RU KZ EN

Құттықтау тілектер - Ресми мерекелерге - Астана күні

FindHow сборник различных поздравлений на казахском языке.

1. Астана күніне құттықтаулар
▼

Тамаша мереке – Астана күнімен шын жүректен құттықтаймыз.
Біз Астананың қалыптасуының куәгерлері және осы ауқымды зор жобаны жүзеге асыру мүмкіндігін көзбен көру бақытына ие болып келеміз.
Өз қаласына ерекше сүйіспеншілікпен қарайтын адамдар – елордасының басты байлығы, олар күнбе-күн өз жұмыстарын атқара отырып, Астананың қалыптасуына орасан зор үлес қосуда.
Астана күні мерекесінде сіздерге және отбасыларыңызға шын жүректен зор денсаулық, игілік, табыс және бақыт тілейміз.

Бүгін – Астана күні. Жас елорданың мерекесі әрбір астаналықтың жүрегіне қуаныш ұялатып, ертеңге деген сенімді шындай түсуде. Қарыштап дамыған жаңа Астананың бүгінгі келбетіне сүйсінбейтін жан жоқ.

Жас елорданың көз сүріндірер келісті келбеті күн санап жасарып, көркейіп, гүлдене түсуде. Ол жаңаша қарқын алған құрылысымен ғана емес, соңғы технологиялар негізінде салынып жатқан гүлзарларымен, аллеяларымен сырттан келушілердің назарына ілініп, шетелдіктерді таң қалдыруда. Сайын Сарыарқаның төсінде тотыдайын таранған әз Астанамыз жылдар келе, алып Азия мен Еуропаның шоқтығы биік қалаларының біріне айналатынына, алдағы ғасыр үлесінен орын алып, батыл үмітпен нық сенімнің тұлғалы тірегі боларына сенімдіміз.

Қазақстанның жас елордасы, бүгінгі Астана – қарыштап дамыған мемлекеттің, мәңгілік достықтың символы. Қаланың әлем халықтарына мақтана көрсетер жетістіктері аз емес.Астана - болашағы жарқын қала. Сондықтан да Қазақстанның жүрегі мәңгі соғып, бас қаласы одан әрі гүлдене берсін!

Тәуелсіз Қазақстанның бас қаласы Астананың әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне қосқан қомақты үлестеріңізге, ерен еңбектеріңізге, азаматтық қоғам құруға белсене қатысқандарыңызға, бейбітшілік пен келісімді сақтауға ат салысқандарыңызға алғысымызды білдіреміз.
Сіздерге бақытты да баянды өмір, зор денсаулық, қажымас қайрат, жемісті еңбек, шаңырақтарыңызға шаттық пен қуаныш, құт-береке тілеймін. Сүйікті қаламыз – ару Астана көркейе берсін!

«XXI ғасырдың табалдырығында біз өз таңдауымыз – көне Сарыарқаның киелі аспаны астында қоныс тепкен жаңа астанамыз туралы мәлімдейміз. Бұл таңдау астарында еліміздің қазіргі басшылығының айқындамасы ғана тұрған жоқ. Бұл таңдауда Тәукенің көрегендігі мен Абылайдың ұлылығы, есімдері аңызға айналған билердің даналығы мен 1986 жылдың желтоқсанында ұлттық қадір-қасиет дегеннің не екенін күллі әлемге паш еткен сол бір жас жүректердің қаһармандығы тоғысып жатыр. Бұл таңдауда өз тағдырының қожасы болу құқығы үшін өмірін қиған миллиондаған қандастарымыздың ерік-жігері бар. Осы таңдауға дәйім лайық болайық
Нұрсұлтан Назарбаев

Астананың қазіргі күн санап биіктей түскен еңсесінен тәуелсіздігіміздің тегеурінін, еліміздің елдік қасиетін, жасампаздықтың жаңғырығын айқын байқағандайсың. Ерке Есілдің жағасында жаңаша сәулеттік нақышпен бой түзеп жатқан әсем қаланың сұлу бейнесі алыстан көз тартып, көңіл баурайды. Сондықтан, оның ертеңіне де барлық қазақстандықтар үлкен үмітпен қарап, бүкіл әлем қызыға көз тігуде.
Қазірдің өзінде көптеген саяси және экономикалық маңызды оқиғалардың орталығына айналып отырған оның ертеңгі болашағының да зор болары күмәнсіз.

Астана.
Бұл сөзге қазақ түгіл, төрт-күл әлемнің еті үйренгендей.
Астана сөзі тілге оралғанда шаһар ретінде жаңа-жаңа бойын тіктеп, еңсе көтеріп келе жатқан Елордасы көз алдымызға келе қалады.
Ол – жай қала ғана емес. Елорда. Кеше ғана Тәуелсіздігін алып, буыны енді қатайып келе жатқан Қазақ мемлекетінің астанасы.
Астана қазіргі күні көздің жауын алады . Қарап тұрып сүйсінесің . сүйсініп тұрып , шүкіршілік етесің .
Астана – бұл қазақтың, мерейі, мәртебесі. «Мерейіміз таси бергей, Астанамыз ажарына ажар қосып, сұлулығынан танбағай деген шынайы көңіл тұла бойды кернейді.
Астана дүниежүзіне мәлім. Мұнда әлемнің талай мемлекеттерінің серкелері бас қосып, пікір алмасып, маңызды шешімдер қабылдап жүр.
Астана – ел мақтанышы. Мұнда қызмет ету де, білім алу да – бақыт.
Астана – жаңа қала, жаңа шаһар. Ол келешекте бүгінгіден де құлпырып, көркейе беретіндігіне сенім.

