RU KZ EN

Құттықтау тілектер - Бата-тілектер - Өсиет

FindHow сборник различных поздравлений на казахском языке.

1. Қайсысы тартымды? тағы да Байлық пен Кедейлік туралы/ аударған Амангелді Маукенов...
▼

Кедейлік пен Байлық бір кісіге келіп:
- Екеуміздің қайсымыз тартымдымыз,-деп сұрапты.
Бұл сұрақтан әлгі кісі абыржып ойға қалыпты: «Кедейлікті тартымдырақ десем, Байлық ашуланып маған қолын бір-ақ сілтейді», ал Байлықты тартымды дейін десем, Кедейлікті ренжітіп алам, ол сосын менің зықымды шығарады ғой».
Аз-кем ойланып, былай депті:
- Екеуің тап осылай қатарласып тік тұрғанда мен ештеңе айта алмаймын. Қане, жүріс-тұрыстарыңды көрейін, бір айналып өтіңдерші.
Кедейлік пен Байлық ерсілі-қарсылы жүре бастапты.
Оларға қарап тұрып адамның айтқаны:
- Кедейлік сен кетіп бара жатқанда, ту сыртыңнан қарасам, қандай тамашасың.
Ал Байлық, сен келгенде... өзіңнен асатын не бар!?
Бүгін Байлық есігімізді келіп қағып тұрған күн, оған есіктеріңді айқара ашыңдар да, Кедейлік пен таршылыққа қол бұлғап қош айтысыңдар.

2. Байлық пен кедейлік туралы тәмсіл /аударған Амангелді Маукенов/...
▼

Байлық пен кедейлік туралы тәмсіл
Бірде ауқатты отбасының отағасы кішкентай ұлын ауылға, малшылардың ортасына ала барыпты. Адамдардың тұрмысының қаншалықты кедей екендігін өз көзімен көрсін деген ойы болған. Олар өте кедей тұратын отбасында бір күн және бір түн болыпты. Үйіне оралғасын әке баласына мынадай сұрақ қойыпты:
- Қалай, саған сапарымыз ұнады ма?
- Әке, бұл бір ғажап болды!
- Адамдардың қаншалықты кедей болатынын өз көзіңмен көрдің бе? – деп сұрапты әкесі.
- Иә, көрдім.
- Ал осыған қарап не ұқтың?
Ұлының жауабы:
- Біздің үйде бір итіміз болса, олардың төрт төбеті бар екен. Бақтың ортасында біздің хауызымыз болса, олардың ол шеті мен бұл шетіне көз жетпейтін шексіз, шетсіз теңіз айлағы бар екен. Бақшамызда шам жағамыз, ал олар жарықты жұлдыздардан алады. Біздің ауланың сыртында патио бар, ал оларда – керілген көкжиек.
Ұлының жауабын естіген әкенің тілі байланып қалыпты. Ал ұлы сөзін былай жалғапты:
- Әке, көп рахмет, сен маған біздің қаншалықты кедей екендігімізді көрсеттің.
Бәрі де мына жарық дүниеге қандай қырынан қарауыңа байланысты болып отыр ғой. Шынайы сүйіспеншілігі, достары, отбасы, денсаулығы, жақсы көңіл күйі мен өмірге құштарлығы бар адамда бәрі де болады!
Алайда жоғарыда көрсетілгеннің ешқайсысын да ақшаға сатып ала алмайсың. Ойыңа келген материалдық игіліктердің кез келгенін сатып алуға болады, тіпті келешекке қор жасау мүмкіндігі де бар. Бірақ көңілің тоқ болмаса, жан-дүниең қаңыраған бос болса, бұның бәрі бекер, құр әурешілік, өзің де қуыс дөңбексің! Сенен не үміт, не қайыр?!

