның анасынын туған бауырының баласы) қазір сексеннен асты. Ал жеңешем - сөзге өте шешен, тауып сөйлейтін кісі, көпбалалы ардақты ана. Екеуі де - көпті көрген қарапайым ауыл адамдары. «Айналайын, ұлы атаның сен де бір ұрпағысың. Алдыменен бізге келіп, сәлем бергенің үшін жүрегімді табаныңның астына төсейін», - деді жеңешем. Не деген ғажап сөз! Мінеки, тілек! Бәкең жеңешеміздің сөзін қарындасына аударып беріп, түсіндіріп айтып жатты. Бәкеңнің өзі де қатты тебіренді, менің де көзімнен жас ыршып кетті. Басқа салтты ұстанып, өзге діннің адамы болып өскен, тілі басқа Бәкеңнің қарындасы сонда жылап жіберді. Өйткені, шынайы айтылған тілекті жүрегімен қабылдады, жүрегінен өткізді. Бірінші рет көрсе де, кетер кезде қимай, қайта-қайта құшақтап, жылап қоштасты. Бұл да - жақсы сөз арнаудың, көңіл сыйластығының бір мысалы. Өкінішке қарай, жаһандану деп жанұшырып жүріп көңіл сыйлауымызды сұйылтып бара жатырмыз. Бүгінде көңіл де сатулы. «Мен - саған», «сен - маған» дейтін күйге жеттік. Ата-бабамыз нәрсесін, қарымтасын қайтарсын деп бермеген. «Берген - жомарт емес, алған - жомарт» деп, алып жүретін де - біздің қазақ. «Орамал тон болмайды, жол болады» деп қолындағысын беріп жүретін де - біздің халық. Бүгінде барлығы сатулы болғандықтан да, біз өзіміздің қазақтық иісімізден ажырап барамыз. Бұл күндері бір-бірімізге жылы сөз айтудан қалдық. Ал сөздің қадірін білу, сөзге тоқтау, жақсы сөз арнау, жақсы тілек тілеу - қазақтың табиғи болмысы. Бұл - өзгеге ұқсамайтын етіп Алла тағаланың біздің ұлтқа берген сыйы... Тұсаукесер жайлы не білеміз? Тұсауды кімге кескізеді? Ала жіп ненің белгісі? Бұл жайлы газетіміздің алдағы нөмірлерінен оқитын боласыздар. Әңгімелескен Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ
ТҰСАУКЕСЕРДІҢ МӘНІ Енді бір сәт сәл шегініс жасап көрейікші, көпті көрген қариялардың ақ батасы... Халыққа қалаулы, елге танымал болып жүрген ер-азаматтың немесе көпке сыйлы болып жүрген келіншектің жақсы ниетімен кесілген баланың тұсауы... Содан кейін күш-қуаты тасып, ентігіп жүгіріп келген балалар, олардың ып-ыстық алақандары... Осының барлығы алғашқы қадамын тәй-тәйлап басқан баланың ендігі жерде сүрінбеуі, басқан қадамының сәтті болуы, бастысы, «аяғын нық бассын, өзінің туған жерінде аяғын нық басып жүрсін» деген тілекке толы ғой. Мінеки, олай болатын болса тұсау кесе салу қалай болса солай өткізе салып, көрер көзді алдайтын «бутафория» емес, яғни тек әйелдер жиналып, тек кейуаналарға тұсау кескізіп жай өткізе салуға болмайды. Бұл - баланың үлкен өмірге алар жолдамасы, тойдың басы, өмірге бастар қадамның алғашқы баспалдағы. Бұл - «баламыз жақсы азаматқа ұқсасын, қадамы сәтті болсын, өмірінде кездесер жақсылық пен жамандықты тең көтеріп өтсін» деген ниет-пейілі бар астары ауқымды, мағынасы терең салтымыздың бірі. Тұсаукесерде шашу шашылып, тұсаукесер жыры айтылады. Бір өкініштісі: Күрмеуіңді шешейік, Тұсауыңды кесейік, Қаз-қаз, балам, қаз, балам, Қадам бассаң мәз болам, Тағы-тағы баса ғой, Тақымыңды жаз, балам, Қаз баса ғой, қарағым, құтты болсын қадамың! - деп басталатын әдемі әуен, игі тілекке толы тұсаукесер жырын қазір көп адамдар, әсіресе жастар біле бермейді... ЫРЫМ ЖАҚСЫ НИЕТТЕН ТУАДЫ Тұсауды тек ала жіппен емес, «іші-сырты майлы, малды болсын» деп тоқ ішекпен, «жайқалып өссін» деп көк шөппен кескен. Әркім өзі білген, қалай болғанда да тілектің артықтығы жоқ. Барлығының ниеті түзу, тілегі бір. Біздің ұлтқа қатысты кез келген жөн-жоралғыны барлық қағидаларын сақтай отырып шын ниетпен өткізсе, қабыл болады. Тіпті ала жіпті де «сондай күнге жетейін» деп алып жатады. Мен 90-жылдардың аяғында үш жылдай Алматы облыстық «Балбөбек» қорын басқарған болатынмын. Біздің қорымыз Жетім балалар үйімен көп байланыс жасады. Жұмыс бабымен Есік қаласындағы сәбилер үйінде болғаным бар. Сол кездегі сәбилердің 80 пайыздайы өзіміздің қазақтың балалары екен. Жаңадан тәй-тәйлап жүрген балалардың тұсауы кесілмегенін тәрбиешілерден білдім. Өйткені сәбилер үйінде ешқашан тұсау кесу, сүндетке отырғызу деген сияқты дәстүр-салттарымыз өткізілмейді екен. Осы жай мені қатты ойландырды. Бұл балалар онсыз да тағдырдың тәлкегіне түскен, тумай жатып ата-анадан ажырап, мейірімге зәру болғандар, ана сүтін татпағандар. Сонда ең болмаса тұсауы кесілмеген балалардың ендігі өмірлері қалай болады? Осындай ойлар маза бермеді. Өйткені өз басым өзгеде шаруам жоқ, қазақтың бүкіл салтына қатты сенетін адаммын. Ауданның басшысы Қайрат деген жігіт болатын. Бұл күнде марқұм болып кетті. Соған кіріп, мән-жайды түсіндірдім. Бүкіл жөн-жоралғысымен аудандағы үлкен бір шара ретінде сәбилер үйінде тұсаукесер өткізсек деген ойды жеткіздім. Бұған қатты дайындалдық. Облыстық, аудандық басылымдарға хабарландырулар берілді. Бастамамыз облыстық әкімшіліктен қолдау тапты. Тұсауы кесілетін 17 сәбидің басына үкілеп тақия, үстеріне ұлттық киім тіккіздік. Алдын ала «тойға атсалысыңыздар, тойға шашу әкеліңіздер» деп хабарланғандықтан, ел құрқол келген жоқ. Кәсіпкерлер сәбилер үйіне қажетті тұрмыстық заттарын көтеріп, ауданның қарапайым жұрты кішігірім сый-сияпатымен келді. Ел ағалары, елдің ықыласына бөленген азаматшалар 17 баланың тұсауын кесті. Әр балаға кейін де қарайласып, көмек қолын созып тұратын өкіл әке, өкіл шеше дайындалды. Олар -аудан әкімдері, іс басында жүрген үлкен азаматтар болатын. Тағдырынан таршылық көрген сол балалардың бірінің өкіл әке-шешесі марқұм Заманбек пен Мақпал болып еді (сол кезде З.Нұрқаділов Алматы облысының әкімі болған)... Заманбек сол кезде сәбилер үйіне шағын автобус сыйға тартты. Қаншама сыйлық, қаншама тілек айтылды. Ұлан-асыр той, әсем ән, төгілген күй, тек балалардың тұсауы кесіліп қоймай, сәбилер үйінің кем-кетігі толықты. Мен мұны мақтанып айтып отырғаным жоқ, бұл көпке үлгі болған игілікті шара еді. Құдайдың құдіреті, елдің тілегі, аталардың берген баталары қабыл болып, тұсауы кесілген сол 17 бала көп өтпей-ақ ата-аналы болды. Бір-бір қазақ отбасысы сол балаларды алып кетті. Міне, бата мен тілектің орындалатындығының, салтымыздың өзімізге ғана жұғысты болатынының бір дәлелі. Тұңғыш баланы атасы мен әжесіне беріп, «атасының баласы» деп жатамыз. Бұл қазаққа ғана тән бе? Жалпы, тұңғыш бала кімдікі? Бауырына салу дегенді қалай түсінеміз? Бұл жайында алдағы нөмірлерімізден оқитын боласыздар.