Бүгінгі заманның талабына сай сәні мен салтанаты келісіп, бірлігі мен ынтымағы жарасып, көкке самғаған зәулім биік ғимараттары бар, Есілге қонған аққудай, бұл әлемде ең жас Астанадай көркем қала бар ма? Бұл – жеңістің кілтін достықпен тапқан нартәуекелдің қаласы. Арманы асқақ, асуы биік жандардың салған қаласы. Елінің бір күндігін емес, халқының 100 ғасырлық бірлігін ойлап, Елбасының салған қаласы. Еуразия кіндігіне орналасқан алты Алаштың бас қосқан қасиетті мекені, кемел келешегі бар жаңа Астана бүгінде әлемдік саясатта ықпал жасайтын, Қазақстан жайында түсінік қалыптастыратын, қазіргі заманның ең ірі геосаяси жобаларының бірі.
Халықаралық дәрежедегі спорттық ойындар мен әлемдік ауқымдағы басқосулар өтетін, сәні мен салтанаты келіскен, бірлігі мен ынтымағы жарасқан ХХІ ғасырдың көркем сәулетті қаласы – Астана арман емес, ақиқатқа айналған, қиял емес, азғана уақыт аралығында қолымыз жеткен шынайы тарихи жетістік. Кең болсын Қазағымның керегесі, Кетпесін Алла берген берекесі. Алаштың баласына нәсіп болған Құтты болсын, Астана мерекесі.

2. Астана күніне арналған өлең \қосқан Ғабиден Қожахмет Қызылордадан...
▼

Тарихтан қаланған,бүгінім-Елордам Сан ғасыр бостан болар күнін күткен, Алаш ел биік бүгін білімді ұлтпен. Талай шаһар бабалар салғаны анық, Тарих боп көне жұртта сырын бүккен. Таусылмас шежіресі,сірә,қатпар, Өткеннен сыр іздесең мұраны ақтар, Сыр бойында қорған боп жатқан жоқ па, Ескі астана-Жанкент шаһар,Сығанақтар. Қазақ өсті болмысы арға тұнған, Кешеден бүгінгіге жалғатып ән. Іздеген жан тарихтың табар ізін, Орынбор,Қызылорда мен Алматыдан. Өткенін танып ел де сүйінген-ді, Үйренді ұлт сол арқылы иілмеуді. Талайға тәлім берген заман көші, Арқада Астана боп түйінделді. Тәуелсіз боп іргесі қаланғасын, Белгілі елге ешкім сын таға алмасы. Бұл қаланың өзгеден жөні бөлек, Өйткені ол-Еркіндік Елордасы. Жүзеге асып Елбасы бастамасы, Мойындады ұлтымды дос та,қасы. Сарыарқаның төрінде-сәнді шаһар, Ол-Қазақтың Елінің Астанасы! авторы: Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласы

3. Жүрегімнен Ақ тілек
▼

Астананың Есілі сарқырайды,
Мың бір шырақ түнімен жарқырайды.
Көк аспанмен таласқан «Бәйтерегім»,
Астанамның сұлулығын айқындайды.

Сәулеті де Астананың сондай көркем,
Сағынамын қаламды алыс кетсем.
Сендей қала табылмас бар ғаламда,
Асып-тассын әрқашан бақ-берекең!

Жаңа дәуір қаласы бұл-Астана,
Қазағымды танытар бар ғаламға.
Бейбітшілік, татулықтың ақ ордасы,
Мәңгі бақыт тілеймін жас қалама!

Жыр жазамын ару қала Астана деп,
Жыр жазамын шабыттана, мақтана кеп.
Туған күні бас қаламның құтты болсын
Жүрегімнен осындай жаздым тілек.
Байкен Медет, оқушы


4. Бой көтерді Астана
▼

Сарыарқаның төрінен,
Байырғы қазақ жерінен.
Қарасаң көзің тоймайтын,
Бой көтерді, Астана.

Сұлу Есіл бойынан,
Шығар адам ойынан.
Қуанып елім тойлайтын,
Бой көтерді, Астана.

Бәйтерегім бақ болып,
Көңілі елдің шат болып.
Болашақты ойлайтын,
Бой көтерді, Астана.

Үйлері бұлтпен таласып,
Күлкісі күнмен жарасып.
Жылуы жанды жайлайтын,
Бой көтерді, Астана.
Нұрболат Бекетаев

5. Мүшел жасқа келді шәулі-шаһарым
▼

Білгендейін таң рауандап атарын,
Мүшел жасқа келді шәулі-шаһарым.
Сәулетімен Астанамыз Әлемнің
толтырғандай озық қала қатарын.

Ой-хой, алаш, ақсарбас шал, ақтарыл,
Бағаналы баянды бол Бақтарым.
Ағызатын Астананың жолына
Ардакүрең арғымақты баптадым.

Ардакүрең арғымағым Құлагер,
Тұр бейнесі қасқа жолда-мұрагер.
Ақан сері жетектетіп өзіне,
Астанаға әкелгендей ұлан ер.

Арт-Астана,
Мәрт Астана, арайлан,
Қуаныштан жарылмап ем талайдан.
Тармақталған көшелерің көшелі
Жол сілтердей ескерткіші Абайдан.

Қоршағанда Қорғалжын көл, Ереймен,
Астанамыз асқарлармен теңейген.
Мүсіндері орнап шаһар төріне,
Басталғандай хан Жәнібек, Керейден.

Сол жағалау...
Ол бағалау сәулетті,
Байлығымыз-базарымыз, дәулетті.
Аппақ шаңқан «Нұр-Астана» мешіті
Нұр шапағат сыйлағандай, мәулетті.

Бар ғой әлі алақайлап айтарым,
Көк тіреген Бәйтерегім-байтағым.
Самұрықпен көктің жүзін барлап мен,
Ғарышқа да сапар шегіп қайтамын.

Хан шатыр...
Қандай ерек сәндігер,
Теңдесі жоқ ерендігін жан білер.
Есіл-өзен-еркелеген ағысы,
Ағысына арайланып таң күлер.

Пирамида-шандозымдай шартарап,
Сұлбасына сүйсінеді әр тарап.
Бейбітсүйгіш күлді әлем үрметі
Бір өзіне андыздайды анталап.