3. Бала тәрбиесі /аударған Амангелді Маукенов...
▼

Ой салатын тәмсіл
Мен мынадай тәмсіл айтып бергім келіп отыр:
Бір әкеден туған, мінез-құлықтары мүлде үйлеспейтін екі ұл болыпты. Олар өсіп, мектепті тамамдап, кәсіп таңдайтын жасқа да жетіпті. Балалар ақыл сұрап, әкесінің алдына келеді.
- Әке, менің бай болғым келеді. Бірақ маған мұғалімім сен сараңсың деген еді,
сараң адам ешқашан бай болмайды екен, ендеше мен де ешқашан бай болмайтын шығармын.
- Балапаным-ау, мүлде керісінше ғой. Сен үнемшілсің, сондықтан бай боласың.
- Менің де бай болғым келеді – дейді екінші ұл. – Бірақ та мен ақшаны
үнемдегеннен гөрі жұмсағанды жақсы көремін. Мен ешқашан бай болмайтын шығармын.
- Балам-ау, қайта сенің ақшаға байланып қалған емессің. Ендеше, оны
бизнеске көп ойланбай батыл түрде салатын боласың. Сондықтан сен бай болмағанда кім бай болады.
- Мен сондай, қыңыр-қырсықпын,- дейді біріншісі.
- Жоқ, сен сондай өткір, өжетсің, сондықтан бай боласың.
- Мен барып тұрған жайбасар, ынжықпын,- дейді екіншісі.
- Жоқ, сен әр қадамыңды бүге-шігесіне дейін есептейсің, сондықтан бай
боласың.
- Мен сондай сабырсызбын, ұшып-қонып отырмасам болмайды. Жүйкем сыр
бере бастаған сияқты.
- Керісінше, сен керемет жігерлісің, асып-тасыған күш-қайратыңды әзірге қоярға жер таппай жүрсің . Оны керек жерге жұмсай білсең, сенен асқан бай адамды шырақ алып іздесең таба алмайсың!
- Мен кержалқаудың өзімін.
- Жоқ, олай емес, сен жақсы тынығуды және күшіңді қалай бөлуді білесің, сен бай болмағанда кім бай болады.
- Мен туралы есер деген сөз жиі айтылады.
- Мүлде басқаша ғой, сен әсершілсің, өз сезіміңді жасырмайсың. Бұл кісіні өзіне тартып тұрады. Бұл деген жақсы ғой.
- Ал мен томаға-тұйықпын.
- Қандай ғажап, бәсекелестерің сенің не ойлағаныңды ешқашан біле алмайды. Бизнес үшін таптырмайтын қасиет.
- Мен сондай ызақормын,- дейді біріншісі.
- Ызақор емес, талапшылсың.
- Мен болсам, тым жұмсақпын.
- Ендеше, адамдар саған шын ықыласымен көмектесетін болады.
- Мен тым сыңаржақпын.
- Тамаша, мақсатыңа жетпей қоймайсың.
- Ал мен болсам, алқа-салқа, жағасы жайлау бір жанмын.
- Шырағым-ау сен нағыз шығармашылықтың адамысың ғой.
Осылайша, ақылды әке мінез-құлқы әркелкі қос ұлына бақытқа барар жол сілтепті деседі.
Бұл өмірде әркімнің өз бақытын табуға мүмкіндігі мол екен ғой!

4. Ағайынды екі жігіт туралы/аударған Амангелді Маукенов/...
▼

Бұл болған оқиға деседі. Ағайынды екі жігіт болыпты. Ағасы үйлі-баранды, көп балалы болса, ал інісі әлі үйленбепті. Олар екеуіне ортақ жерге бидай егеді екен. Астықты жиған кезде тең бөлісетін болыпты. Үйленген ағасы ауыр ойлардан көзі ілінбей таң атырады екен: «Інім әлі үйленбеген, жалғыз тұрады. Өзімнің семьям болса, үлкен. Ал өнімді тең бөлісеміз, бұл дұрыс емес қой.» Ағасының ойында арамдық жоқ, кіршіксіз таза көңіл болатын. Оның не ойлағанына ден қойып, ой елегіне салып салмақтап көріңізші: «Мен қартайсам, балаларым бар, далаға тастамайды, ал ол жалғыз ғой. Оған кім қамқор болады? Інімнің жиған-тергені болуы тиіс.» Бауырыма: «Елу пайыздан көп алсаң қайтеді, мүлде жалғызсың ғой, кім саған пана болады?» деймін. Оның айтатыны: «Жоқ» деген бірақ сөз. «Ол саған елу пайыз, маған да елу пайыз» деп тұрып алады ғой. Бірбеткей мінезі бар, не істейсің». Осылай ойлап төсегінде тыныш жата алмай, жеті түнде орнынан тұрып, бір қап бидайды өзінің үлесінен алып, інісінің қоймасына апарып төгіп, жайбарақат ұйқыға кетеді екен. Інісі де дөңбекшіп ұйықтай алмайды екен. Оның ойы: «Бұл қалай? Ағам үйлі-баранды. Шиеттей бала-шағасы бар. Менің ешкімім жоқ. Ал ол өзіне астықтың тең жартысын алады.» Ағама: «Сенің бала-шағаң бар ғой, көбірек неге алмайсың. Балаларды асырап, киіндіріп, оқыту керек. Ал сен елу пайыз дегеннен танбайсың. Менің қарақан басыма оның керегі қанша?!» деймін. «Бірақ ол алмайды ғой. Айтқанынан қайтпайтын мінезі бар». Осылай ойлаған інісі түн ортасында тұрып, бір қап бидайды ағасына апарып қосады екен. Осылайша олар әр түн сайын бір-бірінің қоймасына астық таси беріпті. Дәулеттері азаймапты да, көбеймепті де, ал оның есесіне туыстық, сүйіспеншілік сезімдері еселене беріпті. Бәрін былай қойғанда, тіпті осы үшін де өмір кешуге болмай ма?! Бірде түн ішінде қап арқалаған ағайынды екі жігіт ойламаған жерден бетпе-бет кездесіп қалыпты. «Иә, жол болсын!» «Жай, ұйқым қашып қыдырып жүргенім ғой.» «Мен де таза ауада демалып жүрмін.» Мұны білген адамдар сол жерге ғибадатхана салыпты. Бұл қалай өмір сүрудің үлгісін осы ағалы-інілерден үйренсін деген ниеттен туған ізгі амал болатын.