Әңгімелескен Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ
Зейнеп АХМЕТОВА: Бауырына салу - қазаққа ғана тән
Әдетте үйдің тұңғышы үйленіп, дүниеге сәби келгенде, атасы мен әжесі немерені бауырына салып жатады. Тіпті өздерінің баласы қылып «меншіктеп» алатын ата-әжелер жетерлік. Баланың туған ата-анасы да «атасының баласы», «әжесінің баласы» деп ата мен әжеге қарай икемдейді. Сонымен, тұңғыш бала кімдікі? Бауырына салудың пайдасы қандай? Бүгінде бұл дәстүр сақталған ба? Ата мен әже тәрбиесін көрген баланың ерекшелігі неде? Бұл жайында Зейнеп апайдың әңгімесін тыңдасақ...
Құрсақтой, шілдехана, бесіктой, қырқынан шығару, тұсаукесер деген сияқты бала өміріне қатысты тойлардың маңызы мен ерекшелігі жайлы өткен нөмірлерімізде айттық. Ұл баланың өміріндегі үлкен бір белес - сүндет жайлы, сүндеттой жайлы не білеміз? Бүгінде сүндеттой қалай жасалып жүр? Бұл жайлы тұрақты кейіпкеріміз Зейнеп апайымыздан білсек...
БАЛАСЫНЫҢ ҚАРА ТАНУЫНА МӘН БЕРГЕН ХАЛЫҚ "Тілашар" дәстүрін айтпас бұрын бір нәрсеге кішкене тоқталайын. Кеңес өкіметі заманында арнайы құжаттарда, оқулықтарда, алқалы жиындарда биік мінбелерден: "Қазан төңкерісіне дейін қазақтардың 98 пайызы - сауатсыз, қараңғы болған. Тек төңкерістен соң көзі ашылып, әріп таныды", - деп көпе-көрнеу бүкіл бір халықты кемсіту, жала жабу үдерісі үзбей жүріп тұрды. Сыңаржақ саясат қазақ халқының қомақты бөлігінің мұсылманша сауаты болғанын, араб әрпімен оқып-жаза алатынын көргісі де, естігісі де келмеді. Ең сорақысы, "сауатсыз едік", "қараңғы едік", "оқымаған надан едік" дегенді өз ұлтымыздың өкілдеріне айтқызып, санасына сіңірді. Егер бұлай болса, көне дәуірден бері тамыры үзілмей келе жатқан "Тілашар" дәстүрі қайдан шыққан? "Тілашар" дегеніміз - баланың ұстаз алдын алғаш көруіне (мейлі, ол қожа, молда болсын, мұғалім болсын) арналған ізгі ниет, бата-тілек емес пе?! Ертеде алалы жылқы, ақтылы қой айдаған ірі байлар балаларын Бұхара, Самарқанд, Қазан, Түркістан, Орынбор секілді қалаларға үлкен медреселерден білім алуға жіберген. Ауқатты адамдардың көбі ауылында бала оқытатын қожа-молдаларды ұстаған. Баласын алысқа жіберуге шамасы келмейтін қоңыртөбел шаруасы барлар мен саптыаяқтық айраны бар кедейдің өзі баласын ауыл арасындағы молдаларға апарған екен. "Тілашар" дәстүрі сол кезде жасалған. Оқуға баратын баланы жуындырып, тырнақ-шашын алып, әркім жағдайына қарай балаға жаңа киім кигізіп, қолдағы барымен дастарқан жасап, үлкендерден бата алған.