...Таңданасың ары қарап, бері қарап,
Масатыдай құлпырады зербарақ,
Астананың бартал көшті бағына
Қосыла бер егеменді ел жарап
Бақытжан Тобаяқов

6. Астана туралы әндер
▼

Астана туралы жыр
Ақша бұлттар аспанында
Ақ ботадай ойнақтаған Астана.
Жүз түрленіп қас-қағымда,
Жан сырына бойлатпаған, жас қала.

Көшелері күнге ғашық,
Әрбір тасы ән салатын Астана.
Жырын толғап, биге басып,
Жер – жаһанды қарсы алатын бас қала.

Аппақ түнде арайыңды
Аңсап тұрып тұтым бағам Астана.
Жусан иісті танауыңды
Жұпарымен қытықтаған жас қала.

Еркелеген Есіл ару,
Бұрымдарды жарқылдаған жас қала.
Таңы – сұлу, кеші – дәру,
Ақ самалы аңқылдаған Астана.


Астана
Тарихқа жазып есімін,
Түрленді көне Есілім.
Бойында өсіп, жас қала,
Келеді жайнап, Астана!

Қайырмасы:

Астана!Астана!
Өткізген дәуір басынан.
Киелі жер ғой ғасырдан,
Ордалы болды тәуелсіз
Алақандай ашылған.
Бабалардың жандырған,
Күлінен от шашылар.
Әлемді таңқалдырған,
Астана нұры ашылар.

Өмірім де жалғасқан,
Тағдырым да жалғасқан.
Кең алаңда домбыра,
Шертеді күй, ән-дастан.

Қайырмасы:

Астана!Астана!
Өткізген дәуір басынан.
Киелі жер ғой ғасырдан,
Ордалы болды тәуелсіз
Алақандай ашылған.
Бабалардың жандырған,
Күлінен от шашылар.
Әлемді таңқалдырған,
Астана нұры ашылар.

Арқау болған өлеңге,
Тамыр жайған тереңге.
Мұрасы боп, бабаның,
Атағы жетті әлемге.

7. Астана туралы өлеңдер
▼

Ей, Астана!
Сен деген туған елдің жүрегісің,
Өзінен бастау алар өрелі ісім.
Шаһарлар толып жатыр,
бірақ та сен,
Бәрінен бірегейі, бөлегісің.

Астанам – асқарымдай көрінесің,
Өлең боп көкірегімнен өрілесің,
Бойыма рух беріп тұрғаннан соң,
Анық-ау ұтылмасым, жеңілмесім

Домалап қазағымның өрге тасы,
Думанмен дүрілдесін аспан асты.
Биіктеп Бәйтеректей, зәулімденіп,
Асқақтай бер, елімнің Астанасы!
Нұрперзент Домбай

Елорда
Киелі менің Елордам,
Арудай сұлу таранған.
Береке-бірлік, достықтың
Тұнығынан нәр алған.

Жайнай бер, жаңа Астанам,
Ертегідей ғажап бас қалам.
Ынтымақтың тербеп бесігін,
Тәуелсіз ел көшін бастаған.

Сәулеңді шаш еліңе,
Нұрыңды төк жеріңе.
Киелі менің Елордам,
Бақ болып қонған төріме.

Астана – арман қала
Сарыарқа төсінде,
Сән беріп Есілге.
Жас қала – Бас қала,
Астана өсуде.

Күн болып қарайды,
Шуақ боп тарайды.
Әлемге нұр шашқан,
Астанам арайлы.

Туғандай қиялдан,
Үйлері бір арман.
Аспандап барады,
Аяулы ұлы ордам.

Ақ таңмен тыныстап,
Мүлгиді күміс бақ.
Тыныштық тұтқасын,
Елбасым тұр ұстап.

Мәрмәрдан қаланған,
Сан сарай, сан арман.
Жауһардай жарқырап,
Жас қала жаңарған.

Елбасы тілегі,
Елімнің жүрегі.
Жасанған елорда,
Туған жер тірегі,

Даламның кеңдігі,
Тауымның ерлігі.
Елордам тұр сенде,
Елбасым ерлігі.

Елордам қуатты,
Шырайлы, шуақты.
Шұғыла шаша бер,
Алтын күн сияқты.

Астана ақ қала,
Ақ мәрмәр пәк қала.
Шарықтап, қарыштап,
Шалқи бер, шаттана.
Махмұтбай Әміреұлы

Асыл далам
Бәрінен де ар құнды,
Өр биікке көтере бер халқыңды:
Сен болмасаң кім таниды затымды,
Елдігімді, атағым мен даңқымды.

Атырам деп бейбіт сенің таңыңды,
Ата-бабам қанға қанша шомылды.
Зиялылар, мәрт ұлдарын сен үшін,
Құрбан қылды жастық жылын жалынды.

Дәл осылай тауысқанда тағатты,
Төсінде бұл тәуелсіздік таңы атты.
Әлем жұрты мойындады өзіңді,
Мойындады ел екен деп қазақты.

Құс қанаты, тұлпар белі талғанда,
Қолың жетті сан ғасырғы арманға.
Енді, міне, адымымен алыптың,
Келесің сен өрлеп бүгін заңғарға.

Жайна, жасан, құлпыра бер, далам-ау,
Соны көріп, таң-тамаша қалам-ау!
Мүмкін емес сондықтан да өзіңді
Азияның барысына баламау!

Кеткен есең түгенделіп басқаға:
Ақмолаға салдың жаңа астана,
Сәулеті мен салтанатын бүгінде
Үлгі қылып жатқа және досқа да.

Қалай содан ортаяды көңілің,
Ән мен күймен өрнектелсе өңірің.
Барша ұлттың, бар халқыңның достығы –
Бірлігіңді сақтап тұрған ТӘҢІРІҢ!

Сондағы пейіліңе қайранмын,
Шын досысың жаз құшағын жайғанның.
Көк байрағы – көкшіл мөлдір аспаның,
Кеңдігің мен елдігіңнен айналдым!

