RU KZ EN

Құттықтау тілектер - Салт-дәстүрлер - Үйлену салт-дәстүрлері

FindHow сборник различных поздравлений на казахском языке.

1. Жас келіншектерге байланысты бірнеше салт-дәстүр...
▼

Итаяғына салу (дәстүр,ырым)
Жас келіншек бір ауылға қыдырып барғанда, не есік көруге шақырғанда әйелдер не үлкен әжелер оған «итаяғына сал» деп сақина, күміс, жүзік сияқты зат береді. «Итаяғына салу» деген келіншек босанып баланы шаранасынан жуатын суға яғни, «шілде суына» әлгіндей күміс жүзік, сақина, күміс түйме сияқты заттарды ыдысқа салып жіберіп, нәрестені жуады. Жуып болғаннан кейін әлгі заттарды сол жердегі әйелдер ырым қылып бөлісіп алып, мәз мейрам болып тарасады.

Дәмету (ырым)
Дәметудің әр түрі бар. Ал ырымда жас келіншектердің дәметуінің жөні бөлек. Жас балалар мен келіндер ата енелері қонақтан келсе, олардан тәтті дәмететін әдеті бар. Әсіресе, балалы жас келіндер дәметсе оның меселін қайтаруға болмайды. Өйткені, дәметіп отырып ойындағысы болмаса оның емшегі ісіп кетеді. Бұл өмір шындығы. Ал үлкен кісілер, аналар, әжелер жас келіншегі бар үйге дәметіп қалар деп қашанда қалтасына дәм тұзын сала жүреді. Бұл әркім ескере жүретін ескіден келе жатқан ырым.

Үй көрсету (дәстүр)
Жаңа түскен келінді туыс туған, көрші көлем, ілік жекжаттар «үй көрсетуге», яғни, есік ашарға шақырады. Мұның мағынасы келін отбасымен танысып, үйге келіп жүрсін деген сөз. Бұл үйге келін құр қол бармайды, кәде жорасымен барады. Мұны «ілу» дейді. Бұл мәселені шақырған үйдің дәрежесіне «үлкен, кіші деген мағынада) келіннің енесі шешуі керек. мұнымен бірге келінді шақырған үйлер келіннің мінез құлқын, жүріс тұрысын, яғни, әдеп, тәртібін байқап сынап отыратыны бар. Мұны болашақ келіндер ескере жүруі керек. Өйткені аталған дәстүр әлі жалғасып келе жатыр.

Түйемұрындық(ғұрып)
Ұзатылып жатқан жас келіншек көшінің жолында отырған ауылдың адамдары (жастары, әйелдері) керуен атының ноқтасынан, не түйесінің бұйдасынан ұстап тұрып сұрайтын кәдесі. Қыз анасы оларға кәдесін жасайды, кәде алған риза болып, бақыт тілеп батасын беріп, жол болсын айтады.

2. Түйемұрындық
▼

Ұзатылып жатқан жас келіншек көшінің жолында отырған ауылдың адамдары (жастары, әйелдері) керуен атының ноқтасынан, не түйесінің бұйдасынан ұстап тұрып сұрайтын кәдесі. Қыз анасы оларға кәдесін жасайды, кәде алған риза болып, бақыт тілеп батасын беріп, жол болсын айтады.

3. Әмеңгерлік
▼

Халқымыздың бұрынғы салты бойынша күйеуі қайтыс болғанда оның жесірі жас болса «ерден кетсе де елден кетпек жоқ», «аға өлсе іні мұра» деген қағидамен, әмеңгерлік жолмен күйеуінің аға не інісінің біреуіне өзінің таңдауы бойынша тұрмысқа шығады. Бұл дін жолымен әлеуметтік маңызы бар. Біріншіден, әйел де, оның балалары да туыс-туғанынан бөлінбейді, ру, ел қауымдастығында бірге тәрбие алады. Өмірде, тұрмыста қағажу, қиындық көрмейді. Екіншіден, жесірдің кетуі сол елге үлкен мін саналған. Егер әйел тиісті әмеңгеріне шықпай, басқа біреуге шығатын болса, бұрынғы күйеуінің мал-мүлкінен үлес ала алмайды, өз төркінінен келген мүлкімен ғана кете алады . Мұны қазақша «іргеден шығару» дейді.

4. Аяғына жығылу
▼


Кешірім сұраудың ең үлкен және кішіреюдің ең ауыр түрі «аяғына жығылу» деп аталады. Мұнда айыпты адам жанына беделді адамдарды ертіп, кінәлі адамынан жұрт алдында кешірім сұрайды, күнәсі тым ауыр болған жағдайда аяғына жығылады. «Алдыңа келсе атаңның құнын кеш» дегендей мұндайда кешірім етіледі. «Аяғына жығылу» да жазамен бірдей болып есептеледі. Аяққа жығылудың екінші бір түрі екі жастың көңіл қосу кезінде ата-ана келісімін аттау барысында қолданылады. Кейде бірін-бірі ұнатқан жігіт пен қыз ата-ананың келісіміне қарамастан (әсіресе қазіргі кезде) бас қосады, отау құрады. Мұндайда «қызды қашып кетті» дейді. Қыздың әке-шешесі ренжіп, кейде қатты ашуға басады, көрместей болады. Осы кезде жігіт жағынан жігіт әкесі бас болып «елшілер» келіп, құдаларының «аяғына жығылады», яғни кешірім өтінеді, бітім сұрайды. Оның аяғы татулыққа ұласады.

5. Табақ тарта білейік
▼

Сый табақ - бас, жамбас, қазы-қарта, жал-жая, құйрық, сүбе.
Құда табақ - бас, жамбас, қазы-қарта, жал-жая, құйрық бауыр.
Құдағи табақ - жақ, қазы-қарта, қарын, тоқ ішек, асықты жілік.
Жеңге табақ - асықты жілік, сүбе, қабырға, мойын омыртқа, құйрық, өкпе, ұлтабар.
Беташар табақ - сүбе, төс еті, қарын, ащы шек, құйымшақ, мойын омыртқа.
Күйеу табақ - төс, тоқпан жілік, қабырға, омыртқа еті, қазы-қарта, жауырын, қойдың.
Қыз табақ - құйымшақ, боқпан жілік, бел омыртқа, құйрық, қабырға.
Құрдас табақ - тоқпан жілік, омыртқа, сүбе қабырға, қазы, құйрық.
Бала табақ - бел омыртқа, қабырға, бүйрек, бақай, асықты жілік.
Мурсалімбаев Нарболат жіберген
Семей қаласы

6. Атбайлар
▼

1) Жас отаудың шаңырағы көтерілген соң ағайын-туыстар оған шашу шашып, «керегесі кең болсын», «босағасы берік болсын» деген тілек айтады. Байғазы береді. Ет жақыны босағаға жылқы байлайды. Мұның аты «атбайлар».
2) Атбайлардың екінші түрі – кәде. Құда-құдағилар келгенде немесе күйеу қалыңдығын алуға келгенде олардың жеңгелері алдынан шығып түсіріп алып, атын байлайды. Бұл «атбайлар» деп аталатын той салты. Оған арнайы кәде беріледі. Ол кәдеден тағы бір әйел тәбәрәк сұрайды.

7. Атастыру
▼

Ескі салт, қыз бен жігіт ата-аналарының күн бұрын уәделесуі, жігіт атын қызға, қыз атын жігітке есіттіруі. Мұндай келісім ұл мен қыздың жас шағында, тіпті бесіктегі кезінде жасала берген. Егер қыздың ата-анасы ұлдың ата-анасының тілегін қабылдап, өскенде қызын беруге келіссе, қыз бен жігіт атастырылған болып саналып, алдын ала қалыңмал төленген. Атастырылған жастар есейе келе міндетті түрде қосылатын болған.

8. Арқан керу
▼

Ауыл өмірінде ертеден келе жатқан ежелгі дәстүр. Оның екі түрі бар. 1) Құда келгенде немесе келін түскенде олардың алдынан арқан керіп, әйелдер кәдесін алады. Кәденің түп төркіні, жаңа құдалар мен жас келіннің жолы ашық әрі пәле-жаладан, түрлі кедергілерден аман болсын деген таза ақ көңіл, ақ ниеттен шыққан.
Қазақта «арқан аттама», «арқан ұрлама», «есіліп жатқан арқан астынан өтпе» деген тыйымдар әдептілік пен тәлім-тәрбиенің тәртіптің жолын білдіреді. 2) Малды ауылдың мал қотанының сыртынан арқан керіп қоятын ырымы болған. Халық ұғымында қыл арқанның киесі бар, оны ит-құс аттап өте алмайды деп сенген. Сапарда далаға қонған адамдар да жатар жерін қыл арқан немесе шылбырмен қоршап жатса қоршаудан жылан, шаян, бүйі, қарақұрт өтіп келмейді деген ұғым бар.

9. Аластау
▼

Жас отаудың босағасын, бесікті, жаңа қосылғандардың төсек орнын т.б. жаңадан қолданылатын дүние, бұйымдарды отпен аластайтын ғұрып бар. Бұл аталған орындардағы пәле-жала, ауру-сырқат, жын-шайтан, тіл-көз болса кетсін деген наным-сеніммен жасалады. Аластау ғұрпы от тұтатып онымен бесікті, босағаны тағы басқа жерлерді аралата дұғалап, «алас, алас, ауру-сырқаудан алас», «тіл мен көзден алас» деген сияқты тілек сөздермен жасалады. Мұны жөн білетін, ем-домнан да хабары бар ана, әжелер атқарады. Аластау сонымен бірге тазалық пен амандықтың да кепілі ретінде қолданылады.