Таудай болсын талабың, Ашылсын тілің, қарағым. Оқу сіңіп санаңа, Жарқырай берсін қабағың. Мақтанышы бола біл. Ата менен анаңның! - деген секілді тілегі тұнық, ақ ниеттен шыққан батаны естіген баланың рухы көтеріліп, оқуға талпынған. Ата-аналары баласын молдаға жетелеп апарып: "Молдеке, сүйегі - біздікі, еті - сіздікі. Осы балаға қара танытып, тілін ашып беріңіз", - деп тапсырады екен. Әрине, ол заманның оқуы мен бүгінгі дәуірдің сабағын да, ұстазын да салыстыруға болмайды. Алайда мұсылманша әріп танып, оқу-жазуға көзіқарақты болғандардан қазақтың небір ғұлама ғалымдары, классик ақын-жазушылары шықты емес пе?! ТАЛМАЙТЫН ТАЛАП БЕРСІН! Әлі есімде, мен мектепке барған 1952 жылы анам көрші-қолаң, жақын ағайын-туысқа кішігірім той жасады. Сонда 83 жастағы Қамқа дейтін әже маған: "Әй, тентек, қасыма жақын кел! Мен баяғыда "иманшарт" пен "әптиекті" оқығанмын, тілашарыңды өзім жасайын. Түф, түф, түф!" деп дем салғандай ма, түкіргендей ме, ырым жасап: "Талмайтын талап берсін, самғайтын қанат берсін!" деп бата беріп еді. Қамқа әженің сөзіне қарағанда, қазақтың бұрынғы қыздарының да мұсылманша оқу-жазудан қаражаяу болмағанын көреміз. Құдайға шүкір, қазір той көп. Жақсылықтарын жария етіп, қуанышын дария етіп жүретін тілеуқор халқымыздың балаға арналған тойының бірі - "Тілашар". "Тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын" білім ордасы-мектептің есігін перзентінің алғаш ашуы - ата-ана үшін де, бала үшін де зор қуаныш, өмірдің бір белесі. Сондықтан әркім шама-шарқынша бұл күнді атап өтіп, есте қалдыруға тырысады. Қалтасы қалыңдар үлкен мейрамханаларда "Тілашар" тойын дүбірлетіп өткізіп жүр. Жағдайы келсе, неге жасамасқа?! "Берсең, балаға бер" демей ме, дана халқымыз... Алайда балаға бағышталған той сол баланың есінде ұзақ қалатындай сәнді, үлкендерден үлгі-өнеге көріп, олардың ықыласына кенелетіндей мәнді өтіп жүр ме? Өзіміз қатынасқан талай "Тілашар" тойлардағы дастарқанда арақ-шараптың неше түрі тізіліп тұрады. Құлақты тұндыратын даңғаза әуен, селкілдеп қиралаңдаған би. Елді күлдірем деген оймен анекдот айтып, қайта-қайта "ду қол шапалақ" деп жұрттың зықысын шығаратын жадағай асаба... Балаңызға той арнаған ниетіңіз қабыл болсын, бірақ жоғарыдағы көріністерден қандай тәлім, ұлағат алуға болады? Осы жайлы ойланып көрдік пе? Өз басым бала мұндай тойлардан үлгі-өнеге көреді деп ойламаймын. БАЛА ТОЙЫНЫҢ БАСТЫ ҚОНАҚТАРЫ БАЛАЛАР БОЛСА... Меніңше, ең алдымен, үлкенге де, кішіге де көңілді болатын ұтымды жоспар жасалуы керек. Тойға тек ересектерді емес, балаңыздың тең тұстарын шақырыңыз. Соларға арналған қызықты ойындар ұйымдастырып, олардың өздерінің өнер көрсетуіне, яғни тақпақ айтып, ән салып, би билеуіне көбірек көңіл бөліңіз. Балаларға шағын болса да ескерткіш сыйлық әзірлеген жөн. Ал үлкендер бір сәт баламен бала болып қуанышын бөлісіп, көтермелеп-қолпаштап, тойды есте қалатындай етіп мағыналы, салтанатты өткізуге атсалысулары керек. Тойға келгендер ізгі ниет баталарын "Ақ тілек" альбомына жазып қалдырса, бұл балаға рухани күш-қуат береді әрі келешекте үлкен ескерткіш болады. Ең бастысы, дастарқанға қымыз, шұбат, жеміс сусындары қойылып, қазақтың әдемі әні айтылып, күйі күмбірлеп жатса, тойыңыздың мәртебесі аса түседі. Өз отбасымызда немереміз Нұрсұлтанның "Тілашар" тойын осылай өткізген едік. Мен өзгеге ақыл үйретіп, жол көрсетуден аулақпын. Тек немеремнің тойы жайлы қысқаша айтып, жас ата-аналармен тәжірибе бөлісуді жөн көрдім... 13 жасты "мүшел жас" дейміз. "Мүшел жастың" не ерекшелігі бар? Қазақ халқы "мүшел жасқа" не себепті мән берген? Бұл жайлы газетіміздің алдағы сандарынан оқи аласыздар. Дайындаған Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ
Баланың сана-сезімін жетілдіру үшін жасалатын тәрбиелік салттың бірі – осы ашамайға мінгізу салтанаты болып табылады. Жас бала есі кіріп, 6-7 жасқа келген соң оған жеке тай атап, балаға арналған «ашамай» деп аталатын ер жасатып, қамшы өріп «сен азамат болдың» деген сенім ұялатып, үйретілген жуас тайға әсем ашамай ерттеп мінгізіп, жүргізеді. Бұл баланың көңілін өсіреді, басқа балалар алдында мерейі көтеріліп, мақтаныш сезімде болады, тез есейеді.Оны еңбекке, адамгершілікке тәрбиелеудің ұлттық әдістемелік жолдың бірі-осы ашамайға мінгізу арқылы да көрінеді. Ақ тілекті аналар шашу шашады. Ересек балалар тайға мініп, жарысады. Аяғы шағын тойға ұласады.
Аты аңызға айналған, ел таныған ақындар мен шешендер, дуалы ауыз билер мен ақсақалдарға сәбидің аузына түкіртіп алу ежелгі дәстүрлі ырымдардың бірі. Бұл сенім ырымы болғандықтан ел ішінде әлі де жасалады және жиі айтылады. Оның орындалуы, ишара түрінде, ауызға түкіру нышаны ғана жасалады. Халқымыздың ырымы және сенімі бойынша жоғарыда аталған адамдардың қасиеті мен өнері сәбилер мен жас балаларға қонады деген түсінік болған. Бұл кейін балаға да, оның ата-анасына да әсер еткен және оны мақтаныш тұтқан. Айта кету керек, белгілі ғалым Бейсенбай Кенжебаевтың аузына ақын Мағжан Жұмабаев түкірген. Аталған ырым – халық салт-дәстүрінде үлгі, тәрбие құралы ретінде жүргенін әр ата-ана есте ұстаған жөн.
Жаңа туған сәбиге лайықты ат қоюға халық ерекше көңіл бөлген. Әрине алдымен жақсы есімдер мен елге әйгілі адамдардың атын қойған. Сонымен бірге бала есімін белгілі, беделді кісілерге қойғызып, батасын алуды да ұмытпаған.
Халық баласына ат қоюдың жолы мен сәттері көп. Шөп шауып жатса Шөптібай деп, Наурыз айында туса Наурызбай деп, айт күні туса Айтбай деп те қоя салады. Сол сияқты қыз бала туа берсе Ұлболсын, Ұлтуған, Ұлмекен дейді. Көз тимесін деп Тасбике, Башай, Қосқұлақ, Итемен деп те қойған.
Әлди, әлди, ақ бөпем, Ақ бесікке жат, бөпем! Жылама, бөпем, жылама, Жілік шағып берейін, Байқұтанның құйрығын Жіпке тағып берейін.
Әлди, әлди, аппағым, Қойдың жүні – қалпағың. Жұртқа жаман болса да, Өзім сүйген аппағым.