Далам менің!
Кеше бодан ел едің,
Азаттықтың жайдың енді желегін.
Бар әлемнің тыныштығын көксеген,
Мен өзіңнің ертеңіңе сенемін!
Аманкелді Жұмабек.

Бәйтерек
Алатау ақ өткелім,
Махаббатым көктемім,
Қос қыраның тұрағы
Арманына жеткенің.

Қанаттары талмасын,
Дәулет болып айналсын.
Жұмыртқасын бақ құсым,
Бәйтерекке байласын.

Шахаман, Ақсу-Аюлы,
Қарағанды, Қайыңды,
Атажұртым – Түркістан,
Пір тұт, Яссауиыңды.

Қызыл орда, Ақ орда,
Өзге елде жоқ орда,
Көкке бойын тіреген,
Көңіл күйі тоқ орда.

Алматы – бал- анарым,
Ақжайығым, Аралым,
Қаратау, Хан тәңірі,
Астана – ақ жанарым.

Ел намысы – Нұр Аға,
Жер ырысы – қыр дала.
Су шынысы-зер мұнай,
Тау тынысы гүл-лала.

Сарыарқа, кең дала,
Сенсіз жетім мен бала,
Самұрықтай киелі,
Сен – Бәйтерек, Сен – Ана!
Батырбай Сейбаддулаев

Астана
Жер емес шығар аяғын адам баспаған
деуші едім қайтем, менсіз де жазар басқа адам
Аттанар кезде Алматы жаққа сен бүгін,
Жаныма толы жыр артып бердің Астанам.

Болар ма артық арналса саған әр күй, ән
Ұрпаққа үлгі жан ұям, менің сән ұям.
Ығымен емес тігімен өрлер ғасырға,
Арнасы сырлы, Арыны жырлы Дариям.

Безбендеп бағып Батыс пен Шыңыс шамасын,
Теріскей тұстан тепсінге, желден Панасың.
Елімнің Мысыр шаһары қып қаққан қазығын
Қазақтың ұлын демеймін қалай Дара - Шың.

Дәнекер қылса алты әлем құрлық арасын,
Демеймін қалай қазақтың ұлын Дана-Шын!
Өзгеге сені Өнеге етпей қайтейін,
Өмір мен өлең өзіңнен тапса Жарасым!

Киелі жол ғой жұмаққа барар жырақтық,
Сонда да саған басылар емес бір аптық.
Ел кезіп сірә, есі бар пенде несі бар –
Ерлері жерін жатса егер мұндай жұмақ қып.

Ерлері жерін жұмақ қып жатса жыр тұнған,
Мың қосшы жанға қашанда қажет бір Сұлтан.
Даламда шаңырақ көтерсе әлі мың қала,
Астанам, сенің биіктей түсер нұр-тұлғаң.

Неге де керек күңкіл сөз, сылтау, нелер сын,
Қамқорың Алла, қанатыңнан халқың демесін,
Әлі сен талай Есілдей ерке күй шертіп
Сын туса сырттан, Абылайдай айбат шегесің.

Жанарға тұнып, жиналып бүкіл нұр біткен,
Даналық пенен Даралықты мұндай кім күткен.
Өзегімді жарып, Өнерім сөйлеп бергенде,
Сәулетің менен Келбетіңе де тіл біткен.

Тектіге тән қып Тақылеті мен Тәрізін,
Жазамын саған жарқын бір сәттің әр ізін.
Бет алып күнге бой түзей берші Гүл-қалам,
Ақ бұлттардан сипап мәрмәр сынды қауызын.

Астана – Азияның ару қызы
Ай қабақ, жайма шуақ жүзі қандай,
Ақ гүлдей сүйгің келер үзіп алмай.
Астана – Азияның жас қаласы,
Ажарын көрген адам қызығардай.

«Бәйтерек» құшақ жайған көшем жаңа,
Астана қарқын алды өсер дара.
Есілдің жағалауын жарқыратқан,
Аққудың ұясындай әсем қала.

Аңсатқан шырын, шарбат бал-уызы,
Тамсантқан таңғажайып дәру жүзі.
Бой жазған Сарыарқаның самалында,
Астана – Азияның ару қызы.

Құлшынған күншығыста жас қалаға,
Батасын берді Алатау бастап алға.
Ақжарқын Азияға нұрын шашқан,
Тілейміз құт, береке Астанаға.
Кәкімбек Салықов

8. Елорда, сенен айналдым
▼

Ішінде өмір - майданның
Келеді деме, қайдан мұң?!
Жарқырап қанша тұрса да,
Табады адам Айдан мін.
Халқыңа қажет болмаса,
Керегі қанша пайданың.
Аста-төк болған жұртыма -
Астана, сенен айналдым.

Жыл сайын жұртым тойлаған,
Байлыққа мұртын майлаған.
Төгіліп жатыр қайдан күй,
Ағылып жатыр қайдан ән?!
Асылын басып қойнына,
Аспанның астын жайлаған -
Астана, сенен айналдым.

Тамырын тартқан таң - нұрдан,
Азаттық үшін жан құрбан!
Есілдің екі жағынан
Салтанат,
Сауық,
Сән құрған.
Електен бәрін өткізіп,
Елімнің бағын жандырған -
Елорда, сенен айналдым.

Қилы күніңе - қиналам,
Игілігіңе иланам.
Жаныма шабыт, күй беріп,
Шапағатыңды құй маған.
Таланттарын түгендеп,
Асылдарын жинаған -
Астана, сенен айналдым.

Сарыарқа,
Сайын даламнан,
Сарқырап бұлақ - нәр алған.
Кетпейтін сыры кеудеден,
Өшпейтін нұры жанардан.
Еңсесі биік,
Ерекше,
Елорда, сенен айналдым.