10. Үйлену тойында өткізілетін салт-дәстүрлер...
▼

Авторы: Мақсұтбек СҮЛЕЙМЕН
Үйлену тойының мәдениеті Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі
Үйлену тойы – екі жастың, олардың ата-аналарының өміріндегі қуанышты оқиға, адамдар арасындағы жұбайлық қарым-қатынасқа күдік тудырмау үшін жұртқа жария ету салтанаты. Ол – үйлену арқылы харам болған нәрсені халал етіп, халал болған нәрсені харам етіп берген Аллаһтың нығметін паш ету тойы. Сондай-ақ, бұл үйлену - әйелі күйеуіне, күйеуі әйеліне халал болғанын, керісінше енесі күйеу баласына, атасы келініне харам болғанын (жұбайлық қарым-қатынаста) білдіреді.
Ер мен әйел – отбасының екі іргетасы. Ол үйленумен қаланады. Үлкен бір кедергілер болмай тұрмыс құрмағандар дербес әрі адамгершілік міндетінен қашқан болады. Себебі, адам баласы адамгершілік қасиетін, абыройын, намысын үйлену арқылы берік қорғай алады. Ойшыл А.Шопенгауэр айтпақшы: «Үйлену дегеніміз - өз құқығыңның жарымын азайтып, міндетіңді екі есе көбейту деген сөз». Қыз ұзату Үйленетін жігіттің ата-анасы болашақ келінінің ата-анасының алдынан өтіп, құда түсіп, оған лайықты сый-сияпатын жасап, салт-дәстүрлерді орындаған соң қалыңдығын алып кетуге күйеу жігіт келеді. Сол кезде екі жасқа арналып ақ отау тігіледі. Ақ отауды тігу үстінде мынандай дәстүрлі рәсімдер жүзеге асырылады: 1. Құдай жолы; 2. Кереге керер; 3. Шаңырақ көтерер; 4. Уық шаншар; 5. Туырлық жабар; 6. Түндік жабар; 7. Үзік жабар; 8. Бау-шу байлар; 9. Отау байғазысы; 10. Мойын ұсынар. Отауға түсу Түн ортасы ауған кезде күйеу жігіт пен қалыңдық отауда оңаша кездеседі. Мұны «Отауға түсу» деп атайды. Қыз жеңешелері қалыңдық пен күйеуге арнап төсек дайындайды, көрпе үстіне ақ шүберек (неке жаулық) салады, тілеуін тілеп екі жасты бөлек қалдырады. Қалыңдық пәктігін жоғалтпаған болып шықса, онда жеңгелері сүйінші сұрайды. Тойға шақыру Той басталардан екі күн бұрын жан-жаққа шақыртушылар жіберіледі, алыстағы ағайынға екі-үш ай бұрын хабарлайды. Жастар қараңғы түсісімен киіз үйдің іргесін түріп тастап, қыздар іште, жігіттер сыртта тұрып айтыс бастайды. Жеңілген жақ усақ-түйек пен бір тоғызға дейін төлейді. Қыз ұзату тойы қалыңдықтың ата-анасы қалаған ойын-сауық, салт-дәстүрмен өткізіледі. Тойдағы балуандар күресінің, көкпардың, ат бәйгесінің түрлі ойындардың өз жүлдесі болады. Ең үлкен жүлде ат бәйгесінікі: бірінші бәйгеге түйе бастатқан тоғыз, екінші бәйгеге ат бастатқан тоғыз беріледі. Қыз жасауы Қазақта ұзатылатын қызға жасау беріледі. Оны алдын-ала әзірлейді. Қыз жасауы тоғыз түрлі. Олар мынандай: Ақ отау. Екі үзік, екі туырлық, бір түндік. Ескерту: ақ отаудың шаңырағын, керегесін және жарты жабын киізін күйеу әкеледі. Көрпе-төсек. Ағаш төсек, құс төсек, көрпе-жастық, төсеніш көрпе, құрақ көрпе, жүкаяқ, сандық, жағлан. Төсеніш. Бірнеше текемет, сырмақ, откиіз, 4-5 алаша, 2-3 кілем. Киім-кешек. Әрқайсысы тоғыздан тон, ішік, көйлек-көншек, шапан, қамзол, бешпент. Ыдыс-аяқ. Қазан-ошақ, құман, саба, торсық, шара, шөміш, ожау, қасық, тостаған, күбі, келі, кебеже, асадал, саптыаяқ, тегене. Қару-жарақ. Ер-тұрман, садақ, берік сауыт, қалқан, берен қылыш. Көлік және сауын малы. Әр түлік бойынша бір-бір мал. Сойыс малы. Сойыс малы бір, бір жарым жылға мөлшерлеп беріледі. Құрал-жабдықтар. Балта, шот, балға, ара, егеу, ине, біз, үскі, талыс және т.б. Келін түсіру Жасаулы көшті қарсы алу. Ауыл әйелдері жасаулы көшті шашу шашып қарсы алады. Көш бастар түйенің бұйдасын жетектеп ауылға енген әйел «мұрындық апа» атанып, тиісті сыйлығын алады. Ақ отау тігу Ол күйеу жігіттің әкесінің үйінің оң жағына тігіледі. Шаңырақты жақсылықпен атағы жайылған ана көтереді. Оны алдын-ала таңдап қояды. Отау тігілген соң жиһаздары жиналады. Келіннің алдынан қыз-келіншектер шымылдық алып шығады. Жас келінді қайын атасының үйіне кіргізу: ауыл шетінде күтіп тұрған жеңгелері жас келінді шымылдықпен бүркемелеп, қайын атасының үйіне алып келеді. Жас келін босағаны оң аяғымен аттайды; сонан соң тізесіп бүгіп, үш рет қайын атасына сәлем жасайды; атасы «көп жаса, бақытты бол» деп батасын береді; жас келінді ошақ жанындағы жұмсақ төсенішке отырғызады. Мұнан соң отқа май құю рәсімі басталады. «Отқа май құю» Қазақтың әдет-ғұрыптары есте жоқ ерте замандағы дүниетанымынан бастау алып, кейін дәстүрлі құқықтық сана-сезіміне ұласқан. Отқа май құю-ежелгі қазақтардың аталар аруағына, от құдіретіне бас июіне байланысты қалыптасқан дәстүр. Бұл дәстүр күйеу жігіт алғаш рет ресми түрде қалыңдығына бұрын барғанында, одан кейін қалыңдығын алып қайтуға барғанында, жаңа түскен келін қайын атасының шаңырағына алғаш келіп кіргенінде жасалады. Халық сенімінде отқа құйылған майдың қоңырсыған иісі екі жақтағы аруақтарды риза етеді, олар әрдәйім екі жасты желеп-жебеп жүретін болады. Ұлтымыздың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов үйлену тойында отқа май құю дәстүрі туралы былай деген: «... Қазақтар отты әулие санайды, осы әулие атаулармен мұсылман тақуаларын да атайды. Сонымен бірге жаңа түскен келіннің жұмсақ, биязы болуын тілеп, отқа май құйып, еңкейтіп, тағзым еткізеді, жас нәресте дүниеге келгенде, баланы отқа жақындатып, жалбарынады; отқа тазалаушылық қасиеті бар деп аластайды. Отпен анттасып, өшіп қалған от болса да, оған түкіртпейді». «Бір адамның жаққан отынан он адам жылынады» деп отты қастерлейтін қазақ халқы келін түсіргенде отқа май құяды, келіннің енесі осы отқа екі алақанын қыздырып, жаңа түскен келіннің екі бетінен сипап: «От – Ана, Ұмай – Ана, жарылқай гөр!», - деп тілек айтады. Қасындағы әйелдер де: «Оттай опалы бол!», - деп қолдарын отқа қыздырып, жас келіннің маңдайына тигізеді. Жас келінді ақ отауға әкелу Атасынан бата алған жас келінді енді екі жасқа арнайы тігілген ақ отауға апарады. Оны күйеу жігіттің шешесі шашу шашып қарсы алады. Жас келін табалдырықтан оң аяғымен аттап ішке кіреді. Енесі жас келінді киіз үйдің сол жағына тігілген шымылдықтың ішіне әкеліп отырғызады. Еріп келген қыз-келіншектерге әртүрлі сыйлықтар үлестіріледі. Жас келін мен күйеу жігіттің ата-анасы беташар жасап, той өткізуге әзірленеді.
Қол ұстасу. Бұл – күйеу жігіттің қалыңдығын қолынан ұстап үйіне алып келуі. Ол – жұбайлық өмірдің басы. Ері ендігі жерде әйелі үшін жауапты, некемен келер барлық жауапкершілікті мойнына алады. Қол ұстасу жыныстық қарым-қатынаста болуды да білдіреді. Ерлі- зайыптылар «алғашқы кездесуге» психологиялық тұрғыда дайын болуға тиісті. Олардың ақ некеден кейінгі жыныстық қарым-қатынасты – ұрпақ көбейтуге, зинадан аулақ болуға, нәпсіқұмарлықтан ада болуға жасалған оң қадам деп қабылдағаны абзал. Неке қию Ол екі түрлі. Біріншісі қаладағы жас жұбайлар сарайына барып, немесе оның қызметкерлерін (ЗАГС-тің) тойға шақырып, сонда некеге отыру. Екіншісі мешітке барып, немесе молданы тойға алдыртып неке суын ішіп, некелерін қидыру. Қазақ салты бойынша, «неке оқылғаннан кейін жас жұбайлардың шымылдығына үкі тағылады. Үкі-күндіз жатып, тіршілігіне түнде кірісетін құс. Ата-ана ол балаларына бас-көз болсын деп ырымдайды. Екінші – үкінің қауырсыны сұлу, сәнге керек. Үшіншісі, үкі келіннің қыз күніндегі тақиясына тағылған, естелік ретінде бірге болуға тиіс. Сонан соң екі жастың пәк төсегін жақындарының ішіндегі ең көргенді, көп балалы келінге ырымдап салғызады. Сосын қыздың шешесі (енесі) дайындалған төсекке келіп аршаның түтінімен айнала түтіндейді. Мұнысы – біріншіден арша – қысы-жазы солмайтын, қурамайтын ағаш, анасының екі балам осы ағаштай өмір бойы қартаймасын дегені. Екіншіден, арша түтінінде тамаша иіс бар. Үшіншіден, арша қазақ ұғымында пәле-жаладан аластайды. Бұл тәртіп қыз ұзатылып барғаннан кейін күйеу жігіттің де үйінде қайталанады. Төсекті келіннің жеңгелері салады, бірақ мұнда қыздың пәктігі тексерілмейді». Неке сақинасы Этнографтардың зерттеуінше, неке сақинасын алмастыруды мысырлықтар ойлап тапқан. Сақинаның дөңгелек қалыбы (формасы) – мәңгілік жұптар арасындағы шексіз бақыт пен махаббатты бейнелейді. Той күні қонақтардың күйеу жігіт пен қалыңдыққа жақындауы (қол тигізуі) бақыт әкеледі деген ырым бар. Өйткені, бұл күні қос аққудай болған жас жұбай-лар Аллаһ Тағаланың шапағатына бөленеді.