Әлди, әлди, шырағым, Көлге біткен құрағым. Жапанға біткен тірегім, Жаман күнде керегім!..
Әлди, әлди, ақ бөпем, Ақ бесікке жат, бөпем! Қонақ келсе, қой, бөпем, Қой тоқтысын сой, бөпем, Құйрығына той, бөпем! Айналайын күн бөпем, Бурыл тайға мін, бөпем! Ақ қызы бар үйінде, Ақылбайдың үйіне Бұрала барып түс, бөпем, Қымызынан іш, бөпем!
* * * Қолымыздан іс алып, Мойынына күш алып, Бізді бағар ма екенсің? Құрығыңды майырып, Түнде жылқы қайырып, Жаудан жылқы айырып, Жігіт болар ма екенсің? Айыр қалпақ киісіп, Ақырып жауға тиісіп, Батыр болар ма екенсің? Бармақтарың майысып, Түрлі ою ойысып, Ұста болар ма екенсің? Таңдайларың тақылдап, Сөйлегенде сөз бермей, Шешен болар ма екенсің? Кең балағың түріскен, Ұлы топта күрескен
Палуан болар ма екенсің? Бал қайнатып, шай ішкен, Қазы кертіп, жал жеген, Асты болар ма екенсің? Ұзақ жасап, көбірек, Басты болар ма екенсің? Қарағай найза қолға алып, Жауға тиер ме екенсің? Қашқан жаудың артынан, Түре қуар ма екенсің? Қуып ойдың жетігін, Біліп ғылым тетігін, Ғалым болар ма екенсің? Еңбек етіп бар елге, Өнеріңмен әлемге Мәлім болар ма екенсің? Көп қиыннан өтерсің, Мақсатыңа жетерсің. Ұйықтай қойшы, бөпешім!
Қаз-қаз, балам, басарсың, Сүтке суды қосарсың. Тал шыбықтан ат мініп, Балдырған мылтық асарсың. Жылама, балам, жылама, Апаңды сен қинама!
Жұмыстарың таусылмай, Терлеп-тепшіп жүрерсің. Қызығымен ойынның, Сақылдап сен де күлерсің. Ес тоқтатып бір кезде, Алды-артыңды білерсің, Әлди, балам, әлди-ай, Апаң айтқан ән-күй-ай.
Бесік жырын апаңның Кішкенеңнен жаттай бер. Қаз-қаз тұрып өмірге, Басып табан аттай бер. Өзіңе арнап, бөпешім, Тау суындай сарқырап, Толқып аққан жыр қалсын.
Жеңілтек болма, бөпешім, Салмақты бол ерлердей. Жүгіре берме далаңдап, Құр бекерге ербеңдей. Жылама, балам, жылама, Атасы айтқан бұл сөзді, Бөпешім менің ұға ма? Әлди, балам, әлди-ай! Жетіге қашан келесің? Суын әкеп шешеңнің Ержеткен соң берерсің, Құрығын ұстап әкеңнің Соңына сен де ерерсің. Жылама, балам, жылама, Апаңды сен қинама! Әкең сенің қуансын, Шешең сенің қуансын. Айналайын айдан, Су алайын сайдан. Жігіт болып, бөпешім, Тисін елге пайдаң! Аспандағы жұлдызым, Маңдайдағы құндызым, Ұйықтай қойшы тезірек, Толықсыған қырмызым!
Әлди, әлди, бөбегім, Жұбанбайтын не дедім. Бөбегімді емізіп, Бесігіне бөледім. Әлди, әлди, әлди қақ, Ержеткенде жылқы бақ. Үлкен таудан түлкі қақ, Тәңір берсін басыңа бақ. Әлди, әлди, бөбегім-ау!
Әлди, әлди, тайлағым, Өрістегі шаңдағым, От басында ойнағым, Су бетінде қаймағым. Әлди, әлди, бөбегім-ау! Әлди, әлди, оймағым, Оймағыммен ойнадым. Күнде әлдилеп сүйсем де, Қызығыңа тоймадым. Әлди, әлди, бөбегім-ау!
Алас, алас, баладан алас, Иесі келді, пәлесі көш! Алас, алас, бәледен алас, Көзі жаманның көзінен алас! Тілі жаманның тілінен алас! Қырық қабырғасынан алас, Отыз омыртқасынан алас! Алас, алас, аласы, Келді, міне, баласы. Көш, көш, пәлесі, Келді, міне, егесі. Аталарың ақырса, одан қорықпа, Аналарың, ағаларың шақырса, одан қорықпа, Ойнақтаған лақтан қорықпа, Сылдыраған бұлақтан қорықпа. Тулаған тайдан, Қуалаған ботадан қорықпа! Маң төбеттей ұйқылы бол, Түлкінің баласындай күлкілі бол. Алас, алас, аласы, Келді, міне, баласы. Ұйықтап дем алсын, Қунап оянсын!
Мойнымдағы тұмарым, Тарқамайтын құмарым. Тағдыр берген алсын деп, Ақ бесікке салсын деп. Мойнымдағы маржаным, Қорадағы мал-жаным. Бесігіңе жата ғой, Тәтті ұйқыға бата ғой.
Балам жатсын бесікке, Пәлесі қалсын есікте.
Бесіктен шешіп аларда Анасы шешіп алсын, Ұйқысы бесікте қалсын. Балам бесіктен шықсын, Пәлесі есіктен шықсын.
Өс-өс, балам, өсе бер, Батыр бол – балуан білекті, Батыл бол – таймас жүректі. Аяғыңды созайық, Саусағыңды жазайық. Етті болсын балтырың, Епті боп өс, жарқыным.