Жарқырап жақұт дидары,
Халқыма бақыт сыйлады.
Ұлдары түгел ержүрек,
Қыздары түгел ибалы.
Есілге құйған құт болып,
Төсінде тұнған
Иманы -
Астана, сенен айналдым!
Серік Тұрғынбекұлы

9. Мыңжылдықтар қаласы
▼

Жел ойнаған төсінде Сарыарқадай жері бар,
Отау тіккен мекені қазағындай елі бар.
Ақселеуі тербелген, жусан исі аңқыған,
Айналайын алысқа кеткен дарап даңқынан.
Қайран менің сар далам зобалаңды көп көрген,
Ашаршылық, соғысты...АЛЖИР-ді де өткерген.
Хан Кене де кешегі жауын жүрген қол қандап,
Аяғынан келтірді бекінісін талқандап.
Сол бекініс орнында белгісіндей жастықтың,
Жаңа қала салынды астанасы астықтың.
Әркім мұнан арқалап қажеттісін өзіне,
Туған жердің ырысын алмады да сезіне.
Батпағына бытысып жүрген жұртты сор басып,
Құтқарғандай болды ғой еркін елдің ордасы.
Оттан ыстық Отанның соққан лепті жүрегі,
Күн дидарлы Астана қазағымның тірегі.
Жылдан жылға айқара аша түскен құшағын,
Тәуелсіз ел мақтаны жаңарудың нышаны.
Идеялар тоғысқан шабыттардың қайнары,
Бар әлемге паш еткен ажарланып айдарын.
Көш түзеген ордама артып келед жан басы,
Ғимараттар ерекше өзіндік бар таңбасы.
Әр беретін көркіне сәулетінде талғам бар,
Ізденістер жан-жақты болашақпен жалғанар.
Тамсандырар татулық достық жалғап көпірін,
Бір шаңырақ астында барша ұлттың өкілі.
Аруыма әрқашан жыр арнауға сөз дайын,
Елордасы онсыз да талайларға көзайым.
Бәйтеректей төменді ұшар көктен көрейін,
Тәуелсіздік тұғыры үстем болғай мерейің.
Еркін желі даланың соғар кейде желкелеп,
Асықпайтын Есілдің суы толқып еркелер.
Өскелең ел ұрпағы көрген емес тартынып,
Еңбегімен есейген ұғып өмір парқын нық.
Астанамен мақтанар әрбір қазақ баласы,
Ғажайып ір көрікті мыңжылдықтар қаласы.
Асқар Исақов

10. Н.Назарбаев барша Қазақстан халқын Астана күнімен құттықтады...
▼

Ту көтеру рәсімінде сөйлеген сөзі – Құрметті қазақстандықтар! Астана күніне арналған мерекелік шараларды қала көгіне Қазақ елінің Көк байрағын желбіретумен бастайтын дәстүріміздің барлығын білесіздер. Қазақтың көк Туын Сарыарқаның самалына тербелтіп, көкке көтеру – үлкен мағынаға ие. Қазақ елінің аспан түстес Көк байрағында алтын күн­мен астасқан алып қыран қанат керген. Осынау терең мағыналы нышанда кешегі тарихымыз бен бүгінгі биігіміз, ертеңгі ерен істеріміз түгел тоғысқан. Оған біз Қазақ елінің аспанын бұлт шалмасын, қыран бей­нелі мәртебесі шырқап, көкке шарықтап, күнге жетсін деген асыл мұратымызды сыйғыз­дық. Қазақ баласының мыз­ғымас та мұқалмас ерлік дәстүрінің тамыры тереңде жатыр. Халқымыз үшін көкке көтерілген байрақ – қасиетті нышан! Ел шетіне жау келсе, біздің батыр бабаларымыз осы байрақтың түбінен табылған. Азаттық жо­лындағы арпалыстарда ерлеріміз елдіктің туы еңкеймеуі үшін жандарын құрбан қылған. Ел иесі – ерлеріне «туың жығылмасын деп бата берген. Біз – бүгінгі тәуелсіз Қазақ елінің азаматтары, осы бата бойына дарыған ұрпақпыз! Егемендік алғаннан бері Көк байрағы­мызды аласартпай, еліміз тыныш, еңсеміз биік болып, өсіп, өркендеп келеміз. Біз биікте желбіреген Көк байрағымызға күлімдеп қарай алатын жағдайдамыз. Шекара­мызды шегендедік. Еліміздің қақ ортасына елордамызды тіктік. – Бұл күндері Астана жастық мерей­тойын атап өтуде. 15 жыл бұл – бүкіл халқы­мыз­дың шабытты еңбегінің 5 мың 475 күні! Шаһарлардың да, адамдар сияқты, өз тарихы, өз тағдыры болады. Жасөспірім Астананың тарихы – шындыққа айналған ұлттық ұлы арманның шежіресі. Осы жылдар бойында еліміздің барлық өңір­лерінен жүздеген мың қазақстандықтар елордамыздың салынуына және еңсе тіктеуіне елеулі үлес қосты. Сондықтан да әрбір қазақстандық үшін Астана – өзінің жан-жүрегіне жақын жаңа Отанымыздың бір бөлшегі. Біз оны өз қолымызбен жаңадан тұрғызудамыз! 15 жыл ішінде бас қаланың өңірлік жалпы өнімі 45 есе өскен екен! Сөйтіп, бұл шаһардың шығаратын өнімінің ауқы­мы қазір 2,7 триллион теңгеге жеткен. «Бү­гінде Астана бүкіл Қазақ­станның инно­вациялық өзегі болып табылады. Бұл жерде отандық өнеркәсібіміздің Қазақстанда ешқашан болмаған жаңа салалары дүниеге келді. Бұлар – тепловоздар, вагондар, тікұшақтар, қозғалтқыштар жасау сала­лары. Инновациялық салалар қата­рында бас қаладағы жоғары білім беретін бір де бірегей ғылым ордасы да аталады. Астанадағы жаңа жоғары оқу орын­дарында еліміздің инновациялық ин­дустриясы үшін кадрлар даярланады. Астана жаңа мәдени орталыққа айналды. Мұнда «Қа­зақстан, «Астана-Опера секілді бүкіл әлем үшін бірегей концерттік залдар бой көтерді. Астана – барша қазақстан­дық­тардың бірлігінің символы! Сондықтан оның 15 жылдығы – Қазақстан халқының жал­пыұлттық мерекесі. Астана еліміздің барлық өңірлері үшін «дамудың үлгісін көрсетті: «Бүгінде бар­лық облыс орталықтары, барлық қалалар Астанаға қарап, бой түзейді, оған ұқсауға тырысады. Олардың барлығында жаңа нысандар салынады, қалалар абаттанып, ажарлануда. – Туымыз тұғырлы, еліміз ғұмырлы болсын! Азат аспанында алтын қыран қа­лықтаған мәңгілік еліміздің бола­ша­ғы баян­ды болсын!