11. Келін түсіргенде орындалатын салт-дәстүрлер...
▼

Келін түсіруге байланысты орындалатын салт-дәстүр ежелден келе жатыр. Қазақ халқының салт-дәстүрінің бәрі мағыналы түрде орындалады. Ауылға келін кіре бере, жасаулы көштің алдынан әйелдер шығып, шашу шашқан. Көш бастап келген әйелді "Мұрындық ана" деп атап, оған арнайы сый берілген. Ауыл адамдары жүкті дереу түсіріп, отауды тігуге кіріскен. Шаңырақты көтеру балалы-шағалы, үрім бұтағы өскен, елге беделді, салиқалы адамға жүктелген. Бұл жерде жаңа түскен келінге "осы ананың жолын берсін" деген ырымды көздеген. Отау ішінің жиһаздары жиналған.
Қалыңдықты ауыл келіншектері мен жастары күтіп алып, шашу шашып, құрылған шымылдықтың ішіне келген келінді кіргізеді. Шымылдықты құрған үшінсый алады. Абысындары басына орамал салып, тағы басқасы отқа май құйғызады. Сол қызметтері үшін енелері сыйлық сыйлайды. Орамал салғаны келін болды дегенді білдіреді. Жас келінді көргісі келгендер үлкен келіндеріне, немесе жеңгелері мен апаларының біріне көрімдіктерін береді. Келіннің бөлмесіне апарып, келінмен таныстырады. Танысқан адам келінге шашу шашып, "қадамың құтты болсын!" деп тілегін айтады.
Беташар болмайынша, келін шымылдықтан шықпай, іске араласпай отырады. Келінді көруге келгендерге ол ізеттілік білдіріп, орнынан түрегеледі.
Жаңа түскен келінді туыстарымен көпшіліктің алдында таныстыратын беташар болады. Келіннің бетін ашатын ақынды дайындап қояды. Келіннің бетін ашпас бұрын, асаба жиылған қонақтарды орналастырып, беташарға дайындайды.

Тойға алдын-ала дайындалу
Той өткізбес бұрын, туған туыстары жиналып, "қонақасы" жасайды. Мал сойылып, ет асылады. Содан соң кімнің қандай жұмыс атқаратыны белгіленеді. "Тойдың болғанынан боладысы қызық" дегендей, дайындық, осылайша, өзінше қызық.
Той өткізетін орынды безендіріп, халқымыздың әр түрлі өсиет сөздері, орынды айтылатын мақал-мәтелдері жазылып ілінеді. Осы жазылып, ілінген сөздер жастарға тәлім тәрбиелігі мол сөздер. Үлкендерге де айтылатын өсиеттер кем болмайды. Мысалы: "Үйлену оңай - үй болу қиын", "Тапсырыс байлық - татулық", "Әке сөзі - парыз, ана сүті - қарыз", "Ананың алдында асқар тау да аласа", "Бала - бақшадағы гүлің, оны тәрбиелеу үлкен қылым", "Отбасы бірлігі - татулықта" т.б.
Ауыл келіншектері мен келіндерінің міндетінің бірі - дастарқан даярлау. Сойылған малды жіліктеп, қай бөлігі қай тағамға жіберетінін қасапшылығы бар ер кісіге жүктейді.
Қыз- келіншектер де түсетін келіннің керек-жарақтарын дайындап, отыратын бөлмесін жқндейді. Келін түсіретін үя келінге деп, бір сыпыра киім-кешек даярлайды. Болашақ келінге арнап енесі көрпе-төсегін, басына салатын орамалын, киімдерін арнап қояды. Тойға киетін той көйлегін мен фатасын, немесе, кейбіреулері ұлттық көйлек сәукелесімен әшекейлеп дайындайды. Күйеу жігіттің де киімін дайындайды.
Тойға келетін бас құда-құдағиларға ерекше көңіл бөліп, жақсылап күтіп жіберу үшін жағдай жасалады. Салт бойынша негізгі қонақтар - құда, құдағилар. Сондықтан құдаларды той дастарқанның оң жағына отырғызуға жағдай жасалады. Оң қанат қашан да төрден кейінгі сыйлы орын болып табылады.
Қазақ халқы бұрында ұлттық ойындарды осындай той-думандарда ойнаған. "Бәйге", "Қыз қуу", "Арқан тартыс", "Көкпар", "Жаяу тартыс", "Қазақша күрес" т.б.

Беташар
Жаңа түскен келіннің бетін ашып, көпшілікке таныстыру - халқымыздың құрметтейтін, ежелден келе жатқан дәстүрі. Беташар әр жерде, әр түрлі айтылады. Басына, бетін көрсетпей, орамал жапқан келінді екі абысыны екі жағынан сүйеп, алдын ала дайындап қойған жерге алып келеді. Мұның өзі абысындарының өзінен кейінгі келінге көрсеткен өнегесі, әрң абысындар арасындағы сыйластықты бір-біріне білдіру жолы болып табылады. Өткені "келіннің бетін кім ашса, сол ыстық" деген сөздер алғаш келген келін сәлем бергенде демеген абысындарға да қатысты. Ақын жігіт келіннің жанұядағы орнын айта келе, жаңа түскен жеріндегі жігіттің жақын туыстарымен таныстырып, сәлім бергізеді. "Беташардың" мағынасы - енді қыздың жаңа жанұяға келіп, қызметінің өзгергенін білдіреді. Әдепті келін болуы жайлы осы жерде айтылады. Сәлем алған адам жас келінге беретін сыйын атайды да, сәлем салғызған ақынды құр алақан қалдырмайды.

Келіннің жанұядағы қызметі мен әдептілігі
Жас келін бір үйдің берекесін кіргізетін болашақ ана болғандықтан, ата-ене үйлі-жайлы болып, бала-шағалы болуларына үлестерін қосады. "Жақсы келін - қызындай, жақсы күйеу - ұлындай" деп қазақ даналары бекер айтпаған.
Келіннің келін болып түсе сала, өзіне артылған міндеттері бар. Таңертең ерте шай қою, дастарқан жайып шай беру, үй тазалығы, ауылды жерде - ошақ басындағы қызметі, мал жайғастыруы, сиыр сауып, күбі пісу. Келін болып түскен күннің ертеңіне-ақ, таңертеңгісін, осы тірліктерге араласпас бұрын, ізеттілік көрсетіп, ата-енесіне тізе бүгіп, сәлем салады. Сәлем салу дәстүрі - келіндердің ата-енесіне, қайын жұртына деген құрметі мен сәлемі.
Келін үлкендер алдында орамал тартып жүреді. Ол да ұлкендерге көрсеткен құрмет.

Есік ашар мен төркіндеу
Қыздың әке-шешесі қыз бен күйеу баланы үйлеріне қонаққа шақырады. Жақын жора-жолдастары, жас жеңгесі мен ағасы, іні-қарындастарын ертіп, күйеу жігіт қалыңдығымен, белгіленген уақытта, қыздың әке-шешесінің үйіне барады. Күйеу жігіт бірінші рет келіп отырғандықтан, мұны "есік ашар" дейді. Оны да келін күткендей, күтіп алады. Отқа май құйғызып, шашу шашады. Ол да құр алақан келмегені жөн. Қалтасына қыз-келіншектерге арналған бұйымдар сала келеді. Қазақ халқының қалта қарайтын тағы бір салты осы жерде орындалады. Күйеу жігіт келген соң, балдыздары мен қыз жеңгелері қалтасын қарап, тапқандарын алады. Қыз әке-шешесі кішігірім ой жасап, күтеді. Дастарқан басында күйеу жігіт қайын жұртымен танысады. Оған төс салынған табақ тартылады. Еріп келген күйеу жігіт пен туыстарына киіт кигізіледі. Осыдан кейін күйеу жігіт қайын жұртына қымсынбай, келе беретін болады.
Ертеректе ұзатылған қыз әке-шешесінің үйіне төркіндеп, бір жылдан соң келетін болған. Келген қызды жақын туыстары мен көпшілері қонаққа шақырады. Төркіндеп болған қызға, қайтарында, әке-шешесі сыйлық тартады. Бұрынғыда сауып ішетін малды сыйлаған. Бұл әке-шешенің қызына көрсеткен сый құрметтері мен көмегі.

12. Қыз ұзату, Жар-жардың айтыс түрі, Қоштасу, Қыз ұзату тойы, Жасау беру, Қыз киімін беру...
▼

"Той десе, қу бас домалайды" демекші, той күні бала-шаға, жастар, қыз-келіншектер және үлкен кісілер тойға жиналған. Той дастарқаны басында қымыз ішіліп, сыбағалы табақтар таратылған кейін, той басқарушы ұйымдастырған әндер айтылған. Түрлі ойындар ұйымдастырылған: балуандар күресі, ат бәйге, қыз қуу, көкпар, жамбы атыс, арқан тартыс. Жастары таң атқанша ойын-сауық құрған. Жеңімпаздары жүлделерге иеленген.
Кешқұрым ақ отау алдында жиналып, жат жерге кетіп бара жатқан бойжеткен құрбы-құрдастарымен қоштасып, "Жар-жар" жырын айтқан. Бойжеткен бірге өскен құрбыларын қимай қоштаса, жігіттер жағы "үлгілі, әдепті болып, қайын атаңды, қайын енеңді сыйла, туған ауылыңа сөз келтірме" - деп назарын айтады.
Қыздың шешесі мен жеңгелері, бауырлары қимай қоштасады. Барған жерінде бақытты болуын айтып, әдепті келіг болуын тілейді. Ата-енесін сыйлап, сол ауылдың үлгілі келіндерінің бірі болып жатса, оларға одан басқа не керек. Өздерінің игі тілектерін төменде берілген өлең шумақтарымен жеткізген. Біздің уақытымызда жырлар айтып қоштаспағанмен, ұзатылатын қыздың үйі туған-туысқандарын жинап, тойлап, шығарып салады. Тойды әркім шама-шарқына қарап жасайды. Біреулері үлкен той жасап, шығарып салса, кейбір қыздар үлкен жеңгелерінің қолынан да кетеді. Жеңгелерінің қолынан кету де дәстүрге жатады.