5. Болған істің бір қайыры болады /жіберген Амангелді Маукенов/...
▼

Бір патшаның ақылды уәзірі болыпты. Патша оны жоғары бағалап, қайда барса да қасынан екі елі қалдырмайды екен. Патшаға бір қолайсыздық жағымсыз жағдайлар болса, ол әрдайым «Бұның да бір қайыры бар шығар» деп көңілін аулайды екен. Бірде патша бір саусағын қатты жаралап, оны кесіп алып тастауға мәжбүр болыпты. Уәзірі оған «Бұның да бір қайыры бар шығар» деген үйреншікті сөзін айтыпты. Алайда патша осы жолы «Бұның несі жақсы, бұның не қайыры бар?!» деп бұлқан-талқан ашуланыпты. Уәзірді зынданға қамауға бұйырыпты. Уәзір: «Бұның да бір қайыры бар шығар» депті.
Біраз уақыт өткесін патша аңға шығып түз тағысын қуудың қызығына түсіп, өзінің күзетінен алысқа ұзап кетіп, пұтқа табынатын жабайылардың қолына түсіпті. Олар патшаны өздерінің пұттарына құрбандыққа шалмақшы болады. Бірақ бір саусағының кем екендігін көріп, құрбандыққа шалуға жарамайтындықтан, өлтірмей қоя беріпті.
Патша не пайдасы, не зияны жоқ тастан жасалған пұттың алдында қойша бауыздаудан Алланың аман алып қалғанына қуанып сарайына оралады. Келген бетте бірден уәзірін қамаудан шығаруды бұйырады. Кездескенде кешірім сұрап, болған оқиғаны баяндайды, Ұлы Құдірет Иесінің асқан даналығын жаңа ғана түсінгендігін білдіріп, Аллаға шын ықыласты мақтаулар айтады.
Сонан кейін патша уәзірінен: «Сені зынданға тастауға бұйырғанда , сен «Бұның да бір қайыры бар шығар» дедің. Тап осында қандай даналық бар?» деп сұрапты. Сондағы уәзірдің жауабы: «Егер мен қамауда болмасам, сізбен бірге аңға шығар едім ғой. Онда жабайылар сенің орныңа мені құрбандыққа шалар еді ғой. Сондықтан Алланың ісінің бір қайыры болады.».

6. Мөңке бидің айтқаны
▼

Құрамалы, қорғанды үйің болады,
Айнымалы, төкпелі биің болады. Халыққа бір тиын пайдасы жоқ Ай сайын бас қосқан жиын болады. Ішіне шынтақ айналмайтын Ежірей деген ұлың болады. Ақыл айтсаң ауырып қалатың Бедірей деген қызың болады. Алдыңнан кес-кестеп өтетін, Кекірей деген келінің болады. Ішкенің сары су болады, Берсең итің ішпейді, Бірақ адам оған құмар болады, Қиналғанда шапағаты жоқ жақының болады. Ит пен мысықтай ырылдасқан, Еркек пен қатының болады.
Ертеңіне сенбейтін күнің болады, Бетіңнен алып түсетін інің болады. Алашұбар тілің болады, Дүдәмалдау дінің болады, Әйелің базаршы болады, Еркегің қазаншы болады, Жылқы жұлдыз болады, Қой құндыз болады, Кебір – жерге теңеледі, Әйел – ерге теңеледі, Көл – теңізге теңеледі. Сиыр – өгізге теңеледі. Ақырзаман адамы – Сағынып тамақ жемейді, Ащыны – ащы демейді, Тапқанын олжа дейді, “Алһам” білгенін молда дейді. Бір-біріне қарыз бермейді, Шақырмаса, көрші көршіге кірмейді. Сарылып келіп тосады, Құны жоқ қағазды судай шашады. Заманақыр болар да, жер тақыр болар, Халқы пақыр болар. Балалар жетім болар, Әйелдер жесір болар, “Ә” десе “мә” дейтін кесір болар. Бас қосылған жерлерде, Әйел жағы ден болар, Жаман-жақсы айтса да, Өзінікі жөн болар. Орай салып бастарын, Жалпылдатып шаштарын, Тақымдары жалтылдап, Емшектері салпылдап, Ұят жағы кем болар, Сөйткен заман кез болар, Түзелуі қиын болар.