11. Астана туралы шығарма
▼

АСТАНА – БІР ӘЛЕМ! Жабал ЕРҒАЛИЕВ, жазушы, Сенат депутаты: Астана – Нұрсұлтан Назарбаевтың өз жүрегіне сыйған тұтас әлемді өз елі мен халқына деген шексіз сүйіспеншілігінің белгісіндей етіп қасиетті қазақ жеріне, өз даласына қондырып, орнықтыра білген өзіндік бір әлемі! Абыройы асқан Астана! Әлемді сүй­сіндіріп таңғалдырған Астана! Дүниеге даңқы жайылған Астана! Қазақ елінің бағын жандырған Астана! Сол қазақ елінің бүгінгі елордасы – Ас­тана қаласы жайлы сыр толғар көңіл түк­пірінде жатқан осы бір үш ауыз сөздің дәл осы бір сәтте жүректен үн қатарын қайтер­сіз! Тарихтың аса бір қысқа мерзімінде бой көтеріп, әлемнің әрідегі замандарында, яғни ғасырлардан асып түсер кезеңдерден бері астана болып келе жатқан талай да талай бір әйгілі де әйдік қалалардан өзінің сәні мен салтанатын да, сәулеті мен дәулетін де асырып, адамзаттың бүгінгі өркениеті алдындағы өзінің тарихи миссиясын да адал атқарып, адам баласының жақсылықтар мен татулық, бірлік пен ынтымақтастық және бауырмалдық үмітінің шырағын жағып келе жатқан Астана даңқы әлемге қазақ елінің даңқы болып жайылғандығын да айтқан ләзім. Дүние жаралғалы әлемде бірде-бір мем­лекеттің астанасы қатарымен төрт мәр­те әлем діндері лидерлерінің басын қо­сып көрмегені ақиқат. Міне, сол басқосулар 2003 жылдан бері біздің Астанамызда өтіп келеді. Ұлы тарихтың осы бір ұлы жүгін лайықты көтере білген Астананың бүгінгі күні айдай әлем алдындағы жүзі жарқын, мерейі үстем, абыройы асқақ екендігі тағы да бар. Астана қаласымен аспандаған дүние алдындағы абыройымыз және де осы бір жарқын да үстем мерейіміз үшін біз ең әуелі бір ғана адамға – Қазақстан Республи­касының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымызды айтар едік. – Дүние қайыра бір бөліске түсіп, бо­дандықтың бұғауынан басымызды енді шығарып ала бастаған тұста, ес жиналып, етек жабылмай жатқан шақта астананы ауыстырмақ түгілі мінген атыңнан ауып түсіп қалмауды ғана ойлар қилы да қиын кезеңде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың Алматыдағы астананы Арқадағы Ақмола­ға көшіру жөніндегі ойына әуелде бүкіл ел шошына қарады. Сенбеді, сенгілері келмеді. Ал енді Сарыарқа төсіндегі тәуелсіз қазақ елінің бүгінгі астанасы – Астана қаласына ел тәуелсіздігінің өткен кезеңдердегі орын­тағына шығып қарайық та, көз салайық. Айтарға сөзің жоқ ! Таңдай қағып сүйсінесің де, тағы да сол Елбасының өз қолымен өз елінің жаңа елордасын салған, салып та жатқан тағы бір көзсіз ерлігін мойындап, соған бас иер едіңіз!, –деген бұдан бұрын да бір айтқан пікірімізді қайталай оты­­рып, тағы да осы ақиқатқа жүгінгенді жөн са­надық. – Біз Алатаудың бауырындағы Алма­ты­ға сыя алмай емес, Алматыны қыя алмай кетіп барамыз, – деген Елбасының осы бір ауыз жүрекжарды сөзі ел мен жер тағдыры үшін басын бәйгеге тігіп бара жатқан ердің жүрек лүпілі мен жауапкершілігіндей сезілері бар. «Менің талай жылым Алматымен бай­ланысты. Осында алғашқы немерелерім дүниеге келді. Бұл қала менің өзіме де, от­ба­сыма да жанымдай жақын деп тұрған Елбасының («Еуразия жүрегінде, 19-бет) перзенттік адал көңілі сол адалдықпен тә­уелсіз елдің де жаңадан қалыптаса бастаған тағдырын да кеңінен пішуге мәжбүрледі. Желмаямен желіп жүріп, жер ұйығын іздеген Асанқайғы бабасындай тәуелсіз елі үшін ендігі жер ұйығын іздеген Нұрсұл­тан Назарбаев Есілдің бойына ел қондырып, алғашқы қазығынан бастап өзі қағып, бү­гінгі айдынды да айбынды Ақордалы Ас­тананы дүние әкелгендігі біздің, яғни қазақ елінің мәңгілік ел бола алатындығын дә­лелдеп, осыған ең әуелі өз жұртының да, одан қалды дүние жұртының да көздерін жеткізіп, иландыра білген ұлылығы еді. Енді келіп, ХХІ ғасырдағы қазақ елін және ата-бабаларымыз үшін ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздігімізді бүгінгі Аста­насыз көз алдыңызға елестетіп бір байқа­ңызшы! Бұл Астана тәуелсіздігінің лүп-лүп со­ғып тұрған жүрегі емес пе?! Бұл Астана халқымыздың барлық ұлы мұ­раттарының Бәйтерек болып тереңге тарт­қан тамыры, жайқалған жапырағы емес пе?! Бұл Астана дөңгеленген дүниенің қазақ иеленіп отырған қасиетті бір жеріне орна­тылған әлемнің төрт бұрышынан да көзге түсіп, көрінер, алтын тұғырлы ең заңғар