Сейіт Кенжеахметұлының «Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» кітабынан
Бала өміріндегі тағы бір ерекше аталып өтілетін, үлкен той қылып өткізетін салттардың бірі – тұсаукесер. Тұсаукесер бала өміріндегі үлкен белестің бірі. Өйткені баланың бауырын жазып, қаз-қаз тұрып, бір аттап, екі аттаған кезде тұсауын кеседі. Өзге ұлттың баласының тұсауын кеспесе де жүгіріп кетеді, ал біздің қазақтың баласы тұсауы кесілмесе сүріншек болады екен. Тұсау кесу үшін не себепті ала жіп дайындалған? Тұсауды немен кескен? Баланың тұсауын кімге кестірген жөн? Бұл жайлы айдарымыздың тұрақты кейіпкері Зейнеп апай былай дейді… АЛА ЖІПТІҢ СЫРЫ Тұсаукесердің әр жерлерге байланысты кішігірім өзгешелігі болмаса, негізгі мән-мағынасы бір, яғни баланың алғашқы қадамына мән беру, тілек тілеу. Баланың тұсауын ала жіппен кеседі. Ақ жіп пен қара жіптің екеуін айқастыра отырып есіп, ала жіп дайындалған. Бұл – өмір-тіршіліктің нышаны. Өмірде барлығы қос-қостан жаратылған әрі ылғи қатар келіп отырады. Айталық, өмір мен өлім, жақсылық пен жамандық, қараңғы мен жарық, ыстық пен суық, ең бастысы, ер мен әйел… Бұлар қатар жүреді, бірінсіз бірі болмайды.Тек бір Алла ғана жалғыз. Ала жіптің негізгі мәні осында. «Кісінің ала жібін аттамасын, ұрлық қылмасын, қиянат жасамасын, жаман жолға түспесін» деген себеппен ала жіп дайындайды» деген түсінік бар. Өкініштісі, мағынасы тереңде жатқан дүниені осылай біржақты түсініп, «біреудің затын ұрламасын» деп қана «тұсау кесіп» жүрміз. Бұл – жаңсақ пікір. «Жақсылықта асып-тасымасын, жамандық көрсе, жабырқап-жасымасын, қуанышты күндерінде асылық жасамасын, қиыншылық басына түскенде еңсесі түсіп басылмасын, екеуінен тең өтсін» деген тілекпен қос-қостан келетін Жаратылыс заңының белгісі ретінде ала жіп таңдалып, баланың тұсауын кескен. Қазір тұсауды қайшымен кесіп жүр. Бұл дұрыс емес, өйткені баланың өмірі қайшыланып қалады, ал баланың алғашқы қадамын қайшылаудан бастасақ, ары қарайғы өмірі де күрделеніп, кедергілері көп болуы мүмкін. Сол себепті қайшымен кескенді қазақ қош көрмеген, тек өткір пышақпен шорт кесетін болған. Бұған да мән беріп қарайтын кез келді. ӘЖЕЛЕР ТҰСАУ КЕСПЕГЕН… Қай кезден бастап жаппай үрдіс алғанын білмеймін, бұл күндері қарап отырсаңыздар, тұсауды көбінде жасы үлкен әжелерге, кейуаналарға кескізіп жүрміз. Осыған жете мән беріп көрдік пе? Жүрісі ауырлаған қарт әжеге немесе ілби басатын кейуанаға тұсау кескізгенде, бала қалай жүріп кетеді деп ойлайсыз?! Осындай келеңсіздікті әсіресе телеарналарда көп көрсетеді. Сөз жоқ, ала жіпті көпті көрген, талай немере-шөбере сүйген әжелер әдемілеп ақ батасын беріп, баланың аяғына байлап береді. Ал тұсау кесетін адамды ата-ана алдын ала сайлайтын болған. Қыз бала болса, қимылы ширақ әрі пысық, ақжарқын мінезді, көпке қадірлі, ісін тиянақты әрі тындырымды атқаратын елге сүйкімді келіншектерге, ұл баланың тұсауын «пәленше ағасындай сері болсын, үлкен азамат болсын», «анау ағасындай саятшы, аңшы болсын» дегендей ел аузында, елдің алдында жүрген ер-азаматтарға кескізген. Бір жағынан, халқымыздың ырымшылдығы шығар, бірақ қалай дегенмен өзіміздің ата-бабамыз істеп келе жатқан салттың астарында үлкен мән, әдемі тілек, жақсы ниет жатыр. Ала жіп байланып, баланың тұсауын кесер алдында бір топ баланы жүгіртіп жібереді екен. Сол балалардың алдында озып келе жатқан екі бала таяған сәтте-ақ тұсауын кесіп жіберетін болған. Содан кейін ентігіп жүгіріп келген екі бала екі жағынан баланың алақанын алақандарына түйістіріп, уыстарына толтыра ұстап, дедектетіп ала жөнелген. Өйткені, жүгіріп келген балалардың қаны қызып, күш-қуаты тасып, екпіні артып келді. Алақан арқылы осының барлығы тұсауы кесілген балаға, айталық, екпіні, күші, яғни энергиясы өтеді екен. ТҰСАУКЕСЕРДІҢ МӘНІ Енді бір сәт сәл шегініс жасап көрейікші, көпті көрген қариялардың ақ батасы… Халыққа қалаулы, елге танымал болып жүрген ер-азаматтың немесе көпке сыйлы болып жүрген келіншектің жақсы ниетімен кесілген баланың тұсауы… Содан кейін күш-қуаты тасып, ентігіп жүгіріп келген балалар, олардың ып-ыстық алақандары… Осының барлығы алғашқы қадамын тәй-тәйлап басқан баланың ендігі жерде сүрінбеуі, басқан қадамының сәтті болуы, бастысы, «аяғын нық бассын, өзінің туған жерінде аяғын нық басып жүрсін» деген тілекке толы ғой. Мінеки, олай болатын болса тұсау кесе салу қалай болса солай өткізе салып, көрер көзді алдайтын «бутафория» емес, яғни тек әйелдер жиналып, тек кейуаналарға тұсау кескізіп жай өткізе салуға болмайды. Бұл – баланың үлкен өмірге алар жолдамасы, тойдың басы, өмірге бастар қадамның алғашқы баспалдағы. Бұл – «баламыз жақсы азаматқа ұқсасын, қадамы сәтті болсын, өмірінде кездесер жақсылық пен жамандықты тең көтеріп өтсін» деген ниет-пейілі бар астары ауқымды, мағынасы терең салтымыздың бірі. Тұсаукесерде шашу шашылып, тұсаукесер жыры айтылады. Бір өкініштісі: Күрмеуіңді шешейік, Тұсауыңды кесейік, Қаз-қаз, балам, қаз, балам, Қадам бассаң мәз болам, Тағы-тағы баса ғой, Тақымыңды жаз, балам, Қаз баса ғой, қарағым, құтты болсын қадамың! – деп басталатын әдемі әуен, игі тілекке толы тұсаукесер жырын қазір көп адамдар, әсіресе жастар біле бермейді… ЫРЫМ ЖАҚСЫ НИЕТТЕН ТУАДЫ Тұсауды тек ала жіппен емес, «іші-сырты майлы, малды болсын» деп тоқ ішекпен, «жайқалып өссін» деп көк шөппен кескен. Әркім өзі білген, қалай болғанда да тілектің артықтығы жоқ. Барлығының ниеті түзу, тілегі бір. Біздің ұлтқа қатысты кез келген жөн-жоралғыны барлық қағидаларын сақтай отырып шын ниетпен өткізсе, қабыл болады. Тіпті ала жіпті де «сондай күнге жетейін» деп алып жатады.
www.adyrna.kz сайт ынан
Шілдехана
Қазақ халқы думаншыл халықтың бірі. Нәрестенің дүниеге келген құрметіне арналатын көптеген салт-дәстүрлердің бірі - шілдехана. Бүгінде жас сәбидің дүниеге келгенін той жасап, атап өту рәсімге айналған.