7. Ақылбай атаның жастарға батасы
▼

Ақыл айттым, ұл – қызым, ұрпағыма арнадым,
Берекеге шақырам, байқарсың сөздің салмағын.
Туысқанмен ақылдас, бос қайтпасын қармағың,
«Ене көрген – тон пішер» деген сөзді жалғадым.
Жақсы ойланып, жастарым, мұның да байқа салмағын,
Біреулер мақтап жағынар, көре алмай біреу тарылар.
Ойдағыны айтты деп, біреулер мені сағынар,
Түсінетін сөз мәнін жақсы адамдар табылар.
Ағайын – туыс, құрбылар білгенін мақтап, жыр қылар,
Кейбіреуі жамандап, жегеніңді құм қылар
Ауыз бірлік сақтаған, берекені жақтаған
Ал туысқан ағайын, қайсыбірін жазайын -
Көре алмаған адамдар, өзі тартсын сазайын.
Жастарыма – аманат, тыңдасаңдар жамағат,
Жастарыма бұл сөздің қалғандары аманат.
Берекемен басқарып, біріңді – бірің қамдаңдар,
Білім менен өнерде тағы да артта қалмаңдар.
Жастар деп соққан жүрегім, туысты жақсы білемін,
Бақытты жастар болыңдар, қабыл болсын тілегім.
Семей қаласы
Мұқыр ауылы

8. Шешендік сөздер
▼


«Ертеректе жасы тоқсанға келген бір хан елінің аса көрікті жас қызына көңілі ауып, сол қызды жар етпек оймен құда түсуге адамын жіберіпті. Қыздың әке-шешесі жаушыдан хабарды естіп, не деп жауап беруге сөз таба алмапты. Сонда қыз хан жаушыларына жұмбақтап былай деген екен:
- Менің құным – он қозы, жиырма бөрі, отыз нар, қырық ардагер, тоқсан дорба.
Қыздың бұл жұмбағын құда түсуге барғандар ханға айтып келеді. Бұны хан да, нөкерлері де шеше алмапты. Кейін сол елдің бір ділмар шешені былайша шешкен екен:
- Он қозы дегені – адам он жасында секірген қозыдай болады. Жиырма жасында қайтпас қасқырдай, отызда толысып, нардай болады дегені, ал қырықта елге қадірі артады, елуде елде арқыраған айғырдай боласың, алпыс жаста ат тайса, жетпісте ноқталы малдай, сексенде шідерлі аттай тұсаласың. Тоқсан дорба дегені тоқсанға келгенде ілініп қалған қу сүйекке теңелесің дегендерді меңзеген.
Бұл шешуді естіген хан өз уақытының өткенін, кәріліктің жеңгенін мойындағандай аһ ұрып төсегіне құлаған екен».

Тапқырлық
Ел аралап жүрген жақсылар қой баққан балаға кезігіп:
- Анау көрінген қай ауыл? – дейді.
- «Мезгіл», - депті қой бағушы бала.
- Одан әрі қай ауыл бар?
- Оның ар жағында «Қайда-қайда» ауылы, одан әрі «Әттеген-ай» ауылдары бір-біріне жапсарлас қонған.
- Балам әкең үйіңе кісі қондыра ма? Қонақасы бере ме?
- Е, неге қондырмасын, қондырады, қонағасын береді. Бар болса, біреу, жоқ болса, екеу немесе үш қой сояды.
...Қойшы баланың сөзіне мән бермеген олар ілгері жүріп кетеді. Әлгінде батқан күн байып, бағанағы айтқан ауылдарды таба алмай адасып, кері оралған бұлар алғашқы «Мезгіл» деген ауылға келіп амалсыз шеттегі үйге түседі. Ет піскенде қолына су құйған баланы таныған ішіндегі бір би:
- Бағана сен жол көрсеткенде дұрыс айтпай, бізді адастырып, азапқа салғаның не? – депті.
- Менің айтқанымның төркінін түсінбеген кінә өздеріңізде. «Мезгіл» дегенім күн батты, енді ілгері жүрмей қонатын уақыт болды дегенім еді. Алдарыңда «Қайда-қайда» ауылы бар дегенім, түн болған соң адасатындарыңызды ескерткенім еді. Одан әрі «Әттеген-ай» ауылы барын айтқаным, өкінішпен азаптанып, адасып, кері оралатындарыңызды біліп едім.
Әкем қондырса, сіздерге болса біреу, болмаса екі немесе үш қой сояды дегенім, қонағына сойған жалғыз буаз қойының ішінен егіз лақ шықты. Сіздер мені баласынып, сөзімді шаласынып жөндеріңізге кеттіңіздер ғой, - депті.
Балам, атың кім? – дейді сонда би.
- Досбол! – депті бала.

Қу мен момын
Бір қумен момын тамыр болады. Қу соғымға момынның екі жылғы ту биесін алып сояды. Момын баларға ермек болсын деп қудың бір лақты ешкісін алады. Ақыры екеуі айтысып, айырылысып кетеді. Қу момынның жылқысын қайырмайды. Момын малын даулап, ханға жүгінеді. Хан екеуін тергегенде, алдымен қу сөйлейді:
- Рас, мұның байталы ту еді,
Бірақ құландамайтын қу еді.
Менің ешкім егіз табатын
Іші маңыраған лақ еді.
Сүті ағып тұрған бал еді.
Мүйізі қамшыға сап еді,
Еті тамағыма бап еді.
Терісі борбайыма қап еді, - дейді.
- Олай болса мұның ешкісі сенің байталыңмен барабар екен, - деп хан екеуін бітістірген екен.