Жар-жардың айтыс түрі
Жігіт:
Бір толарсақ, бір тобы санда болар, жар-жар,
Сыбдыр-сыбдыр жапырақ талда болар, жар-жар.
Әкем-ай, деп жылама, байғұс қыздар, жар-жар,
Әке орнына қайны атаң онда болар, жар-жар.

Қыз:
Жазғы тұры ақша қар жаумақ қайда, жар-жар
Құлын-тайдай айқасқан оң жақ қайда, жар-жар.
Қанша жақсы болса да, қайын атам, жар-жар,
Айналайын әкемдей болмақ қайда, жар-жар.

Жігіт:
Бір толарсақ, бір табақ санда болар, жар-жар,
Сыбдыр-сыбдыр жапырақ талда болар, жар-жар.
Шешем-ай деп жылама, байғұс қыздар, жар-жар,
Шеше орнына қайын енең онда болар, жар-жар.

Қыз:
Жазғы тұры ақша қар жаумақ қайда, жар-жар,
Құлын-тайдай айқасқан оң жақ қайда, жар-жар.
Қанша жақын болса да, қайын енеміз, жар-жар,
Айналайын шешемдей болмақ қайда, жар-жар.

Жігіт:
Бір толарсақ, бір табақ санда болар, жар-жар,
Сыбдыр-сыбдыр жапырақ талда болар, жар-жар.
Ағам-ай жеп жылама, байғұс қыздар, жар-жар,
Аға орнына қайын ағаң онда болар, жар-жар.

Қыз:
Жазғы тұры ақша қар жаумақ қайда, жар-жар,
Құлын-тайдай айқасқан оң жақ қайда, жар-жар.
Қанша жаұсы болса да, қайын ағамыз, жар-жар,
Айналайын ағамдай болмақ қайда, жар-жар.

Жігіт:
Бір толарсақ, бір тобық санда болар, жар-жар,
Жарға соққан жаңғырық тауда болар, жар-жар.
Жеңгем-ай деп жылама, байғұс қыздар, жар-жар,
Жеңге орнына абысын онда болар, жар-жар.

Қыз:
Жазғы тұры ақша қар жаумақ қайда, жар-жар,
Құлын тайдай айқасқан оң қайда, жар-жар.
Қанша жақсы болса да, абысыным, жар-жар,
Айналайын жеңгемдей болмақ қайда,жар-жар.

Жігіт:
Бір толарсақ, бір тобық санда болар, жар-жар,
Жарға соққан жаңғырық тауда болар, жар-жар.
Інім-ай деп жылама, байғұс қыздар, жар-жар,
Іні орнына қайын інің онда болар, жар-жар.

Қыз:
Жазғы тұры ақша қар жаумақ қайда, жар-жар,
Құлын тайдай айқасқан оң қайда, жар-жар.
Қанша жақын болса да, қайын ініміз, жар-жар,
Айналайын інімдей болмақ қайда, жар-жар.

Жігіт:
Бір толарсақ, бір тобық санда болар, жар-жар,
Жарға соққан жағалтай тауда болар, жар-жар.
Сіңлім-ай деп жылама, байғұс қыздар, жар-жар,
Сіңлі орнына қайын сіңлің онда болар, жар-жар.

Қыз:
Жазғы тұры ақша қар жаумақ қайда, жар-жар,
Құлын тайдай айқасқан оң қайда, жар-жар.
Қанша жақсы болса да, қайын сіңлім, жар-жар,
Айналайын сіңлімдей болмақ қайда, жар-жар.

Жігіт:
Ақ қоян қашар жоталап, жар-жар-ау
Аяқ тайлақ өсер боталап, жар-жар-ау!
Мұнша неге жылайсың, жар-жар-ау
Артыңнан інің барар апалап, жар-жар-ау!

Қыз:
Текеметтің шет бауын,
Оя тұрсын, жар-жар-ау!
Той басына ту бие,
Соя тұрсын, жар-жар-ау!
Мен шешеме айтайын,
"Әкеме айт", - деп жар-жар-ау
Мені, десе, биылша,
Қоя тұрсын, жар-жар-ау!

Жігіт:
Қызыл қыршын замандас,
Қызыл қыршын, жар-жар-ау
Қызыл қыршын ішінен,
Қырғи ұшсын жар-жар-ау
Алып кетер мал берген,
Сен бір құссың, жар-жар-ау!

Қыз:
Түндігімнің төрт бауы -
Бас бауымды, жар-жар-ау,
Алты жеңгем сұрайды,
Шашабауымды, жар-жар-ау
Алты жеңгем сұраса,
Аласың да, жар-жар-ау!
Айналайын, жан әкем,
Қаласың да, жар-жар-ау.

Жігіт:
Мінген атың қара-ды, жар-жар-ау,
Жал-құйрығын тарады, жар-жар-ау.
Мұнша өксіп жылама, жар-жар-ау,
Шешең ертіп барады, жар-жар-ау!

Қыз:
Түндігімнің төрт бауы,
Мақта, шеше, жар-жар-ау,
Қызың кетіп барады,
Жатқа, шеше, жар-жар-ау!
Он екі айда айналып,
Бір келемін, жар-жар-ау,
Сары інгеннің ботасын
Сақта, шеше, жар-жар-ау!
Шалшық па екен, су ма екен,
Ақ сүт беріп шешекем,
Асыраған, жар-жар-ау.
Ақ сүт берген шешеме,
Не көрсеттім, жар-жар-ау.
Жат кісінің баласын,
Жолдас еттім, жар-жар-ау!

Жігіт:
Есіктің алды қия еді, жар-жар-ау
Қияға біткен мия еді, жар-жар-ау.
Әкең берген қамқа тон, жар-жар-ау,
Етіңе қайтіп сыяды, жар-жар-ау!

Қыз:
Тоқпақ жалды торы айғыр,
Етті ме, әке, жар-жар-ау.
Төркіндегі үйімнен,
Кеттім, әке, жар-жар-ау.
Қыз да болсам, сізге мен,
Перзент едім, жар-жар-ау.
Жалғыз басым сыймастан,
Кеттім, әке жар-жар-ау!

Соңғы күні ұзатылған қыз үй-үйді аралап жүріп, ел-жұртымен қоштасады. Бұған қыз туыстары дайындалып, әр қайсысы өз дастарқанынан дәм тартқызады. Әр үйдің от-орнымен қоштасып, көп болса, қомсынбай, берген сыйлықтарын, көзіндей көріп жүру үшін, алатын бұл салт ел ішінде "танысу" деп аталады. Батыс Қазақстанда танысатын қалыңдықты кілемге отырғызып, көтеріп аралату дәтүрі болған.
Ұзату тойы біткен соң, жақындарын шақырып, дәстүр бойынша қыздың жасауын көрсетеді. Жасауға ризашылық білдірген құдаларға киіт кигізіп, түйе жетектетіп, ат мінгізген. Болашақ отаудың көшер көлігі, сауып ішер сиыры мен биесі де қыз жасауының құрамына кірген.
Қазіргі уақытта әр жерде жасау беру әр түрлі орындалады. Қызды ұзатып шығарып салғаннан кейін, бірер жыл өткен соң жасауын береді немесе той үстіне алып барады. Жасау беруде орындалатын дәстүрлер көп.
Ежелден келе жатқан дәстүр бойынша, ұзатылған қыз әке малынан әр түлік бойынша "мал құты" деп есептелетін бір-бір мал, сондай-ақ, әке мүлкінен түзу мылтық, берен сауыт қалауына болады. Дәстүр бойынша, қызы не сұраса да әкесі бетін қайтармайтын болған. Бас құданың рұқсатымен қыз жасауы буылып, түйіледі. Әр теңнің арасына әйелдерге арналған кішігірім "тең шашар" сыйлықтары салынады. Теңді ашатын қарсы құда жақтағы әйелдер осы сыйлықтарды бөлісіп алады.
Қыз аттанарда, қимас ата-анасы, туған-туыстары, қасиетті ел-жұрты, атамекен, құрбы құрдастарымен қоштасып, "сынсу" айтады. Теңіне бара алмаған бұрынғының қыздары зарлы "сыңсу" айтқан. Қазіргі уақытта қызды зорлап қосу жоқ. Сондықтан "сыңсу" айтылмайды. Той тойлап, қызын ұзатқан қыз жағы той-думандатып шығарып салады. Қуанышты тойлардың бірі болғандықтан би биленіп, әндер айтылады. Қыз ұзатқанда дәстүр бойынша айтылатын өлеңдер:

Қоштасу
Шешесінің қоштасуы:

Қарағым-ай,
Халқыңа қалаулы бол!
Еліңе елеулі бол!
Ертемен ерте тұрарсың,
Түндігіңді ашарсың,
Сиырыңды сауарсың,
Малыңды өріске айдарсың,
Самаурыныңды қоярсың,
Сүтімді сонда ақтарсың,
Қарағым-ай, не айтайын,
Енді жат жұрттық болғансың.