да, ең биік, ең абзал да, ең бір азбайтын да тоз­байтын мәңгілігінің мәңгілігі жолында мың өліп, мың тірілген қазақ үшін соғылған ұлы Ескерткіш! Сол ұлы да қасиетті, киелі Ескерткішті қазақ халқы үшін тұрғызып берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты өз халқының ал­дындағы перзенттік те президенттік пары­зына әмәнда адал болып келе жатқанды­ғын және де өз халқы үшін небір көзсіз ерлікке бара алатын, батыл да батыр, дара да дана қасиетін айғақтап тұр. Бұл Астана Елбасына өзінің жеке басының абыройы мен беделін асырып, асқақтату үшін қажеттілігі шамалы екендігін де ескерейік. Назарбаевтың бір басының атағы мен абыройы, даңқы мен беделі әлемге әйгілі, ақылы мен парасаты, сараб­дал саясаткерлігі, адамзаттың адал да шы­найы жанашыры ретінде биік адами қасиеті, кісілік келбеті дүниеге танылғалы, мойын­далғалы қашан! Астана өзінің бүгінгі әлемдік өрке­ниет­тің сәулетімен де, шалқыған дәулетімен де, ынтымағы, бірлігі жарасқан әулетімен де, мәңгілік тіршіліктің аспанына ұмтыл­ған заңғар биігімен де, нұрлы дүниеге нұр шаш­қан самала алау жарығымен де, көрген жанды сүйсіндіріп, жаныңа шуақ құяр жы­луымен де, келген жанның барлығын жаңа бір үміттермен жетелей жөнелер көшесімен де, сая болар жасыл бағымен де ең әуелі қазақ баласы – біз үшін, біздің болаша­ғы­мыздың, біздің тәуелсіздігіміздің мәңгі­лігі үшін қажет екендігін ұғынатын кез келді! Астана бір әлем болса, сол әлемді та­нып ала білу үшін әуелі қазақы сезімтал жү­­рек пен қазақы жүйрік сенім, түйсік керек! Елбасы тарих беріп отырған мүмкіндік­тің, яғни тәуелсіздіктің арқасында қазақ даласына сол әлем орнап қалса екен деген бір ғана ізгі мұратты көздегені бар. Әлем­нің бір-бір бөлшегін даламызға әкеліп орна­тып бере алған Елбасы бүгінгі Астананы салу арқылы барша қазақ жұртын егемендік жолында ерлік жасауға талпындырса, қа­зақ жұртына айдай әлемді сүйсіндірте білген тағы бір кемеңгерлігі мен ерлігі болғанды­ғын айтқан ләзім! Әне, Ақорда! Көк күмбезінің ұшар ба­сында көк байрағы желбіреп Ақорда тұр! Көне тарихтың көмбесінде қалған, талай шапқыншылықтың шаңы мен топырағы­ның астында көміліп, жермен жексен бол­ған талайғы бір ордалардың орнына тігілген арманды Ақорда ғой бұл! Алтын қыран да қауырсын қос қанатымен жер әлемді кө­теріп, ұшып келіп Ақордаға қонып тұр әне! Бұл қазақтың Ақордасының ұшар басын­дағы алтын қыран сол жер әлемнің үмітін арқалап, ел мен халқымыздың басына қонған бағы ғой! Үркітіп ала көрмейік, көз жазып қалып жүрмейік сол Қыраннан! Мәңгілігін бер осы бір үміт пен тілектің! Әне, «Қазақ елі монументі! Ата-бабала­рымыздың ақталған үміті мен орындалған санғасырлық арманды мақсатындай асқақтап, бүгінгі барлық қазақстандық­тардың ақ ниетіндей аспанға бой созып шаншылған шынарындай ақ тұғырдың ұшар басында бар кеңістікке жайған қуат­ты қанатымен дүниеге әріден көз салып отырған даланың алып Самұрық құсы Елба­сы­ның «Дүниеде тәуелсіз Қазақ елі бар. Әлемде егемен Қазақстан бар. Оның көп ұлтты, тату, ынтымақшыл халқы бар. Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар. Ең бастысы – бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел болашағы бар. Сол күнге берік сенім бар! деген осы бірауыз сөзін әлемге паш етіп тұр! Әне, қазақ елі мен халқының көне та­рихының бедерлі белгілерімен өрнектел­­ген «Мәңгілік ел қақпасы! Сол мәңгілік елдік­ті ақыл-парасатымен де, айбынды ерлігі­мен де, кемелді шешен сөзімен де ұстап тұра алған халқымыздың қасиетті би-ше­шендері мен ерлері де, «Тайқазаны сынды киелі жәдігерлері де,тәуелсіз еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сынды бүгінгінің кемеңгерімен де көрік­теніп, көмкерілген сол киелі қақпаны өзімнің Қағба тасымдай сезіндім де, өз не­мерелерім сегіз жасар Айана, тілдері енді шыға бастаған Ернұрым мен Даниалыммен бірге жеті рет айнала жүрдім. Туған жерле­рінің қасиетті топырағын енді басып, өз қадамдарын енді жасаған ұрпақтарым үшін де осы ел, қазақ елі мәңгілік болса екен, сол мәңгілік елдің осы мәңгілік қақпасы арқы­лы мына қазақ еліне әрдайым тек қана ізгі көңілді достары ғана кіріп жүрсе екен деп тілеп тұрдым! Әмин, солай болсыншы әманда! Әне, еркіндік пен елдіктің мәңгілігінің символына айналған «Бәйтерек! Бұл «Бәйтерек барша қазақ жұртын биіктерге шақырып тұрар қуатымен де, өзінің асқақ­тығымен де, арманды болашағымен де қымбат тұғыр! Елдігіңді, сол елдігіңнің кеңдігі мен теңдігін, арманды болаша­ғың­ның бүгіннен де ертеңгі кемелділігін білгің келсе, қасиетті «Бәйтеректің биігіне шы­ғып тұр әрдайым! Әне, былайғы жұрт «Пирамида атап кеткен Бейбітшілік пен келісім сарайы! Қазақ жерінде тағдырлары табыстыр­ған барлық ұлттар мен ұлыстардың келіс­кен ынтымағының, күшейген бірлігінің, бүгінгі барлық қазақстандықтардың нығай­ған достығы мен абыройының биігіндей, бар ниеттері мен көңілдерінің жарастығы, бә­рі-бәрі келіп бір арман мен мүдденің һәм мақсаты үшін түйіскен берік те биік сали­қалы рухының айнасындай болып жарқыл­дап тұр! Әне, «Хан Шатыры! Сәулелі күннің ақ нұрына малынып, мына кең де байтақ ұлы даланы небір жаугершілік шапқыншы­лықтан қорғап қалған батырлардың қасиет­ті хас тұлпарының алтын тұяғындай бо­лып, мына дүние атаулының да, қазақ жұрты­ның да мәңгілігіне нүкте қойып тұрған қалпы­мен көңіл қуанышына айналды! Әне, қазақтың қасиетті даласының кеңдігі мен теңдігі үшін сан ғасырлар бойы қорамсасына қол салып келген небір батырларымыздың жау шебіне шірене тартқан жебесіндей, болмаса талай бір дұшпанының кеудесіне қадалған найза­сының ұшындай болып немесе адамзат жаратылысынан бері жердің тартылыс күшін жойып, қазақ даласынан мәңгілік кеңістікке ұмтылған зымыранның белгі­сіндей орнай қалған «Минтранскомның ғимараты да бүгінгі ойы да, ниеті мен мақ­саты да бөлек қазақ елі мен Астананың өз биігі! Әне, төрткүл дүниенің төрт бұрышына сақтықпен құлағын түріп тына да тұра қалған қарт қытайдың өзіндей болып Сығанақ көшесіндегі «Бейжің сарайы да қазақ жеріндегі өзіндік ол да бір әлем! Астана! Өзіңнің құшағыңа тұрғылықты бір перзентің болып кіргелі, яғни Көкше­таудан қоныс аударып, астаналық болған күннен бастап, мен өзіңнің әр көшеңнің, сәні мен салтанаты жарасқан әр сарайың­ның, әр үйлерің мен ғимараттарыңның сырын өзімше танып, түсінгім келіп жүр. Сөйтемін де, ой толғаймын. Әне, сайын дала сахарасында бие байлап, қазақтың асыл дәмі қымызын сапырған халқымыз­дың қастерлеп ұстаған ысталған сабасын­дай дөңгелене біткен ана бір үйлерді әлде­бір «жеті бөшкеге теңегенше, соларды Алтын саба десек жарасады. Еркіндіктің айдынында жүзіп бара жат­қан анау бір алып кемені көрдіңіз бе? Сол ғимаратты «Матрац дегендері несі екен?! Бұл – «Біз – алыс сапарға бел буып, кеме­мізді тәуекел дариясына түсірген елміз, елес үмітте емес, ерлік пен елдік мұратын кеме­міздің тұғырына ту етіп байлаған елміз деп Елбасы айтқан тәуекелге бел буып, өз қа­йығын тәуелсіздік атты мұхитқа салып, үмітті де кемел келешекті бетке алып ай­дынға шыққан бүгінгі Қазақстанның өзі емес пе?! Дүние мұхитындағы бүгінгі Қазақ­станның алып та сәнді кемесі ғой бұл! Астананың әр көпірін қазақ елінің бұлыңғыр өткенінен бүгінгі тәуелсіздік пен сенімді болашаққа өткен өткелдерінің бір нышаны деп танысам, алтын күмбезді мешіттерін даласының нұры, әр баласының иманға толған жүрегі деп сезініп келемін. Күні кеше Астанада өткен «Жаңа әлем­дегі Еуразиялық мәдениет халықаралық форумы қазақ елінің елордасын әуелден «Достастықтың мәдени астанасы деп таныған әлемнің көрнекті қайраткерлері мен зиялыларының үмітін тағы бір ақта­ғандай болды. Ел мен жер аралығына ше­кара сызықтары түскенімен, адамдардың көңілдері мен ниеттерінің, жүректері мен ой мүдделерінің аралығында ешқан­дай сызық жоқ екендігінің тағы бір куәсі бол­дық. Талай бір өнер мен мәдениеттің майталман өкілдерінің бір-бірімен жа­ды­раған жарқын көңілдері мен сағынышқа да, әлдебір ізгілікке де толы құшақтары­ның қауышқандығын көрдік. Адамзат осы бір таза да сағынышты және де адал көңілдерімен табысып, қауы­шып тұрулары арқылы ғана бүгінгі дүниені де, оның тіршілігін де, өздері мен өз мәдениеттері һәм өркениеттерін де сақтап қала алатындығы жайлы Нұрсұлтан На­зарбаевтың айтып келе жатқан ой мен пікір сөзінің әуелі өз Астанамызда жүзеге асы­рыла бастауы да қазақ елі елордасының әлемдік деңгейге көтерілгендігінің бір айғағы деп бағалануы керек. Иә, біздің Астана – әлемнің үмітті астанасы!


Автор, редактор:
Юрист-консультант по семейному праву