Қазақ халқының әдет-ғұрпында ұл баланың дүниеге келуін "ұл туғанға - күн туған" деп, ерекше бақыт санаған. Отбасының, ұрпақтың жалғасы, шаңырақтың иесі ұл бала болып есептелген.
Қазақ халқында ұл бала туса да, қыз бала туса да, жақын туыстарына хабарлап, "сүйінші" сұраған. Қуаныштарынан той жасап, атап өтеді. Ол тойға жақын туыстары мен жора-жолдастары келіп, нәрестенің жақсы азамат болып өсуіне тілектерін білдіріп, шамаларына қарай, арналған сыйлықтарын береді. Баланың анасына туыстары күтіммен қарайды.
Туған ер баланы отыз күн, қыз баланы қырық күн суға түсіріп, денесін сылап, буындарын созады. Қырық күн өткен соң, қырқынан шығару ырымын жасайды. Оны туыстары болып келетін үлкен кісіге тапсырады. Осындай міндет жүктелген адам, сыйлығын бір тоғыз етіп дайындап келіп, нәрестені қырқынан шыарады.
Бесік той
Туған-туыстары жиылып, нәрестені бесікке салу дәстүрін өткізеді.
"Бесік алып беру" - қазақтың бір жерге келін болып түскен қызы тұңғышын босанғанда орындалатын дәстүр. Бесіктің жасауын қыздың анасы даярлайды. Оған қоса киітін, зергерлік бұйымдары мен дастарқанға қойылатын тәттілерін салып алып барады. Алып барған киітінің ішіне тоғыз түрлі заттар салады. Тоғызға бағалы киімнен бастап, ұсақ заттарға дейін кіреді.
Тойға жиналған қонақтар асқа отырып, шүйіркелесе әңгімелесіп, құдағиларымен танысады. Шай ішіліп, әңгімелер айтылады. сонан соң "бесікке салу" ырымын жасайды. Құдағилары алып келген бесікті ашпас бұрын, сол үйдің басқа келіндері көрімдік сұрайды. Бесікті ашатын әйел көрімдігін береді. Жаңа бесікке нәрестені бөлемес бұрын, бесікке салушы бесіктің жабдықтарын орындарына қойып, шашу ретінде алып келген шайлық тәттілері мен ұсақ, ақшалай сыйлықтарын араластырып, бесіктің түбек байлайтын тесігінен өткізіп, қолын тосқан әйелдерге "тыштыма" деп үлестіріп береді. Жаңа бесікке олар байғазыларын береді. Әкелінген бесікке көріп отырғандар баға беріп, бесік әкелушілерге киіт беріледі. Құдағилар білезік пен жүзіктерін бір-біріне сыйлайды. Бесік жыры айтылып, би биленіп, көңіл көтереді.
Бөбек бөлеу
Бөл-бөл, бөбек, бөл, бөбек
Бөлейін, бері кел, бөбек.
Бедерлі бесік, төрт есік,
Төгілте салдым тер төсек.
Бөпешім, бесік - отауың,
Отауыңа кір. бөбек.
Бөл-бөл, бөбек, бөл-бөбек,
Бүлдіршін шүмек, бәйтерек.
Балалы үйрек, бас бармақ,
Кішкене бөбек, бес бөлек.
Саусақайы салбырап,
Бөлене қойсын қос білек.
Бөл-бөл, бөбек, бөл, бөпем,
Бөлесем, жөнге көн көкем,
Көк ала жылқы көлде екен,
Көк ала тайың сонда екен.
Торсығыңды тосайын,
Тұмсық төсей сор, көкем.
Бөл-бөл, бөпем, бөл, бөпем,
Бөлейін, бері кел, көкем.
Жұлдызыңды жұм көкем,
Жуынып, ерте тұр, бөпем.
Алшая атқа мін, бөпем,
Ақтан қара біл, көкем.
Бөл-бөл, бөбек, бөл бөбек,
Бөлекең қонған көк өзек,
Көк өзекте көбелек,
Көлге көк құс шүй, бөбек,
Көк өзекте көбелек,
Көбелектей күл, бөбек.
Бөл-бөл, бөбек, бөл, бөбек,
Боларсың, бөпем, қолкөмек,
Әлпештеген ата-анаң,
Бола қалсам мүгедек.
Таңайын ұйықта, таң атсын,
Түнде оянба, түн түнек.
Бөл-бөл, бөбек, бөл, бөбек,
Бөріден бөстек ки, бөпем,
Ерінбей еңбек ететін,
Еліңе бол елгезек.
Елгезек болсаң, иісін,
Ендеше саған екі емшек.
Бөл-бөл, бөбек, бөл, бөбек,
Бөгелмей бәрін біл, бөбек,
Білмесең бәрін, бекерсің,
Бет алдыңа кетерсің,
Елге есті ер керек,
Ер жет! Есей ертерек!
Бауырына салу
Немерелерін ата, әжесі немесе жақын туыстары уақытша тәрбиелеуге алғанды "бауырына салу" деп атайды. Бауырына салғандарымен, ата-аналарынан айырмайды. Асырап та алмайды. Бұл дәстүрдің мақсаты - жалғыз қалған ата-анасына ермек болсын деп, ал туыстарына көмек ретінде, баларын уақытша жібереді. Бауырына салушылар тәлім-тәрбиелерін береді, қамқорлықтарын жасайды. Бала өскен соң ата-анасына кетеді, немесе сол шаңырақта қала береді. Қазақ халқында, әсіресе, бірінші немерелерін бауырына ұлдың әке-шешелері салады. Бірінші немерелері үлкендердікі деп есептеледі. Бірақ, олармен қатар, баланың ата-анасы да тәрбие береді. Есейген балаға бауырына салған адамдар әрдайым ыстық болады. Өз баларынан кем көрмеген әже, ата-анасына немесе туысына сый сыйлайды. Бұл оның ризашылығын білдіреді. Жүрген жерлерінде мақтап, айта жүреді. Үйленіп, теңін тауып тұрмысқа шыққанда, үйлену тойларының қадірлі қонақтары етіп, үлкен ата-аналары деп, тілек білдіруде сөз кезегін бірінші соларға береді. Келін түсіргенде бірінші сол үйдің табардырығын аттатады.