Жеңгесінің қоштасуы:

Сылдыр-сылдыр қамысқа
Сырғаң түсті жар-жар-ау!
Сырғаң түскен жерінен
Тарғақ ұшты, жар-жар-ау!
Сырласпаған жат елге
Бикеш кетіп барады-ау!
Қолымдағы бикешім -
Қос жүзігім, жар-жар-ау!
Қос жүзігім қолымда
Майысады, жар-жар-ау!
Сен кеткенге қабырғам
Қайысады, жар-жар-ау!
Қош есен бол, бикешім!


Інісінің апасымен қоштасуы:

Сылдыр-сылдыр қамысқа
Сырғаң түсті, жар-жар-ау!
Сырғаң түскен жерінен
Тарғақ ұшты, жар-жар-ау!
Апам үшін қабырғам
Қайысады, жар-жар-ау!
Апам үшін қайыспай Қалай болар, жар-жар-ау!
Қайыр қош боп тұрарсың,
Жан бауырым, жар-жар-ау!

Қыз ұзату тойы бүгінгі күні көп жерлерде әдетке айналып жатыр. Безендіріліп жатқан осы тойлар қазақ халқының салт-дәстүрлерін көркемдейді. Қыз ұзату тойын, келін түсіру тойынан кемде кем өткізбейді. Тойда қыз ерекше сәнді той көйлегін, бас киімін киеді. Жар-жар айтып, екі жасты ортаға шақырады. Қыздың әке-шешесі өз тілектерін екі жасқа білдіріп, баталарын береді. Той бітпей жатып, қарсы жақтан келген құдалар қайтуға ыңғай танытады. Оларды қошеметтеп, шығарып салады.
Кетіп бара жатқан қыздың алдынан арқан керіп, көрші қолаңдары, жора жолдастары жолын бөгейді. Қарсы жақ құда кәдесін беріп, жолын ашқызады. Ендігі кезектегі той күйеу жігіттің ата-анасы жасайды.

Жасау беру
Жасау беру - ежелден келе жатқан қазақ халқының салт дәстүрінің бірі. Қыз шешесі жасауды, қызы бой жетпей тұрып-ақ, жасап қоятын болған. Жасау - қызға берілетін дүние-мүліктер. Оған үй жабдықтары : көрпе. төсек, ыдыс-аяқ, жерге төсейтін текемет немесе кілем, ілетін кілемдері, сандықтар кіреді. Қыз ұзатылғанда жасауымен бірге шығарып салынатын болған.
Қазіргі кезде, шамасы келіп жатқандар, қыз жасауын той үстіне-ақ алып келіп жатады. Жасаудың қаншалықты болатыны қыз жағының шама-шарқына байланысты. Кейбір жерлерде жасауды қызы тұрмыс құрғаннан кейін бір, екі жыл өткеннен кейін береді. Оны апармас бұрын, хабарын береді. Қыздың шешесі мен тағы бір-екі әйел жасауды алып барады. Оған да кішігірім той жасап, әкелінген жаға заттарға "құтты болсын!" айтып келушілер шашу шашады, байғазы береді. Жасау әкелген құдағиларға үлкен құрмет көрсетіліп, киіт беріледі, сырға, жүзік салып, сыйластықтарын білдіреді. Жиналған туған туыстары мен ауыл әйелдеріне қыз жасауын ашып көрсетеді. Түйіліп-буылған әр түйін заттың бетіне әдейілеп салынған сыйлықты ашып көрсеткен адам өзі алып, басқа әйелдерге де бөліп береді. Жасауын әкелген қыздың шешесіне ризашылықтарын білдіреді.

Қыз киімін беру
Ұзатылған қыздың киімін беру салты көп жерлерде орындала бермейді. Ал Оңтүстік Қазақстан аумақтарында бұны міндетті түрде орындайды. Бұрынғыда қыз киімін қыз жасауымен қосып, қызды ұзатқан кезде беретін болған. Қыз киіміне бас киімнен бастап аяқ киімі, сырт киімдері, бағалы киімдер, қыздың жеке өзі тұтынатын заттар кіреді. Оны қыздың анасы мен жеңгелері дайындайды. Қазіргі уақытта, кейбір жерлерде, қыз кеткен соң, немесе, той үстіне дайын киімдерін алып барады. Қыз киімін дайындап болған соң, оны алып баратын күндерін хабарлайды. Күйеу жігіт жағы оларды дайындықпен күтеді. Қазақ халқы осындай салт-дәстүрлерін аса сыйлағандықтарын осындай дайындықтарынан, қуаныштарынан көруге болады. Белгіленген күнге келген құдағиларын құрметтеп, дастарқандарын жая, қарсы алады. Аман-саулық сұрасып, әбден көңіл көтерген соң, қыз киімін көру басталады. Туған-туыстары мен ауыл әйелдеріне қыз жеңгелері қыз киімін жайып көрсетеді. Олар өз тараптарынан байғазыларын береді. Сандыққа салынған киімдерді ашқан әйелдер, әдейілеп салынған сыйлықтарды бірге отырғандармен бөлісіп алады. Қыз шешесі ауыл әйелдеріне арнап салған білезік, жүзіктерін тағы басқа сыйлықтарын өзара бөлісіп алады. Бұл дәстүр құдағилардың басқаларға көрсеткен сый құрметі. Кейбір жерлерде қыз киімінің дайындалған сапасына ауыл әйелдері баға беріп жатады. Киім әкелген қыз жеңгелеріне киіт беріледі. Шамасы келіп жатқандар сырға, сақина салады.

13. Үйлену тойында орындалатын дәстүрлер (жаушы жіберу, құда түсу, қалың мал, сүт ақы, ілу т.с.с)...
▼

Қазақ халқының ұлын үйлендіріп, қызын ұзатуда ғасырлар бойы желісін үзбей жалғасып келе жатқан өзіндік салт-дәстүрлері бар. Ата-бабаларымыз екі жасты үйлендірмес бұрын алдымен мынадай екі түрлі шарт қояды:
1. Жігіт Қалыңдықты туыстық араға жеті ата салып іздестіруі керек. Қаны жақын туыс адамдар үйленсе, біріншіден, олардан ақыл-есі дұрыс бала тумайды, туа қалғанның өзінде өмір жасы қысқа болып, саны бір-екіден аспайды. Екіншіден, ағайын, туысқан арасында әдепсіз, жағымсыз қылықтар етек алып, ынтымақ, бірлік бұзылады. Ал туыстық араға жеті ата толған соң ежелден жегжат екі ел сүйек жаңғыртып, қайтадан құда болысады. Осы салт арқылы ел бірлігі сақталады. «Күйеу жүз жылдық, құда мың жылдық» деген мақал осы дәстүрге байланысты қалыптасқан.
«Жеті атасын білу» дәстүрі күні бүгінге дейін әрбір қазақ семьясында сақталып келеді. «Жеті ата» - дала тұрғындарының ата тегі жазылған паспорты, сондықтан әрбір ата-ана баласының тілі шыға бастағаннан-ақ оған жеті атасының атын үйрету керек.

Қазақта "Үйлену оңай, үй болу қиын" - дегендей, үйленіп, үй болу адам өмірінің ұмытылмас кезеңі. Қазақ халқы, қыз ұзатып, ұл үйлендіріп келе жатқан думаншыл-сауықшыл халықтың бірі. Отау тігу дәстүріне көрік беріп, қызықты әрі мағыналы ететін - салт-дәстүр. "Қызын қияға, ұлын ұяға қондыру" әке-шешенің ұл-қызына деген міндеті.

Жаушы жіберу
Қазақ халқында келін түсіру салты өте маңызды. Сондықтан, ақылдаса отырып, қазақтың салт-дәтүрі бойынша "қыз көріп", немесе "жар таңдайды".Кейбір жерлерде "жаушы жіберу" дәстүрі ертеден келе жатқан дәстүр. Ол - қыз айттыруға баратын өкіл. Жаушы қыздың әке-шешесімен сөйлесіп, бойжеткенге құда түсіп, "қыз айттыру" дәстүрін орындайды. "Құда түсу" дәстүрі осы кезде белгіленеді. Осылайша екі жақ қазақ халқының салт-дәстүрін біріге, орындайды. Қонақжайлы қазақ, жаушы келген кезде, қонақжайлық танытып, дастарқанын жайып, қарсы алады. Мал сойылып табақ тартылады. Қыз бен ата-анасы қарсы болмаса, жаушының өтінішін қабыл алып, екі жақ құда болысады. "Құдалық берік болсын!" деп, жаушыға кәдесін жасап, шапан жауып, ризашылығын білдіреді. Осыдан кейін, жігіт жағы "құда түсуге", ал қыз жағы "қыз ұзатуға" дайындық жасайды.
Қыз ата-анасымен ақылдаспай, кетіп жатқан жағдайда, хабарын естіртуге жаушы немесе хабаршы жіберіледі. Қыздың өз қолымен жазылған қолхаты мен кешіріміне бір малын. бір тоғызын, ақшалай киітін алып келеді. Әке-шешесі қыздың өз еркімен барып отырғанына көз жеткізу үшін, қыз хабарын біліп келетін қуғыншы жіберіледі. Қуғыншы болып қыздың жанашыр ағасы мен жеңгесі барады. Қыз өзі таңдап келіп отырғанына әбден көздерін жеткізгеннен кейін, қыздың қалғанына көнеді. Қуғыншыларды жігіт жағы сыйлап дәмдерін татқызып, қызды жылатпай, өз қыздарындай көретіндіктерін айтып, киіттерін кигізіп, шығарып салады. Қуғыншылардың қыздың әке-шешесіне осы хабарын жеткізген соң, жаушыны енді құда деп сыйлайды. Жаушы арқылы берген кешірімін қабыл алады. Оны жақын туыстарын шақырып, бірге ақылдаса отырып, қабылдайды.