9. шүкір ет
▼

Таудан биiк секiлденiп талғамың, Ардан биiк секiлденiп арманың, Пенделiкпен ұмытасың тәубеңдi, Сынағына шыдай алмай Алланың! Ай мен күнге өптiргiң кеп шекеңдi, Көрмедiм деп өкпелейсiң шет елдi, Тәубеңе кел, шетел түгiл зағиптар, Көре алмайды өзi туған мекендi! Қошеметтi көрмесеңiз несi бар, Бар жағдайды ақиқатпен шешiп ал, Жылы сөздi естiмеген кезiңде, Керең болып туғандарды есiңе ал! Тәубеңе кел, пенде болсаң есi бар, Сабырсыздар қадiрсiз боп тосылар, Дуниеге қолың жетпей қалғанда, Қос қолы жоқ пенделердi есiңе ал! Бақыт мәңгi тұрсын десең басыңда, Қанағат қыл ашуланба, тасынба, Көлiгiм жоқ деп ренжуiң бекерлiк, Аяғы жоқ адамдардың қасында! Топ алдында төрге озғың кеп төтеден, Тым болмаса айтпадым деп екi өлең, Ақын болып тумадым деп налисың, Мылқау болып туғаныңда нетер ең?! Құлақ түрiп әркiм айтқан пiкiрге, Бей-берекет бой ұрасың күпiрге, Тау мен тасқа соға бермей басыңды, Аман-есен жүргенiңе шүкiр де!
Метки к статье: шүкір ет

10. Қайтып кірер есікті қатты серіппе
▼

Орта жүз Қошқарұлы Жәнібек он үш жасқа келгенде Ұлы жүзде Қараби деген аузы дуалы, өзі білімді би бар деген данқын естіп, содан барып бата алуға жолға шығады. Ол қазақ пен қалмақтың жауласып жатқан кезі болса керек. Бұлардың барар жолын қалмақтар басып алып, олар өте алмай үйіне қайтып келіп үш жыл жатады.
Төртінші жылда жол ашылып, Жәнібек он алты жасында қара бидің еліне келеді.
- Шырағым кімнің ұлысың?- дейді Қараби.
- Қошқарұлы Жәнібекпін, деп жауап береді бала.
- Мен сені осыдан үш жыл бұрын күтіп едім, неге кешіктің?
Жәнібек себебің айтады. Қараби қонақасын беріп,ертеңіне:
- Не қалайсың, шырағым? – дейді.
- Сізден бата алайын және өсиет боларлық өз аузыңыздан сөз естиін деп келіп едім, - дейді Жәнібек.
Сонда Қараби батасын беріп былай деген екен:
Бедері жоқ қамқадан,
Берік тоқылған бөз артық.
Берекеті жоқ ағайынан,
Берік сөйлескен жат артық.
Пайданы алыстан қылғайсың,
Залалды жақыннан қылғайсың.
Тышқан да інінің айналысына оттамайды,
Оны да есіңе алғайсың.
Қайтып кірер есікті,
Қатты серпіп жаппайсың.
Қайтып көрер досыңа,
Қайрылмастай сөз айтпағайсың.
Осыны есіңе ала жүрсең, ешкімнен
Кем де, қор да болмайсың.


11. Білгендерден ғибрат ал
▼

Абыз жүз жиырма жасқа келіп отырған шағында Әсер би көрісе кеп, былай деген екен:
- Е, Абыз, жасыңыз келіп қалды. Абыз айтушы еді деп айтып отыратын бір сөз айтыңызшы, - депті.
Сонда Абыз былай дейді:
Ата – ананың қадірін
Балалы болғанда білерсің.
Балалықтың қадірін
Саналы болғанда білерсің.
Асыл менен жасықты
Бағалы болғанда білерсің.
Бостандықтың қадірін
Жабылғанда білерсің.
Қалтандағы ақшаңды
Қағылғанда білерсің.
Денсаулықтың қадірін
Ауырғанда білерсің.
Ақ бекетінің қадірін
Қан кеткенде білерсің.
Ақ білектің қадірін
Әл кеткенде білерсің.
Жиырма бестің қадірін
Жас өткенде білерсің.
Қара көздің қадірін
Нұр кеткенде білерсің.
Татулықтың қадірін
Дос кеткенде білерсің.
Жақсы әйелдің қадірін
Өлгеніңде білерсің.
Жақсы туыс қадірін
Көмгенінде білерсің.
Аяқ – қолдың қадірін
Ақсағанда білерсің.
Отыз тістің қадірін
Қақсағанда білерсің.
Қызыл тілдің қадірін
Тоқтағанда білерсің.
Білгеніңді сөйлеп қал,
Білгендерден ғибрат ал!

12. Майлықожаның айтқаны
▼

Бақ тайса мал менен бас құралмаған.
Күніне тоқсан түрлі көрсең пәле
Сонда да күдер үзбе бір Алладан!