Асырап алу
Басқа халықтар сияқты, қазақ халқында да асырап алу салты бар. Нәрестелі болмаған ерлі-зайыптылар, ата-аналарымен және өзара ақылдасып, бала асырап алады. Құжаттарының бәрін заңды түрде жасайды. Өздері ат қойып, өз аты-жөндеріне жазғызады. Әсіресе, баласы жоқ ерлі-зайыптылар туыстарынан асырап алуға тырысады. Бұндай жағдайларда баланың әке-шешесімен алдын ала айтып, келіседі. Асырап алған ата-аналар балаға үлкен жауапкершілікпен қарайды, жақсы тәрбие беруге, жағдайын жасауға тырысып бағады.
Сүндеттеу
Сүндеттеу бұрыннан келе жатқан дәстүр. Ең бірінші Ыбырайым пайғамбар мен оның ұрпақтары сүндеттелген және сүндетке отырғызу Құдайдың берген өсиеті болған. Қазақ халқында бұл салт-дәстүрге айналған. Халықтың түсінігі бойынша, сүндетке отырғызудың мақсаты - бала ер жетіп, азамат болды дегенді білдіреді. Қазіргі күні қазақ халқы осы салтты "Сүндет той" деп, көп жерлерде үлкен той жасап, атап өтеді. Сүндетке отырғызылған балаға тай мінгізіп, келген қонақтары сыйлықтар сыйлайды. Бұрынырақта атқа жабу жауып, ашамай салып. сүндетке отырғызылатын баланы отырғызып, алдына қоржын іліп, туған-туыстарын тойға шақыртуға шығарған. Той басталғанда, кейбір жерлерде, арнайы ұлттық киім киген баланы атқа отырғызып, жиналған қонақтардың алдына шығарады. Отырғызатын атын өрнектелген кілемше жабуларымен безендіреді. Шашуларын шашып, байғазыларын береді. Тойға арнайы келген жақын туыстары тілектерін айтып, сыйлықтарын сыйлайды. Би биленіп, өлеңдер айтылып, ойындар ойналады.
Тұсау кесу
Қазақ халқының өмір салтына көрік беретін дәстүр - тұсау кесу. Бала жүре бастаған кезде кішігірім той жасап, тұсау кеседі.Тойға келгендер тұсау кесер тойына сыйлықтарымен, шашуларымен келеді. Дастархан жайылып, көрші-қолаңдар, әйелдер, қыз-келіншектер жиналады. Тұсау кесетін баланың аяғына байлайтын жіпті тұсау кесетін әйел дайындап, алып келеді. Көпшіліктің алдында даярлаған сыйлықтарын беріп, ортада тұрған баланың аяғына байланған жібін кесіп, жібереді. Жіпті ақ, қара жіппен есіп, еркін байлауға жететіндей етіп дайындайды. Ақ, қарадан есіп жасалған жіп біреудің ала жібін аттамасын деген жақсы ниетті білдіреді. Тұсау кесетін әйелді баланың әке-шешесі таңдайды. Беделді, іске ықшам, жасы үлкен, балалы-шағалы әйелге жүктейді. Ол әйел шамасына қарай балаға сыйлық береді. Кей жерлерде баланың басынан аяғына дейін жаңа киімдер әкеліп, әкелген сыйлығын ел көрсін деп, тұсауын кесіп, ортаға жібермей тұрып, кигізіп қояды. Ал кейбір жерлерде тұсауын кесетін балаға тұсау кесетін әйел балаға аяқ киім немесе бастан-аяқ киімнен бір тоғыз етіп жасап алып келеді. Бұрынырақта ат пен ер-тоқымын сыйлаған. Өлеңдер айтылып, жиналғандар тілектерін тілейді.
Тұсау кескен әйелге әке-шешесі ризашылығын білдіріп, сыйлықтарын тартады. Киітін береді.
Дүниеге келген нәрестенің кіндігін ақ балтамен кесіп таза жіппен байлайды да, түбіне күл себеді. Ақ балтаны өзге нәрсеге пайдаланбай, сақтап қояды. Ер баланың кіндігін «үй күшік болмасын» деп қырдан асырып лақтырады. Ал қыз баланың кіндігін «үйдің құты болсын» деген ырыммен ошақ түбіне көмеді.
Жаңа туған сәбиді емізбестен бұрын таза суға малынған қасқырдың жүнімен ауыздандырады. Ерте кезде қасқыр киелі саналған, сондықтан да бұл ырым бала қасқырдай қайратты да қажырлы болсын деген ниетпен туындалған.
Нәрестенің ұйқысы тыныш болуы үшін және жын-шайтанды қуу мақсатымен адыраспанды отқа жағып түтетіп, баланы бөлерден бұрын бесікті айналдырып, аластап шығады.
Бала бөленген бесіктің үстінде жеті нәрсе (шапан, кебенек, тон, жабу, жүген, қамшы және бесік көрпе) жабады. Кебенек пен қамшы – ел қорғайтын ер болсын деген тілекті білдіреді.
Ұл баланы қырық күнге жеткізбей, 37-39 күнде, ал қыз баланы қырық күннен асырып, 42-44 күнде қырқынан шығарады. Бұл – ұл баланың қалыңдығына төлейтін мал аз болсын, ал қыздың қалың малы көп болсын деген ырым.
Сәби шалқасынан жатып алаңсыз ұйықтаса – елге белгілі азамат болып өседі, бүк түсіп жатса – уайымшыл, жігерсіз болып шығады, етпетінен жатып ұйықтаса – ойшыл болады. Егер аяқ қолын еркін созып ұйықтаса – болашақ батыр кемеңгер болады деп болжаған.
Қыз балаға шашы өссін деп желке жегізеді.
Баланың желкесі шұқыр болса немесе желкесінен сүйсе кесір болып өседі.
Баланың орайы екеу болса, екі рет үйленеді, немесе екінші рет тұрмысқа шығады.
Шөбересінің алақанына су құйып ішкен қарт жұмаққа барады.
Балаға шешен болсын деп таңдай жегізеді.
Батырдың, ақынның, палуанның сарқытын жегізсе немесе олар сәбидің аузына түкірсе, жақсы қасиеті мен өнері балаға қонады.
Балаға қарғыс өтпеу үшін үш кемпірдің бұтының арасынан өткізіп алады.
Сәбиге көз тимес үшін бетіне күйе жағып, үстіне ескі киім кигізген.
Бойына бала бітпей жүрген әйел баланың ит көйлегін ырым етіп қалап алған.
Баланың қарын шашын адам аяғы баспайтын жерге көміп тастайды. Өйтпесе, бала бақытсыздыққа ұшырайды.
Сәбидің аяғын басып тез жүріп кетуі үшін тұсауы кесіледі.
Нәрестені тіл-көзден сақтау үшін оның бесігіне, киіміне тұмар ретінде жалынбас, үкі, тоғыз моншақ, күміс тиындар іліп қояды. Сәбиге «көз тиді» деп секем алған жағдайда. Сол адамның үйінен бір нәрсесін әкеліп түтетеді.