Құда түсу
Құда түсу - ежелден келе жатқан дәстүр. Алайда құда болудың бірнеше жолдары бар.
Екі адам достықтары артып, туыс болғысы келсе, балалы болмай жатып, құда болып жатады. Бұндай құдалықтың түрін "бел құда" деп атайды.
Ежелден келе жатқан құдалықтың тағы бір түрі - "бесік құда". Екі нәрестені бесікте жатқан кезінен айттырып қояды. Бесікте жатқан қызға сырға салу дәстүрі қалыптасқан. Қыз бойжеткенде, ұл жағы аттастырып қойған қызға құда түсіп келеді. Бұл да үлкен тойдың бірі. Қазіргі кезде де осы салт-дәстүр ұмыт болмаған.
Бұндай құдалықтың бір түрі - қыз бойжеткенде ұл жақ сырға тағып, құда түседі. Оны, әрине қыз бен жігіттің келсімімен жасайды. Белгіленген күнге дайындалған құдалар, жігіт әкесі сенімді бір туысын бас құда қылып, немесе өзі болып, бастап барады. Құдалар саны мен алып баратын қалың малы әр жердің өз салтына байланысты.
Солтүстік жақта қалың малға көп көңіл бөлінбейді, ал оңүстік жақта қалың малды дәстүрлерінің бастысы деп есептейді. Сондықтан "Құда түсу" кәдесін жасап, құда түсірушілер құр қол бармайды. Әр жердің салты әр түрлі. Бір жерлерде оны "сырға салу" тойы деп те атайды. Кәделерін жасап, құда түсуші жақ "қалың малға" қосатын бұйымдарын сайлай бастайды. Қалың малға: мал, ақша, зергерлік бұйымдар, дастарқанға қойылатын дәмді шайлық тәттілер кіреді. Киіттерін тоғыз қылып жасайды. Шамасы келіп жатқандар киіттерін тоғыздан тоғыз қылып немесе тоғыз атауларын бөлек-бөлек тоғыз етіп жасайды. Оның басына құда мен құдағиға арналған бағалы киімдер қойылады.
Қалың малынан басқа "өлі-тірісі" кәдесіне қосылатын жоралары бар. "Сүт ақы", күйеу апаратын "ілу" дегені болады. "Ілу" - қалыңдықтың әжесіне немесе шешесіне берілетін сыйлық.
Қыз жағы да осы үлкен тойға дайындалып, құдаларын күтеді. Құдаларды күткенде, мағынасымен орындалатын салт-дәстүрлер тойға көрік беріп, гүлдендіре түседі. Құда түсушілер кіре берісімен, "табалдырық аттау" кәдесін құдалардан алады. Күйеу балаға шашу шашады, отқа май құйғызады. Алдын ала белгіленген адам құдалардың сырт киімдерін шешіп кетерде киіндіріп, "киім ілер" кәдесін жасайды.
Бұрынырақта қазақ халқы ауыл-ауыл болып жайғасқан жерлерінен, көлік орнына, ат мініп келген. Әдейілеп тағайындалған адам оларды күтіп алып, аттарынан түсіріп, жайғастырып, "ат байлатар" кәдесін алған. Қыз ұзату тойы басталмай тұрып, киіз үйлер тігілген. Жастарға арналып тігілетін отауға күйеу әкесі отау жабдықтарын алдын ала беріп жіберетін болған. Құдалар ауылға жақындағанда отау тігу басталған, отауды қыз әкесінің үйінің артына тіккен. Үй тігіскен әйелдер "шаңырақ көтерер", "отау жабар", "уық шаншыр", "туырлық жабар", "үзік жабар", "бау шу байлар", "отау байғазысы" деген кәделерін алып, салтты орындаған.
Құдаларды арнайы дайындаған дасарқанға жайғастырып отырғызады. Дастарқан басында орындалатын кезекті кәделер бар. "Сыбаға беру" кәдесін жасап, табақ тартылады. Оны да құдалар ақысын беріп, сатып алады. Сыбағаны тарту еткен әйелдер алған ақыларын өзара бөлісіп жатады.
Кей жерлерде "Есік ашар" кәдесін құдалар орындайды. Жекжат болып жатқандарының құрметіне сыйлағандарын білдіріп, түрлі сыйлықтарымен келеді. "Малға бата жасау" кәдесін құдалар алдына әкелген соң, "табақ саларын" береді. Оны табақ әкелгендер өзара бөлісіп алады. Құдалар жағына той бастау ұсынылады. Сыйлықтар мен жыртыстары бар табақты той бастайтын құдаға немесе құдағиға ұсынады. "Той бастар" кәдесі осы жерде жасалады. Оны өздерінің тілектерімен немесе өлеңмен бастайды. Құдаларға арнап өлеңдер айтып, тілектер тілейді. Кейбір жерлерде тойды ауыл әйелдері бастайды. Әр түрлі той әндері айтылады.
Той үстінде құдалардың осы тойын қызықты өткізетін бір дәстүр - "құйрық-бауыр асату". Құйрық бауыр асатудың мағынасы: "Құйрықтай тәтті, бауырдай жақын болайық" дегенді білдіреді. Бұл дәстүр құда болудың белгісі. "Құйрық бауыр" асатқан келіншектер алған кәделерін бөліседі.
Той кезінде құдаларға сыйлы табақтар тартылады. Асықты жілік, жамбас, сияқты сыйлы мүшелер салынған табақтарды ұсынғанда, "сый табақ" кәдесін алады.
Толып жатқан кәделердің бір қызығы - "ұн жағу" кәдесі. Ол да мағыналы, әзіл-шыны аралас. Ұндай жұғысты болайық деп, құдалар бір-бірінің беттері мен үстеріне ұн жағады.
"Құда тарту" дәстүрі әр жерде әр түрлі өткізіледі. Кей жерлерде құдаларға талап қойып. оны орындай алмаған құдаларға кәдесін бергізген. Мысалы: құданың аяғынан тартып сүйрету, ән салғызу, жарыстыра би билету, күй тартқызу, сол сияқты көптеген ойындар кіреді. Бұл талаптарды орындай алмай жатса, кәдесін беріп, құтылып жатады.
Бұрынғы кездерде осындай түрлі талаптарды орындай алмаған құдаларды әйелдер бастарына киіз қалпақ кигізіп, үстеріне су құйып, беттеріне ұн, балшық жағып, өгізге теріс мінгізіп мазақ қылған. Сонда да құдалар жағы өкпесіз көну керек болған. Солтүстік Қазақстан жақта құдаларға осындай талаптар қойылып жатса, Оңтүстік жақта құданы еңбектетіп, үстіне алты әйел аттай мініп отырып алған. Осындай ойын-сауық кейбір құдалардың намысына тиіп ренжіткен.
Қазіргі кезде мұндай өрескел ойындар ойнала бермейді. Мәдениетті түрдегі ойын түрлері, ән айтып, би билеуге көбірек көңіл бөледі. "Құдаң шын досыңдай болсын, құдағиың құрдасыңдай болсын", "Құда болғанша, хал-жағдайын сұрас, құда болған соң, қолда бармен сыйлас" деген мақалдарға байланысты қазақ халқы "Құдаңды құдайыңдай сыйла" деп, құдасын жан салмай сыйлайды. Енді құдалар бар мәселені, кәделерін орындай отырып шешіп болған соң, қайтарларына қарай әр қайсысын сыйлап, киіт кигізеді.
Бұрынғы заманда бас құдаға және құдалыққа келгендерге арнап киітін, шамасына қарай ат мінгізіп несеме кілем жауып, нар жетектеткен. Кей жерлерде ат шаптырып, көкпар қуған. Әр түрлі ойындар ойналған. Қазіргі кезде де осы дәстүрлерді ұстағанымен, әпқайсысы шамасына қарап киітін, мінгізер атын сайлайды. "Ағайын-туғанның қызығы - алыс-беріс, құдалықтың қызығы - барыс-келіс". Ең бастысы сыйластық. Қыздың әке-шешесі қыз ұзату тойын жасап, қызын шығарып салады.

14. Сәукеле құны фатадан қымбат
▼

" Сәукеле кигізу" салтына құда-құдағилар шақырылады. Шашу шашылады. Ақ бата арналады. Сәукеле байғазысының бағасы олқы болмайды. Оның көрімдігі де оған лайық болу керек.
Сәукеле-жай бас киім ғана емес, қазақ сән-салтанатының, салт-дәстүрінің мәдениет пен шеберліктің озық үлгісі. "Алтын мен апталып, күміспен күптеліп" дегендей, ол інжу-маржан, гауһар, лағыл, жақұт сияқты асыл тастар тізбегімен әрленіп, әшекейленеді. Негізі, мақпал, барқыт сияқты қымбат маталардан тігіліп, бұлғын, құндыз терілерімен жиектеліп, оқамен оюланып, түрлі-түсті моншақтармен шашақталып, көркем жіптермен кестеленіп, алдыңғы жағы көзді тастармен қапталып, түрлі тағым, алтын, күміс теңгелермен безендіріледі, төбесіне үкі тағылады. Көрсе көздің жауын алатын осы бұйым - тек келіншек сәні ғана емес, той салтанаты мен құдалар беделін де көтере түсетін ерекше көрініс.

15. Қыз ұзату, қыз айттыру, құда түсу, бата аяқ, құда тартар, қыз ұзату тойы, ау-жар, сыңсу, қоштасу...
▼

Сәуле Әбілдаханқызы
«Той десе қу бас домалайды» дейтін қазақ, «тойға бұйырсын» деген үмітпен мал жиған, дәулет құрған. Тойдың ел айта жүрер ерекше көңілді, сән-салтанатпен өтуі той иесінің абыройын арттырған. Қазіргі қазақ тойларының бәрі бір-біріне ұқсас.
Тойымыз көңілді, қазақтың жанына қабысатындай болып өтсін десек, салт-дәстүрлеріміз бен ырым-тыйымдарымызды жақсы білуге тырысайық. Біліп қана қоймай, келешекке қалдыруды да бүгін ойлайық. Өз білгендеріңізді сіздер де жіберіңіздер.