13. Шал ақынның жігіттерге өсиеті
▼

Жігіттер, жаман істі әдет етпе,
Досыңды бірге жүрген басып өтпе.
Басыңа әлде қандай іс түскенде,
Дос түгіл дұшпаныңда қашар шетке.

Жігіттер мал басым көп демеңіз,
Киім көп, тамағыңыз тоқ демеңіз.
Дәуіттің отыз ұлын бір күнде алған,
Біздерге діле-қаза жоқ демеңіз.

Жігіттер жалған дүние бізден қалар,
Бір күні ажал келіп жаныңды алар.
Жан шығып бұл өмірден кеткеннен соң
Мал-мүлкің, әйел-балаң-бәрі қалар.

Өлімнен құтылмайсың қашсаң-дағы.
Атадан арыстан туып ассаң-дағы.
Алладан шыныменен жарлық келсе,
Жұлдыз да жерге түсер аспандағы.

Жігіттер, ғибадат қыл, маған нансаң.
Намаз оқы, Алланы ойыңа алсаң.
Қырық жыл ажалдан қашқан Қорқыт та өлген,
Түбінде сөз сенікі, өлмей қалсаң.

Кәрі өлсе соққан ауыл тынғандай-ақ,
Жас өлсе, бәйтерегің сынғандай-ақ.
Жігіттер жас күніңде тәубаңа кел,
Бұл дүние көзіңді ашып-жұмғандай-ақ!!

Бұл дүниенің мысалы
Ұшып өткен құспен тең.
Өмірде көрген жақсылық
Ұйықтап өткен түспен тең.
Атадан мирас ақылың,
Түзік айтқан мақұлың,
Ләзім болған іспен тең.
Үлкеннен көрген зорлығың,
Жаманнан көрген қорлығың
Ойлап тұрсаң, бозбала,
Дұшпаннан көрген күшпен тең.
Ағайының көп болса,
Бірлігі оның бек болса,
Жамандық жер кез келсе,
Бір-біріне сеп болса,
Бүтін тұрған бұзылмай,
Отыз екі тіспен тең.
Айдынды жақсы аймен тең,
Жомарт жігіт баймен тең,
Шешен жігіт дүрмен тең,
Имансыз көңіл кірмен тең.
Ақылы жоқ надандар.
Іс бітірмес жамандар
Жүз болса да бірмен тең.
Мектептен сабақ алсаңыз,
Алау, шекер, балмен тең.
Саясы жоқ бәйтерек,
Сазға біткен талмен тең.
Жаман туған балаңыз
Бұғып өткен тазбен тең.
Қайғы ойлаған жігіттің
Кең дүниесі тармен тең.
Уайымшыл адамның
Алды тұйық жармен тең.
Жетесі жаман бозбала
Тоқсандағы шалмен тең.
Жақсының айтқан ақылы
Қазулы сара жолмен тең.
Жаманға айтқан ақылың
Ағыт кеткен селмен тең.
Қас жаманның орны бар –
Кесек те болса, көрмен тең.
Жомарттық қылған жігіттің
Ықыласын байқасаң.
Толқып соққан көлмен тең.
Жақын дап қалған кәрілік
Жайып қойған көрмен тең.
Жақсы қатын алсаңыз,
Жақсылығын білдірер.
Ерін жөнге көндірер.
Анық осы, бозбала,
Жұмақтан шыққан хормен тең.
Алғаның жаман жолықса,
Жамандығын білдірер.
Ер қадірін кетірер.
Оның өзі, бозбала,
Маңдайға біткен сормен тең.

14. Шәкәрімнің айтқаны...
▼

Адамдық борышың –
Халқыңа еңбек қыл.
Ақ жолдан айнымай
Ар сақта, оны біл.
Талаптан да білім мен өнер үйрен,
Білімсіз,
Өнерсіз,
Болады ақыл тұл.
Мақтанға салынба
Мансаптың тағы үшін.
Нәпсіңе билетпе
Басыңның бағы үшін.
Өмірді сарп қыл өлгеніңше,
Жоба тап,
Жол көрсет,
Келешек қамы үшін.
Қайтадан қайрылып
Қауымға келмейсің.
Барыңды,
Нәріңді
Тірлікте бергейсің.
Ғибрат алар артыңа із қалдырсын –
Шын бақыт,
Осыны ұқ,
Мәңгілік өлмейсің!

15. Абайдың жастарға өсиет тілегі...
▼

Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол.
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдында,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек,Өтірік, мақтаншақ,
Еріншек бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның білсеңіз.
Талап еңбек терең ой,
Қанағат, рахым ойлап қой
Бес асыл іс, көрсеңіз.
Жамандық көрсең нәфрәтлі,
Суытып көңіл тисаңыз.
Жақсылық көрсең ғибрәтлә,
Оны ойға жисаңыз.

Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек,
Жылытқан тұла бойы ыстық жүрек.
Тоқтаулылық, қалыпты шыдамдылық
- Бұл қайраттан шығады, білсең керек.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жол да жоқ жарыместі «жақсы» демек.

Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,
Тулап, қайнап, бір жүрек қылады әлек.
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жолын білмек.

Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтан.

Өзіңді сенгіштікпен әуре етпе,
Құмарпаз боп мақтанды қуып кетпе.
Жұртпен бірге өзіңді қоса алдасып,
Салпылдап сағым қуған бойыңа еп пе?

Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме,
Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме.
Жүрегіне сүңгі де, түбін көзде,
Сонан тапқан шын асыл тастай көрме.

Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге
Кетігін тап та бар қалан.

Қайрат пен ақыл жол табар,
Қашқанға да қуғанға.
Әділет, шапқат кім де бар,
Сол жарасар туғанға.

Бастапқы екеу соңғысыз,
Біте қалса қазақта.
Алдың жалын, артың мұз,
Барар едің қай жаққа?

Пайданы көрсең бас ұрын,
Мақтанды іздеп, қайғы алма.
Мініңді ұрлап, жасырып,
Майданға түспей бәйгі алма.

Өзіңде бармен көзге ұрып,
Артылам деме өзгеден.
Күндестігін қоздырып,
Азапқа салма езбеден.

Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға.

Мен боламын демеңдер
Аяқты алшаң басқанға.
Екі көзің аларып,
Құр қарайсың аспанға.
Бір ғылымнан басқаның
Бәрі де кесел аспанға.
Өйткен адам жолығар
Кешікпей-ақ тосқанға.

...Мекен берген, халық қылған Ол – ләмәкен.
Түп Иесін көксемей бола ма екен?
Және Оған қайтпақсың, оны ойламай.
Өзге мақсат ақылға тола ма екен?

Өмір жолы тар соқпақ, бір иген жақ,
Иілтіп, екі басын ұстаған Хақ.
Имек жолда тиянақ, тегістік жоқ,
Құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ!

Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы,
Боқтан сасық боласың өлсең тағы.
Мені мен сен тең бе деп мақтанасың,
Білімсіздік белгісі – ол баяғы.

Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,
Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.
Адамды сүй, Алланың хикметін сез,
Не қызық бір өмірде онан басқа?!

Өлейін деп өлмейді өлерлік жан,
Әсте өлмесін білгендей қылық қылған.
Ажал келіп бас салса, жанды ұрласа,
Өмір қайда, сен қайда, соны да ойлан.

Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,
Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.
Ертең өзің қайдасың, білемісің?
Өлмек үшін туғансың, ойла шырақ!
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сенде сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы деп әділетті.

16. Бұқар жырау Бірінші тілек тілеңіз...
▼

Бір Аллаға жазбасқа.
Екінші тілек тілеңіз:
Әзәзіл, пысық, залымның
Тіліне еріп азбасқа.
Үшінші тілек тілеңіз:
Үшкіліксіз көйлек кимеске.
Төртінші тілек тілеңіз:
Төрде төсек тартып жатпасқа.
Бесінші тілек тілеңіз:
Бес уақытқы бес намаз
Біреуі қаза қалмасқа.
Алтыншы тілек тілеңіз:
Алпыс қана ақ орда,
Ардақтаған аяулың
Күнінде ертең біреуге
Тегіннен-тегін олжа болмасқа.
Жетінші тілек тілеңіз:
Желкілдеген ту келіп,
Жер қайысқан қол келіп,
Сонан сасып тұрмасқа.
Сегізінші тілек тілеңіз:
Сегіз қиыр шартарап
Жер тұлданып тұрмасқа.
Тоғызыншы тілек тілеңіз:
Төреңіз таққан таймасқа,
Тоқсандағы қарт бабаң
Топқа жаяу бармасқа.
Оныншы тілек тілеңіз:
Омыртқасы үзілген,
Аязды күнге айналған,
Бұлтты күнде толғанған,
Тар құрағын кеміткен,
Тас емшегін жібіткен
Анаң бір аңырап қалмасқа.
Он бірінші тілек тілеңіз:
Он бармағы қыналы,
Омырауы жұпарлы,
Исі жұпар аңқыған,
Даусы құдай саңқыған,
Назыменен күйдірген,
Қылығымен сүйдірген,
Ардақтап жүрген бикешің
Жылай да жесір қалмасқа!

17. Қожаберген жырау Жас келінге өсиет...
▼

Отбасының ұйытқысы,
Қайын атаң мен қайын енең.
Сыйлап жүрсең оларды,
Кем болмайсың ешкімнен.
Қайын енеңді күт келін,
Бағады ол балаңды.
Енеңнің күші өлшеусіз,
Демеушің ғой табанды.
Қайраты кетсе бойынан,
Түртпектей берме панаңды.
Мендетеді кәрілік,
Қайтсе-дағы адамды.
Тату бол кайын анаңмен,
Ойлан, қара санаңмен.
Жасы ұлғайған кіріңді,
Сыйла барлық балаңмен.
Қайын атаң мен енеңді,
Болма келін сөгетін.
Еңкейіп кетті демесе,
Жәрдемі бар беретін.
Шақырма ашу қарттарға,
Өзің де сондай боласың.
Ойла келін артыңды,
Сөз ұғатын баласың,
Сіздерге бұл өсиет,
Қожаберген бабаңнан.
Өнеге алма тірлікте,
Шайпау менен наданнан.