Баланы асырап алғанда ер балаға асық жілік, қыз балаға тоқпан жілік ұстатып, көпшілікті бұған күә етеді.
Үйге кіріп келе жатқан бала есік алдына құлай қалса, үйге береке, ырыс, байлық келеді деп қуанады.
Бала тұрмай, шетіней берген жағдайда оны басқа адам өтірік сатып алады.
Әйелдің екіқабат кезінде жерігі қанбаса, баланың аузынан су ағып жүреді.
Әйел, не еркек жұмыс істеп жатқан үйге келгенде,қолғабыс жасамаса, баланың белі бүкір болады.
Бала алғаш жолға шыққанда тоқым-қағар жасап тойланады.
Сәби анасынан ұстап отырып емсе – сараң, еркін отырып емсе мырза, жомарт болады.
Сәби көзін ашып ұйықтаса, жары сұлу болады.
Есіктің тұтқасын жуған сумен көз тиген баланың бетін, екі алақаны мен табанын жуса, тәуір болып кетеді.
Көз жара шыққан балаға сойған малдың немесе құстың көзінің суын жақса, жазылып кетеді.
Бала тілін шығарса, тіл келеді, яғни хабар келеді деп жориды.
Сәбидің тілі мезгілінде шықпаса, нағашысының үйіне апарып бір қойды сойып, соның ішегімен буындырады.
Бөбек алақанын шапалақтаса, қуанышты хабар келеді.
Перзентсіз ерлі-зайыптылар мойнына көгеннің бұршағын салып бала тілейді.
Бала қаспақ жесе, үйлену тойында жаңбыр жауады.
Баланың мойны тез және түзі беку үшін оның шілдеханасына сойған қойдың мойын омыртқасын тұтасымен асып,тесігінен шыбық өткізіп, кептіріп қояды.
Шала туған баланы тымаққа салып, неше күні кем болса, сонша күн керегенің басына іліп қояды.
Қалы, меңі үлкейіп кетпесін деп қалымен туған баланы, «Қалдыбай», «Қалдыгүл», «Меңдігүл», «Анарбай», «Анаргүл» деп ат қояды.
Сәби өз үйіне «ассалаумағалейкүм» деп кірсе, ол үйге кешікпей қонақ келеді.
Сәби қолындағы заттарын «шашу» деп шашса, ол үйде той болады.
Бесікке қатысты тыйымдар мен ырымдар
Бос бесікті тербетуге болмайды. Бос бесікті тербеткен жаман ырым саналады.
Үйге келген адам бос бесікті тербету арқылы өзінің ұрпақсыз қалғанын үндемей-ақ білдірген.
Бесікті сатуға, кез келген адамға беруге, аяқ астына тастауға болмайды. Қазақ халқында бесік ұрпақ жалғастыратын қасиетті бұйым саналады. Баласы көп үйдің бесігін жақсы ырымға жорып, тек жақын туыстары қалап алып, жаңа түскен келіннің отауының төріне қойған. Бесікті ашық қалдырмайды, орап қояды. Бос бесіктің өзін анда-санда отпен аластап, жын-шайтаннан қорғаған.
Құлақ тесу
Қыздың құлағын тесу-дәстүрге енген ежелгі ғұрыптың бірі. Әдетте бойжеткеннің немесе балиғатқа толған қыздың (9 жас) құлағын тесу үшін қыздың шешесі, жеңгелері, апалары жиналған. Құлақты уқалап жанын кетіріп қыздырылған жуан инемен немесе кәдімгі тарымен тескен. Ол үшін екі тарыны құлақтың сырғалығының екі жағынан бірінің тұсына бірін дәл келтіріп уқалаған. Бір қызығы тесілген құлаққа қызыл иттің жүнін есіп өткізген. Үлкен кісілер иттің жүнін өткізсе «құлақ іспейді, қотырланбайды, жара түспейді» дейді екен. Мүмкін мұның да себебі болған шығар. Өйткені қазынасы кең халық емдік құпиялардың да бір сырын білетін болар... Халық ұғымында «қыздың құлағын тесу – оны сүндеттеумен бірдей» деген қағида бар.
Бесік жыры
Әлди-әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікте жат бөпем!
Жылама, бөпем жылама,
Жілік шағып берейін.
Байқұтанның құйрығын,
Жіпке тағып берейін,
Әлди-әлди, аппағым,
Қойдың жүні қалпағым,
Жұртқа жаман болса да,
Өзім үшін аппағым!
Бесік жыры
Қолымыздан іс алып
Мойыныңа күш алып
Бізді бағар ма екенсің?
Құрығыңды майырып,
Түнде жылқы қайырып,
Жаудан жылқы айырып
Жігіт болар ма екенсің?
Айыр қалпақ киісіп,
Ақырып жауға тиісіп
Батыр болар ма екенсің?
Бармақтарың майысып,
Түрлі ою ойысып
Шебер болар ма екенсің?
Таңдайларың тақылдап,
Сөзіңді жұрт мақұлдап,
Шешен болар ма екенсің?
Кең балағын түріскен,
Ұлы топта күрескен
Палуан болар ма екенсің?
Қуып ойдың жетегін,
Біліп ғылым тетігін,
Төрт құбылаң тең келген
Ғалым болар ма екенсің?
Еңбек етіп бар елге,
Өнеріңмен әлемге
Мәлім болар ма екенсің?
/ ортаға аяғын тәй-тәй басқан баланы әкеліп, беліне кішкентай қалта байлайды, оның ішіне тәттілер салып тұрып/:
Беліңе қалта байладым,
Дәулетіңді асырсын,
Ішіне тәтті сайладым,
Қиындықты қашырсын!
/осыдан кейін жиналған жұртқа көрсетіп, баланың аяғына мыналарды байлайды/:
Ішекпен байлағаным – малды болсын, тоқ болсын деген ниетім,
Көк шөппен байлағаным – жершіл болсын, көпшіл болсын, өсіп-өнсін дегенім,
Ала жіппен байлағаным – адал болсын, ақ болсын дегенім.
/тұсауын кеседі, тұсау кескен баланы бір-екі аттам жерге дейін сүйемелдеп барып, еркін жібереді/
Тәй, тәй, тәй, тәй!
Қаз, қаз, балам, қаз балам,
Қадам бассаң мәз болам!
Күрмеуіңді шешейін,
Тұсауыңды кесейін!
Жүгіре қойшы, құлыным,
Желбіресін тұлымың,
Елгезек бол, ерінбе,
Ілгері бас, шегінбе!
Беліндегі қалтаны шешіп, тәттілерді елге шашумен таратады
Тойға шашу шашылсын!
Халқымның нұры тасысын!
шашу