Қыз ұзату
«Қыз көру» салты кейде «қыз таңдау» деп те аталады. Салт бойынша белгілі кісілердің балалары немесе өнерпаз, сал-сері жігіттер өзіне лайық қыздарды ел ішінен өздері таңдаған. «Пәлен жерде жақсы қыз бар» дегенді естіген жар таңдаған жігіттер өнерлі дос-жолдастарын ертіп, қыз ауылына барады. Қазақта «қызды кім көрмейді, қымызды кім ішпейді?» деген мақал қыз іздеген жігіттерге жол ашады. Ондай жігіттерге ешкімнің наразылық білдіруге, тосқауыл жасауға хақысы жоқ. Керісінше жігіттерді салтанатпен қарсы алған. Ауылдың бойжеткен өр мінезді, еркін қыздары мұндайда «қыз көретін жігітті біз көрелік» деп белсене шығып, жігіттермен өнер сынасқан. Жігітке олар да сын көзбен қарап, өз ойын ашық айтқан. Осындай жолда бірін-бірі сынаған қыз-жігіттер айтысқа түскен. Осыдан кейін ұнатқан жастар сөз байласып, жігіт жағы құда жіберген. Демек, жігіт пен қыз бірін-бірі ұнатқан жағдайда да құдалық жолы жасалған. Олай болса, қыз бен жігіт бірін-бірі ұнатып қосылған, сүйіп қосылған кездері қазақта ертеден болған. Әрине, қазақ салтында «қыз таңдау», «қыз көру» әр кезде бола бермеген. Оған аты белгілі адамдардың балалары мен жігіттердің ғана қолы жеткен.

Қыз айттыру
Әр ата-ана өз ұлының болашақ қалыңдығын ерте ойластырады, өзінің теңін іздейді. «Анасын көріп, қызын ал» деген қағиданы қатаң ұстайды. Яғни болашақ құдасын орынды жерден, жақсы кісілерден, аталы, іргелі ауылдан қарайды. Тұқымында, тегінде ауруы бар отбасының қыздарына сөз салмайды. Лайықты деген адамдарына әдейі барып, балаларының болашағы туралы әңгіме қозғайды, өздерінің құда болу ниетін білдіреді. Мұны «қыз айттыру» дейді. Бұл жолдың да түрлі ереже, тәртіптері бар. Егер балалар (ұл,қыз) жас болса, тіпті іште жатса да ерте келіп сөз байласады. Мұндай адамдар көбіне бірін-бірі жақсы білетін, өте сыйлы дос кісілер арасында болады. Олар алдымен іште жатқан балаларын бір-біріне қосу туралы келіседі. «Атастыру» деген – осы. Мұны «бел құда» дейді. Кейде қыз алған құда енді сол үйге өз қызын беретін болса мұны «қарсы құда» дейді. Бұрын құда болған кісілер құдалықты тағы жалғастыратын болса, оны «сүйек жаңғырту» деп атайды. Қыз бойжеткен, ұл ержеткен жағдайда екі жасты қосу «құда түсу» арқылы жасалады.
Қазақтың ертеден белгіленген заңы бойынша жеті атадан бері қыз алыспайды.қазақтың тағы бір жазылмаған заңы - әйел күйеуден сегіз жас, еркек әйелден жиырма бес жас үлкен болса, қосылуға рұқсат етілмейді. Әрине, әмеңгерлік жолда мұндай некелік ережелер мен шектеулерге қарамайтын жайлар да болған. «Қыз айттыру» - баталасу жас отаудың беріктігін, сенім мен сыйластықтың негізін қалайды.

Құда түсу
Ертеден және қазір де жалғасып келе жатқан әрі жарасты дәстүрлердің бірі – құда түсу. Жігіттің әкесі немесе жақын туыстары қызы бар үйге құда түседі, яғни бойжеткен қызын өз ұлына қалыңдық етіп беруін сұрайды. Құдалар құрметке лайық сыйлы адам деп саналады. Қыз әкесі келісім берген соң құдалықтың жөн-жоралғыларын жасайды. Оның түрі өте көп. Мысалы, құда аттанар, құда тарту, ат байлар, құйрық-бауыр жегізу, тағы басқа ырымдар мен кәделері, алымдары болады. Құдалықты басқарып барған адам «бас құда» деп аталады. Тұрмыс құратын жігіт пен қалыңдықтың әкелері бір-біріне «бауыздау құда» деп аталады. Құда түсу – қазақтың ең үлкен той-думаны, мәртебелі, жарасты әрі мән-маңызы бар салт-дәстүрлерінің бірі. Онда түрлі ойын сауық, әзіл-қалжыңдар, балуан күрес, айтыс, өлеңдер айтылады. Екі жақта бір-бірінің артықшылығын байқап, кемшілігін сынап отыратыны – бесенеден белгілі.

Бата аяқ
Екі жақтық келісімнен кейін жігіт әкесі қыз ауылына келіп «бата аяқ» өткізеді. Кейде мұны «сырға тағар» деп те атайды. Осы жолы екі жақ тойды өткізу мерзімі, кәде-жора, қалыңмал жөнінде келіседі. Мұны бата, келісуді «баталасу» дейді. Батаның ек» түрі бар: біріншісі – кесімді бата жасау, яғни мал мөлшері, той уақыты, шығын мөлшері, алыс-беріс, келу-кету, т.б. Екіншісі – кесімсіз бата, яғни мал саны, мүлік мөлшері кесілмейді. Жағдайға, уақытқа қарай кейін белгіленеді. Ауқатты, елге есімі белгілі адамдардың құдалығына «бас жақсы», «аяқ жақсы» деген ірі, бағалы кәделер болады. «Бас жақсыға» - боталы түйе, құланды бие, жағалы киім, бағалы бұйым, алтын, күміс жамбылар жатады. «Орта жақсыға» - ең жақсы түйе не ат. «Аяқ жақсыға» - ат, сиыр, қой, т.б. жатады.

Құда тартар
Қазақтың жол-жоралғылары, салт-дәстүрлері, түрлі ырым-тыйымдары мен кәде түрлері көп. Солардың ішінде қыз алуға келген құдаларға жасалатын құрмет те аз емес. Сол сияқты, олар тартатын күлкілі азап та көп. Олар «құдаларын құдайындай сыйлай» отырып, «құда тартар» атты кәделі дәстүрден аттап өтпейді. Бұл – ойын-күлкіге, сауыққа, сынға құрылған салт. Мұнда құда тартар кәдесін сұрай келген әйелдер бастаған топ құдаларға лап қояды да, оларды көкпар тартқандай тарта жөнеледі. Әрине, қарулы жігіттер мен жас әйелдер араласады. Олар құдаларды теріс қаратып өгізге мінгізеді, «кірлеп кетіпті ғой» деп өзенге апарып сүңгітеді, аяғын жоғары қаратып үйдің шаңырағына да асып қояды. Не керек, жұрт күлетін қиын да, кейде ерсі қимылдарға да барады. Бұған құдалар ашуланбайды. Қолынан келсе, олар да құдағи жағына күш көрсетіп, оларды қоса құшақтай кетеді. Мұның өзі жұрттың көңілін көтеретін бір үлкен ойын-сауыққа ұласып кетеді.

Қыз ұзату тойы
Ұзату тойында қыздың өз туыстары мен құрбы-құрдастары отырады. Ата дәстүріміз сол. Қазақ қызы әкесі мен ағаларының, өзге аталас туыс-бауырларының көзінше жігіттің жанына жақындауға ұялған.
Қазақ салтында жеңгелері қайын сіңлісінің қолын ұстатып, күйеу жігіттен «қол ұстатар», шашын сипатып «шаш сипатар» сыйлықтарын алған. Бұл, бір жағынан, жастар үшін сын болған. Осы сында қыздың ұяңдығы, ұялшақ, ибалы мінезі, тазалығы мен пәктігі, ал күйеу жігіттің тектілігі, жомарттығы көрінген. Және бұл жоралғылардың бәрі жас жұбайларға арнап тігілген оңаша отауда жасалған.
Қыз ұзату – үлкен той-думан әрі қызық болғанымен, бұл күні ата-ана қуанады, әрі жылайды. Қуанатыны – «қызым өсті, өрісім кеңейді» дейді, жылайтыны – қимастық көңілі, бағып-қаққан перзентінің жатжұрттық боп кете баратыны...
Қызды алуға құда жақтан бес не жеті (тақ санмен), кейде одан да көп адам келеді. Мұның ішінде бас құда, құдалар және күйеу жігіт пен күйеу жолдас болады. Солтүстік және Оңтүстік Қазақстанда тек ер адамдар барады. Құдалар, әдетте кешкілік баруы керек. Мұнда ойын сауық, құдалық рәсімдер мен кәде-жоралар жаслады. Жақын адамдар (ағайын-туыс, көрші-қолаң) құдаларды үйіне шақырады.
Ұзатылған қызды, дәстүр бойынша, таң ата, күн шыға жөнелтеді. Оның алдында қыз «Қоштасу жырын», «Сыңсу» айтады, жастар «Жар-жар», «Ау-жар», «Аушадияр» айтады.

Ау-жар
Ұзатылып бара жатқан қыздың «сыңсуы», «қоштасуы» - ұлттық тәрбие мектебінің тамаша үлгісі. Алтын ұяны, туған ел-жұрттан бөліну, жат босаға аттау оңай іс емес. Осының бәрін тәжірибелі де тәрбиелі халық жылай жүріп ән, жыр түрінде шеберлікпен үйлестіріп жасай білген. Қыз жылап қоштасқанымен, бұл қайғы емес, қимастықтың белгісі. Дегенмен қыз ауылының қыздары мен жігіттерінің де қимастық көңілдері де көрінбей қалмайды. Олар өлең жырды үстемелей түсіп, айтыс түрінде «жар-жар», «ау-жарды» төкпелейді. Мұнда да ізгі тілектестік, достық көңіл, жаңа бақыт жолында жақсы ниет көрінеді. Оның сөзі де, әні де көркем, ойнақы айтылады. Ол біресе «ау-жар», біресе «ай-ау», біресе «бике-ау», біресе «үкі-ау» деп те айтыла береді. Олардың мынадай үлгілері бар:
Буынғаным беліме кісен бе еді, ау-жар, ау,
Бекем бусам белімнен түсер ме еді, ау-жар, ау,
Әкең барып шешеңді ап келмесе, ау-жар, ау,
Мұндай азап басыңа түсер ме еді, ау-жар, ау!
Мінген де атың боз ғана, бике-ау,
Күйеуің сенің бозбала, бике-ау.
Өксігің сенің басылмас, бике-ау,
Әлдилеп бала сүйгенше, бике-ау.