18. Сүйінбай Аронұлы
▼

Жақсы мен жаманның айырмасы

Ер жігіт ел-жұртың қаласындай,
Жақсы әйел әмме жұрттың анасындай.
Жақсыға ешкімнің де жаттығы жоқ,
Көреді бәрін де өз баласындай.
Жасы жігіт сөзінде сақ тұрады,
Қыранның қырдан байқар баласындай,
Жақсы парқы жаманмен бірдей емес,
Жақсы жігіт сеңсең тон жағасындай.
Жақсының сөзін әркім пайдаланар,
Миуалы алма-өріктің ағашындай.
Жаманның көкірегі – көр, көзі – соқыр
Жүрер жолдан тал түсте адасып-ай!

Нышаны кем болса да адамдықтың,
Әркім жүр жақсымын деп талсып-ай.
Жамандар - өтірікші,өсегі көп,
Ел-жұрттың іріткі салар арасына-ай.

Жалған сөзбен бықсытар ел арасын,
Жанбай қалған ағаштың шаласындай.
Соқтығып әркімге бір ұрынады,
Сиырдың тентек болған танасындай.
Сондай жанның ешкімге сүйкімі жоқ,
Жылқының қотыр болған аласындай.

Жақсы адам елдің ерке серкесіндей,
Халқының қалың жүнді көрпесіндей.
Жақсы болар баланың жүзі жылы,
Орыстың күймей піскен бөлкесіндей.

Жақсының айтқан сөзі тиянақты,
Түйенің аумайтұғын өркешіндей.
Жақсыға үлкен кіші бәрі жақсы,
Жасынан бірге өскен еркесіндей

Жақсы көрінер жыл құсындай,
Жаман адам балтаның ұңғысындай.
«Олақтан салақ жаман»деген мақал,
Жамандар түзей алмас тұрмысын-ай.

Жақсы адам алысты жақын етер,
Беттескен екі таудың тұрғысындай.
Жамандар өсек-аяң айтып жүрер,
өзінің білмегенсіп қылмысын-ай!

Жаманның кеудесі үлкен, сөзі кесек,
Ақылы ауысқан адамның жындысындай.
Екеуін салыстырып әдейі айттым,
Қажетін қолданарсың тұрмысыңа-ай.

19. Бұқар жырау
▼

Айналасын жер тұтқан
Айды батпас демеңіз,
Айнала ішсе таусылмас
Көл суалмас демеңіз.
Құрсағы құшақ байлардан
Дәулет таймас демеңіз,
Жарлыны жарлы демеңіз,
Жарлы байға тең келіп,
Жайлауға жарыса көшпес демеңіз,
Жалғызды жалғыз демеңіз,
Жалғыз көпке тең келіп,
Бір жапанда соғысып,
Кегін алмас демеңіз.
Құландар ойнар қу тақыр,
Қурай бітпес демеңіз.
Құрай бітпес құба жон,
Құлан жортпас демеңіз.
Құрсағы жуан боз бие
Құлын салмас демеңіз.
Құлық туған құлаша
Құрсақтанбас демеңіз.
Қу таяқты кедейге
Дәулет бітпес демеңіз.


20. Адам Ата мен Хауа Ана /тағлым
▼

Адам Ата мен Хауа Ана Ежелгі заманда Құдай он Адам атаны жасапты. Күндердің бір күнінде олардың іштері пыса бастайды. Осы жағдайын олар Құдайға айтыпты. Тәңірім олардың қолына қамырды беріп тұрып: - Әрқайсың өз қалауыңша өзіңе ұнайтын әйел жасап алыңдар, бірақ бір түйір қант салуды ұмытпаңдар, сонда ол әйелмен өмірлерің тәтті болады, - деп бір шыныаяққа салып қант береді. – Жасап болған соң айтыңдар, мен әйелдерге жан бітіріп беремін. Бір кезден соң еркектер он әйелді жасап болғандарын айтады. Шыныаяққа қараған Құдай ашуланады: - Мен сендерге 11 түйір қант берген едім. біреуің алаяқтық жасап, бір әйелге екі қант қосып жіберіпсіңдер. Кім бұлай істеген? - Адам аталарда үн жоқ. Ешкім мойындамайды. Сонда Құдай оларға өздері жасаған әйелді бермей, бәрін ауыстырып таратып береді. Міне, сол заманнан бері он еркектің тоғызы өзгенің әйелі тәттірек болады деп ойлайды, себебі оған бір қан артық қосылып кетті ғой. Тек қана бір еркек әйелдердің бәрі бірдей болатынын біледі екен, себебі артық бір түйір қантты ол өзі жеп қойған еді...


Автор, редактор:
Юрист-консультант по семейному праву