Мінген де атың жиренше, үкі-ау,
Тықыршып тұрар мінгенше, үкі-ау,
Қыз көңілі басылмас, үкі-ау,
Әлдилеп бөпе сүйгенше, үкі-ау!

Кеттің, кеттің деуші едің, кеттім, апа-ай, ау,
Ерттеп қойған атыңа жеттім, апа-ай ау,
Шымылдығын желпе сал, көрсін апам, ай-ау,
Көзіңнің жасын қойныңа, төксін апам, ай-ау!

Сыңсу
Халқымызда тұрмыс салт жырларының ең көп тарағандарының бірі – сыңсу. Ұзатылған қыз өз босағасынан аттанар, «сыңсу» айтып қоштасады. Бұл сәтте оның жанында жеңгелері жүреді. Ол өзінің балалық дәуренің, оң жақта бұлғақтап өскен бақытты күндерінің өткендігін, аяулы ата-анасының, туысқандарының өзін мәпелеп өсірудегі еңбегін өлеңмен айта жүріп өксиді.
Базардан келген құйысқан,
Тарамай шашым ұйысқан.
Келіп кетіп жүріңдер-ай,
Сағындырмай туысқан, - деп өзінің өтінішін де айтады.
Қыздың сыңсуы жарасымды әрі тәрбиелік мәні бар салтанатты салт. Бұл адамгершілік, әдептілік жағынан алғанда да өте орынды дәстүр. Өйткені балалық күндерден ағайын ортасынан бөлініп кету оңай іс емес.

Қоштасу
Ұзатылатын қыз өз үйінен аттанар алдында өзінің ата-анасымен, аға-інісімен, сіңлісі, жақын-жуықтарымен қоштасу жырын айтады.
Әуеден ұшқан бұлдырық,
Құбыладан соққан ызғырық.
Жатқа кетіп барамын,
Жаратқан соң қыз қылып.
Атасы жақсы құл болмас,
Анасы жақсы күң болмас.
Оң жақтан кетіп барамын.
Қыз еркелеп ұл болмас, - деп өзінің жат жұрттық болып жаратылғанын жырға қосады. Ең соңында:
Жанымдағы қыным-ау,
Сіңлілерім мен інім-ау.
Жыл айналып келгенше,
Қош аман, бол күнім-ау, - деп бауырларымен қоштасады. Мұнда «жыл айналып келгенше» деген сөздің мағынасы бар. Өйткені дәстүр бойынша, ұзатылған қыз жыл толмай өз үйіне бара алмайды. Барған жеріне «тастай батып, судай сіңу» үшін, екі жақтың әңгімесін тасымас үшін... тағысын-тағылар. Қазақтың бұл философиясының төркінінде, әрине, жас отбасының берік қалыптасу мектебі жатыр.
Қоштасу қазақ халқының бауырмалдық, әңшілік, айтқыштық қабілетін көрсететін тұрмыс салт жырларының ішінде көркем де көрнекті дәстүр. Қоштасу жыры соңынан қыздың жеңгелері мен серіктері:
Жылама, бикем, жылама,
Көзіңнің жасын бұлама.
Ұл болып тусаң әуелден,
Сені мұндай қыла ма? – деп оған жұбату айтып, келешегіне жақсы тілек білдіреді.
Салт жырларының тәрбиелік маңызы зор. Мұнда ұлттық дәстүр, халықтық қағида, ағайын-туыстық қимас сезім, алдағы арман... бәрі де бар. Қоштасу, жұбату жыры сонысымен құнды.

16. Келін әдебі
▼

Келін әдебі Досымбек Хатран
Той өткен күннің ертеңінде-ақ, жаңа түскен жас келін бозада таңмен таласып тұрып, алдымен қазақта «үлкен үй», «қара шаңырақ» деп аталатын әке үйінің түндігінің бауына ақтық байлап ашады. Одан кейін жасы үлкен қайын ағаларының, ең соңында өз үйінің түндігін ашқан соң, отауында от жағып, түтін түтету үшін «үлкен үйден» «от алуға» барады. Қазақтың «отбасы». «отау» (от алу сөзінен шыққан) ұғымдары ежелгі отқа табынуға байланысты туындаған салтқа негізделе қалыптасқан атау екендігі анық. Осы орайда, тұяқ-тұқымы қалып, ұрпағы жалғасқанын білдіретін «отын жағып, түтінін түтететін артында ұрпағы бар» деген сияқты тағы да басқа көптеген мәтел сөздер «от жағып, қазан көтерген» жеке үй, отбасын құрғандығын білдіретін наным сенімдік ұғымдардан бастау алатындығын атай кету керек. Осындай үлкен де, жауапты міндеттер мойнына жүктелген қазақ келіні ерте тұрып, кеш жатып, күн ұзаққа бір тынбай көп істі еңбекқорлықпен бітіреді.
Сөйтіп бұрынғы ерке қыз, бұла бойжеткеннің, ендігі келіннің әлеуметтік мәртебесі (статусы) өзгеруіне байланысты, оның іс қимылына, мінез-құлықтарына түрлі шектеулер салынып, ырым-тыйымдарға бой ұсынуына тура келеді. Мәселен, күйеуінен басқа бөгде адамға «әурет» (ғаурат-араб сөзі) саналатын қолының ұшымен бетінен басқа денесін жалаңаш көрсетпеу, жалаң бас, жалаң аяқ жүрмеу, ерлердің жолын кесіп өтпеу, үлкендер отырған үйге кірмеу, үлкендердің әңгімесіне араласпау, оларға шай құйғанда бір тізерлеп қырын отыру, қазан аяғын салдырлатпау, үлкен адам көзінше дауыс көтеріп сөйлемеу, шаңқылдап ұрыспау, үлкен үйдің төріне шықпау, ата-енесінің, қайын ағаларының, қайныларының төсегіне отырмау, жер таянып отырып ас ішпеу, киімін желбегей жамылмау т.с.с.
Қалыптасқан дәстүр бойынша келін бала алдымен түскен жерінің үлкен-кішісі, ерлер мен әйелдеріне өзінше ат қоя білуі тиіс. Ол қазақта «ат тергеу» деп аталады. Ат тергеу – жас келіннің түскен жеріне, күйеуінің туыстарына деген ізгі құрметінің, әдебінің игі көріністерінің бірі ғана болып, оларды өз атымен тікелей атамай, арнайы ишаралап ат қоюы. Келін тарапынан осы ат тергеу барысында оның тапқырлығы, теңеу сөздерге шешендігі, жарасымды әзілқойлығы да сынға түсетін болған.
Келіннің жаңа ортадағы әрмен қарайғы әлеуметтік мәртебесін белгілейтін бірнеше шарттар атқарылады. Олар – сәукеледен кейінгі – «желек жамылу», одан кейінгі «кимешек кию». Мәселен, келін болып түскеннен кейін, сәукелесін сандыққа орап сақтап қойған келін, бір жылдай уақыт бойы, яғни балалы болғанға дейін «желек» жамылып жүреді. Желек – күрең өңді жеңіл матадан тігілген, бас киімнің шетін ала, шекені, маңдайды жаба келіп, бет қана ашық қалдырылатын, төгіле денені орай жауып тұратындай етіп мол қамтылған, ұзындығы тізеден аса келетін ғұрыптық киім түрі. Белгіленген мерзім болған кезде мал сойып, ауыл кемпірлерін, абысын-ажындарын шақырып, арнайы атай отырып, келіннің «желегін алып», «кимешек кигізеді». Бұл – келіннің осы әулеттің толық мүшелігіне өтіп, ана, адал жар, үй иесі деген атаққа ие болғандығын айғақтайтын жас, әлеуметтік инициацияны белгілеген ғұрып болып табылады. Жас келін түрлі-түсті, зер жіппен кестеленген, моншақпен, танамен әшекейленген кимешек кисе, жасы ұлғая келе ол әшекейлері азайған, реңкі біркелкі кимешек киетін болады. Осы орайда ерекше айта кетер жайт, егер балалы болып үлгермей, келін өмірден қайтқан жағдайда, ежелгі қазақ тәртібі бойынша кезінде төленген жасаудағы жылқы, түйелермен бірге қалыңдық ұзатылғанда киген сәукелесінің де қоса қайтаратын болған. Егер бала туып, ұрпақ қалдырса, жасау да, мал да, сәукеле де қайтарылмай, күйеуінің меншігі болып қала береді.
Сәукеле аса бағалы зат, мәселен көптеген деректерде белгілі болғандай әшекейлі сәукеленің құны жүз жылқыға бағаланатын.
(Сәукеле өсіп-өну символикасы міндетін атқаратын, қымбатты тас, қымбат аң терілерімен сәнделіп тігілген ғұрыптық бас киім).
Осылайша, өмір өткелдерінен өтіп, көп тәжірибе жинақтап, немере-шөбере сүйген аналар ауыл-аймаққа беделді болып, ер адамдар ауылда жоқта іс басқарып, мал сойғызып, қонақ күтіп, түсел түсіріп аттандыратын жайт қалыпты рәсімге айналады.
Ендеше, әрбір салттың,әдет-ғұрыптың, ырым-тыйымдар жүйесінің негізгі міндеттері сайып келгенде қоғам, қауым мүшелерінің жұмылып, бірге түсуіне қызмет ететіндігін баса айту керек. Ежелгі Томирис, Зарина, кейінгі Кербез ана, Бөрте, бертінгі Домалақ ене, Бопай ханымдардың атқа мініп қол бастап, аттан түсіп ел бастауы да – алаштың асыл салтын ардақ тұтуынан еді.


Автор, редактор:
Юрист-консультант по семейному праву